Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 8974 0 пікір 20 Мамыр, 2014 сағат 16:56

"«Мәңгілік Ел» болу идеясын алғаш Шыңғысхан көтерген"

 

«Мәңгілік Ел» болу идеясын алғаш Шыңғысхан көтерген – Тимур Әбішев

Осындай «Өмір ағашының» әдемі образын Джеймс Камерон өзінің «Аватар» фильмінде жасады. Меніңше бұл аңызды ол кезінде түркі тайпасы болған және бүгінгі күнге сақтап жеткізген солтүстікамерикалық үнділерден алған сияқты. Не десе де мұндайды ойлап табу мүмкін емес, өйткені олардың «Эйва» ағашы мен біздің «Бәйтеректің» ортақ дүниелері өте көп.

 

Елбасы өзінің халыққа Жолдауында барлық қазақстандықтарды бір тұтас болып бірігуге, қуатты әрі Қазақстанның мәңгілік халқы болып қалыптасуы үшін «Мәңгілік Ел» болуға шақырды. Ол өз сөзінде: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» – деген болатын.

Осы тұста «Раллы» компаниясы қазақстандықтарды «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде топтастырып, Елбасы көтерген тапсырмаларды шешуге өзіндік үлесін қосып жатқандығын айтып өткен жөн. Компания басшысы Рада Тұяқбайдың «Менің Қазақстаным – өзара көмек» авторлық бағдарламасы жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп қана қоймай, халқымыздың жұдырықтай жұмыла түсуіне қызмет етуде. Компания суретші, дизайнер Тимур Әбішевтің қазақстандық этностардың тұтастығын көрсететін, «Мәңгілік Ел» көркем компазициялық жобасын қаржыландыруда. Біз осы жоба авторымен жүздесіп, оны тамаша идеясы төңірегінде сөзге тартқан едік.
 

– Тимур аға, мұндай жобаны қолға алуға не түрткі болды және оның мақсаты жайында айтсаңыз?
– Еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың қазақ халқы төңірегіне бірігіп, тұтастанып жатқан табиғи үрдісті байқаймыз. Бұл мәдениет пен дәстүрдің өзара үндестік тауып, қазіргі әлемдегі бәсекеге төтеп беретін әрі халқымызды қуаттандыра түсетін үздіксіз тарихи процесс.
Әлемдік өркениеттің дамуы мен пайда болуында маңызды рөл атқарған және өзге халықтың Ұлы қоныстану орталығы болған еліміздің беделін қайта жандандыруымыз қажет. Адамның қоғам алдындағы немесе қоғамның адам алдындағы жауапкершілігі орныққан, яғни әрбір адам қоғамдық бағаға ие болған қазақстандық қоғамның жоғары адамгершілік дәстүрлерін қайта қалыпқа келтіру керек деп ойлаймын. Сондықтан бұл жобаның басты мақсаты – елімізде тұрып жатқан барлық этностарды тұтас Қазақстан халқы ретінде біріктіріп отырған қазақ халқының рухани-адамгершілік құндылықтары мен дәстүрлерін жаңғырту болып табылады.

– Дегенімен, Сіз оны неліктен шежіре арқылы жасау керек деп ұйғардыңыз? Өйткені көпшілік шежірені өткеннің сарқыншағы ретінде санайды ғой?

– Меніңше шежіре – еркіндік сүйгіш рухтың, қазақ халқының адамгершілік мәдениетінің негізі. Сондықтан алдымен шежіреге жан-жақты түсінік беріп өтсем.

Шежіре бұл – адамның шығу тегінің қалыптасуы, әулетінің тарихы. Тарихты адамдар жасайды, ал шежіре адамның ата-тегінің тарихы, аңызға айналған ата-баба ұрпағының көптеген тағдырды, әкелер мен аталардың, әр адамның жақын туыстарының өмір жолы.
Сонымен қатар, шежіре – қазақ халқының өнегелігінің қайнар көзі. Өйткені адамды тәрбиелеуде аңызға айналған ата-бабаның жауынгерлік, ерлік жырлары үлкен мәнге ие болған. Өз руының шоқтығын биіктете түскен батырлар мен жыраулардың атқарған ерлігі әрдайым ұрпақтан-ұрпаққа үлкен мақтанышпен жеткізіліп отырған. Сондықтан шежіре адамға өз руының толықтай мүшесі екендігін және бұрындары айтылып келгендей өз әулетінің өкілі екендігін білдіріп отырды. Бұл әр адамға ата-тегінің абыройына кір келтірмес үшін үлкен жауапкершілік артып, өзін кез-келген жағдайда лайықты ұстауына итермеледі. Әулеттің абыройы далалықтардың басты құндылығы болды және рудың негізгі игілігі болып саналды. Сондықтан да, ар мен абырой, батылдық пен ерлік барлық көшпенді қауымдастық мүшелеріне тән қасиет.
 

