Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 8429 0 пікір 27 Мамыр, 2014 сағат 17:15

СІЗ КІМСІЗ, МҰРАТБЕК МЫРЗА?

Қаладағы мәдени шараларға қалмай баратын, көбіне бір бұрышта үндемей отырып, концерт тамашалайтын мына ақсақалды алматылықтардың біразы танитын болар. Алайда, ол кісінің аты-жөні Мұратбек Әубәкіров (суретте) екенін, өзі қазақ әндерінің жоқтаушысы болған әйгілі Мақсұтбек Майшекиннің туған немересі екендігін көп адам біле бермейді.

«Мұражай түніне» барғанда Мұратбек атамен шай іше жүріп сұхбаттасудың сәті түсті. Өзінің оқымайтын газет-журналы жоқ екен. Қолына түскеннің бәрін оқиды. Тіпті, жас тілші болсам да, менің өзімді сырттай таниды екен. «Арен деген фамилияңа қарап, еврейдің қызы деп ойлағанмын» деп күлді ағам.

– Мұратбек аға, біз сізді қашан көрсек те, мәдени шаралардың бел ортасында жүресіз. Көп адамдарды сіздің кім екендігіңіз қызықтырады. Өзім сізді бірнеше рет Жазушылар одағында, көрмелерде ұшырастырғаныммен, сұхбаттасуға қазір ғана батылым жетіп отыр.

– Мен шығармашылықпен айналысып жүрген адаммын. Қазір ешқайда істемеймін. Бала күнімде атамның үйіне көптеген өнер адамдары қонаққа келетін. Сол кісілер маған көп ықпал етті. Менің атам 20 жылдан астам уақыт Қазақ радиосының музыка редакциясында аға редактор болып істеді.

– Атаңыздың аты-жөні кім?

– Мақсұтбек Майшекин.

– Сонда сіздің атаңыз кәдімгі біз білетін, Мағжанның «Сен сұлу» деген өлеңін отыз тісінің астына салып сақтап, халыққа таралуына ықпал еткен Майшекиннің өзі болды ғой?

– Иә, дәл өзі. Атам Мақсұтбек – ақын, дра­матург, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері. Өзі сондай мәдениетті, сауатты кісі болған. Ахмет Жұбанов екеуі музыка редакциясын құруға көп еңбек сіңірді, қазақ музыкасының жоқтаушысы болды. Ол кезде әртістер көп емес еді ғой. Үйге Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалар жиі келетін. Шәмші Қалдаяқов әр келген сайын аузыма бауырсақ тығып кететін (күлді).

Осыдан біраз уақыт бұрын атамның жүзжыл­дық мерейтойын өткізгім келген. Министрліктен қасыма 3 көмекші берді. Далада қаңғырып жүрген адаммын ғой, кешті өткізуге қаражатым болмады. Банкет жасауға, концерт өткізетін залды жалдауға ақша таба алмадым. Кейін Ш.Қалдаяқов көшесімен қатар жатқан шағын көшені атамның атына беруді сұрадым. Кезінде Шәмші екеуі қатар жүрді, бірге жұмыс істеді, көшелері қатар жатсын деп едім. Ол көше қазір ағайынды Абдуллиндердің атында ғой деймін. Енді атамның 120 жылдық мерейтойын күтіп жүрмін. Шамам жетсе, сол кезде бірдеңе өткізермін.

– Әке-шешеңіз туралы не айтасыз?

– Менің әкем Жақсылық Әубәкіров география ғылымдарының кандидаты болды. Өзі соғысқа қатысқан. Докторлықты да қорғаушы еді, денсаулығы жарамады.

– Өзіңіз қандай оқуды бітіргенсіз?

– Ең алдымен, қазіргі ҚазҰУ-дің география факультетін бітірдім. Екінші мамандығым – патентші. Менің айналыспаған салам жоқ. Әде­биет, мәдениет, суретшілік өнер, география, айта берсем, кете береді. Кезінде журналист ретінде бірнеше басылымға материал жазып тұрдым. Сондай-ақ, мен тәп-тәуір спортшымын. Әлі күнге дейін ұзақ қашықтыққа жүгіремін.

– Таяуда өткен жалпыхалықтық марафонға қатыстыңыз ба?

– Қатыстық қой. 10 шақырымға жүгірдім. 21 шақырымға жүгірейін деп едім, шамам жетпеді. Оның алдында бір үйден бір үйге көшемін деп шаршап қалған едім. Маусым айының орта шенінде Ғұсман Қосановты еске алу турнирі өтеді. Аяғым жазылып кетсе, сол марафонға қатысам деп отырмын. Қыркүйек айында Щучинск қаласында спорттық бағдарлаудан Азия чемпионаты өтеді. Соған қатысқым келеді. Бірақ, оған қатысу үшін ақша төлеу керек деп жатыр. Демеуші табылса, қуана-қуана барар едім.

– Қазір жасыңыз қаншада?

– Сен өзің айтшы, маған қанша жас бересің?

– 55 жас.

