Сейсенбі, 27 Қыркүйек 2022
Әдебиет 63059 2 пікір 14 Қаңтар, 2015 сағат 01:37

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ ҺӘМ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ

Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтар барша қауымды толғандыратыны анық. Дана Абай туылғанына 170 жыл толғалы отырған тұсында да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Шындығында, ұлылардың мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбайды. Өз шығармалығын адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығы арта түсетіні тағы бар.

Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құнанбайұлынан кейін де талай дүлділ жарап шығып, өздерінің өлмес туындыларын тарту етсе де, хакім  Абайдың жұлдызы биік тұратындығы неліктен?  Ол ең алдымен Абай шыығармашылығың әмбебаптылығы, энциклопедиялығымен түсіндірілсе керек. Лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының негізін салып қана қоймай, осы жанрларды әлемдік биікке шығара білуі, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.

Бүгінгі қазақ қоғамы – дана Абай айтқан дерттерден толық арылып кетті ме? Абайды шерлі еткен қоғам мерездері біздің қоғамымызда толық жойылды ма?Абай заманындағы күрделі саяси-әлеуметтік ахуал, жаңа Қазақстанның басынан толықтай тәркі етілді ме?

Әрине, Абай заманынан бері, қазақ елі өте үлкен ғаламдық өзгерістерді басынан өткерді. Патшалық Ресей билігінен кейін, Кеңестер Одағы тұсы халқымыз үшін тәлкекті, нәубетті болса да, ауыртпалықтарды қайыспай көтере білген ел дамудың даңғыл жолына бет алған кезеңдер болды. Қазақ жері формацияларды алмастырды, индустриализацияны, ғылыми-техникалық прогрессті,  ғылым мен білімді игерді,   кешегі заманнан елдің тұрмыс-тіршілігі мен санасы елеулі өзгерді. Тәуелсіздігін алған қазақ елі жаһандық ықпалдасу көшінен кейін қалмай, шекарасы айқын, әлемнің барлық елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатқан, өз алдына серпінді мақсаттар қойған, даму сатысынына жаңа белесіне қадам басқан мызғымас ел. Алайда, Абай шығармашылығына өзек болған мәселелер олар – мәңгілік тақырыптар. Жан мен тәнмен жаратылған адам баласының рухани өмірінде мәңгілік болатын діңгекті мәселелер. Материалдық, техникалық тұрғыдан адамзат қоғамы қаншалықты дамып, өмір сүру тым қолайлы әрі жеңіл, ыңғайлы болғанымен, адамның жан мен тәннің қосындысы екендігі, оның санасы, ақыл-ойы,  ішкі жан дүниесі, руханияты мен ділі қатпарлы болатындығы белгілі.   Абай заманынан бері, адамзат ақыл ойы, әсіресе, әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті елдерінде жаңа деңгейге көтерілді. Ол елдерде дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық сана, құқықтық мәдениет адам баласының бақытты өмір сүруіне мол мүмкіндіктер беруде. Қазақ қоғамы – адами қасиеттер, менталдық, руханияттық тұрғыда қаншалықты ілгері дами алды? Абай шығармашылығына арқау болған – жалған құндылықтар, жалған намыс, надандық ұяты, қызыл сөз, өсек, өтірік, мақтаншақтық, аярлық, күншілдік, надандық қасиеттерден толық арыла алдық па? Абай сынды ұлы қаламгерлердің ойларының құдіреті әрбір жеке адамның жеке қасиеттерін қозғаумен қатар, тұтас бір ұлттың, мемлекеттің адамгершілік келбетін таразылайды, тіпті ол шеңберден де шығып, тұтас адамзат баласының адамдық қасиеттерінің сапасын анықтайды. Ақынның этикалық мөлшерлерінің адамзат баласына ортақ мәңгілік құндылықтарға негізделгендігі себебінен  оның көтерген мәселелері қазақ баласы үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін өте өзекті болып қала бермек.

Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің мөрлілігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты,  жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және т.б. қай замандарда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді  сөз ете отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан, діни-пәлсафалық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды. Абай аңсаған Толық адам – идеалды адам ба? Өмірде толық адам болып өмір сүру мүмкін бе? Абайдың толық адамы тек діни-моральдық бағдарлы ғана адам ба?