– Сіздің ойыңызша, шежіре сонда көшпенділердің тәрбие құралы болған ба?
– Әрине, шежіре – адам бойындағы жақсы қасиеттердің дамуына жағдай жасады, мәселен ерлерде мәрттік пен ерлік, ал әйелдерде ізгілік пен адалдық сипат алды. Қазақ әйелдері үшін әулетінің абыройы – өнегелік пен өзіне ұстамды болудың негізі болды. Егер әйел қоғамдағы дәстүрлік қағидаттарға қайшы келетін қылық жасаса, онда оны ата-анасына қайтаратын және барлық масқаралық, қарабеттік оның тегіне нұсқан келтірген. Өзге ру өкіліне тұрмысқа шыққан әйелдің ата-тегі – оның абыройы мен қадірінің басты кепілі саналған.
Жалпы көшпенділер өркениетінің артықшылықтарын тізе берсек таусылмайды. Ондағы қазақ әйелдері қоғамдағы өте маңызды рөлге ие болған және өзге де көне қоғамдағыларға қарағанда құқығы мен еркіндігі де басым болған. Тіптен, қатер төнген уақытта қолына қару алып, еркектермен қоса отанын қорғаған. Бұл дегеніңіз олардың қоғамдағы жоғары мәртебесі мен азаматтық жауапкершілігін көрсетеді.
Шежіренің тағы бір тәрбиелік маңызына тоқталсақ, ол адамдардың өз орны мен көшпенді қоғамдағы өмір мәнін түсінуге әкелді, яғни өз ата-анасы мен бүкіл әулетіне деген сүйіспеншілік, ризашылық сезімін оятып, үлкендерге құрметпен қарау керектігін түсіндірді. 
Қазақ халқы патриотизмінің негізгі бастауы да осы шежіре. Егер адам өз халқының тарихын біліп, ата-бабасымен мақтанып жатса, онда ол елін де, Отанын да жақсы көреді деген сөз.

– Көшпенділер өркениетінің артықшылығы мол деп қалдыңыз, сол жайында айта отырсаңыз?
– Қазіргі әлемдік өркениете демократиялық басты жетістігі болып адамның еркіндігі мен әйел теңдігі саналады. Алайда, көшпенді қоғамға олар бұрынғы заманнан бері тән. Оның айғағы ретінде мынаны айта алам. Мәселен, бір рудың адамдары барлығы аты аңызға айналған бір атаның ұрпақтары, яғни олар шығу тегі бойынша бәрі тең. Сонымен қатар, көшпенді қоғамдағы әр адам әлеуметтік немесе материалдық жағдайына қарамастан өзінің шығу тегін білген және өзін таныстыру барысында ата-бабасын үлкен мақтанышпен атап отырған. Құл немесе өз құқығы бойынша қысым көрген адам ешқашан да өзінің ата-тегін, әкесін немесе атасын мақтан тұта алмайды. Сондықтан да өзге халықтарда өзінің арғы тегін білу тек ақсүйек, аристократттарға ғана тән болған.

– Тимур аға, шежіренің тағы қандай маңыздылықтарын атай аласыз?
– Мен, шежірені генетикалық қана емес, ұрпақ пен уақыттың рухани байланысы дер едім. Өйткені, ол ата-бабаларымыздың кез-келген адамды нақты танып білуіне негіздейтін уақыт пен кеңістік шамасының өзіндік жүйесі. Адамға танысу барысында өз руын, одан кейін әкесінің немесе аталарының есімдерін тізбектеп атап шығу ғана жеткілікті болған, яғни таныс бір есім шыққанша. Өз ата-тегін білу қазіргі визиткалық карточка немесе жеке куәлік сияқты қызмет атқарған әрі оны өзге де аймақтағы түркі тайпалары арасында тең дәрежеде көрсетіп, абыройлы қабылдауға жағдай жасаған.
Шежіре дегеніміз – әрбір көшпенді қоғам мүшесінің азаматтық құқығы мен әлеуметтік қорғалуының негізі. Өйткені, ру өзінің әр мүшесінің ары мен абыройын қорғауға кепілдік береді. Егер артында бүтіндей бір әулеті турған адам өзгелерден қорланатындай сөз естіп, жаман қылықтарға бой алдырса ол ру тарапынан міндетті түрде жазаланатын. Өйткені, ру өз мүшелерінің әрбіріне жауапкершілікпен қараған, адам еңсесінің түсіп, азып-тозып немесе қайыр сұрап кетуіне жол бермеген. Мұндай жағдайдағы қарабеттік пен масқаралық отбасын әрі бүтіндей бір руды, әулетті жерге қарататын. Сондықтан бүкіл ру мүшелері өз өкілдерінің ондай күйге түсуіне жол бермеуге тырысқан.