– Жоқ. Мен қазір 63 жастамын. Бірақ, 4 айдан бері зейнетақымды рәсімдей алмай жүрмін. Себебі, жеке куәлігім жоқ. Кезінде туысқандарым үйімді тартып алған кезде, құжаттарымның көзін құртты. 18 жылдан бері құжатсыз жүрмін. Ойламаған жерден бомж болып шыға келдім. Құжаттарды қайта жасату үшін қасымда жүріп көмектесетін пысықтау бір адам керек. Өткенде «осы жерде туған» деген құжатты алу үшін 16 күн сандалдым.

Өмірімде бірде-бір рет үйленбегенмін. Шешем мені қыздардан қатты қызғанатын. Ештеңе ойламай, оқу оқып жүре беріппін. Ауыл­шар­уашылық ғылыми-зерттеу институтында, бүкілодақтық ғылыми-зерттеу жобалау инс­ти­тутында қызмет істедім. Одан соң, Қыздар педагогикалық институтында 86 қызға «оқы­тудың техникалық әдістерінен» сабақ бердім. Мені барлық жұмыстан қуып шықты, себебі, мен өз ұстанымдарыма берік адаммын. Айтқанымнан қайтпай тұрып аламын.

– Сіз қазір қайда тұрасыз?

– Мен Кеңсайдың етегінде бір уақытша тұрақта тұрамын. Басқа жаққа көшейін десем, ақшам жоқ.

– Өнерге қандай қатысыңыз бар?

– Өнерге деген махаббат маған атамнан дарыған деп ойлаймын. Бала күнімде оркестрде де ойнадым. Кейін кәсіби музыкант болғым келді. Бірақ, әкем «ғалым бол!» деді, сол кісінің айтқанын істедім.

– Сіз күн сайын қалада өтіп жататын мәдени шаралардың кестесін қайдан біліп аласыз?

– Өнерді сүйген адам бәрін де оңай іздеп табады. Өзім кезінде Әбілхан Қастеевтің шәкірті болдым. Әкем маған сурет салуды үйретсін деп Қастеевтің үйіне жиі ертіп апарушы еді. Жастау кезімде ұжымдық суреттермен бірталай көрмеге қатысқан адаммын. 50 жасқа толғанымда Ә.Қастеев атындағы Қазақ мемлекеттік өнер мұражайында жеке көрмемді өткізем деп 50 сурет дайындадым. Бірақ, үйімнен айрылғанда сол суреттердің бәрі жоқ болды.

Қазақтың тұңғыш кәсіби мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың балалары менімен бірге оқыды. Үйсіз-күйсіз қалған кезімде Хакімжан аға маған өзінің шеберханасына көшіп кел деген. «Бір жағынан маған көмектесесің, бір жағынан осында тұрасың» деп. Алайда, оның бұл шешімін немересі құптамады.

– Өзіңіз қазір сурет салып жүрсіз бе?

– Анда-санда қарындашпен саламын. Майлы бояумен сурет салуға жағдайым келмейді. Тап-тар бөлмеде тұрамын. Жағдай болса, көмірмен де сурет салар едім. 1985 жылы менің салған суреттерімді көрген ҚазПИ-дің бір факультетінің деканы жұмысқа шақырған еді. Мен «диссертациямды қорғаймын, ғылымды тастамаймын» деп, ол ұсыныстан бас тарттым.

– Диссертацияңызды қорғай алдыңыз ба?

– Жоқ, үйімді тартып алған соң, дүниенің астаң-кестеңі шықты. Қазір бәрін қайтадан жазып шығу қажет. Ең алдымен, зейнетақымды рәсімдеп алғым келеді. Өйткені, менде ешқандай табыс көзі жоқ.

– Ендеше қалай өмір сүріп жүрсіз?

– Бөтелке жинап тапсырамын. Кейде жолдас­тарым ұсақ-түйек қаражат береді. Бастысы – көңіл. Өнер мен мәдениет, әдебиетке қатысты ша­ра­ларға жиі барсаң, бар дүниені ұмытып кетесің. Студент күнімнен осындаймын, мәдени кештерден қалмаймын. Қазір тіпті өнердің нағыз фанатына айналдым. Алматыдағы мұражай, көрме, концерт залдары, бәріне барамын.

– Сізді барлық жерде танып, тегін кіргізе бере ме?

– Кейбір жерлерде мені тегін тамақ ішуге келді деп ойлап, кіргізбей қояды. Мен «тамақ емес, өнер үшін келдім» деп айтамын. Маған ұнамайтын жанр жоқ, опера, балет, классикалық музыка кештері, бірін де қалдырмаймын. Жылдан-жылға денсаулығым нашарлап барады. Бүгінде басымда үйім болғанда, мұндай күйге жетпес едім. Далада 15 жыл жатсаң, денсаулық қайдан болсын? Талай рет аяғымнан айрылып қала жаздадым. Кезінде мен атамның сүйікті немересі болған едім. Қазір барлық туысқандарым маған қарсы, үйімді тартып алды. Мен қазір далада қаңғып жүрсем де, адам ретінде өзімді жоғалтпадым.

– Сіз жақында Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері түсірген қысқаметражды фильмде ойнапсыз. Сол фильм туралы айтып беріңізші.

– Мені Максим деген жап-жас, талантты бала консерваторияда жүрген жерімнен тауып алып, киноға түсуге шақырды. «Аға, мен тек сізді түсі­ремін» деді. Бірден келістім. Ол фильмде анау-мынау емес, басты рөлде суретші болып ойнаймын. 2005 жылдары словактар түсірген бір фильмде бомждың рөлін сомдадым. Яғни, өзімді-өзім ойнадым. Шіркеуде үйсіз-күйсіз жандарға тегін тамақ беретін жер бар. Сол жерде тамақтанып жатқанымызда, словак киногерлері келіп, мені таңдап алды. Кім біледі, қауғадай сақалыма қызыққан болар. Бір жағынан, басқа бомждарға қарағанда, менің бет-аузым көгермеген, түрім де келісті болатын. Ең жаманы, сол киногерлер кейін фильмнің суреттері мен бейнетаспасын маған жібермеді. Киноның сол кездегі атауы «Матушка» болатын. Сен ғаламтордан қарап көрші, менің бір жолдасым іздеп еді, таба алмады.

– Театрларға да жиі барасыз ба?

– Көбінесе опера және балет театры мен драма театрына барамын. Жақында ғана қырғыздардың екі спектаклін тамашаладым.

– Өзіңіз секілді барлық мәдени шаралардан қалмайтын 4 әжені танисыз ба?

– Ой, олар тегін нәрсеге баратын «халявщица» кемпірлер ғой. Мен оларға «сендерге не керек? Немерелеріңді бағып үйде отырмайсыңдар ма?» деп айтамын. Менің жағдайым қиын болса да, еш жерге тегін тамақ алып қайту үшін бармаймын. Ештеңе ұрламаймын. Бағана «Атакентте» бір көр­меге барғанымда, шәйнектің жоғалғанын бізден, яғни, сонда барған шал-кемпірлерден көрді. Сөйтіп, бәленің бәрін кемпір-шалдарға іле салды.

– Газет-журнал оқып тұрасыз ба?

– Кәнешні! Түнде оқитын жарық жоқ, бәрін күндіз оқимын. Өнерге қатысты мақалалар мен ғылыми материалдарды көп оқимын. Қазір 5- 6 кітапханаға оқырман ретінде жазылғанмын. Без документа уметь надо! Бұл да – өнер.

– Қандай арманыңыз бар?

– Бақытты болғым келеді. Атамның 120 жылдық мерейтойын абыроймен өткізгім келеді.

– Сіздің бір күніңіз қалай өтеді?

– Менің әр күнім ауыр жағдайда өтеді. Таңер­тең 5-те тұрып аламын. Қай жерде қандай іс-шара өтіп жатқандығын біліп алуым керек қой!

– Олардың бәрін қалай біліп аласыз? Бізге де айтсаңызшы.

– Түйсігім сезеді ғой, түйсігім! 1985 жылдан бері барлық өнер мен мәдениет ордаларын аралап жүргендіктен, тәжірибем де жеткілікті.

– Демек, сізге мәдени ошақтарды аралаған қатты ұнайды.

– Ұнайды-ұнамайды деп кесіп-пішіп айта алмаймын. Басымда баспанам болса, мен үйде жатып демалар едім. Концерттің барлығына бірдей сабыла бермей, таңдап-талғап барушы едім. Үйің өмір сүруге қолайлы болмағасын, күні бойы осылай далада жүресің қайтесің? Мәдени шараларға барып, көңілімді аулаймын. Әйтпесе, ішіп кетемін ғой. Адам баласы үшін ішіп кету деген ешқашан проблема болған емес. Мен қатты аяздарда бойымды жылыту үшін кішкене ұрттағаным болмаса, ешқашан мас боп, біреудің мазасын алған емеспін. Мен арақты жек көремін. Менің қасымда жүрген бомждардың барлығы арақтан кетті ғой. Барлығы салынып ішті. Әп-әдемі қазақ қыздары да арақтан өлді. Қыздар бомж болып, көпке бармайды. Талай қыздарды «Орбитада» бір саяжайды күзетіп жүргенімде, үйіме әкеп тұрғыздым. «Ішпеңдер, адам болыңдар! Қыз балаға бұл тірлік жарас­пайды» деп ақыл айттым. Тыңдамады, ішіп кетті. Бір бұзылғасын, адам болуы қиын. Менің өзім адам бола алмай жүргенде, олар қайдан түзелсін?!

Олар – өмірден күдерін үзген жандар. Ал, менің әлі жүзеге аспаған қаншама мақ­саттарым бар. Менің өмір сүргім келеді…

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Роза ӘРЕН.

Суретті түсірген -Сәрсенбек Қызайбекұлы.

http://almaty-akshamy.kz/?p=20713

"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір