Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 7588 0 пікір 28 Мамыр, 2014 сағат 16:46

Сәкен Сыбанбай. ҰЛЫ ҰҒЫМНАН ҰЛТҚА ПАЙДА ТИМЕЙ ТҰР


«Тәуелсіздік» – бүгінде екінің бірінің аузынан түспейтін сөзге айналды. Отауымыз оңашаланғалы бері әлі тамсанып тауысатын түріміз жоқ. Не туралы сөз қозғасақ та, «тәуелсіз жас мемлекетіміз»-дің «миын ашытпай» ештеңе бастамаймыз. Сол сөзді қосып сөйлемесек, табан астында тәуелсіз болмай қалатын сияқтымыз. Әлде тәуелсіздігіміздің нышаны күнделікті өмірде онша байқала бермейтіндіктен, «егемен ел екеніміз есімізден шығып кетіп жүрмесін» деп, күн сайын нақтылай түсеміз бе?
Соңғы сөйлем кейбіреулердің қарсы пікірін тудыруы да ықтимал. Олардың аса отаншыл да намысшыл бөлігінің «тапа-тал түсте еліміздегі тәуелсіздік белгілерін байқай алмай жүрген бұл неғылған бейбақ?» деп маған жандары ашуы да ғажап емес. Рас, еліміз егемендіктен мүлдем жұрдай дегелі отырған мен жоқ. Бірақ бізде нақты тәуелсіздіктен гөрі оның сыртқы, декорациялық атрибуттары басымырақ: елтаңбамыз бар, Құдайға шүкір, көк байрағымыз желбіреп тұр, өз әнұранымыз бар, әскеріміз де, Президент, парламент, үкімет, сотымыз да бар. Егер егемендік деген тек осылардың бар екеніне ғана байланысты нәрсе болса, онда еш уайым жоқ. 
Әрине, қазіргі заманда бір елдің өзге елдерден экономикалық тұрғыдан тұтастай тәуелсіз болуы – неғайбыл нәрсе. Ал ұлттың рухани-мәдени тәуелсіздігі ше? Ең болмаса осы жағын реттеуге болар еді ғой! Жоқ, бүкіл ақпараттық кеңістікті биліктің өзіне ауадай қажет тілдегі БАҚ-тың жаулап алуына саналы түрде жол берілді. Орыс тілін сол 90-жылдардың ортасында-ақ ойқастатпай, өз орнына қоюға болар еді, бірақ биліктің оған не батылы жетпеді, не Қазақстанда сол тілдің үстемдік құруына өзі мүдделі болды. Осындай «кеңпейілділіктің» салдарынан қазақ тілі кеңестік кезеңдегі күнін "тәуелсіздік дәуірінде" де кешіп келеді.
Бұл аз десеңіз, ұлттық идеологиясының ұшқыны да жоқ елдің еркін шекарасы жатжұрттық мәдени басқыншылыққа далиған даңғыл жол ашып қойып отыр. Күндіз-түні еститініңіз – ресейлік радиостансалар, көретініңіз – ресейлік телеарналар немесе соларды ретрансляция жасайтын өзіміздің коммерциялық каналдар, көше-көшеде иін тіресіп тұрған – ресейлік газет-журналдар. Апта құрғатпай гастрольдік сапарлармен келіп жатқан мәскеулік әртістер, Құдайдың құтты күні солардың әндерін беріп, әңгімелерін жеткізіп жатқан өзіміздің орыстілді БАҚ. Үлкенді-кішілі жиын-тойдың өзіне әнші мен асабаны сол елден алдырамыз.
Осының бәрін көре-біле тұра, билік басындағылар біздің «егемен елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтып, тәуелсіздікті қастерлей білуіміз керек» екенін тәптіштеп айта береді. Қызық, халықтың қаржысын аямай қарпыса да, абақтыға бір күн түнемей құтылып кетіп жатқан небір жебір шенеунік; Елбасы рокировка жасағанға дейін өз құлқынын тығындап алуды ғана ойлайтын алуан әкім; ақша берсе болды, қылмыскерді де заңсыз тауармен шекарадан өткізе салатын кеденші; тауық ұрлаған сорлыны қамап, кісі өлтіргенді есебін тауып, арашалап ала салатын сот қадірлемейтін тәуелсіздікті неге қарапайым халық қана қастерлеуі керек?
Тәуелсіздік бәрімізге ортақ па – демек, оны баянды етуге барын салу өкіметтегілердің өздерінен басталсын. Билік басындағылар кім көрінгенге үлестіре бермей, қазақтың сынық сүйем жерін болса да жат қолында қалдырмас үшін бәріне дайын екенін, өз халқының әл-ауқатын жақсартуды ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимейтінін нақты іспен дәлелдесін. Байшыкештеріміз «халықтың жартысы кедейшілікте отырғанда, бір басыма мыңдаған-миллиондаған доллардың (оның қаншасының мемлекеттен қарпып алған қаржы екенін бір Құдайдың өзі білсін) қажеті не, одан да ел игілігіне жарап, тәуелсіздік жолында пида болсын» деп, қайырымдылық шараларына атсалысып, үлкенді-кішілі кәсіпорындар құрып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып, өзінің нағыз патриот екенін іс жүзінде байқатсын. Сонда, елде де ес бар ғой, биліктегілердің өздерімен «бір кемеде» екенін сезініп, оларға деген сенімі беки түсер еді. Ал билік пен зиялы қауым өйте алмайды екен, өз қолдарынан келмейтін шаруаны қарапайым бұқарадан талап етуге ұялсын!
Елдегі бүгінгі ахуалға сәл наразылығыңды білдірсең болды, билік «есесіне, біз тәуелсізбіз!» «бізде – тыныштық, ана шешен мен тәжікті көрдің бе, солардай жанжалдасып жатсаң, қайтер ең?!» деп дереу аузыңды жауып, тәубеңе келтіре қояды. Сөйтіп, жағдайдың аяқ алысына алаңдағаның үшін жазықты боп, ол аз болса, «тәуелсіздікті бағалай алмайтын, тіпті оған қарсы көзқарастағы» адамдардың қатарына қосылып кете баруың да ғажап емес.
Түптеп келгенде, бостандықты мансұқтағалы отырған ешкім жоқ. Мәселе – оның сылдыр сөз түрінде емес, нақты іс жүзінде көрініс табуында болып тұр. Ал біздегі биліктің қазіргі кейбір әрекеті (дұрысын айтқанда, әрекетсіздігі) халықты тәуелсіздікті қастерлеуге емес, керісінше, одан жеріндіруге жетелеп барады...»
 

(2001 жыл, «Жас Алаш»)

 

Abai.kz

0 пікір