Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 12239 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 13:26

ЖАРҚ ЕТІП ӨТЕ ШЫҚҚАН ЖАСЫН ҒҰМЫР

 

Мұндай зор өкініш мені өмірі мазалаған емес!

Өкінішім – Болат Нұрдәулетов, осы кісінің аққан жұлдыздай жарқ етіп өшкен тағдыры.

1961 жылы туған. Небары 15 жастан өте беріп бақилық болған. Ауырмай-сырқамай жазатайым кеткен. Қаршадайынан қалам ұстаған. Мақала, әңгіме жазып, тіпті хикаятқа дейін барған. Шет ел жазушыларын тәржімалаған. Әдеби сын да жазған. Жазғандары таң шығындай мөлдір. Хас жазушыға тән шеберлік те, балада ғана болатын саф тазалық та бар. Әттең, ғұмыры өте қысқа болған. Асқар таудай арманы Әмірхан ағасына жазған хаттарында ғана қалды. Үлгермей кетті. Әйтпесе, қазақ әдебиетіндегі ЕҢ жарық жұлдыздардың бірі туып келе жатқаны сөзсіз еді. Қатыгез тағдыр бұлты оның бетін ерте... тым ерте бүркепті.

Б.Нұрдәулетовтің қамшының сабынан да қып-қысқа бала ғұмырының өзі еріксіз сүйсіндіріп, сүйсінтіп отырады да, кенеттен аһ ұрғызып, өзекті өртер өкінішке булықтырып барып тоқтайды. Қайран, жарқ етіп өте шыққан жасын-ғұмыр! Қапияда кеткен дара дарын!

Болаттың жазғандары жайлы тамсанып көп айтуға болар еді. Оның шығармалары туған қарындасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бибіайша Нұрдәулетова мен күйеу баласы, алты алашқа белгілі ақын Светқали Нұржанның ұйытқы болуымен мұқият жинақталып, «Профи Медиа» баспасынан жарық көріп отыр (Болат Нұрдәулетов. Қуаныш әкелетін кім? – Астана: Профи Медиа, 2014). Көп кешікпей кітап «Меломан» сауда желісі және интернет-дүкендер арқылы сатылымға шығады. «Мың естігеннен бір көрген артық» деген тәмсілді ескеріп, төменде Болат Нұрдәулетовтің аталған кітапқа енген туындыларынан шағын топтама ұсынып отырмыз.

 

Жандос Бәделұлы,

«Профи Медиа» ЖШС директоры

 

 

Болат Нұрдәулетов. ТАПТАЛҒАН ЕГІСТІК 

 

(әңгіме)

 

Әскери формалы екі жас әйел таудың баурайында алдарынан ашыла түскен кең далаға қызыға көз тігіп тұрды.

Бүкіл айнала: әйелдер неміс комендатурасында қызмет ететін алыстағы қала да, егістіктен аулаққа лақтырылып тасталған шағын ағаштар да, өзенге тиіп тұрған тоғайлар да, көгілдір лентадай қалықтап, сонау көкжиекке жетіп, онда көкшіл аспанмен астасып кететін өзен де тыныштықта тыныс­тап жатқандай көрінді. Олар таудың жалғызаяқ соқпағымен көтерілген, дәл қазір аяқтарымен басып тұрған бұл дала арманға ерік берер еді. Әскери формалы жас әйелдер де армандады. Олар кезінде өздерінің даңқты неміс армиясы орыстармен соғыста шешуші жеңіске ие болса, онда бүкіл Европаға, Оралдың өзіне дейінгі жерлерге берік тәртіп орнатар еді. Олар, немістің жас әйелдері, әскери форманы тастап, алаңсыз саяхаттауға мүмкіндік туар еді, мүмкін, Қара теңіздің жағасында демалар, Сібірдің қатал табиғатын көруге де мүмкіндік туар, кім біледі, алыстағы салтанатты Индияны да қызықтармыз деп армандады. Олар қызмет істеп жүрген осы бір шағын венгер қаласында оларды тәртіптің жалықтырып жібергенін де мойындайды. Әрбір күн бір-бірінен аумайды: комендатура, бір тектес қызмет, пәтер. Ешқандай көңіл көтерері жоқ.

