Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәселенің мәні 5649 0 пікір 28 Мамыр, 2014 сағат 12:53

ЖАНБОЛАТ МАМАЙДЫҢ ПОТКИН ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІ!

(Сурет "Азаттық радиосы" сайтынан алынды)
«Александр Белов-Поткинмен бірге жұмыс істеді» деген жалаға қатысты Жанболат МАМАЙдың 
Мәлімдемесі

Қадірменді достар, әріптестер, жанашыр азаматтар!
Көпшілікке белгілі, өткен аптада мені және басқа да ұлтшыл азаматтарды Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) тергеу департаментіне шақырды. Қандай қылмыстық іс бойынша, кімге қозғалғаны белгісіз болса да, бізге бірқатар сұрақ қойды. Біздің барлығымызды куәгер еткен ҰҚК «тергеу кезінде белгілі болған жайттарды жұртқа жария етуге болмайтынын» ескертіп, арнайы қолхат та алды. Заң бойынша, қолхат алынып, ол орындалмаған жағдайда ҚР қылмыстық кодексінің 255 бабы бойынша іс қозғалады. Жаза ретінде тергеуде жария болған жайтты жарияласа, не үлкен көлемді айыппұл салынады, не 1 жылға бас бостандығынан айрылады. 
Мұның барлығын не үшін айтып отырмын? Себебі, ҰҚК ғимаратында тергеушілерге жауап беріп отырған тұста үкіметке қарайтын портал Закон.кз – те мынадай ақпарат таратылды: «Сенімді дереккөздің мәліметіне сенсек, құқық қорғау органдары ұлтаралық араздықты қоздыру ісі бойынша тергеу бастады. Бұл істің фигуранттары ретінде Жанболат Мамай мен ресейлік ұлтшыл Александр Поткин танылып отыр. Олардың әрекетінен құқық қорғау органдары ҚР қылмыстық кодексінің 164 бабы бойынша (ұлтаралық араздықты қоздыру) белгіленген қылмыстық әрекеттерді таныды...». 
Өздеріңіз ойлап қараңыздар: бұл істі жүргізіп отырған кім? ҰҚК. Неге бұл ақпарат біз ҰҚК ғимаратына кірместен бұрын не одан шыққан соң тарамады? Егер бұл қылмыстық істі жабық түрде өткізіп жатса, онда мұндай ақпаратты билікшіл Закон. кз пен «бірінші президент қоры» меншігіндегі Тудей.кз порталына берген кім? Демек, қарапайым қисынға салғанның өзінде биліктің бұл әрекеті бізге қарсы арнайы ұйымдастырылған арандату екенін түсіну қиын емес. «Көрдіңдер ме, Қазақстандағы ұлтшылдардың барлығын Ресей басқарып отыр, оларға нұсқау беретін-солар» деген жала жауып, Еуразиялық одаққа қарсы көтерілген ұлт жанашырларын тұқыртудың әрекеті бұл. 
Енді мәселеге келейік. Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыс жетекшісі Александр Поткин (лақап тегі Белов) Алматыға 2012 жылы ақпан айында келді. Сол кезде маған да қоңырау шалып, өзін таныстырып, Мәскеуден келген белсенді екенін, кездесіп, пікір алмасқысы келетінін айтты. Ол тұста Болат Атабаев екеуміз Жаңаөзен ісі бойынша айыпталушы ретінде тергеу үстінде болдық. Осы мәселеге байланысты бізге әлемнің көптеген елдерінен құқық қорғаушылар, журналистер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері хабарласты. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция, Финляндия, Украина, Италия, Испания, Германия тәрізді елдерден журналистер тілдесіп, сұхбаттар алды. Сондықтан, ресейлік қонақтың хабарласып, Жаңаөзен ісі бойынша білгісі келетініне мен таңқалмадым. Кездестік. Менен басқа Болат Атабаевпен, Сергей Дувановпен, Болат Әбілевпен, елдегі оппозициялық партия басшыларымен кездесуге ниетті екенін айтты. Олардың кейбірімен кездескенін Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында өзі айтты да. Кездесу ҰҚК елестеткендей тау-тастың не катакомбалардың арасында емес, қаладағы орталық мейрамханалардың бірінде өтті. Қазақ азаматтарына Мәскеуде ультраұлтшылдардың тиісуі, Ресей құрамындағы бауырлас автономиялы республикалардың жағдайы тәрізді мәселелерге қатысты сұрақ қойдым. Ол өз позициясын білдірді, мен де ойымды ортаға салдым. Бұдан кейін онымен кездескен емеспіз.
