Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3610 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 20:47

Қазақтың Паганиниі атанған…

 

 

«Мен Отаныма сатқындық жасаған жоқпын, жауға адал қызмет көрсетемін деп ант бергенім жоқ, қолыма қару ұстанған жоқпын, халқыма зиян тигізетіндей ешқандай қарсы әрекетке барған жоқпын… Мен философ та, саясаткер де, тарихшы да емеспін. Мен – музыкантпын, жарық дүниеде тек музыка әуенімен өмір кешетін адаммын…» Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыста неміс тұтқынына түсіп, одан оралған беті «жауға берілген сатқын» деген айыппен сталиндік азап лагеріне айдалған, сан мәрте ажал аузынан скрипкасы себепкер болып тірі қалған Әйткеш Толғанбаевтың сөзі. Өмірі өксікпен өтсе де, өнерде өшпестей із қалдырған ол – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы, елімізде скрипка мектебінің негізін қалаушы тұлға.
91 сом тұратын арман
Абай мен Шәкәрімнің кіндік қаны тамған топырақ – Семей өңірі Қарауыл ауылында Әйткеш жайлы бала күнінен бастап аңызға бергісіз әңгімелер айтыла бастаған. Оның ерекше болмысбітімімен қатар, бірақ рет естіген әуені қандай қиын болса да, домбыра не сыбызғы, гитара, әйтеуір, қолына қандай аспап түссе де, дәл сол қалпында орындап бере алатын керемет музыкалық қабілеті елжұртты таңғалдыратын. Содан бір күні Әйткеш ағасы Балтақайға еріп Семей қаласына, кинотеатрға барады. Кино басталмай тұрып өнер көрсеткен музыканттардың қолынан ол өзі бұрынсоңды ұшырастырмаған бір аспапты көреді. Ол скрипка болатын. Скрипкадан төгілген сиқырлы үн Әйткештің құлағына емес, жүрегіне енгендей, жан дүниесін ерекше бір күйге түсіргені соншалық, тек сол аспапты ойнағысы келеді де тұратын болды. Семейге келесі бір келгенінде әлдебір дүкен сөресінен өзінің арманына айналған скрипкасын көреді. Көреді де, сол жерде қаққан қазықтай сілейе тұрып қалады. 91 сом тұратын аспапты сатып алып беруден басқа ағасында амал қалмағанды.
Аспап – қолда, алайда ауылда оны оқытатын бір маман жоқ, бірақ бала Әйткешке ол да кедергі бола алмайды. Көп ұзамайақ ол көркемөнерпаздар байқауына қатысып, сол жерде әділқазылар алқасында отырған белгілі композитор Латиф Хамидидің көзіне түседі. Жас дарынның бойынан нағыз өнердің ұшқынын байқаған кәнігі композитор оның қалай да Алматыда музыкалық білім алуы керектігін айтады.
Киіктің қашуына – мылтықтың басуы…
…дегендей, Әйткеш оқуға түскен жылы сұрапыл соғыс басталды. Қазақстанға жер аударылған петербургтік музыкант Иосиф Лесманның ең үздік шәкіртіне айналған Әйткеш скрипкасын арқалап соғысқа аттанады. Оқ пен оттың ортасында тәні де, жаны да жаралы солдаттарға бір мезгіл классикалық туындылардан концерт тыңдатып жүрген күндердің бірінде ол оққа ұшады. Көзін ашқанда, жанжағын немістер қоршап алыпты. Содан аштық пен айуандық азаптан күніне жүздеген, тіпті мыңдаған адамдар көз жұматын концлагерлік күндер басталғанды. Енді тек өзіне төнер өлім сәтін күтумен жүргенде бір күні аяқ астынан басшылық тұтқындар арасынан музыкант іздеп жар салады. Осыған дейін интеллигенция өкілдерін, көзі ашық сауаттыларды алдымен атып тастайтындығы жайлы естіген Толғанбаев тіс жармаған. Алайда анық төнген жау қойсын ба, дедектетіп алып тура коменданттың алдына әкеледі де, қолына әбден тозығы жеткен скрипканы ұстата қояды.
«Елімайлап» егілткен…
