Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 7857 0 пікір 29 Мамыр, 2014 сағат 01:47

ҚАЗАҚ ТІЛДІ МЕКТЕПТЕР ЖАБЫЛМАСЫН!

(Қызыл бағыт белгісі Кенжекөл ауылын көрсетіп тұр. Байдала ауылы Павлодар қаласынан не бары 14 шақырым ғана қашықтықта)

Мамырдың 14-і, Егемен Қазақстан газетінде Фарида Бықайдың «Байдаланың бағын байламайық» атты мақаласы жарық көрді. Онда автор  Павлодар қаласының Кенжекөл ауылдық округіне қарасты, 700 дей адам қоныстанған Байдала ауылындағы мектеп жабылатын болды деп дабыл қаққан. 50 жылдық тарихы бар, бүгінде 45-ке жуық бала оқып жатқан «№2 Кенжекөл бастуыш мектебі» лицензиясыз жұмыс істеді, санитарлық талапқа сай емес деген сияқты  қисынсыз негіздермен жабылмақ болған. Ал мектеп жабылса, ауылдың қаршадай балалары ауылдан 8 шақырым алыстағы Кенжекөлге қатынап оқулары қажет екен. Осыған байланысты  ауылдың 76 тұрғыны бармағын басып, құзырлы мекемелерге  талап-арыз жазған.

Белгілі қоғам қайраткері, «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қозғалысының Павлодар облысындағы төрайымы Руза Бейсенбайтегі де осы мәселеге байланысты Байдала ауылына келіп, ондағы жұртпен танысып, ауылдағы мәселелерді өзек етіп Павлодар облысының, Павлодар қаласының әкімдерінің атына хат жазыпты. Ол хаттың мазмұнында - мектебі жабылмақ ауыл тұрғындарының талап-арызы толықтай көрсетілген.  Тек мектептің жағдайы ғана емес,  қала іргесінде тұрса да тозып тұрған ауыл тағдыры айтылған. Хат мазмұнындағы маңызды факторларға тоқтала кетсек:

Ауылдағы  ата-аналар білім мекемесі дайындап отырған 8 шақырым алыстағы Кенжекөл  мектебіне  бүлдіршіндеріміз қалай барып-қайтады деп алаңдайды... Оқушылар таситын автобустан қалып қоятын жағдайлар болса сонша қашықтықтан үйге жетуі қиын, немесе сабаққа бара алмай қалуы мүмкін.  Осы жылы  Кенжекөлде орыс  тілді 1-сынып оқушысы 3 рет жоғалып-табылған. Ал  5-11 сыныпта оқитын Байдалалық оқушылар ауылда орта мектеп жоқ болғандықтан бар уақытын сабаққа барып келуге жұмсайды. Олар сабаққа келіп, үйлеріне қайтатын уақытта Кенжекөлдегі қатарлас-сыныптастары үйлерінде тамақтанып, мектепте спорттық, көркемөнер үйірмелеріне қатысады, қосымша дәрістерін пысықтайды. Байдаланың өзінде ондай спорттық,   түрлі бағыттағы үйірме, мәдени іс-шаралар жоқ.   Ауылда  ойын-сауық мәдени орталықтары  бар, бірақ сол ғимараттардың жартысы мал қора боп кеткен! Қалған жартысы жылында 4 рет қана, 8 наурызда, 22 наурызда, қарттар күні және жаңа жылда ашылады екен. 700-ден астам тұрғыны бар ауылда мектепті жабудың орнына, керісінше, толыққанды, 11 сыныпты, тым болмаса 9 сыныптық мектеп ашу қажет.  Осы ауылдан Кенжекөлге  қатынайтын орта мектеп оқушылары 50-ге жуық, мектеп жасына таяп қалған балалар да, ауыл тұрғындарының қатарын көбейтетін ауыр аяқ аналарда көп екен. Әрі Кенжекөл мен Байдаланың арасындағы жер телімдері тұрғын үйлер салынуға сатылып қойылған. Ол болашақта  үйлер салынып, ауыл  тұрғындары көбейе түседі деген сөз. Әрі үкімет қаулысына сай биыл  Павлодаар облысына шет мемлекеттен  100 отбасы қандастарымыз келеді екен. Олардың қалаға жақын, үй бағалары қаладағыдан әлдеқайда арзан сол ауылдарға орналасуы мүмкін ғой. Орналастыру керек те.