Сонда мұның қай жері айып, қай жері қылмыс?! Қоғамдық-саяси іспен айналысқан соң түрлі саясаткерлер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлерімен кездесуге тура келеді. Айталық, Украина Майданына барғанымда Андрей Парубимен кездестім, таныстым. Майданның бас ұйымдастырушыларының бірі болған Парубиге қазақтың шапанын сыйладым. Қазір Андрей Парубий Украина қауіпсіздік хатшысы. Одан басқа Арсений Яценюкті де Майданда көрдім. Қазір, бәріңізге белгілі, ол Украина премьер-министрі. Одан басқа да украиндық саясаткерлермен, ұлтшылдармен кездестім, әңгімелестім. Ертең мынаумен де кездестің деп жала жаппас үшін бірден айтайын: одан басқа да талай мәртебелі шетелдіктермен «байқамай» жүздесіп қалғаным бар. Мысалы, президенттік сайлау кезінде Грузияның бұрынғы парламент спикері, тіпті президенті қызметін атқарған, қазір Демократиялық партия жетекшісі Нино Бурджанадземен кездесіп, кеңсесінде бір сағаттай әңгімелескенім бар. Осыдан үш жыл бұрын Біріккен ұлттар ұйымының Нью-Йорктегі бас кеңсесінде Пан Ги Мунды да көріп, әлемнің 50-ге тарта мемлекетінен келген журналистерімен бірге баяндамасын тыңдадым. Одан бөлек әлемдегі ең ірі ұйымдардың бірі саналатын ЮНЕСКО бас директоры Ирина Боковамен Вашингтонда таныстым. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің көптеген қызметкерлерін танимын. Бір сөзбен, дәл осындай тізімді ұзағынан жалғастыра беруге болады. Бірақ, бір сұрақ туындайды: сондай кездесулер болған екен деп мені қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе?! Бәлкім, КСРО тұсындағыдай заң қабылдап, «әлемдік империализмнің қолдаушысы» деген баппен соттасын онда! Ондай қисынға салсақ, ресейлік әсірешовинистер Александр Дугин мен Владимир Жириновскимен қандай да жерде кездесіп, олармен тілдескен біздің мемлекет басшыларын жауапкершілікке тарту керек! Ал Горбачев пен Колбиннің қол астында істеп, солардың кезінде шенеунік болған бүгінгі басшыларды неге тергеуге алмаймыз онда? Біздің мемлекет басшылары Кремль қожайындарымен жоғары деңгейде жылына 10-15 рет кездеседі кемінде. Демек, бұл кездесулерге де тыйым салу керек!
Егер кездеспесек, қарсыластарымыздың ойын, пікірін, көзқарасын, қандай адамдар екенін қайдан білеміз? Яғни, қарапайым қисынға сай келмейтін, «жаптым жала, жақтым күйе» деп отырған Ақорданың әрекетін арандату ретінде ғана бағалаймын!
