Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 9138 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 14:23

Байқоңырға қазақ та, теңге де кіре алмай жүр...

Әрбір қазақ баласының Байқоңыр дегенде бүйрегі бұрып тұрады. Адамзат тарихындағы айтулы оқиғаның ұлан-ғайыр даламызда жасалғандығы біз үшін зор мақтаныш. Алайда, оған біз қаншалықты қатыса алдық? Сол тұрғыда ойланып көрсек, ауызды құр шөппен сүрткен кейіпке түсеміз. Зеңгір көкке самаған ғарыш кемесіне сол ұзан даланың ұланы отыз жылдан кейін аяқ артқанын қалай түсінеміз? Мәскеудегі атқамінерлер сондай сенімді қазақ баласына ширек ғасырдан астам уақыт бойы неге артпай келді? Осы жағын ойланып қарасақ, біздің ұтқанымыздан гөрі ұтылған жағымыз басым екенін аңғару қиынға соға қоймас. Әйтпесе, қазақ баласы кімнен кем еді? Әрбір қарадомалақ үйреткенді бірден қағып алып, оны жете меңгеру жөнінен ешкімнен қалып қоймайды. Соған қарағанда Мәскеудегі шенеуніктер алда-жалда заман құбылып жатса, олар Байқоңырдың тетігін өздері меңгеріп, бізді қажет етпей қалар деген болуы әбден мүмкін. Осы жайында «Алаш айнасы» тілшісі мәселе көтерді.

Расында, замана заңы өзгеріп, күні кеше бір қазаннан ас ішкен сан түрлі ұлттар мен ұлыстар өз еншісін алды. Жеке-жеке түтін түтетті. Соның нәтижесінде өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Байқоңырды басқарудың кілті өзіміздің қолымызға тиді. Алайда ғарышты игеруді таңсық көретін біздің жұрт үшін Байқоңырды солтүстіктегі көршімізге жалға беруден басқа амал жоқ еді. Осындай олқы соққан тұсымыздың тамырын тап басқан Ресей ғарыш айлағын жалға алу жөнінде бізбен қол алысып, келісімге келді. Оны беріде 50 жылға дейін ұзартып алды. Алғашқыда жергілікті жұрттың мұң-мұқтажына көңіл бөлеміз деген емеурін танытқан ресейліктер оны бертін келе жадынан жоғалтып алғандай күйге түсті. Бұл екі ел арасында келісім жасалған кезде біздің еліміздің құзырлы орындары тарапынан кеткен қателік саналады.

Жер кіндігі саналған аймақта орын тепкен Байқоңыр бәз-баяғы қалпымен қазақ үшін жабық шаһарға айналып отыр. Сырттан келген адам бұл қалаға емін-еркін кіре алмайды. Алдын-ала Мәскеу жақтан рұқсат алмасаң, Байқоңырдың сыртқы қақпасынан да сығалай алмайтының ақиқат. Әрине, ресейліктер қаланы жалға алғанымен, бұрынғы жылдардағы секілді өздерінің заңдары мен талаптарын толықтай сақтап қалуға тырысты. Өкініштісі, сол заңдар мен талаптар Ресей жақтың пайдасына оң шешілген. Біздің елдің азаматтары көптеген жеңілдіктен құр қалып отырған жайы бар. Қысқасы, олар Байқоңырды әлі де тарс құшақтап алып, ешкімге бергісі келмейтін адамның күйін кешіп тұр деуге әбден болады.

