Жұма, 7 Қазан 2022
Абай.tv 19557 0 пікір 1 Қаңтар, 2015 сағат 13:35

ГҮЛБАРШЫН ТЕРГЕУБЕКОВА - АҚ СӘУЛЕ

Белгілі дәстүрлі және эстрада әншісі — Гүлбаршын Тергеубекова  үстіміздегі жылдың қаңтар айында қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған, композитор Әбілахат ЕспаевтыңАқ сәулеатты әніне бейнебаян түсірді. Бейнебаян түсірілімі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера театрында өтті. Қоюшы режиссері жазушы, кинодраматург, тележорналшы Дидар Амантай.

          Бейнебаян әннің лирикалық мазмұнына сай бимен көркемделген.  Мың бұрала билеген балетші қыздардың өнері әсем де әсерлі. Жүрегіңді елітіп, эстетикалық-рухани ләззат сыйлайды. Ән мен би толықтай табиғи үйлесім таба білген.

         Аталмыш бейнебаян сәуір айынан бастап 15-тен астам отандық телеарналардан көрсетіле бастады. Ал, оның телевизиялық тұсаукесері көптеген телеарналарда сұқбат түрінде өтеді деп жоспарлануда.

         Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші, продюсер, "Қасымның әндері-ай" атты концерттік жобаның авторы және продюсері Гүлбаршын Ыбырайқызы Тергеубекова 1971 жылы 04 наурызда Қарағанды облысына қарасты Егіндібұлақ атты аудан орталығында дүниеге келген.

         Гүлбаршынның арғы бабасы қазақтың атақты төбе билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбек би. Ол былай таралады: Қаракесектің Шаншарынан Келдібек, одан Қазыбек би, бидің ұрпағы Сырымбеттен Тоқтыбай, оның ұлы Бітім, Бітімнен Тергеубек, Тергеубектен Мұхамедияр, Мұхамедиярдан Ыбырай. Ыбырай Гүлбаршын Тергеубекованың әкесі.

         Гүлбаршын 1978-1988 жылдары Бұқар жырау ауданына қарасты Амангелді ауылында орта мектепте оқып, екі жылға жуық арада Қарқаралы аудандық (қалалық) Мәдениет Үйі мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында әкімшілік-ұйымдастырушы қызметінде болады.

         1990 жылы ол Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына оқуға түседі. Оны 1995 жылы вокал (халық әні мен домбыра) мамандығы бойынша бітіріп шығады.

         Кейінгі жылдары, 2000 жылдарға дейін Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтында өз мамандығы бойынша дәріс береді.

         Соңғы жылдары (он бес жыл бойы)  Гүлбаршын Тергеубекова тек шығармашылықпен айналысып келеді.  Оның репертуарында құйқылжыған Арқа әндерімен қатар, бүгінгі заманауи эстрадалық әндер де бар. Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Майра, Үкілі Ыбырай және Қасым Аманжолов әндері Гүлбаршынның орындауында аса бір халықтық орындаушылық сипатқа ие болады.

         2012 жылдан бастап Гүлбаршын Тергеубекова "Қасымның әндері-ай" атты концерттік жобаны қолға ала бастады.

Abai.kz

0 пікір