Жұма, 29 Наурыз 2024
Айбын 5311 0 пікір 23 Мамыр, 2014 сағат 17:27

NOMADS ЖҮЗ ПАЙЫЗ ОТАНДЫҚ ОЙЫН

 

Тұңғыш қазақстандық тарихи деректерге сүйеніп жасалған «NOMADS» браузерлік рөлдік ойыны жасалып, Интернет кеңістікке жол тартты.

Тұңғыш қазақстандық тарихи деректерге сүйеніп жасалған «NOMADS» браузерлік рөлдік ойыны жасалып, Интернет кеңістікке жол тартты. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпын онлайн-ойын арқылы зерделеуге мүмкіндік беретін жоба авторы «KazBussinesMedia» қоғамдық қоры кеңесінің төрағасы Асқар Омаровпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Асқар мырза, бірінші отандық браузерлік ойынды жасап шығардыңыздар. Біз осы орайда «Қазақстан тарихы» Порталы атынан өз қуанышымызды білдіріп, сіздердің әрмен қарайғы жұмыстарыңызға жеміс тілейміз. Браузерлік ойынды жасауға не себеп болды, ойынның болашаққа қойып отырған мақсаты қандай?

— Қазіргі кезеңде Интернеттегі ойынға ұсыныс пен сұраныс көп. Орыс тілді қай порталға кірмейік өз ойындарын ұсынып тұрады. Жастар мен мектеп оқушылары көп қолданатын mail.ru-да қателеспесем жүз шақты ойын бар. Бізге қазақ тіліндегі бірінші браузерлік ойынды жасап шығару жайлы ой келді. Біз бірінші болып бастасақ, бәлкім әлемдегі ойын жазатын ірі корпорациялар болашақта қазақ тіліне көңіл аударар. Біз қазақ тілін қалай насихаттамайық, балалар мен жастарға арналған ойындар мен кинолар қазақшаланбай олардың тілімізге деген қызығушылығы еш оянбайды. Өзіңіз де Астанада күнделікті байқап жүрген шығарсыз, қаламыздағы қай қазақ мектебі мен балабақшасына бармайық балалар бәрібір үзілісте тек орысша сөйлеседі. Себебі Интернет пен мультфильмдер тек орыс тілінде.

Компьютерлік ойындар орыс тілінде сайрап тұр. Виртуальды кеңістікте қазақ тілді ойын-сауық орталығы әлі толық құрылып біткен жоқ. Nomads ойынын жасау идеясы Әсет Оспанов деген бағдарламашы жігітке осыдан бірнеше жыл бұрын келген екен. Көкейдегі ойын асыруға жағдайы келмей біраз күтіп жүреді. Өткен жылдың қазан айында біз осы идеяға қажетті қаражатты тауып, ағымдағы жылдың алтыншы мамыры күні ойынның бірінші бөлімін бітірдік. Ойға алған жоспарымыз орасан. Оған шамамыз жетер-жетпесі белгісіз. Қазір ойын 2D форматында болса, алдағы уақытта 3D форматында жасап шығаруды жоспарлап отырмыз. Ойынға қазақтың басқа да көне қалаларын қосу ойымызда бар. Ойынның басқа ойындардан басты ерекшелігі кейіпкерлер ойдан шығарылмаған. Еуропалық, Ресейлік ойындарда көптеп кездесер тролльдар мен гномдар, эльфтар, алып витязьдар сияқты қиял-ғажайып кейіпкерлер біздің ойында жоқ. Біздің браузерлік ойын шынайы тарихқа сәйкес. Ойыншылар Nomads-ты ойнай отырып қосымша білім-де алады.

— Ойын құрастырушылары түгелге дерлік отандық бағдарламашылар екен…

— Бұл жұмыстың басы-қасында жүріп, команданы жинаған жоғарыда айтып өткен Әсет. Бастапқы кезеңде суретшіні Мәскеуден алдырғанбыз, алайда бір апта өткен соң бас тартуға мәжбүр болдық. Ол қандай мықты суретші болғанымен ол біздің ішкі жан-дүниемізбен, таным-түсінігімізді түсіне алған жоқ. Салған суреттері қазақтың келбетін келтіре алмағандықтан, өзіміздің отандық жас суретшілерді жұмысқа тарттық. Бағдарламашыларымыз да түгелге дерлік өз еліміздікі. Жиырма жыл ішінде елімізде қаншама талантты бағдарламашы жастар білім алып шықты. Бірақ қазір бағдарламалық сүйемелдеу қажет болса Белоруссия, Украина, Ресей, Үндістаннан мамандар шақырып, бағдарлама жаздырамыз. Мақсатымыздың бірі Қазақстандық бағдарламашылардың әлеуетін көрсетіп, жүз пайыздық отандық өнім жасау болды.

