Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 6641 0 пікір 12 Маусым, 2014 сағат 09:34

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАҚТАН БАСҚА ОТАНЫ ЖОҚ

Алихан Бокейхан

Әлихан Нұр­мұ­хамедұлы Бөкей­хан: Қазақ жақсысы орыс етегінен жем же­генді зор өнер кө­реді.


***
Қазақтың Қазақ­стан­нан басқа Отаны жоқ. Сондықтан да Қазақ үкі­метінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс!
***
Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды.

 

***
Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, бұл жұртта береке болар ма?
***
5 миллион қазақ тілегі кемшілік жолына сыймайды.
***
Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді.
***
Бөтен кісі қазаққа ешқандай жақ­сы­лық артып әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, ха­лық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды.
***
Жүз түйені бір бұралқы ит құй­рығына тіркесе, осы ит Ташкент бар­са, жүз түйе Ташкент кетеді. Итте не жаза бар, түйенің жетекшілігі емес пе?
***
Алыспаған, жұлыспаған бос­тандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды. 

Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтур

Ахмет Байтұр­сын­ұлы: Орысша оқы­ғандар орыс сөзі­нің жүйесіне дағ­ды­ланып үй­рен­­ген, но­ғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағ­дыланып үй­ренген. Қазақ сөз­де­рін алып, орыс я ноғай жүйесі­мен тізсе, әри­не, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сон­дай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйе­сін біл­діріп, жолын танытып,  балалар әбден дағдыланғандығын  кейін басқаша  оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай  сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі  ана тілімізбен  оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.
***
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.     
*** 
XX ғасырға шейін түріктің тілін аздыр­май асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
***                                                                                                                               
Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыс­тарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазу­ға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, зама­нын­дағы өнер құралдарына орнатуға қо­лайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы.
***
Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жа­зуы­мызға тағы жақсы, үйрету жа­ғынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.   
***    
Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көрiп отырып, қазақ қалам қайраткерлерi қаламын ұлтының ауырын жеңiлдету, ауруын азайту жолында жұм­самауы мүмкiн де емес. Олай болмаған болса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшiк туған сияқты болып шығады.
***
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл бол­мақшы.
***
Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.

 

“Боламыз” деген соң болуға аянбай 
қам қылу керек

Миржакып Дулат

Міржақып Ду­лат­ұлы: «Автономия алу – мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мем­­лекет боламыз деп тұрмыз. Бі­рақ «боламыз» бен «болудың» екі арасы — жер мен көктей. Сондықтан «боламыз» деген соң, болуға аянбай қам қылу керек. Боламыз деп бола алмай қалсақ, дүниеде онан артық қорлық жоқ, кез келгеннің қолында кеткеніміз. Қолдан келмейтін іске арамтер болудың қажеті жоқ. Қолы­мыздан келеді деп тәуекелге бел байлаған соң, сол жолда иә өлу керек, иә көз­деген мақсатқа жету керек».
***
«Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшы­лап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл – құралы» екенін ұмытпасқа керек. 
***
Һәркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Со ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу, оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларды айтуға жарайды. 
***
Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі бел кемшіліктің қандай екенін білу керек. 
***
Жер жүзіндегі езілген жұрттардың бірі біздің қазақ-қырғыз екені рас болса, бұл жұртты теңгеру үшін көзін ашып, өнер-білім үйретіп, үгіт-насихат тарату қажет болса, қазақ-қырғыз тіліне тоқтаусыз жол ашып, бүгіннен бастап «тілмаш жоқ, мінекей, тақсыр, тілмаш жоқ дегізіп, қазақ-қырғызды енді сандалтпау керек». 

 

 

 

 Akikatkaz.kz

Ақиқат ұлттық қоғамдық-саяси журналы сайтынан

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516