Екінші мәселе, жалпы ауыл жағдайы. Тұрғындардың айтуы бойынша, 2009ж. павлодар әкімі толыққанды, қаламен байланысатын  жол салып бермекке, ауыз сумен қамтамасыз етуге уәде берген (тұрғындардың басым көпшілігі өздері қазып алған, сапасы белгісіз ащы суды пайдаланып отыр). Бірақ жылдар өте әкімдер ауысса да уәде орындалмаған. Биылғы жылы Кенжекөлге қатынайтын 24 маршруттағы автобус Байдалаға да жолаушы тасуы керек еді. Бірақ жол аяқсыз қалған. Ауылдағы мектеп жабылмай, керісінше жаңа мектеп салынар болса, мектебі бар ауылға қоныстанушылардың қатары көбейе түсетіні, жаңа жұмыс орындар болатыны да анық.

«Егемен Қазақстанда» жарияланған мақала мен Облыстық, қалалық әкімдікке Руза Бейсенбайтегі жазған хаттан кейін Байдала ауылындағы  мектептің жағдайын «31 арна» тілшілері де түсірген.

  Байдаладағы «№2 Кен­жекөл бастауыш мектебі жабылады. Оқушылар тасымалмен автобус қатынасы арқылы оқиды…» деген хабарды Бі­лім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің «Білім саласын бақылау департаменті» басшысының орынбасары Алевтина Ведель, қалалық оқу бөлімі басшысының орынбасары Гульсина Шиндлярская, бө­лім қызметкері Наталья Ка­зан­цевалардың ауылға келіп,  мектеп директоры Жұлдыз Тұяқызын «аудармашы» етіп жүріп, ауылдықтарға «естірткеніне» қарамастан 23 мамырда Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі: «Ағымдағы жылдың 21 мамыры күні «31 арна» кешкі қорытынды жаңалықта Павлодар қаласының Байдала ауылындағы бастауыш қазақ мектебі жабылады деген теріс ақпарат берді. Телеарна тілшілері Байдала мектебіне қатысты проблеманы терең зерттемеген, мәселенің мәнісіне бармаған», - деп баспасөз хабарламасын таратқан. Бір қызығы Павлодар облыстық баспасөз қызметі жалған ақпарат таратты деп, мектеп мәселесін жазған «Егемен Қазақстан» мен «31 арнадан» тек «31 арнаны» кіналап мәлімдеме таратып отыр. Ол мәлімдемеде: «Қазіргі таңда Байдала мектебін жабу проблемасы күн тәртібінен түскені» айтылып, «жергілікті атқарушы билік ата-аналардың келісімсіз бастауыш сынып оқушыларын басқа мектепке көшіре алмайды. Байдала мектебін Кенжекөлдегі жаңа мектепке көшіру туралы соңғы шешімді ауыл тұрғындары ғана шешеді.» - деп, мәселені жылы жабуға тырысқан. Осыған байланысты Руза Бейсенбайтегі құзырлы орындар мен БАҚ-қа бағыттап тағы да ашық хат жазып отыр. Төменде ашық хаттың мәтіні:

 

***           ***         ***

ҚР Президенті Н.Назарбаевқа,

ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовке,

ҚР Бас прокуроры ҚР А.Дауылбаевқа,

Білім және ғылым министрі А.Саринжиповке,

«Егемен Қазақстан» газетіне,

«31» арнаға және барша мемлекеттік БАҚ-қа

 

Ашық хат

 

Биылғы жылы 14 мамырда Байдаладағы мектеп жағдайы туралы  «Егемен Қазақстанда» мақала жарияланды. Осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындарымен кезіккенімде маған: «Бізге қаладан білім беру мекемесі келіп: «мектептеріңіз  стандартқа сай емес. Лицензиясы жоқ, санитарлық нормаларға да сәйкес келмейді, ауылдарыңызда 1 ғана мұғалімнің категориясы бар, сондықтан балаларыңыз 7 шақырымдағы Кенжекөл мектебінде оқиды» дегенін айтты.» Мектепті жаппақшы болғандар ауыл тұрғындарының: «6-10 жасар бүлдіршіндеріміз көз алдымызда болып, өз ауылымызда оқысын, ол үшін ғимарат қажет десе  асар жасап өзіміз де салайық, көмегімізді көрсетейік. Автобуспен тасымалдауға қарсымыз.» - дегеніне құлақ аспаған.