– Шежірені неліктен бәйтерек түрінде бейнелеу керек деп шештіңіз?
– Бұл да көне дәстүр бойынша. Тамыры тереңге бойлаған ата-тектің бәйтерегі деген ұғым бұрыннан бар. Бәйтерек – өмір символы және ол тарихтың тууын, халық пен рудың өсуі мен дамуын көрсететін көрнекі тәсіл. Композицияның дәл ортасында жалпы Қазақстан ағашы болады, тамырында ария, ғундар, сақтар сияқты көне түркі халықтары орын алады, одан кейінгі діңгекте сарматтар, тиграхауд және басқалары, одан жоғары қазақтың негізін қалаған ұлы жүз, орта жүз және кіші жүз тармақтары кетеді және ондағы бұтақтан әр жүздің рулары тарайды. Діңгектің жоғары жағында кейіннен еліміздің аймағында пайда болған халықтар, тарихи хронологияға сәйкес орналасатын болады. Орыстың, татардың, ұйғырдың, кәрістің, немістің басқа да этностардың бұтақтары бой көтереді. Міне, осындай кейіппен ол Қазақстан халқының бірлік символын көрсететін көркем бәйтерек болады.
Бұл экспозиция барлық қазақстандықтардың мінәжат ету орталығына айналады деген ойдамын. Өйткені, еліміздегі әр азамат ұлты мен шығу тегіне қарамастан ол жерден өзінің ата-бабасы мен тамырын таба алады. Ол әр адамға осы Бәйтеректен орын алу мүмкіндігін беріп, Отан үшін игі істер жасауына ынталандыра түседі деп ойлаймын. 
Сондай-ақ, жайқалып өсіп тұрған Бәйтерек көне қазақ аңыздарында да кездеседі. Ата-бабаларымыздың танымы бойынша дүние жер астындағы, жер үстіндегі және ата-бабаларымыздың рухтары мекен ететін аспан әлеміндегі тіршіліктен тұрады. Олардың барлығын осы қасиетті «Бәйтерек» ағашымен байланыстырады. Яғни, тамыры жер астындағы әлем, діңгегі біздің, ал ұшы көзге көрінбейтін тылсым аспан мекені. Сондықтан болар шежірені көбінде осы ағаш кейпінде жасайды, өйткені ол айтылған барлық әлем мен ұрпақтар сабақтастығын байланыстырып, бір бүтін етіп тұрады.
Осындай «Өмір ағашының» әдемі образын Джеймс Камерон өзінің «Аватар» фильмінде жасады. Меніңше бұл аңызды ол кезінде түркі тайпасы болған және бүгінгі күнге сақтап жеткізген солтүстікамерикалық үнділерден алған сияқты. Не десе де мұндайды ойлап табу мүмкін емес, өйткені олардың «Эйва» ағашы мен біздің «Бәйтеректің» ортақ дүниелері өте көп.
Шежіре – бұл уақыт пен ұрпақтар сабақтастығының жанды байланысы. Менің ішкі терең түйсігім бойынша аруаққа деген сенім және олардың жер бетіндегі тіршілік иелерін жебеп жүруі, қазақы мейрімді болмысымыз бен бүгінгі біздің басты жетістігімізді құрап тұрғандай әрі өмірге деген құштарлығымыздың арқауы іспетті.

– Жалпы Елбасының «Мәңгілік Ел» болуға шақырған идеясын қалай қабылдадыңыз?
– Алғаш бұл идеяны Шыңғысхан көтерген болатын, яғни барлық түркі халықтарының ханы етіп жариялаған кезде. Енді міне 800 жыл өткен соң ғана біз Ұлы ұлт болуға қайта дайын отырмыз.
Меніңше, еліміздегі барлық халықтың «Мәңгілік ел» болып бірігуі бұл біздің осы әлемдегі лайықты орнымызды алудағы жалғыз мүмкіндігіміз. Президентіміздің әрдайым бізді бірлікке шақырып, қоғамның тұтастығына өзі кепіл болып отырғаны үшін үлкен алғысымды білдірем. Бір елде тұрып жатқан халықтардың теңсіздігі әрі өзін еркін сезіне алмаған әлемнің өте нәзік, морт сынып кетуі мүмкін екендігіне Украинадағы соңғы оқиғалар куә. Сондықтан еліміздегі ұлттардың ұйысып, бірлігінің нығайа түсуі біз үшін маңызды болып қала бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!
 

Сұхбатты жүргізген 
Әділет Мұсахаев

Ult.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541