Жексенбі, 20 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107262. Жазылғандар — 101877. Қайтыс болғандар — 1671
Үміт пен күдік 4039 0 пікір 3 Қаңтар, 2015 сағат 10:31

ЕСЕНСІЗДЕР МЕ, ЕАЭО-лықтар?!.

Қой жылының алғашқы айының алғашқы күнінің тәуелсіз қазақ елінің тарихына ҚАНДАЙ ӘРІПТЕРМЕН жазылатынын уақыт өзі көрсете жатар, өйткені бұл күні Қазақстан Республикасы ресми түрде Еуразиялық Экономикалық Одақтың босағасын аттады.

Одақтың «туған күнінің тарихи құжатына» Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары қолдарын қойып, келісім-шарт ресми түрде күшіне енді. Аталмыш одақтың «тасқа басылған тарихи» құжаттарының көзімізге ілінген кейбір парақтарына үңілетін болсақ, экономикалық одақ аумағында өзгелерден өзгеше, басты-басты деген төрт МАҚСАТ едел-жедел қозғалысқа енбек. Олар – тауарлар қозғалысының, қызмет көрсету мен капиталдың, сонымен бірге жұмыс күшінің бостандығы. Мұны біріншіден десек, екіншіден – одаққа мүше елдердің келісім-шарттары негізінде экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауылшарушылығы сияқты салаларына қатысты саясат ҮШ ЕЛДІҢ өзара келісімі негізінде ғана жүзеге асырылып отыратын болады. Сондай-ақ, аталмыш үш елдің келісім-шарттары бойынша 2016 жылы фармацевтика саласы бойынша, 2019 жылға қарай электр энергиясы саласы бойынша, ал 2025 жылға қарай мұнай-газ және мұнай өнімдері салалары бойынша ОРТАҚ РЫНОК «өмірге келуге» тиісті.

Көңілімізге қона қоймайтын, алайда көңілімізге әжептәуір үміт ұялатып отырған тағы бір мәселе – Еуразиялық Экономикалық Одақ территориясында мемлекеттің өзі кепілдік беретін тегін медициналық қызмет пен әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі. Бұл не деген сөз? Бұл – Қазақстаннан Ресейге немесе Ресейден Қазақстанға келген жеке немесе заңды тұлғалар жергілікті азаматтармен бір деңгейде медициналық және әлеуметтік қызмет түрлерін пайдалана алады деген сөз. Аталмыш мәселелер кейбіреулердің «тақияларына тар келіп» отырса, бұлармен қоса балабақшаға кезекке тұру, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында білім алу сияқты мәселелер де одаққа мүше елдердің Ата заңында көрсетілген құқықтар бойынша жүзеге асырылады.

Әйте де осы тұста көпшіліктің көңілін күпті етіп отырған тағы бір мәселе бар, ол – ЗЕЙНЕТАҚЫ мәселесі. Ашығын айту керек, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері шеңберінде бірыңғай зейнетақы ставкасы әзірге дүниеге келген жоқ, өйткені одаққа мүше елдердің әрқайсысында зейнетақы ставкасы әртүрлі. Дегенмен, ресми мәліметтерге қарағанда, одаққа мүше елдің кез-келгенінде мигрант үшін зейнетақы жинақтау мәселесі сол мигрант тұратын елдің қолданыстағы заңнамасы негізінде жүзеге асырылып отыратын болады. Еуразиялық Экономикалық Одақтың «өте-мөте тиімділігі» жөнінде      «жарапазан» айтып жүрген кейбір білгіштердің айтуларына қарағанда, аталып отырған зейнетақы мәселесі кадрлар тапшылығы мен азаматтық алу мәселелерін де оп-оңай шешетін көрінеді. Рас, күдікті және күмәнді түйткілдерін көңілімізге көбірек ұялататын аталмыш мәселелердің қалайша «оп-оңай» шешіле салатыны «мен білем» дейтін кейбіреулер үшін әзірге жұмбақтау болып тұр.

Әлқисса, Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Эуразиялық Экономикалық Одақтың биылғы жылғы төрағасы Беларусь елі. Бүгін, яғни екінші қаңтар күні осынау одақтың толыққанды мүшелігіне Армения елі енген болса, осы қой жылының мамырына қарай Қырғыз елі де Одақтың есігінен енетін болады. Әділін айтайық, өте күрделі саяси-экономикалық, қаржылық жағдайда «өмір сүруге мандат алған» Эуразиялық Экономикалық Одақтың қаншалықты өміршең болатындығын, оның қазақ елі үшін қаншалықты тиімді болатындығын ғасырлар мен жылдар емес, айналдырған айлардың өздері-ақ дәлелдейтін шығар деп ойлаймыз?!

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz

 

0 пікір