Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4785 0 пікір 22 Қаңтар, 2015 сағат 12:43

ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОТ ҚЫЗМЕТІН БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҚ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Еуропалық Бизнес Қауымдастығының Қазақстандағы төрағасы Марк Смитпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар отандық бизнес үшін қолайлы жағдай жасау және инвестициялық тартымдылықты арттыру – кез келген мемлекет үшін өзекті әрі маңызды міндет екендігін атап өтті.

«Қазақстанда бұл бағытта тиімді шаралар қабылдануда. Олардың қатарына мүлік пен капиталды заңдастыру, жекешелендірудің екінші толқыны, салық жүктемесінің азаюы, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жатады. Инвесторлардың құқықтарын барынша қорғау мақсатында өткен жылдың маусым айында Инвестициялық омбудсмен институты құрылды», - деді Қ.Мәми.

Әңгіме барысында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында туындайтын дауларға қатысты азаматтық істерді қарау бағытындағы соттардың жұмысы туралы хабардар етті.  Айталық, соңғы 6 жыл ішінде Қазақстан соттары тарапынан жалпы сомасы 240 миллиардтан астам теңге көлемінде заңды тұлғалардың (шетелдік инвесторларды қоса алғанда) құқықтары қорғалды. Сот статистикасының деректері бойынша, мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағым түсіру жөніндегі барлық талап арыздардың жартысынан астамы қанағаттандырылған. Мәселен, Германия, Латвия секілді ЕуроОдақ елдерінде мұндай өтініштер 10-нан 20%-ға дейінгі көлемде қанағаттандырылады.

Қазіргі таңда шетелдік инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын дербес сот құру мәселесі қарастырылуда. Бір нұсқа ретінде оны Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасы ретінде құру жайы талқылануда. Бұл дауларды неғұрлым жоғары деңгейде шешуге және жергілікті билік органдарының сотқа ықпал етуінің әлеуетті мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді. 

Кездесу қорытындысы бойынша Қ. Мәми М. Смитті осы жылғы 6-ақпанда Астана қаласында өтетін «Әділ сот жүйесі мен тұрақты заңнама – тартымды инвестициялық ахуалдың негізі» атты «дөңгелек үстелге» қатысуға шақырды. Аталған іс-шарада инвесторлардың құқықтарын қорғау, олардың қатысуымен дауларды шешу, инвестиция саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланатын болады.

Тараптар осы кездесудің сот ісін жүргізу саласындағы жаңа тәсілдерді зерделеу, сондай-ақ сот жүйесіне қатысты ақпараттармен және жетістіктермен алмасу тұрғысындағы маңызына тоқталды. Әңгімелесушілер сот жүйесіндегі ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік танытты.

Абай-ақпарат.

0 пікір