Абай шығармаларының құндылығын тек қана діни құндылықтарға алып келіп тіреп қоюға болмайды. Абай дін тақырыбында өте терең білімді ғұлама болғанымен, әсіре діншіл, не діндәр емес. Ол туралы Абай өз қара сөздері мен өлеңдерінде анық айтып кеткен. Ал отарлау езгісіне түсіп, рухани-этикалық тұрғыдан ұсақталып бара жатқан халқына, тура жол мен тура дінді нұсқау барысында ғибратты діннің ілімін түсіндіріп, тәрбиелік, танымдық мақсатта көптеген ойларын қалдырған. Ол тұста дүмше молдалық пен дүмше діншілдіктің кең қанат жайған тұсы болғандықтан, асыл діннің маңызын түсінген ақын, халықты клерекализмнен, соқыр діннен, соқыр діни санадан сақтандырып, діни қажеттілікте де мол оқу мен ізденіс керектігін халықтың санасына сіңдірген. Жалпы адам өмірінің, адамзат тіршілігінің мәнін дінсіз таразылау қандай мәнсіз болса, адамзат өмірінің құндылығын тек дінмен ғана түсіндіру, дінмен ғана шектеу сондай мәнсіз. Дана Абай ұлыларға ғана тән тереңдікпен, діни таным мен қоғамдық сананы, ғылымды, жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарды сабақтастырып, адамзаттық ілімді, «Адам бол» қағидатын ұстанып, сол ілімді барша адамзатқа үндейді.

Абай шығармалары қазіргі таңда адамзат қоғамының дертіне айналған ұлтшылдық, ксенофобия, нәсілшілдік, фашизм, діни антагонизм, клерекализм мәселелеріне түбегейлі қарама-қайшы. Басқаша айтқанда, бүгінгі күні жаһандық мәселелерге айналған ұлтшылдық, ксенофобия, нәсілшілдік, діни антагонизм, радикализм мен фанатизм,  клерекализмнің емі, айықтырар жолы Абай шығармаларында жатыр.

Абай шығармашылығына арқау болған құндылықтар қай қоғамда үстемдік етіп, салтанат құрса, сол елдер барлық көрсеткіштер бойынша жақсы өмір сүруде. Абай ілімі құндылықтары аяқ асты болып, екіжүзділік, аярлық салтанат құрған қоғамдар шырғалаңға қадам басып, іріп-шіру сатысында тұр. 

Ақынның жиырма бірінші қара сөзінде айтылатын – мақтан деген қасиет бар. Қазақ халқының бойындағы мақтан сезімі туралы Абайдың айтқандары бүгінгі күні жаңа сатыға көтеріліп, мемлекетіміздің стратегиялық бет-пердесіне айналды. Жауырды жаба тоқу, кілең жылт еткен жақсыны ғана термелеу, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегендей түймедейді түйедей етіп жарияға жар салу, қоғам үшін істелуі керек қажетті дүниелерді  қоғам игілігі, азаматтардың бақытты өмір сүруі үшін емес, ұпай жинау, мансап,  көрініп қалу, жағыну, елді алдау үшін істейтін даңғаза деңгейіне жеткізу белең алып кеткені жасырын емес.  Елбасының көтеріп отырған дамыған 30 елдің қатарына ену, бәсекеге қабілетті мемлекеттермен теңесу сынды бастамалары нақты іс пен көрсеткіш, нәтиже емес құр сөзбұйдаға салыну, көзбояушылық болып бара жатыр. Лепірме сөз, лепірме ұрандар, ішкі мазмұн мен сапаға үңілмей дақпыртқа үйірсектеу, жалғандыққа алып келіп, мақтанудың ұлттық дертке айналғандығы көрініп тұр. Әрине, Тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері аз емес, оны ешкім жоққа шығармайды, жоққа шығаруға тырысу ол нағыз қиянатшылық, дегенмен әсіре мақтанға жол бермеуге тырысу қажет. Қазақстан мемлекетінің экономикалық көрсеткіштері, оның ішінде ішкі жалпы өнім пайызы еселеп арттып, отандық өнімдер молынан өндіріліп, елімізде ғана емес экспортқа шығарылғанда, ел ішінде кең қанат жайған өзін өзі өлтіру, қылмыс, түсік жасау, тастанды бала, қарттар үйі, жұмыссыздық, баспанасыздық мәселелері шешіліп, сыбайлас жемқорлық ауыздықталғанда (әлем бойынша жемқорлықты қабылдау факторы бойынша Қазақстан 126-орында), сөз бостандығы көрсеткішінен әлемдегі 166-орыннан алғашқы отыздыққа кіргенде елдің өркендеуі туралы сөз етуге болады. Мақтаннан мақтанқұмарлық, мақтансүйгіштік пайда болып, ол асқынған кезде мақтаншақтық қасиетке ұласады.

