Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5220 0 пікір 7 Қаңтар, 2015 сағат 11:42

ЕЛБАСЫ РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев православ христиандары мен барлық қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Құттықтауда былай делінген:

Қымбатты отандастар!

Православие христиандарын және күллі қазақстандықтарды жарқын да ізгі мереке – Рождество мейрамымен құттықтаймын!
Екі мың жыл бойы Рождество мерекесі діндарлардың жүрегіне қуаныш пен үміт ұялатып, қайырымдылық пен әділдікке, мейірімділік пен кешірімділікке сенудің нышаны болып келеді. Бұл – ізгі ниеттер мен қайырымды істердің, көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлықтың уақыты.
Біздің заманымызда православтар қауымы өздерінің ғибадат ету дәстүрін жалғастырып келеді. Ол адамдардың діни сеніміне, руханият қайнарынан сусындауына көмектесіп, моральдық ұстанымдары мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарын нығайтуда.
Православие христиандары еліміздегі конфессияаралық келісімді, қоғамдық тұрақтылық пен татулықты сақтауға сүбелі үлес қосып келеді. Қазақстандықтар діни нанымдары мен этностық шығу тектеріне қарамастан қуаныштарын бір-бірімен бөліседі.
Осы жарқын мерекеде барша діндарларға денсаулық, рухани күш, игі бастамаларына сәттілік тілеймін! Шаңырақтарыңыздан шаттық, татулық пен молшылық кетпесін!

Абай-ақпарат.

0 пікір