Дүйсенбі, 26 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110402. Жазылғандар — 105618. Қайтыс болғандар — 1796
Жаңалықтар 2757 0 пікір 30 Желтоқсан, 2014 сағат 10:02

ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТЫНЫСЫ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық Түркі академиясына болып, бірегей ғылыми орталықтың ғылыми-зерттеу қызметімен танысты. Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясының Жылын, Конституцияның 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық аясында жүргізіліп жатқан жұмысқа назар аударды.

Мемлекеттік хатшы түркі әлемінің ғылыми және зияткерлік ынтымақтастығын үйлестіру орталығы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ашылғанын атап өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова Түркі академиясы бай түркі әлемінің рухани-мәдени мұрасын, оның ішінде қазақ мемлекеттілігін, Қазақ хандығының құрылуын зерделеуде маңызды роль атқаратынын айтты.

Г.Н.Әбдіқалықова түркі халықтарының тарихи музейін аралап көрді.  Мұнда түркі халықтарының терең тарихы мен өміршең өркениетінен сыр шертетін әр тарихи кезеңнің құнды жәдігерлері қойылған.

Гүлшара Әбдіқалықоваға түркітану бойынша 32 мың кітап қоры бар академия кітапханасы таныстырылды. Кітапхана қоры Ә.Нәжіп, Ә.Құрысжанов, Ә.Қайдар және басқа да белгілі түрколог-ғалымдардың, мажарстандық түрколог-ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің 16 мың кітаптан тұратын мол мұрасы құрайтынын атап өткен жөн.  

Мемлекеттік хатшы академияны аралау барысында академияның ғалымдарымен және қызметкерлерімен кездесу өткізді. Академияда Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің азаматтары, оның ішінде 8 ғылым докторы, «Болашақ» бағдарламасының 2 түлегі жұмыс істейді. 2014 жылы түркі әлемінің өзекті мәселелеріне арналған 5 форум, 4 халықаралық ғылыми конференция және 15 ғылыми семинар өткізді. Академияда 30-дан астам түркітану орталығының атынан дүниежүзінің  192 ғалымының қатысуымен 36 ғылыми-зерттеу жобалар іске асырылуда.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы халықаралық Түркі академиясы «Қазақстан-2050» стратегиясын, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыруда, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ілгерлетуде  маңызды зияткерлік тұғырнама болып табылатынын атап көрсетті.

Абай-ақпарат. 

0 пікір