Құлағында «тағдырың осы аспаптың ішегіне байлаулы» деп мырс еткен айдауылдың дауысы қалып қойған Әйткеш соңғы рет скрипкасымен қоштасуға кіріседі. Қазақ даласына деген сағынышын скрипкасынан төгілткен оның ойнағаны комендантқа жай ұнап қана қоймай, жүрегіндегі аяныш сезімін оятып жіберген болатын. Сондықтан ол: «Сен мұнда не аштықтан, болмаса аурудан аман қалмайсың», – деп жұмсақтау режимдегі лагерьге жібереді. Осылайша, скрипка оның ғұмырына қорған болып қалды. Содан көп ұзамай түрме коменданты кеңестік әскердің тұтқындарынан Фрайбург қаласының халқына концерт қоюды ұйғарады. Хабарлаушы әр тұтқынның ұлтын таныстыруға келгенде тұтығып тілі келмей қала берген соң, жалпы барлығын «шталиндер» деп таныстырады да, Әйткешке келгенде «Толғанбаев, Азия» деп хабарлайды. Шыбынның ызыңы естілердей тыптыныш залда екі көзді тарс жұмған күйі есіл ер «Елімайды» аңыратады. Осылайша, не¬міс жұртын егілткен қазақтың жайы сол тұста Берлинде Түркістан ұлттық комитетін бастап жүрген Мұстафа Шоқайға да жетеді де, ол дереу Әйткешті өз қарамағына жаздырып алады. Соғыс бітіп, елге қайтам дегенше Еуропаның біраз елдерін аралап, концерт қойған Әйткеш немістерден көрмеген қорлығын сталиндік жазалау лагерінде кеңестік жендеттерден көреді. Колыманың қатал лагерінде 25 жыл айдауда болған музыканттың өмірден күдерін үздірмеген жалғыз жан серігі скрипкасы болды. Сонау 40жылдардан түрме мен азаптан көз ашпаған асыл азамат бостандыққа тек 60жылдары ғана шықты. Бірақ тағы соның жартысынан көп уақыт бойына «халық жауы», «шпион», «сатқын» деген құйыршық аттардан арыла алмаған. Сол үшін сан мәрте Мәскеуге хат жолдап, жауап ала алмаған Әйткеш Толғанбаев тек тәуелсіздік алғаннан кейін барып, яғни 1992 жылы біржола ақталады.
Бүгінде қарт Шыңғыстың баурайын¬дағы Абай мен Шәкәрімнің ізі қалған Абай ауданы Қарауылға барған адам ауыл шетіндегі қорымдар арасынан аппақ скрипка көреді. Бұл – осы топы¬рақта мәңгілік тыныс тапқан Әйткеш Толғанбаевтың құлпытасы. Кезінде соны орнатуға мұрындық болған осы ауданның ардагер азаматы, ақын Төлеген Жанғалиев өзінің ол кісімен болған соңғы кездесуі жайлы былай дейді.
Төлеген Жанғалиев, ақын, Абай ауданында жас ақындар мектебінің жетекшісі:
– Мен – ол кісіні ең соңғы рет көрген адамдардың бірімін. 1997 жылдың жаз айларының бірі болатын. Ауданымыздың сол кездегі әкімі Дәулеткерей Доғанбеков бір күні мені өзіне шақыртып алып, қолыма бір кітап ұстатты. «Исповедь жестокой судьбы» деген өз ауданымыздың азаматы, қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әйткеш Толғанбаевтың кітабы екен. Әкім маған сол ағаны Абай жұртшылығымен кездесуге шақыруға қолқа салды. Ертесі күніақ мен ұшақпен Алматыда Әйткеш Толғанбаевтың жанында болдым. Құшақ жая қарсы алып, өз қолымен ет асып берді. Содан екеуміз түскі сағат үштен кешке менің пойызым жүретін жетілер шамасына дейін тапжылмай отырып, ұзақ сырластық. Төрт сағаттың ішінде ол кісі өзінің бүкіл өмір тарихын ақтарып салды. Сөз соңында мен ол кісіні елден шақырып жатқанын, жұртшылықпен кездесуге келіп кетуін өтіндім. «Төлегенау, менімен кездесу өткізгенде не істейсіңдер?» – деп сұрады бір түрлі жарықшақ үнмен. «Ойбай, аға, әр ауыл үстіңізге бірбір шапан, астыңызға бірбір ат мінгізгелі отыр», – деп едім. «Оның бәрін қайтем?» – деп күлді. Сосын екеуміз қоштастық. Есіктен шығып бара жатып, артыма бұрылып қарап ем, терезеге қадалған күйі иықтары селкілдеп жылап тұр екен. Сонда мен Әйткеш ағаны ең соңғы рет көріп тұрғанымды білгенім жоқ. Алматыдан пойызға отырып, әлі Семейге де жетіп үлгермей, Аягөзден түссем, алдымнан машина күтіп алып: «Аға, сіз Алматыға кері қайтыңыз, Әйткеш Толғанбаев қайтыс болды, соның сүйегін алып қайтасыз», – деді. Жүрегім шым ете түсті. Сөйтсем, мені шығарып салғаннан кейін түнгі сағат 11лер шамасында ол кісі көз жұмыпты. Осылайша, асыл азаматтың туған жерге өзі емес, өлі денесі қайтты. Аудан әкімдігі, ауылел, ағайынжұрт ол кісінің көзінің тірісінде көрсете алмаған құрметінің орнына зиратын тұрғызып, өмір бойы серігі болған скрипкадан басына белгі қойдық.

 

Мәриям ӘБСАТТАР
«Алаш айнасы» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір