Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4266 0 пікір 28 Мамыр, 2014 сағат 11:29

ЕАЭО ҚР егемендігіне, шекара тұтастығына нұқсан келтірмейді

Ертең Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойылады. Жылдың маңызды құжатына қол қойылар күн алдында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құжатты әзірлеуге атсалысқан үкімет мүшелері мен жауапты органдардың басшыларын қабылдап, атқарылған істерді пысықтады. Бұл туралы Baq.kz хабарлады.  

 Шарт 4 бөлім, 28 тарау, 118 мақала және 32 қосымшадан тұрады. Оның әрбір тарауы мен беті мұқият зерделенген. Шартта үш тараптың да мүддесі толық қарастырылған. Отандық кәсіпкерлердің мүддесі қорғалып, кәсібінен нәсіп табуға барлық жағдай жасалған. Елбасы тарихы тамырлас көрші елдермен алыс-беріс артатындығын қадап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті: 

- Көп нәрсе істелінді, көп нәрседен өттік. Елдің арасында түсіндіру жұмыстары жақсы жүріп жатыр деп ойлаймын. Оны әрі қарай жалғастыру керек. Барлығы келісілген, сараптан өтіп жатыр. Құжаттың әрбір сөйлемі, абзацы сараптамадан өтуі керек. Ол оңай жұмыс емес. Елімізге мұның пайдасы бар. Бұл одақ бір күн емес, бір жыл емес, ұзақ мерзімде жасалып жатыр. Біз үшін саяси, экономика жағынан тиімді болған соң барып отырмыз.  Бұл ел, халық үшін үлкен мәселе, сондықтан түсіндіре білуіміз керек. Бұл әшейін барып біреумен келіссөзге отыру емес. Бізде теңізге шығатын жол болмағандықтан, мынадай келіссөз болмаса, жағдай қиын болады. Біз теңізге Ресей арқылы қанша мыңдаған шақырым жүруіміз керек. Егер теміржол, көлік тарифтері төмендейтін болса, біздің тауарларымыздың бәсекелік қабілеті жоғары болады. Екінші мәселе, көршілермен экономикалық байланыс осылай тығыз болса, көршілердің, біздің де іші-сыртымыз тыныш болады. Үшіншіден, тауарларымыздың нарығын, бизнесті шыңдауымыз керек.  

«Мыңға тарта беттен тұратын құжатта Қазақстанның барлық мүдделері ескерілген. Ең бастысы Қазақстанның егемендігі, шекара тұтастығы мен тұрақты дамуына нұқсан келмейді», – дейді үкімет мүшелері. Себебі бұл – саяси емес, экономикалық бірлестік.

  Министрлер кабинетінің өкілдері құжат барлық ұлттық мүдделерге сай әзірленгенін айтты. 

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі: 

- Біріншіден, Қазақстан саяси тәуелсіз ел болып қала бермек. Бұл – сіз қойған басты мақсат. Есесіне, Қазақстанның дамуына қосымша экономикалық мүмкіндік беріліп отыр. Келісімшартта көпсалалы саясат мүмкіндігі де ескерілген. Бұл одақтан басқа, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді жалғастырудамыз. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінде мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу бітті. Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Қазір шартың жобасы Президент әкімшілігіне қос тілде енгізілді. Сіздің ұстанымыңдарыңызды басшылыққа ала отырып, жұмыс барысында шарт жобасы бойынша экономикалық ынтымақтастық шегінен шығатын азаматтыққа, құқықтық көмек, шекараны қорғау, ортақ парламент, визалық саясат, экспортты бақылау, көші-қон, қорғаныс, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениетке байланысты ережелер алынып тасталынды.

 

Абай-ақпарат

0 пікір