Дана Абайдың ұлылығы сол – жеке адамға қатысты өте нәзік, шетін қасиеттерді талдай отырып, ұлттық мінезден де осы қасиеттердің көрініс алатындығын аңғартады. Қырық төртінші қара сөзінде «адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады» деп адам баласының әлсіз тұсының тамырын дөп басады. Осындай «бәрекелді» тілегіштік біздің елде мемлекеттік сипат алды. Мемлекеттік телеарналар мен баспасөзде тек «бәрекелді» тілегіштік сарын, «бәрекелді» тілегіштік саясат. Қазақ қоғамында мәселе, не шешілмеген түйін жоқ па деген ой тудыруы да мүмкін. Әлемнің дамыған 30 елінің ұстанымдары қалай? Адамдық сапа-қасиеттерді мейлінше сараптан өткізген бұл дамыған елдерде мақтан мен «бәрекелді» тілегіштік саясат әбден екшеуден, талқыдан, тараздан өткен сыңайлы. Ол елдер жүргізіліп отырған саясаттың жемістілігін – БАҚ-та айтылып, жазылған бойынша не Үкіметтің есебінен емес, азаматтардың тұрмыс-тіршілігінің көрсеткішінен есептейді.

Қазіргі жаһанданған қоғамда құндылықтар, өркениеттер, саналар қақтығысы орын алуда. Бір конфессияның екінші бір конфессиямен шиеленісі тым күшейіп отыр. Еуропа құндылықтары үшін қатардағы іс, өзге елдер үшін кешірілмес күнә, барып тұрған азғындық. Ондай әрекеттері үшін ортағасырлық жазалау әдістері дайын тұр. Діни құндылықтарды адами құндылықтан жоғары қою, асыл дінді дұрыс түсінбеу, түсіндірмеу түрлі қасіреттерге алып келуде. Кертартпа, соқыр, жалған, таптаурын сенім, намыс адамзат қоғамын жалпыадамзаттық құндылықтардан алыстатуда.

Абай отыз алтыншы сөзінде «надандықтың ұяты» деген қасиетті айтады. Ұялмайтын нәрсеге ұялатын, ұялатын нәрседен ұялмайтын тоғышар санадан, ергежейлі рухтан, таяз парасаттан, соқыр надандықтан, парықсыздықтан, ардың ластығынан туыындайтын  әрекет.  Абайдың «Надандықтың ұяты» ұғымы – ақын өмір сүргеннен бері  екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, адамзат сана, таным, парасат тұрғысынан жаңғыра алмай отырғандығын көрсетеді. Сол сияқты қазақ қоғамына да менталдық, рухани, парасат тұрғысынан жаңаратын, ескіліктің шеңберінен шығып, жаңаға ұмтылатын, құндылықтар дүниесінде ревизия жасап, дақпырт пен даңғазаға, кертартпалық пен соқыр нанымға, таптаурынға, екіжүзділік пен аярлыққа,  жалған намыс пен мақтанға толы рухани, адамгершілік келбетімізді жақсартуға, адам құқықтары мен бақытын дәріптейтін жалпыадамзаттық құндылыққа ұмтылатын кезең келді.

Адам құны мен құқығы кеміген, арзаңдаған, аяқ асты болған қоғамда – адам ешқашан бақытты болмайды. Адам құны мен құқығы жоғары қоғамда ғана адам өзің толық бақытты сезінеді.

Отыз төртінші сөзінде : «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» деген хакім Абай өлеңдерінде «Адамзаттың бәрің сүй – бауырым деп» жырлап, ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуды үндеуі, қазіргі адамзат қоғамының басты ұранына айналуы тиіс. Мынау бізге жат, мынау бізге теріс, мынау мүлде болмайды, мынау өзге діннен, мынау өзге ұлттан деп адам мен қоғам түрлі шектеу, тыйым, наразылық, жиіркеніш, жеккөрушілікті өршіткенде ешқашан келісім мен татулық болмайды. Адамзат қоғамы Абай сынды ұлылардың парасаты арқасында ұлық, биік. Әлем ұлыларының асыл ойлары адам баласын бақытты өмір сүруге шақырып отырады. Адамзат баласының бақыты ол – шектеу мен тыйымдардан ада,  жаны мен тәнінің үйлесімі, жан қалауын жүзеге асыра білу мүмкіндігі, адам құқықтарының салтанат құруы.

Ноябрь КЕНЖЕҒАРЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Абай.kz 

2 пікір