Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 9603 0 пікір 1 Шілде, 2014 сағат 11:11

ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯНЫҢ КЛАССИКАЛЫҚ ҮЛГІСІ

 

Серік Қалидың ақындығы жақсы еді, өлеңдеріне кәдімгідей тәнті болушы едік. Бірақ, соңғы кезде жазылған өлеңдері біржақты насихаттың ыңғайында кетіп бара жатқандай көрінеді. Біз сөз еткелі отырған өлеңіндегі тәпсірлер осыны айғақтайды. Серіктің «Намыс.кз» сайтында «Кім айтыпты?» деген өлеңі жарияланыпты «Намыс.кз» атты сайтта. Сайттың атына сай ақынымыздың жыры да алаштың намысын қамшылауға арналған ба деп қалғанбыз. Сөйтсек, Серіктің мына өлеңі намысты жанитын емес, жігерді жасытатын, құлдық психологияның ыңғайындағы, соның шырмауындағы өлең болып шығыпты.

Бүгінде Құдайға шүкір, алаш жұрты имандылыққа бет бұрып келеді. Тіпті шектен шығып, «мұсылманшылықтың жолы осы екен» деп, ғасырлар бойы бабаларымыздың ұстанған  жолын бидғат санап, ата дәстүрін ширк деп түсінетіндер де пайда болды. Сонда соншама ғасырлар бойы алып аумақты ерлікпен қорғаған, бүгінгі ұрпағына «тоғызыншы территорияны» басы бүтін жеткізген бабаларымыздың жолы теріс болғаны ма? Егер бұрынғылардың жолы,  ұстанымы, өмірлік қағидасы, тұрмыс-тіршілігі дұрыс  бағытта болмаса, біз бүгін осылайша төрткіл дүниемен қарым-қатынас орнатып, әлемге төл мәдениетімізді мойындатып отырар  ма едік?!

Қазақ қараптан-қарап жасы үлкенге, билік басындағыларға қатты сөз айтпайтыны анық. Жанына батқасын айтады, жеке басының қамын ойлап емес, жұрттың жағдайын ширыға отырып жеткізеді. Сенбесеңіз, тарихқа үңіліңіз. Бабадан қалған «Дат» ұғымы осының айғағы емес пе?

«Патшаға тіл тигізу – сүннетте жоқ, Бұл деген барып тұрған күнә нағыз» дейді Серік ақын. Ғайбаттау туралы, нақақтан қаралау болса, әңгіменің жөні бөлек. Тіпті Қылмыстық кодекске жақында Парламент тарапынан жала жабуға байланысты жаңа бап енгізілді ғой. Өркениетті қоғамға сәйкес жала жапқан адамды жауапқа тартуға болады.

Серіктің дегеніне саяр болсақ,  Абылай ханға ащы ақиқатты ақтара салған Бұхар бабамыз да біраз күнә арқалайды екен. Ал Жәңгір ханға  «Хан емессің, қасқырсың; Қас албасты басқырсың» деген айбынды Махамбет нағыз күнәһардың өзі болып шығар еді.  Баймағамбет сұлтанды «Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған; Төре емессің төбетсің дым білмеген» деп төбетке теңеген Шернияз Жарылғасұлы да  жазадан құтылмас тегі. Тезек төреге базынасын білдірген Сүйінбай ақын да алдыңғылардың қатарынан табылады. Өйткені ол да: «..Ел құмарын тарқатып; Бір шешпедің түйінді. Не деп айтып мақтайын; Төре-қара биімді» дейді ғой. Серік ақынның байламына иланар болсақ, арғы-бергі қазақ тарихында күнәһарлар  қатары аз болмайтынға ұқсайды...

«Билікке қарсы шыққан бүлікшінің; Өлгенде жаназасын шығармайды!» Апыр-ай, қайдағы бүлікші? Қандай билік? «Билікке қарсы шығуға болмайды» деген ұғым-түсінікке сүйенер болсақ, ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан  алаштың талай боздағы жаназасыз қалғандай екен-ау. Құдай-ай, онсыз да кеңес билігінің тұсында жаназасыз аштан қырылған  қазақ аз ба еді?! Үштен бірі қырылған жоқ па?  Қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған боздақтардың  жаназасын кім шығарды дейсің? Енді солардың аруағына құран бағыштар болсақ, күнәһар боламыз ба?