Сонымен бірге, билікшіл БАҚ бізді әлдебір тренингтерге қатысты деп айыптады. Александр Поткинмен Қырғызстанда кездесу өткені рас. Бірақ, бұл жерде халық арасында от салу, қақтығыстар ұйымдастыру туралы бір ауыз сөз айтылған емес! Егер заңға қайшы, Қазақстанның тәуелсіздігіне, тұтастығына қатер төнетін нәрсе болса, онда бірде-бір адам бұл жиналысқа бармас та, қатыспас та еді. Қатысқан адамдар арасында Қазақстанға белгілі журналистер де бар. Ұлтқа жанашыр, халықшыл азаматтар қазаққа қарсы әрекетке барады дегенге кім сенеді?! Ешкім де сенбейді
Екінші жағынан, ол жиынның өткеніне 2 жылдан асты. «Қазақстан қазақтар үшін!», «өзге ұлттарды елден қуу керек», «қазақтың жауы – орыс!» деген тәрізді ұранды кім көтерді осы аралықта? Бірде-бір сұхбатта осындай арандатушылық бағыттағы сөздер болды ма? Жоқ! Жарық күнде май шаммен қарасаңыз да таппайсыз. Ал митингілер ұйымдастыру, пикеттер, жиындар дайындау тәрізді қарсылық акцияларының нұсқаулықтары интернетте толып жүр. Мысалы, әлемдегі ең танымал ресурс – youtube каналдарында митингіні, үлкен жиындарды қалай ұйымдастыру керек деген видеоны дүниежүзі бойынша миллионға тарта адам көріпті. Онда ҰҚК – ге кеңес берейік: солардың барлығының айпи адрестерін тауып, тергеу департаментіне «қонаққа» шақырсын. 

Оның үстіне, бұл жиын қашан өтті? 2012 жылы наурыз айында. Одан бері екі жылдан астам уақыт өтті! ҰҚК неге үндемеді? Неге сол кезде іс қозғап, бізді тергеуге шақырмады? 2012 жаз айларында ҰҚК қозғаған іс бойынша тергеу изоляторында отырдым, сол кезде барлық сұрақтарды неге қоймады? Бұл тренингтер жөнінде ҰҚК сол кезде-ақ білді, бірқатар органдарға тиесілі сайттарда бұл тренингтер туралы жазылды. Олай болса, «қатерлі қылмыскер» өздерінің түрмесінде, қолында отырса, оны неге тергемепті? Осындай қарапайым дәлелдер мұның Ақорданың ұлтшылдарға қарсы ұйымдастырған арандатушылығы екенін ашық дәлелдейді. Мұның барлығын тек қана 29 мамырда Еуразиялық одақ құру туралы келісімге қол қоюмен байланыстыруға болады. Кремльдің империясын қайта жандандыруға бағытталған арманы орындалып, Путиннің жеңісі тойланатын күн ың-шыңсыз, еш қарсылықсыз өтуі керек деген оймен қазақ ұлтшылдарын қудалау науқаны басталды. Бұл әрекетті басқаша бағалау мүмкін емес!
Ашық түрде мәлімдеймін: Еуразиялық одаққа қарсы үн көтерген ұлтшылдарды шет мемлекеттен ешкім басқармады, басқарған да емес. Бізге нұсқау беріп, айтқанын істететін Александр Поткин деген кім өзі?! Поткин тұрмақ Путин де бізге тапсырма бере алмайды! Біздің мақсатымыз, ойымыз, арманымыз – мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап, тұтастығын қорғап, Кремльдің интеграциялық жобаларына қосылмай, дамыған, өркениетті, алдыңғы қатарлы Еуропа елдерімен одақтас болу. Одан өзге жол жоқ. 
Бұрындары Ақорда демократиялық оппозиция өкілдерін қудаласа, енді, міне, ұлтшылдарға қарсы күреске шықты. Кеше – демократтарды, бүгін- ұлтшылдарды құртса, ертең бұлардың орнын кім басады? Таразда бірнеше полиция қызметкерін өлтіріп, ҰҚК ғимаратын гранатометтен атқан Мақсат Қариевтер келсе не болады? Екіншіден, Украинадағы жағдайға қараңыз. Бұл елдің тұтастығын, тәуелсіздігін «Батьковщина» не «Удар» партиясы емес, Ұлтшылдар қорғап жатыр! Мемлекеттің тіреуі, тәуелсіздіктің сақталуына ең үлкен үлес қосып жүргендер дәл сол ұлтшылдар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, ертең біздің еліміздің басына күн туса, бүгінгі «Нұр Отан», «Ақжол», қуыршақ Косаревтің коммунистсымақтары емес, тәуелсіздікті ұлтшылдар қорғайды, оған еш күмәнданбаңыз. Сондықтан, қараңғы бөлмеде қара мысық іздеуді қойып, ұлтшылдарды қудалауды тоқтату керек! 
Алматы, 26 мамыр 2014 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2254
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522