Байдаладағы мәселе турасында Павлодар облысы әкімі Қ. Бозымбаевтың, Павлодар Қаласы әкімі Б. Бақауовтың блогына жазғанмын. Әрі жергілікті БАҚ-қа да жарияладым. Бұл мәселе немқұрайлы қарайтын мәселе емес,  өйткені Павлодар облысы бойынша  38972 оқушы қазақ тілінде, 48246 оқушы орыс тілінде білім алады. Облыс бойынша 406 мектептің  161-і аралас ( аралас мектептің орыс тілді мектептен айырмасы жоқ), 89-ы орыс тілді және 156 мектеп қазақ тілінде.

 Осыдан 3 жыл бұрын, мемлекет қарамағындағы жетім балалардың Павлодар облысы бойынша  оқу-тәрбиесімен танысқанымда: мекемелерде 90 пайыз шамасындағы бала (2 тілде білім-тәрбие алатын Тереңкөл балаларынан басқа) көрші мемлекеттің мемлекеттік тілінде білім мен тәрбие алып жатқанын біліп, қай мемлекеттің болашағын тәрбиелеп жатырмыз деп қатты налығам. Қазір облыс бойынша 100 ден астам ауыл (олар түгелдей қазақтар көп қоныстанған ауылдары)мектепсіз тұр. Соңғы жылдарда облыста 5 қазақ  тілінде білім беретін мектеп жабылды.

Байдала ауылындағы мектеп мәселесін «Егемен Қазақстан» мен  «31 арна» көтергеннен кейін «мектеп жапқыштар» жаппаймыз деп жар салып жатыр. Өте жақсы. Жоғарғы жақ мектепті жабудың орнына 11 сыныпты  кешенді мектеп салып беруі,  ауылға таза ауыз су құбырын жүргізуі, сондай-ақ инфрақұрылымды жасауы қажет. Байдала ауылы Павлодардан 14-ақ шақырым қашықтықта болса да көлік-қатынас мәселесі шешілмеген.  Ауылға келер жолдың қары қыс болса ылғи да күрелмей қалады.

«Мектеп жабылады»  деген әңгіме шыққанда ауыл тұрғындарынан 76 адам қол қойып  талап-арыз хат жазған еді, енді сол хат жергілікті билік коридорларында жоқ болып кетті. Бірақ менде көшірмесі бар. Сондай-ақ «31 арна» түсірген нақты бейне материал да бар. Осылай бола тұра облыстық баспасөз қызметі «31 арнаны» жалған ақпарат таратты деп кінәлады. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті билік, өз әрекеттерін ақтап алу үшін, ауыл адамдарын, қоғамды, газетті, арнаны өтірікші қылуда.

Бас прокурордан сұрайтынымыз, Е.Арынның кезінде жабылған 5 қазақ мектебі жөнінде тексеріс жүргізіп, кінәлілердің есебінен мектептерді қайтадан ашу. Мектептердің себепсіз жабылуына  білім министрлігі де кінәлі. Өйткені олар білім ошақтарын көптеп ашу туралы президент тапсырмасын орындаудың орнына, мектептер жабылуына жол беріп жатыр. Әр  бір қазақ мектебінің жабылғаны жергілікті биліктің, оның ішіндегі білім чиновниктерінің мемлекет тіліне, мемлекеттілікке, Президент бекіткен 2025 бағдарламасына  қарсы жасап жатқан қылмыстық әрекеті деп білемін.

 

Құрметпен:

«Желтоқсан Ақиқаты» РҚБ  Павлодар облысындағы  төрайымы

Бейсенбай тегі Руза.


Павлодар қаласы, Қайырбаев көшесі. 104-136.

Телефон:       8 (7182) 51-10-50,      +7701-182-52-65

 

***         ***        ***

 

Нұрғали Нұртай

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610