Желтоқсан көтерілісінде біз тәуелсіздік үшін опат болды деп жүрген Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, Брежнев алаңындағы қанды қақтығыста қаза тапқан Ербол Сыпатаев мынадай кері түсінікпен жаназасыз қалған жайы бар екен. Өйткені, олар да «билікке қарсы шыққан бүлікшілер» қатарынан ғой?!

Ақынның айтқанын дұрыс деп қабылдайтын болсақ, күні кеше Жаңаөзенде қырылған боздақтардың жаназасын шығару күнәһарлыққа келіп саяды. Әлеуметтік әділеттілікті талап еткен мұнайшыларды бүлікші деп айта аламыз ба? Ойлаудың өзі қорқынышты?! «Биліктің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деген тоталитарлық жүйемен қош айтыстық па деп жүргенде, «билікке базынаңды білдіруге  болмайды» дегендей ұғым-түсінікті қабылдау қиын.

Кімге не қайырлысын Алла білер,

Шүкір деп барға момын күн көрмей ме?

«Бес саусақ бірдей емес», Жәннатта да

Адамдар сүрмейді өмір бір деңгейде, деп қайырады тағы бір тұста Серік ақын.  Дүниеде қазақтан шүкіршіл халық жоқ шығар, сірә. Алтын сандықтың үстінде отырса да барына қанағат етіп келеді. Сол себепті  алаш жұртын  сабырсызсың деп кінәлау тағы қисынсыз. Әйтсе де, бұрынғы бабаларымыз «Арым  – жанымның садағасы» деп пайымдаған. Намысын ту етіп ұстаған. Күштінің бәріне құлдық ұрып, билік атаулының дұрыс-бұрыс айтқанына «ләпбайтақсырлап» күн кешетін болса, әлем мойындаған жаңа ғасыр биігінен әңгіме тарқатар ма едік?

...Пайғамбарға разы емес жандар өткен,

Ендеше жәй адамды сынамаңыз, – дейді бір жерінде ақын. Әрине, көңіл толмаушылық, разылық танытпайтындар қай кезде де, қай қоғамда да кездеседі. Әйтсе де, осы тұста тағы бір сұрақ туындайды.  Өлеңнің басында ақын «Патшаға тіл тигізу – сүннетте жоқ» деп еді ғой, ендеше неге «жәй адамды сынамаңыз» дейді. Түсініксіз мұнысы. Өлеңді басынан бастап оқи отырып, «патшаға тіл тигізіп күнәһар болмайық» деген пікір санамыздың ұяшығына қона берген сәтте, алдымыздан «жәй адамның» шыға келгені...

Қалай болғанда да Алла тағала барша адамды бірдей етіп жаратқаны анық. Олай болса, «қара халық басшының айтқанын мүлтіксіз орындауы керек» деген уағыз қаншалықты имандылықтың, әділеттіліктің шеңберіне  сыятынын түсіну қиын. Қысқасы, басшы біткеннің бәрінің «айтқанына көніп, айдауына жүр», «қарсы шықпа» деу нағыз құлдық психологияның  классикалық көрінісі деп айтар едік.  

Задында, қиямет күнi әрбiр адам өз билiгiнде немесе қарамағында болғандардың барлығы үшiн жауап бермекші. Бұл жөнiнде Алла Елшiсi (с.ғ.с.): «Сендердiң әрбiрiң – бақташы және әрбiр адам өзiнiң қарамағындағылары үшiн жауапты. Имам – бақташы және өзiнiң қоластындағылары үшiн жауапты. Күйеуi – жанұяда бақташы және өз отбасы үшiн жауапты. Әйелi – ерiнiң үйiнде бақташы және ол үшiн жауапты. Қызметшi – өз қожайынының дәулетiне бақташы және оған жауапты. Бала – әкесiнiң дәулетiне бақташы және ол да оған жауапты. Сендердiң әрбiрiң – бақташы және әрбiр адам өзiнiң қарамағындағылары үшiн жауапты», - дейдi (Әхмад, Әбу Дауд, әт-Тирмизи).

Біз білетін мәселенің мәнісі осыған саяды. Олай болса, істеген ісіміз арқылы біз ең алдымен, Алла тағаланың алдында жауаптымыз. Бұрыс пікір айтсақ, сол арқылы халықтың санасына  ықпал етуге тырыссақ, сол үшін де жауаптымыз.

Ғабидоллла  ЖӘДІГЕР

Abai.kz

0 пікір