Сейсенбі, 19 Наурыз 2024
Сараптама 14422 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 12:43

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚ ЖЕРІН ҚАЛАЙ ЖАЛҒА АЛДЫ?

Қазақстанда қытайлық 32 жер пайдаланушы 4749,8 га жерді жалға алып отыр, деп мәлім етті ҚР Өңірлік даму министрлігінің (ӨДМ) жер ресурстарын басқару комитетінен. «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден шетелдік азаматтарға уақытша жер пайдалану құқығымен 19,2 мың га болатын 94 жер телімдері берілді. Олардың арасында өңірлер бойынша ең үлкені Ақмола облысында – 8480,7 га, Алматы облысында – 4742,2 га, Жамбыл облысында – 2249,6 га», – деп мәлім етті ҚР ӨДМ жер ресурстарын басқару комитетінен ҚазТАГ салған сауалға берген жауабында.

«Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде Ресей Федерациясының 22 жер пайдаланушыларына барлық ауданы 4011,2 га жер, ҚХР азаматтарына – 32 жер пайдаланушыға жалпы ауданы – 4749,8 га жер жалға берілген», – деп нақтылады ведомстводан.

Жауап хатта түсіндірілгендей, шетелдік компаниялардың ҚР-дан жер сұрауының негізгі мақсаты жер қойнауын пайдаланумен байланысты деуге болады. «Осы себепті жер пайдаланушыларға берілетін жер өкілетті органдармен арадағы жасалған келісім-шартта көрсетілген мерзімге ғана беріледі», – деп мәлім етті Өңірлік даму министрлігінен.

Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда шетелдік жер пайдаланушыларға (оның ішінде бірлескен кәсіпорындарды ескергенде) 313 343,26 га жер берілген. Оның ішінде жалға берілгендері – 302 614,7 га», – деп мәлім етті ҚР ӨДМ жер ресурстарын басқару комитетінен ҚазТАГ салған сауалға берген жауабында.

Мысалы, мемлекеттк жер ресурстары кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (МЖРК ААЖ) мәліметтеріне сай, Қарағанды облысында шетелдік жер пайдаланушыларға 25 469,87 га, Ақтөбе облысында – 24 860,93 га, оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарға (БК) – 12 511,11 га, Атырау облысында – 11 825,5 га, Шығыс Қазақстанда – 48,15 га, оның ішінде БК-де – 149,76 га жер беріліпті.

 

Ендігісі – сатып алу

Қытайлық фермерлер қазақстандық ауыл шаруашылық жерлерді жалға алуда. Бұл туралы 20 мамырда ҚР президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің брифингінде Бақытжан Сағынтаевтың сөзінен белгілі болды.

«Жер телімдері тек Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін емес, сондай-ақ Ресей азаматтары да, басқа шетел азаматтары да жер телімдерін жалға алып отыр. Яғни, біз бұл жерде ерекше бір проблема көріп отырған жоқпыз», – деп мәлімдеді бірінші вице-премьер.

Бұл жерлерді жалға берудің жаман жақтары мен артықшылықтары туралы осыдан бес жыл бұрын жаңалықтар таспасында осы маңызды тақырыпты қозғаған ҚазТАГ шолушысы талқылайды.

Бәрі қалай басталғанын еске салайық. 2008 жылдың 24 қазанында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (суретте) Oriental Patron Financial Group («Шығыс жебеушісі» қаржылық компаниясы) гонконгтық компанияның делегациясын қабылдады. Тараптар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын талқылады, ал К.Мәсімов компанияның инвестициялық жоспарын мақұлдап, ары қарайғы өзара ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Сол кезде компанияны премьерге ауыл шаруашылық саласына жақын бір адам таныстырған еді. Содан бір жылдан кейін, 2009 жылдың желтоқсанында мемлекет басшысы қытайлық инвесторлар жерді жалға алғылары келеді деп мәлімдеді. Үкіметтегі дереккөзінің арқасында ҚазТАГ сенімді ақпаратқа ие болды, онда Oriental Patron мен Jilin Grain Group (ҚХР ірі астық компаниясы) компаниясы бірлесіп, халқы тығыз орналасқан елдің оңтүстігінде соя мен рапс егу үшін 1 миллион гектарды жалға алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Осыдан шу басталды, вице-министрдің бірінің қолына кісен салып, кабинетінен шығарып, барлық қағаздарын алып кетті. Алайда кейін оны босатты. Нәтижесінде президент Нұрсұлтан Назарбаев жерді шетелдіктерге ешкім сатып жатқан жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен, Oriental Patron Financial Group (OPFG) және Jilin Grain Group компаниялары алғашқы жоспарларынан бас тартпады. OPFG қажетті жобаны дайындап, өз сағатын күтті.

 

Араға уақыт салып, басқа есіктен тағы кірді

2010 жылдың 25 тамызы Oriental Patron және China Investment Corporation Қазақстанға инвестициялау үшін бірлескен кәсіпорын құрды. Түсініксіздік белгісінен кейін жарты жыл өткенде, тараптар жарғылық капиталға $16,5 млн салды. Әріптестер жобадан бас тартпады. Мұны 2012 жылы тамызда жарияланған халықаралық тұрақты даму институтының (ХТДИ) баяндамасы да растайды. «Расталған қытайлық жобалар арасында көлемділері де бар. Солардың бірі – Jilin Grain Group қытайлық мемкомпаниясының соя өсіру үшін Қазақстанда 1 млн гектар жерді жалға алу жобасы. Жоба жүзеге асыруға дайындық кезеңінде», – делінген ол құжатта.

Айтпақшы, 2012 жылы Қазақстан «МаЖиКо» (май, май жем) басқарушы холдингін құрды, оның басшысы болып, Арман Евниев тағайындалды. Ол ауыл шаруашылық вице-министрі қызметінен 2012 жылдың тамызында босаған болатын. «Қазақ-Астық» интернет порталына берген сұхбатында А.Евниев «МаЖиКо» Қазақстанда соя, жүгері, рапс және басқа да майлы дақылдарды өндіру мен өңдеуді дамытуға көмектесетін болады деген болатын. «Біздің компания, «МаЖиКо» холдингі, бір сөзбен айтқанда, Астық қауымдастығы сияқты, тек соя мен жүгері нарығында», – деп атап өтті ол.

Ауыл шаруашылығының бұрынғы вице-министрі, «МаЖиКо» бағдарламасының нарыққа инвестиция және әртүрлі көзден $1,5 млрд көлемінде инфрақұрылым жоспарлап отырғанын, сондай-ақ әріптес-клиенттерді іздеп жатқанын мәлімдеген еді. «Ол неміс, еуропалық, қытайлық, түрік, ресейлік, украиналық, белорустік өндіруші бола алады және қазір біз таңдау кезеңіндеміз», – деді ол.

Егер қытайлық фермерлер дағдылы технологиялар бойынша, Қытай нарығы үшін өнім өсіретін болса, ол біздің бюджет үшін миллиондаған доллардан қағылу дегенді білдіреді. Орта есеппен Қазақстанда жерді жалға алу – орналасқан жері мен суару қиындығына қарай жылына бір гектары 800-ден 1200 теңгеге дейін. Бұл жерде аудандық коэффициенттер тағы бар. Шетелдік фермерлерден мемлекеттің табатын кірісінің бар болғаны – осы. Тіпті коэффициентті 500% деп өтірік айтар болсақ та, бюджетке жылына бір гектардан 50 доллар ғана пайда түседі.

Егер шетелдік фермер жұмысқа қазақстандық азаматты алар болса, онда оған айына 30-40 мың теңге жалақы төлейді. Алайда шетелдік басқа салықтарды қарапайым себеп бойынша төлемейді – олар Қытайдан қаржыландырылады, сәйкесінше, жалақы мен ағымдағы шығындарды төлегеннен кейінгі барлық кіріс қарызды жабуға кетеді. Сөйтіп, барлық өнім қарызды жабу есебінен Қытайға экспортталады.

 

Өз жерімізді өзіміз неге игермейміз?

Енді сол жерді қазақстандық фермер алатын болса, не болатынын қарап көрейік. Сол сояны өсіруден жылына әр гектардан $450 кіріс береді, плюс-минус 10%. Және Қазақстанда тұратын жағдайы орташа фермер бұл қаражатты шетелге емес, өз елінде жұмсайды. Тіпті егер ол 1 мың гектарда жұмыс жасайтын болса да, жылына $450 мың кіріс түседі. Және бұл ақшалар қазақстандық экономикаға жұмыс жасайды. Салыстырайық – шетелдіктің 50 доллары және біздің – $450: шетелдіктер жалға алған гектар санына көбейтілген бұл $400 бюджеттегі бітелмейтін тесік болып қалады. Және біз тағы да өзіміздің экономикалық тәуелсіздігімізді қауіпке тіге отырып, сол Қытайдан, Әлемдік валюта қорынан, Дүниежүзілік банкіден қарызға ақша алатын боламыз.

Осы жерде сұрақ туындайды: неге біздің фермерлер қазақстандық жерлерді өздері игермейді? Мәселе – қаржыландыруда. Оған көптеген фермерлердің қолдары жетпейді және әкімшілік кедергілер мен пайыздар тосқауыл болып отыр: ауыл шаруашылығындағы үлкен тәуекелдің бағасы – осындай. Субсидияға арқа сүйеу де қиын, бұл қиындықты субсидия алған немесе алуға тырысқан кез келген фермер айта алады.

Ауыл шаруашылығы үшін банктердің жоғары пайыз белгілеуі орынды, бірақ өте зиянды. Ауыл шаруашылық несиесі бойынша пайыздық жарнаны ақша ағынына қатысты барлық делдалдар бойынша нақты және қатаң бақылау арқылы төмендетуге болады. Себебі ақшаның көп бөлігі шенеуніктер қалтасында кетіп жатыр. Субсидияға немесе жеңілдік несиесіне өтінім берген бір фермердің өзі 5–6 қаржыгерді, менеджерлерді, тағы басқа толып жатқан дәмелілерді «асырап» отыр. Дегенмен, теория негізінде, несие бойынша жоғары пайыздар әркез экономикалық қызметке кедергі келтіріп, экономиканың өсімін тежеп, адамдарды ынталандырмауға және инвестиция салмауға мәжбүрлейді.

 

Өсіру – бір басқа, сату – бір басқа

Қазақстандық фермер үшін туындайтын тағы бір мәселе – өнімді сату. Әрине, мұндай мәселе барлық елде бар, дегенмен бізде оны шешуге тырысып жатқан ешкім жоқ. Маусымдық жәрмеңкелер тек белгі соғу үшін өткізіледі. Тасымалдау тарифінің жоғары болуына байланысты әлемдік нарыққа шығу қиын. Ол үшін астықты темір жол арқылы бір рет өткізуді байқап көрсеңіз болады: сонда тек ресми тарифтерді ғана емес, басқасын да төлеуге тура келетініне көз жеткізесіз.

Әр өңірде фермерді өз тауарын өте арзанға сатуға көндіретін жақсы ұйымдасқан топтар мен делдалдар бар десек, құпияны ашқан болмаймыз. Фермер өз тауарын өзі сатқысы келген жағдайда, оған «сыпайы кісілер» келіп, оны олай жасамауға көндіреді.

Себебі қаржыландыруды да осы топтар ұйымдастыруы мүмкін ғой: сондықтан фермер мұндай мықты делдалдармен ұрыса алмайды. Олар кейде кейбір жергілікті шенеуніктердің қолдауына ие болып алған. Керісінше, егер олармен тиісті жұмыс жасалар болса, кезінде ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов жоя алмаған жолдағы алым-салықтардан құтылуға болар еді.

Жалпы, бұл бүкіл экономикадағы жағдайды білдіреді: әр қаржы саласында «аш қасқырлар» жүр, әлсіздерге онда орын жоқ. Не – сен солармен бірге боласың, не – сен ешкім емессің. Республика елордасындағы базарлардың өзінде фермерлер емес, делдалдар қойып отырған бағаларды ешкім бақылай алмай отырғанда, басқа туралы не айтуға болады? Ал көтерме базар мен бөлшек саудадағы айырмашылық 100–150%-ға дейін жетеді. Сосын қара джип мінгендер біздің жолдармен шірене өтіп, Алматының таулы аймақтарында ұсқынсыз сарайлар санын өсіруде.

 

Олардан кейін уланған жер қалады

Жоғарыда айтылған жағдайлар себебінен Қазақстан әлемде жер аумағы жағынан 9-орында болғанымен, азық-түліктің жартысынан астамын сырттан алуға, оның ішінде ет пен сүт өнімдерін импорттауға мәжбүр. Халқының жартысынан астамы қалыпты, тойымды тағам ішпейді. Қытай біз сияқты «ауылды қолдау жылы» атты науқан жүргізбеді, бірақ халқын асырып отыр, ал біз – тұлдырмыз. Біздің елде Қытайдағыдай халық көп пе еді?

Бірақ Қытай өнімділікті арттыруға өте қымбат ақы төлеуде: пестицидтерді мейілінше белсенді пайдалану және қоршаған ортаның ластануынан ауқатты қытайлықтар азық-түлікті шетелден сатып алуды жөн санайды.

ҚХР бала туу саясатында тізгінді аздап босатуының да өзіндік себептері бар. Елдегі өнеркәсіптік революция салдарынан ерекше ластанған аудандарда адамдар ұрықсыз болып, ал жас нәрестелерде техногендік патология туындап отыр.

Осы кезде қытайлық фермерлер іргесіндегі Қазақстанда латифундистер өзара бөліп алған ірі көлемді жерлердің барлығына назар сала бастады. Және де Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы да салынып жатыр. Ол қытайлық экспорттаушыларға уақыты мен қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Дәл сол себепті Қытай компаниялары Қазақстан мен Шығыс Еуропа экономикасына өнім импорттауға құлшынып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, қытайлықтар төзімтал келеді. Олар таңның атысы – күннің батысы жұмыс істеп, бір вагонда кезекпен жиырма-отыз адам ұйықтай алады. Тамағы да қарапайым – бір тостаған күріш немесе қайнаған су құйылған тез дайындалатын кеспе ғана. Олар жергілікті билікпен де тіл таба алады, себебі олар әлеуметтік игіліктер талап етпейтін арзан жұмыс күші.

Қазақстаннан жер жалға алған қытайлық компаниялар мынадай сұлбамен жұмыс істей бастайды. Алғашқы бірнеше жылда олар суарылмайтын жерлерді жалға алады, құдықтар бұрғылап, Қытайға керек азық-түлік өсіре бастайды.

2–3 жылдан кейін, қытайлық логистика мамандары ҚХР-ға шығатын экспорттық жолды дайындаған соң, жерді жалға алушылар химикаттарды белсенді пайдалануының арқасында өнімділікті күрт арттырып, Гонконг биржасына шығып, өздерінің акцияларын сатады. Ал химикаттар пайдаланудан кейін, жер қандай күйге түсетінімен олардың шаруасы жоқ.

Біздің пайымдауымызша, біздің бюджетке түсім шамалы болады, бірақ Аспанасты бизнесмендерінің табандылығына қарасақ, оларға уәде беріліп қойылған және тек қытайлықтар ғана емес, олардың Қазақстандағы жақтаушылары да күреп ақша табады. Қытайлық бір дипломат атап кеткендей, «оппозиция мен БАҚ» бұрынғы мәмілені бұзып жіберді. Енді бұл жолы ешкім кедергі келтіре алмас. Бәлкім, қазақстандық шенеуніктердің ар-ожданы мен патриоттық сезімі болмаса...

Осыған байланысты біз қытайлық инвесторларға деген өз өтініштерімізді айтқымыз келеді. Тарихи тұрғыдан біздер көптеген ғасыр көрші тұрып жатырмыз және келешекте де ынтымақтасамыз. Біз пара беру Қазақстандағы барлық проблемаларды шешудің ең дұрыс жолы деп есептейтін жекелеген қытайлық инвесторларға ескерту айтпақшымыз. Инвесторлар сатып алған шенеуніктер кетіп, оның орнына басқалар келетіндігін және оларды да қайтадан сатып алуға тура келетіндігін ескертеміз. Қазақстандықтар өте тыныш халық және біз қытайлық инвесторлардан жемқор шенеуніктерді сатып алушыларды емес, достарды көргіміз келеді...

Расул

РЫСМАМБЕТОВ

ҚазТАГ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 21 (245) 29 мамыр 2014 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1440
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 1653
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 2819