Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жөн-ақ 6027 0 пікір 26 Мамыр, 2014 сағат 11:36

МҰХТАР ШЕРІМ. "ТҮБІРКҮЛЕЗ" САТИРА КЕРЕК ПЕ?

 Сатираны әркім әрқалай түсінеді. Сатира– өзің жазып отырған құбылысты, немесе кейіпкеріңді әжуәлап, кекесінмен түйреп, ащы сарказммен сабалап тастаудың көркемдік тәсілі екенін екінің бірі біледі.

   Өкініштісі сол, сатириктеріміз көркемдік тәсілді әдебиеттің әңгіме жанрындағы көркемдік тәсілмен шатастырып алады. Сөйтеді де, өзінің өресі жеткен «көркемдік тәсілмен» сатиралық әңгіме жазып шығады. Ал енді оқыңыз. Сізді тартпайды ғой! Сәл–пәл әжуа қосқанымен, күлмейсіз, не ызаланып кіжінбейсіз. Мұның басты себебі, әңгіме жанрындағы көркемдік тәсілдің жетегінде кетті. Ең бастысы–тілі сатираға келмейді. Жаңа туылған нәрестенің бір-екі жылдан кейін былдырлап шығып келе жатқан түсініксіз тілі сияқты, бірдеңелерді жазған болады... Сатириктеріміздің кәдімгі қарапайым тілмен «көркемдеп» жазған (тәуелсіздігімізден кейінгі) сатираларын оқырмандардың тұшынып, қызығып оқып жатқандары шамалы. Бірді-екілі таныстары  көз жүгіртіп, «керемет екен» десе, соған мәз. Жарайды, мәз бола тұрыңыздар, бірақ тәуелсіздігімізге дейін өмір сүрген біртуар сатирик, аса талантты сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің сатиралық көркемдік тәсілі дең­гей­інде  бір де бір бүгінгі «классиктер» жаза алған жоқ. Мұны неге айтып отыр­мын?  Көркем сатира дегенде, әңгіме жанрындағы көркемдік тәсілді ұмыту керек, сатиралық көркемдік тәсілді ұғыну керек. Көркем гротеск, көркем гипербола, көркем қиял... Міне, сатирадағы көркемдік тәсіл!  Жазғаныңыз жұп–жұмыр болсын! Тағы да қайталап айтайын, «Түн... Аспанда жұлдыздар жымыңдайды..» сияқты «көркем сөйлемдерден» басталатын сатираға құсқым келеді... Ғафу өтінемін!  Ащы сарказммен өріліп, (дөрекіліктен сақтаныңыз!) оқырманның жанын жадыратып, әрі күлкі сыйлайтын, немесе «қап, әттеген-ай!» дегізіп, ызасын келтіретін сатира болсын! Сатиралық әңгіме «ә» дегеннен оқырманын тартып әкетуі керек. Аяғына жеткенше асығып, «ох, қалай аяқталар екен?» деген ойдың жетегінде жымиып қана отыруы керек. Немесе «жын ұрғандай», селкілдеп күліп оқығанға не жетсін! Ал, өздерін «классик» санап жүргендердің  «көркемдік тәсілмен» жазылған сатиралық әңгімелерін оқып көріңіз... Арасына қосқан  қиялдарын алып тастасаңыз, кәдімгі ортаңқол әңгіме болып шығады. Осындай сатира бізге керек пе? Бұл жерде О. Әубәкіровтен кейін сатираны «ноқталап» алған сықақшылар мүлде жоқ деуден аулақпын. Бар болғанда қандай! Бірақ, өте аз. Аз халықпыз. Тағы бір ойланатын жағдай бар. Сатираны әркім әлінше сүйрейді. Бірі әлжуаз, бірі білімсіз, (талантын меңзеп отырмын) ілдебайлап сүйрегісі келеді, тыраштанады, болдырса да, берекесі кеткенін білдіргісі келмейді. «Көркемдік тәсілмен» жазылған сатирасы оқылмайды. О, айтпақшы, көркем сатира деп қалдық қой, сатира–әлдекімдер жазғандай, «сахна үшін жазылатын көркем емес сатира, газеттік сатира» деп өз алдына бөлінбейді. Осылай жіктеп, «ғылыми жаңалық ашқан» «классиктің» жазбасын оқып, мырс ете қалғаным бар. Сахнада ойналатын қойылым да сатиралық көркемдік тәсілмен өрілуі керек! (Өкініштісі–сахнада «жабайы» сатира орын алып келеді.) Басылымдарда, интернетте жарияланатын сатиралық әңгімелердің «өзіндік ерекшеліктері» деген болған емес, болмайды да. Бірақ, әркім өзінің иегі ғана жеткен биігінен сөйлейді. Қалай десек те, бүгінгі сатира өз қадамын нық басып келеді. Гипербола, гротеск, сарказм қоспай-ақ, әдемі, қышытпа тілімен көркем сатира жазатындар да оқиғаны құбылтып беріп, оқырмандарына жол тауып жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, әңгіме жанрының жетегінде кеткендер тым болмаса, оқиғаны да ойната білмейді. Жалпылама тақырыпты қаузайды да, онысы ұйықтататын баяндамаға ұқсап кетеді. Немесе, кейіпкерлерін «біртүрлі» аттармен атаса, сатира жазғандай болады. Сатириктердің бәрі Оспанханша жазсын деген «заң» жоқ әрине, бірақ өз стилін тауып, уақыт көшіне ілесе берген ғана ұтады. Ең басты қағида: сатира жазғыңыз келеді ме? Оқырманыңыз көп болсын! Өзінен басқа ешкімнің де оқығысы келмейтін сатира—түбіркүлез сатира... Ал, «түбіркүлез» сатираны --Уақыт патша өлтіріп тастайды...

 Abai.kz

0 пікір