Сәрсенбі, 4 Тамыз 2021
Билік 4609 0 пікір 2 Маусым, 2014 сағат 11:31

ТУРИЗМ - ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ НЕГІЗІ


 

Еуразиялық интеграция мәдени-гуманитарлық байланыстарды, туризмді жемісті дамыту үшін көптеген басымдықтар береді. Осының барлығы миллиондаған адамдар үшін нақты тиімділік болмақ,- деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 28 сәуірде М. Ломоносов атындағы ММУ-інде сөйлеген сөзінде. Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі туристік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, жуырда Министрлер кабинеті отандық туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын қабылдады.

Аталған тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаты – Қазақстанды 2020 жылға қарай жаһандық деңгейде туристік орталықтың біріне айналдыру. Ол үшін бес аумақтық кластерлер – Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстанды дамыту ұсынылған. Атап айтқанда, Астана мен Алматыны іскерлік туризмнің, Шығыс Қазақстанды – экологиялық туризмнің, Оңтүстік Қазақстанды – мәдени туризмнің, Батыс Қазақстанды – жағажай туризмінің орталығы ретінде өркендету көзделген. Сала мамандарының айтуынша, аталған жобалар толығымен іске асырылған жағдайда елімізге келетін туристердің ағыны жылына 8 млн-нан астам адамды құрап, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашылады.

Жалпы алғанда, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің пікірінше, туристік саланы тиімді әрі жедел дамыту үшін бес бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Біріншіден, туризмді әлеуметтік саладан шығарып, экономиканың басымдыққа ие секторына айналдыратын кез келді. «Туристік сала тіпті, ЖІӨ-нің өсуінен де тез өркендейді. Артықшылықтардың бірі, туризм саласындағы бір жұмыс орны өндіріске қарағанда 10 есеге арзан. Әлемде қазір туризмде әрбір 11-12-ші адам жұмыс істейді. Халықаралық туризм ең алдымен, жастар мен әйелдерді жұмыспен қамтып отыр»,- дейді Ә. Исекешев.

Еуразиялық интеграцияның қарқын алуы бұл салаға тек жағымды жағынан ықпал етеді. Мысалға, қазіргі кезде Қытай, Ресей, Үндістан сияқты жедел дамып келе жатқан әлеуетті нарықтар Қазақстанға қызығушылық танытып отыр. Бұған Қазақстан мен Қытайдың Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағытындағы ұмтылыстары пайдасын тигізеді. Тек шекарамызды ашып, туристерге қолайлы жағдай туғызатын болсақ, іс оңға басады. Халықаралық сарапшылар Қазақстанда туристік саланың 2020 жылға дейін дамуының үш түрлі сценарийін ұсынуда. Пессимистік нұсқасы: 50-60 мың жұмыс орындарын ашу, жекеменшік инвестициялар үлесі – 2 млрд доллар, ЖІӨ-дегі үлесі – 1 пайыз. Бәтуалық нұсқасы: 150-170 мың жұмыс орны, 6-6,5 млрд доллар инвестиция, ЖІӨ-дегі үлес – 1,5 пайыз. Оптимистік нұсқа: 270-300 мың жұмыс орындары, 6-6,5 мрлд жекеменшік инвестициялар, ЖІӨ-дегі үлесі – 3 пайыз. Яғни, осы үшеуінің бірін таңдауымыз керек. Үшіншіден, жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып, ірі қосалқы инвестор тағайындалады. Төртінші бағыт ірі кешендік жобаларды қаржыландыруды қарастырады. Бесіншіден, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі. Бұл ең алдымен, экономикалық және саяси тұрақты елдердің азаматтарына визалық тәртіпті алып тастау, арнайы туристік аймақтарды құру және т.б. мәселелерді қамтиды.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Игалиевтің айтуынша, аталған тұжырымдаманы іске асыру үшін бірқатар жүйелі мәселелерді шешіп алған абзал. Соның біріншісі – туризм инфрақұрылымын жақсарту. Бұған жол, коммуникациялар, энергетика және т.б. жатады. Егер де Елбасымыз айтқандай, Минск-Мәскеу-Астана-Алматы бағытында жүрдек темір жол магистралі салынатын болса, сондай-ақ, болашақ Еуразия экономикалық одағының аумығымен өтетін автокөлік жолдарын жаңғыртатын болсақ, бұл серіктес-елдер арасындағы туризмді дамытуға ерекше серпін береді. Оның үстіне, адам капиталының еркін қозғалысы нәтижесінде білікті кадрлар тарту, жұмысқа орналасу, серіктес-елдің аумағында бизнес ашу сияқты мәселелер оңай шешіледі. Осылайша, бірлескен туристік жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады.

 

Әмірлан Әлімжан.  

 

 

0 пікір