— Ұлт тарихын ұлықтайтын ойынға кіріп қарасақ өткен тарихымыз көз алдымызға келеді. Ойынды жасау барысында еліміздегі алдыңғы қатарлы қандай тарихшы ғалымдардың кеңесіне сүйендіңіздер?

— Ойын жасау барысында біраз тарихи кітаптарды парақтадық. Ә.Марғұлан жазбаларын бір шолып шықтық. Қазақ қару-жарақ өнерін зерттеген Қалиолла Ахметжан, ағамыздың «Қазақтың дәстүрлі қару жарағының этнографиясы» атты зерттеу еңбегіне-де біраз сүйендік. Қазіргі кезде ойынымыз тарихтан ауытқымасын деп Түркі академиясымен келісімге келдік. Ойынның келесі бөлімінде ғылыми, тарихи тұрғысынан Түркі академиясы кеңес береді. Түркі академиясы Халықаралық жоғары-деңгейдегі ғылыми орталық. 2010 жылы 25 мамырда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекет басшыларының шешімімен құрылған. Түркі әлемінің тарихи элитасы болып табылатын академиямен біз енді тізе қосып жұмыс жасайтын болдық.

— Кез-келген тарихи ойын белгілі бір уақыт аралығын қамтиды. Сіздер тарихымыздың қай кезеңін ойынға қостыңыздар?

— Орта ғасыр кезеңін алдық. Нақты бір кезеңді алсақ, оған үлкен қаржы қажет еді. Онымен қоса ойын үлкен квест болып кетеді. Ең басты шаһар қылып Түркістан қаласын алдық.Тек қана қазақ тарихының бір кезеңін алсақ ол да бұрыс болып кетер еді, бұл қазақтың ойыны болғанымен өзге-де түркі тілдес бауырларымызды ұмытпауымыз керек. Қазір ойынды башқұрттар өз тілдеріне аударып жатыр. Себебі түрі мен қару-жарақ, киімінде айырмашылық аз. Жақын арада татар бауырларымыз ойынды өз тіліне аудару мәселесін көтеруде. Сиран Сулейман деген Қырым татарларының танымал, ақыны ойынды Қырым татарларының тіліне аудармақ. Жоспарымызда қырғыз және өзбек тіліне аудару мәселесі бар. Ойын орталығы қазақтікі болып, ары қарай түгел түркі әлемінің тарихын қамтыса деген ниет бар

— Сауалымыздың соңында Порталымыздың дәстүрлі сұрағын қойсақ. Қандай тарихи кітаптарды сүйіп оқисыз, қай автордың тарихи шығармасын оқырмандарымызға ұсынар едіңіз?

— Тарихи шығармаларға келгенде Мұхтар Мағауин, ағамыздың жазғандарын құныға оқимын. Мұхтар Мағауин феномені ол жазушы бола жүріп тарихтан диссертация қорғағандығында. Өкінішке орай кеңес кезеңінде біз өзге әлемнен тыс өмір сүрдік те, әлемдік аудитория Мұхтар, ағамыздың тарихи шығармаларымен таныс болған жоқ. Өзім сүйіп оқитын «Аласапыран» романы өте терең жазылған тарихи роман. Біздің кей жазушылар тарихи роман деп шығарманы жазғанымен, ішіне өтірік деректерді қосып, оқырманды шатастырады. Оқып отырсаң шын-өтірігін айыра алмай шатасасың. «Аласапыранда» Ораз-Мұхамед, Қасым хандығы, Ресей империясы жайында нақты тарихи деректермен жазылған тархи туынды. Қаһармандық ерлік жайындағы туынды. Бұл роман шыққан жылы жапондық «Соңғы самурай» деген туынды жарық көріп, ағылшын тіліне аударылып, әлемге танылды. «Аласапыран» әлемге танылған жоқ, бірақ тереңдігі жағынан «Соңғы самурайдан» кем емес. 1992 жылы баспа бетінен жарық көріп, қазақтың тарихи сана-сезімін оятқан «Қазақ тарихының әліпбесі» деген шығарманы өте мықты тарихи туынды деп санар едім.

Ал тарихқа қызығып өз бетімен үйренушілерге Интернетте қолжазбалар көп, соларды зерттеп, салыстыра отырып біраз нәрсеге қанығуға болады. Ғылыми тарих туралы жазатын авторларға тоқталсам Нұрлан Атығай, В.Радлов, хакастық тарихшысы В.Ботанаевтың шығармалары тарихи танымды кеңейтері анық. Сөз соңында айтарым тарих жайлы көп оқу керек, бірақ керектісін алу одан да маңызды.

 

 

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ

http://e-history.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590