Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6454 0 пікір 22 Қаңтар, 2015 сағат 14:30

ДЕРЕКТІ КІТАП КЕРЕК-ТІ

Қуат Бораш біршама жылдардан бері Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет атқарып келеді. Оны «Егеменде» қатар істеген жылдардан бері жақсы білемін. Сыпайы, мәдениетті, үлкенді сыйлап тұратын ізетті жігіт. Ақордаға барған соң да, онда біршама жылдар қызмет істеп, лауазым баспалдақтарымен көтеріліп бара жатса да сол мінезінен өзгермеді. Бір қалыптан жаңылмай тұрады, осының өзі оның тектілігін көрсетіп тұр.

         Жасы бізден кіші болса да оның жазғыштығына, ойын әсерлі етіп жеткізе алатындығына, байқағыштығына қызығатын едік. Әсіресе, саяси, күрделі тіркестерді әдіпті де мағыналы етіп орнықтыра біледі. Тіпті, бұрын қолданыла қоймаған саяси орамдарды дәл тауып, ешкімге ұқсамайтын өзіндік келбет жасайтын шеберлігіне риза боласың. Мысалы: «қалтарыста қалған қаражатты қазынаға қайтару» дейді ол бірде. Қандай тамаша тіркес. Осылай, кілең бір әріптен бастап көсілуге болатын қазақ тілін кім кедей деп айта алар? Мұның орысшасы «вернуть неосвоенные средства в бюджет» деген ғой. Орыс тілінен қазақшаға сөзбе-сөз аударатын білгіштер мұны: «игерілмеген қаражатты бюджетке қайтару» деп аударар еді. Ал мұндай сөздердің оқырманға еш әсері жоқ, қатардағы қарадүрсін аударма, әйтеуір мазмұны өзгермегеніне тәубе дейсің.      

Қопарып жазатын, қотарып жазатын журналистер болады. Бұл Құдайдың берген дарынының арқасы. Қуат Бораш та сондайдың сойынан. Оның бүгінгі патриотизм туралы мына тұжырымы соған дәлел: «Бүгінгі патриотизм көзге көрінбейтін, көлеңкесі қолға ұстатпайтын мылтықсыз майдан, ақпараттық соғыста өзіңнің, туған еліңнің бітім-болмысын тұтастай сақтап қалу жолында күрес жүргізудің үлгі-өнегесі. Ол үшін әлемнің асты-үстінен ағылып-төгіліп жатқан сан алуан ақпараттар тасқынына төтеп берер рухани күш-жігеріңді, ұлттық иммунитетіңді шыңдауың керек. Дәлірек айтсақ, еліңнің тарихын білуге, даңқты бабаларыңның ерлік шежіресін мақтан тұтуға әрі солардай болуға ұмтылуың қажет». Міне, бүгінгі патриотизм деген нақ осы, ой-пікірің болса оны әрмен қарай өрістете бер.      

Жуырда Қуат Бораштың көп жылғы публицистикалық ой-толғамдарынан өрілген «Жұмыр жердің жұмағы» атты жинағы жарық көрді. Мұнда көркем ой мен көсем сөз арқылы көптеген қызықты дүниелер оқырманына жол тартыпты. Қазір аз сөздермен көп деректер беретін кітаптың ғана оқылатын уақыты. Бір кездегідей табиғатты, көңіл күйді, ішкі сезімді ұзақ суреттеп, тілді безеп, сурет салып отыратын көркем кітаптар да, артық сөздерді көп қосып, ойын жедел жеткізе алмайтын публицистикалық кітаптар да қазір оқыла қоймайды. Ондайларды арнайы зерттейтін мамандар ғана оқуы мүмкін. Заман солай, заманның жылдамдығы сондай. Тез жететін, тез баратын заманда көп сөзге малтығудың өзі бір азап. Сондықтан да жұрттың көбі кітап оқымай кетті. Оның үстіне жаңа дерегі жоқ кітап та оқылмайды. Тек деректі дүние ғана қазір керекті. Қуаттың кітабы сол талаптың үддесінен табылыпты. Оның жас оқырмандарға берері мол.     

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Абай-ақпарат. 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616