 

– Қарашы, андағы не екен? – деп, үнсіздікті тапалтақ, толық, жирен әйел бөліп жіберді. Ол егістікке қарай қолын сілтеді, өйткені таудың етегінде әлдене жайылып жатыр еді. Оған әйелдер бес минуттай үнсіз қадала қарап тұрды, кенет олардың көздері бақырайып кетті, сонан соң жалт бұрылды да, жалма-жан төмен түсе бастады.

 

* * *

 

Кемпір жоңышқа орып жүрді. Жасы жетілер шамасындағы кішкентай қыз шөптерді жинап жүрді. Арттарынан олар аяқ дыбысын және әйелдердің дауыстарын естіді, бірақ бұрылған жоқ, өз істерімен бола берді. Қыз ақыры белгісіздікке шыдай алмай, жайлап артына бұрылып қарады да:

– Неміс әйелдері келе жатыр, – деп сыбырлады.

– Келе берсін, – деп сабырлы қалпын бұзбай жауап берді кемпір.

Әскери формалы әйелдер алып, биікке созылып жатқан еменнің астына жетіп тоқтады да, қызы бар кемпірге, жақын жерде жас шөптен тұрғызылған шөмелеге, арт жақта жүрген қаздарға, шөмеленің көлеңкесінде солықтап жатқан қозы мен итке, тасыр-тұсыр ойнақтап жүрген итке қарап тұрды. Сонан соң олар алаңқайды кесіп өтіп, кемпір мен қызды сол жерде күтіп тұрды. Олар үнсіз күтіп тұрды, пистолеттің ауырлығынан бір қапталдарына сәл қисая түскен. Алаңқайдың үстінде тыныштық орнаған, тек қана кемпірдің қолының астында шөптің сусылдағаны ғана естіліп тұрды.

Ұзындау сида әйел қатты айқайлады:

– Әй, кемпір!

Кемпір тек орағын ғана сілтеді. Ол бұрынғы орнында қалшиып тұрып қалған, бірақ бұрылмады, жанындағы шөпке орағын ұқыптап қойды да, басындағы жаулығын түзеп алды, тек сонан соң ғана бері бұрылды, үнсіз, жерден көзін алмаған күйі әйелдерге таянды. Ол басын иіп, бұлардың алдына келіп тұрды. Жаулығы иығына сыпырылып түсіп кетіп еді, кемпір оны қолына алды, жел оның басына жеп-жеңіл ақ ұлпа мамықтарды ұшырып әкеле бастады. Кішкентай қыз ештеңені де естімегендей, көрмегендей қалыппен жоңышқаны жинап, оны арбаға тией берді. Әлгіндегі бұзау бұларға шауып келді де, алдыңғы аяқтарымен қатты тежеле қалып, тұмсығын созып, әскери формалы әйелдерге таңырқай қарады.

Кемпірді дауыстап шақырып алған әйел жерден таяқты көтеріп алды да, бұзаудың басына салып қалды, сөйтті де, кемпірге назарын аударды:

– Сен осы жақтан біреу-міреуді көрген жоқпысың?

Кемпір қорыққаннан қаша жөнелген бұзауға қарап тұрып сөйледі:

–  Менің көздерім тіпті соқыр, үш қадам жерден ештеңе көре алмаймын.

– Оқи білесің бе?

– Мен сауатсызбын.

Жирен әйел алға ұмтыла түсті де, қолдарын пистолетінің қабына созып:

– Біз сұрап тұрмыз, сен осы жақтан бөгде орақшыны көрген жоқсың ба?

– Мен ешкімді көргенім жоқ! – деді кемпір даусын қаттырақ шығарып, жарқыраған күнмен шағылысқан орағымен өз аяғын орып қойып. Ұзынтұра әйел таяқтың түбімен етігінің басын түртті де, бұйырған үнмен:

– Жақынырақ кел, – деді. Кемпір алға аттады.

