Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 8581 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 10:10

"ОРЫС АПА" СССР-ді ҚАРҒАП ОТЫР...

 

Суреттегі қол тоқпақтай-ақ кемпірдің аты Яравая Галина Андревна. Бұл кісі 1937 жылы, 19 қаңтарда Украинаның(УССР) Хмельницкая Облысы, Виньковецкий ауданы,  Зиньков  ауылында туылыпты. Біздің  8 жылдық құдайы көршіміз. Ауылымыз -  Алматы облысы, Ескелді ауданына қарасты Көктөбе дейтін елдімекен. Көктөбе қыратты аймақта орналасқандықтан, ауылдың негізгі табысы егін мен азын-аулақ мал ғана. Ауылға кіре беріс жердегі Көктөбе ауылы деген қойдай әріптері бар жазу болмаса, жұрт әлі күнге дейін Калиновка деп атайды. 

Ата-анам мал жайғанға өрісі кең деп 2008 жылы Көктөбе ауылынан үй алған. Ауыл дегені болмаса айналасы 40-тан аспайтын отбасы бар. Мың бастан мал айдап, мың гектардан егін салған ел СССР ыдырағанда қала жағалап көшіп кетіпті. Ауылдағы ел «айналдырған бір-екі үй аман болайық» деп өз қызығы өздерінде күн кешіріп жатыр. Облыс орталығы Талдықорғаннан терістікте 30 шақырым ғана қашықтықта болғанымен, ауылға жетер айналма жол - 80 шықырым.Қыс болса апталап жол жабылып қалады. Осындай оқшау елді мекенде ата-анама көрші болып, тәңірлік ақысын өтеп отырған жалғыз үй - осы орыс кемпір. Біз «орыс апа» дейміз.

Жұрт орыс деп айтқанымен ол кісі тіпті де орыс емес. Әкесі - поляк, шешесі - украин. Екінші дүние жүзілік соғыста әкесінен айырылған.  Өздері Москваға жер аударылған. 10 жасында қос жанары дертке шалдығып, 3 жыл ауруханада жатыпты. Айтуынша үш бауыры болған. Бірақ олардың қайда екенін білмейді. Тек әпкесі, шешесі үшеуі 1950 жылы комсомол жолдамасымен Алматыға келген. Ауырған кезде кенжелеген оқу сол күйі қалып қойыпты. 23 жасқа келгенде, 1959 жылы 25 наурызда Калиновкаға сауыншы болып келіпті. Содан бері батпандай 55 жыл осы ауылдың ақ-адал тұрғыны болып ғұмыр кешуде. Өмірінде үш ерге шықса да бала сүйе алмапты. Шешесі де, әпкесі де әйгілі Біржан-Сара айтысы болған Ақешкі аулындағы орыс бейіттен орын тапқан. Орыс апам - бала жоқ, бауыр жоқ, туған жоқ, туыс жоқ, жалғыз. Жасы сексенге таяса да әлі күнге отын-суын өзі дайындайды. Аптаның бес күні боран болатын ауылда, көмірсіз қыстан шығатын жалғыз үй де осы орыс кемпір.

 

Бір кезде көрікті көше болған шығар, қазір әйтеуір біз тұратын Советская көшесінде санаулы ғана үй бар. Суреттегі құжыра орыс апамыздың үйі. Орыс апа дегеніме таң қалып отырған шығарсыздар, бұл кісі шынымен де апа деуге лайық. Арғы бетте туып, алтыншы сынып оқығанша орыс дейтін ұлттың бар екенін білмедік. Шашы сары, көзі көк орысты алғаш көргенде жаны қалмай қорыққан мен үшін бұл кісіні апа деу мүмкін емес  те еді, ол кісі көршілік ақсын асыра өтемегенде. Үйіміз өте жақын болғандықтан ба, әлде жалғызсырайтын шығар ол кісі біздің үйге жиі бас сұғатын. Айына алатын жиырма неше мың зейнетақысы бар, соны алғанда азық-түлік алуға қалаға бір барып келетіні болмаса, ешқайда шықпайды. Алғашқы жылдары діні бөлек, түрі бөлек адамды жатырқайтынбыз. Шайына, борщына шақырып, ешқашан жиылмай тұратын дастарханы өз алдына, бұл кісі  тіпті біздің үйдің күзетшісі сынды. Үйдегілер сыртқа кетіп, үйде адам қалмай қалса ылғи да ес болып, итке тамақ беріп, ұялардан жұмыртқа жинап қоятын да осы кісі.  Алдыңғы жылы апам қайтыс боларда, өзінен бес жас кіші кісіні «апалап», шешем сауынға шыққанда қарап отырған да осы кісі болатын. Біздің үйдің алдында бір дөңес бар еді, сол дөңестің үстінде орыс бейіт бар. Сол дөңесті нұсқап, апама шала-пұла қазақшасымен «Сен өлсең өкінбейсің, көметін бала-шағаң бар, мен өлсем мені кім көмеді» деп жұбатқаны есімде қалыпты.

Биыл көктемде Түркиядан келсем жылап қарсы алып,  алыстан баласы келгендей қуанды. Көктем туа аздап сырқаттаныпты. «Атау кередегі» Нұрке кемпір, Нюра Фадевна сияқты намаз оқымаса да ислам дініне құрметпен қарайды. Ақ дастарханына   «Менм үйде шошка жок» деп асқа шақыратын.  Шешем қазақша сөйлеп, ол орысша сөйлеп тұрса да жақсы түсінісетін. «Орыс» кемпіріміз әу бастан «орыс – арак ышеди, бар ултты орыс болсын дейди» деп жақтырмай отырады.

Аз күнде біздің үй ол ауылдан көшіп кетпек. Қаны түгілі діні бөлек, нәсілі бөлек кемпір біздің үйді, сегіз жылдық көршісін қимай жылап отыр. Сыртта жүрген біздер бара қалып, ата-анамыздың қасында мәре-сәре дастарханда отырғанда, бізді көріп жылағанына талай куә болғам. Апта бұрын ауылға барғанымда орыс апам көп әңгімесін айтты.  Балалық шағын еске алды, туған жері туралы айтып, көп күрсінді. Өміріне өкінеді. Украинадағы болып жатқан қазіргі жағдайға, өз ұлтының ауыр халіне жаны ауырады екен. Сонау алыста туып, енді міне қиырдағы бір төбеде сүйегі қалатынына налиды. СССР-ді қарғайды... «Сол құрып кеткір СССР болмағанда өз Отанымда, туған топырағымда немерелерімнің ортасында отырар едім ғой» деп налып отыр апамыз...

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565