Ғарыш қақпасы атанған қалада қызмет жасайтын тұрғындар қос елдің заң-зәкүнімен өмір сүріп жатыр. Яғни онда қазақстандық және ресейлік азаматтық бар. Ресей азаматтығымен өмір сүретін тұрғындардың жалақысы біздікімен салыстырғанда біршама жоғары. Ресейлік дәрігерлер біздің ақ халатты мамандық иелерінен үш еседей жоғары жалақыға қол жеткізеді. Бір таныс азаматқа Ресейдің азаматтығын қабылдауға ұсыныс білдіргендер аз болмапты. Дегенмен ол үшін өз елінің азаматтығынан бас тартуға білікті дәрігердің ар-намысы жібермеген көрінеді. Осылайша, мардымсыз жалақыны місе тұтса да, қазақ елінің азаматы екеніне шүкірлік ететін жандар да жоқ емес. Өкінішке қарай, бес саусақ бірдей болмайтыны тағы бар. Байқоңырдағы ұлты қазақ кейбір кісілер осындай әлеуметтік артықшылыққа байланысты көрші елдің азаматы атанудан тартынбайды.

Осындайда ой да келеді. Дүрбелеңге толы дүние күн сайын сан құбылып тұр емес пе? Саясат салқыны лезде өзгеріп сала береді. Ендеше, Байқоңыр мәселесі бойынша да ойланып-толғанғанымыз артық емес. Рас, бұл қала қазақтың даласында орын тепкен. Оған ешкім дауласа қоймайды. Дегенмен, ондағы ахуал бізді ойландырады. Қалада тұратын қос елдің азаматтары бірдей ауа жұтады, бірдей еңбек етеді. Жеме-жемге келгенде қазақстандық азаматтар түрлі жәрдемнен құр қалып, орыс ағайындар қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүріп жатыр. Іргесінде тұрған Байқоңырға кіре алмай, пұшайман күйге түсіп жүрген де біздің еліміздің азаматтары болып тұр.

Ресей азаматтығын алуға қызыққан жұрт олардың тағы бір жеңілдігін пайдаланып қалуды дұрыс көреді. Көрші елдің басшылығы ғарыш аймағында көп жылдар бойы қызмет еткен өз азаматтарына Ресейдің кез келген қаласынан үй береді. Осындай игілікті ресейлік азаматтықты қабылдаған ұлты қазақ адамдар да пайдалана алады. Ресейде тұрғысы келмесе, алған баспанасын қайта сатып, Қазақстанға оралады. Қоржынға түскен қаржысына еліміздің үлкен қалаларынан баспана сатып алады.

Екі елдің үкіметі тарапынан келісімде кеткен олқылықтың бірі – Байқоңырда негізінен Ресей валютасының үстемдік құратындығы. Алайда екі тарап арасындағы “Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы” келісімде бұрмаланып кеткен тұстар аз емес. Келісімде “Байқоңыр кешені аумағында заңды және жеке тұлғалар арасындағы төлемдердің барлық түрлері Қазақстан теңгесімен немесе Ресейдің рублімен жүргізіледі. Қандай валютамен төлеу құқығы төлеушінің өз еркінде” деп жазылған. Осындай олқылығымызды өзіне ыңғайлап алған Ресейдің жергілікті атқару билігі сауда орындары мен тұрмыстық қызмет көрсету нүктелерінде есеп айырысуды орыс ақшасымен бағалауды тапсырды. Осының салдарынан қала көлеміндегі негізгі төлемақы тек қана рубльмен жүргізіліп келді.

Қалада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің айтуынша, жеке басын куәландыратын құжаттар мен перзенттерінің туу туралы куәлікті қазақ тілінде толтыртқан қазақстандықтар пәтерде тұратындардың есебіне тіркелер сәтте біршама қиындық көреді. Атап айтқанда, түпнұсқасында жазылған барлық қазақша сөздерді түгелдей орысшаға аудартуға тиістісің. Оның себебін сұраған жұртқа үй басқармасы мен құжаттарды рәсімдейтін құзырлы орындардың орысша толтырылатынын айтады. Егер мұндай талапқа көнбесең, кейінірек қажетті құжаттарға қол жеткізуің қиындап кетеді.

Әділжан Үмбет, Қызылорда.

alashainasy.kz

0 пікір