– Әлі де жақында!

Кемпір тағы аттады. Әйел оны кеудесінен таяқпен түртті. Кемпір мына әйелдің жүзіне жұмсақ кескінмен қарады: беті жап-жас, қызыл шырайлы еді, «қолында таяқ, қапталына пистолет асынған мына әйелдің балалары жоқ шығар, егер балалары болса, онда, ол, Тәңір жарылқасын, бұған бұлай қатты бұйырмас еді, таяқпен түрткілемес еді, кәртәң адамның үстінен төнбес еді» деп ойлады кәртәң шаруа.

– Ешқандай орақшыны көргенім жоқ, – деп жауап берді кемпір басын төмен түсіріп, аяғының астына қараған күйі. Ал әйел оның басын иегінен таяқтың ұшымен көтергенде, кемпірдің бүкіл денесі алға қарай теңселіп кетті, басы селтең ете түсті. Неміс әйелі кемпірдің бетіне шұқшия қарады. «Мына жабайының жүзінен бірдеңе ұға алармысың?» деп тыжырынды іштей неміс әйел. Кемпірдің иығындағы жаулығын таяқтың ұшымен лақтырып жіберді де, кемпірді жағынан салып жіберді.

– Кете бер!

Кәрі шаруа жалт бұрылып кетіп қалды. Босқа кеткен уақыттың орнын толтырғысы келгендей, орағын алды да, жұмысқа асығыс кірісе бастады.

–  Кемпір!

Ол тағы қайтып келді.

– Қызың неше жаста?

– Алты жарымда.

– Сенің немерең ғой?

– Иә.

– Оның ата-анасы қайда? Әкесі қайда?

– Бәрі өлген.

– Оны сен асырап отырмысың?

– Иә.

– Сенің асырағаның түк те емес. Мынадай қызға ауыр жұмыс жасатуға бола ма екен? Оған қуыршақ ойнату керек.

Ол ештеңе деп жауап бермеді. Еріндерінде мысқыл. Енді жирен неміс әйелі әңгімеге көшті.

– Ол көптен сенде ме?

– Жарты жыл болды.

– Сіз қайда тұрасыз?

Кемпір басымен өзінің деревнясын изеп көрсетті.

– Қызың қанша жаста?

– Алты жарымда.

– Әкесі не болып істейді?

– Ол өлген.

– Оның шешесі сізге неге көмектеспейді?

– Ол да өлген.

– Сен басқа орақшыны көрдің бе?

– Жоқ.

– Бар, жұмысыңды істей бер!

Неміс әйелдері кеткен жоқ. Алаңқайдың үстінде тыныштық орнады.

– Әй, кішкентай қыз! – деп айқайлады таяқты әйел. Қыз бір құшақ жоңышқаны көтеріп бара жатыр еді, жарты жолда тоқтады да, қолындағы шөптерді аяғының астына лақтырып тастады, алақанын орамалының жиегіне сүртті де, жақындап келді.

– Сен қаншадасың?

– Алтыда.

– Әріптерді оқи білесің бе?

– Мен әлі кішкентаймын.

– Сенің әкең мен шешең қайда?

Кішкентай қыз бір минуттай жерге қарап тұрды да, сонан соң назарын айналасына аударып, жылап жіберді.

– Жылама! Қарашы, мынау не?

Әйел жерден от орнындай орынды сыпырып, тазалап алды да, таяқшалармен әріптер құрастыра бастады.

– Мынау не?

– Сызулар... Таяқшалар.

– Бұл таяқшалар емес, – әріптер. Айтшы, мынау қандай әріп?

– Білмеймін.

– Басыңды көтер де, маған қара.

Әйел таяқтың ұшымен қыздың басын жоғары көтерді.

– Сен орақшыларды көрдің бе?

– Жоқ, көргенім жоқ.

Кемпірдің қолындағы орағы сәл дірілдеді, бірақ ол жұмыс істей берді, бұл жауап алу оған ұнамады.

 

– Мұнда қара, – деп бұйырды әйел, сөйтті де таяғымен тау жақты нұсқай бастады, – ол жақтан не көріп тұрсың?

– Тау, күн, аспан.

– Ал, ана жақтан, таудың жанындағы шалғындықтан?

Кемпір жоңышқа оруын доғарды да, құлағын түріп, орнында қалшиып тұрып қалды.

– Шөпті, – деді қыз.

– Тағы не?

– Білмеймін.

Кемпір орақпен тез-тез жұмыс істеді. Жирен неміс әйелі өзінің құрбысына жай ғана:

– Қазір мен оны алжастырамын. Егер ол бірдеңе білсе, айтатын болады, – деді.

– Мынау не? – деп сұрады жирен қозыны көрсетіп.

– Қозы.

– Анықтап қара!

Қыз әйелге таң-тамаша кейіппен қарады да, тағы қайталады:

– Қозы.

– Бұл қозы емес, бұл – арыстан. Түсінікті ме?

– Бұл – арыстан, – деп қайталады қыз.

– Ал мынау?

– Бұл – ит.

– Жоқ, бұл – қозы.

– Қозы, – деп қорқынышты үнмен айтты қыз.

– Ал мұндағы не? – деп жирен әйел тау жақты нұсқады.

– Тау, аспан, күн.

– Ал таудың жанында?

Кемпір тағы да қолына орақ ұстаған күйі қалшиып қалды, ешбір сөз айтып қалмауға тырысып тұрды.

– Шөп... гүлдер, – деп жай ғана айтты қыз.

– Шапшаң жауап бер, мынау не?

– Қозы.

– Арыстан бұл, арыстан, түсінікті ме?

– Арыстан, – деді қыз, сөйтті де жасырын әжесіне қарап қойды.

– Ал мынау?

Жирен итті нұсқады.

– Бұл – арыстан, – деп сеніммен жауап берді кішкентай қыз.

– Жетер! – Әйел жауап алғанды тоқтатқандай, таяғын сермеді, – Біз бұл жерден ештеңе де біле алмаймыз. Кәне, маған жақын кел! – Ол кішкентай қызға бұрылды, қыз жақындап келгенде, тағы да оның иегінен таяғының ұшымен көтеріп, жүзіне шұқшия қарады.

– Сен орақшыларды көрдің ғой?

– Жоқ.

Әйел таяқты шөпке лақтырып тастады.

– Кет!

Әйелдер кеткен соң, кемпір мен кішкентай қыз ұзақ уақыт бойы жұмысты үнсіз істеді. Сонан соң қыз айтты:

– Білесің бе, әже, мен олардан тезірек құтылу үшін қасақана жылағам...

– Сен мен үшін жарадың, – деп мақтады оны кәрі шаруа.

– Ал олар неліктен қозыны арыстан деп атайды?

–  Білмеймін, – деді әжесі, сонан соң ойланып қалды да, тауып айтты, – келешекте қозы арыстан болады.

– Әже, олар ештеңе де білмейді, ә?

– Дұрыс айтасың, – деп кесіп айтты кәрі шаруа әйелі, – Олар ештеңе білмейді.

Сөйтті де жеңілейгендей немересінің басына қарады.

 

* * *

 

Әскери формалы әйелдер қалаға қарай шығып келе жатты. Олардың жолы бұдан сәл бұрын өздері болып кеткен таудың беткейінде еді. Жалғызаяқ жолмен көтерілген соң, олар бұрынғы орындарына тоқтады да, төменге, тау етегіндегі шалғындыққа қарады. Онда, төменде, орасан зор көгілдір орамалда тек бір ғана «Капут» деген сөз ойып жазылған-ды.

Әскери формалы әйелдер енді өздері алдарынан көрген барлық жерде: көкжиекке дейін созылып жатқан өзенде, өзенге тиіп тұрған тоғайда, қаладан бөлініп тасталған шағын деревняда, тіпті қаланың да өзінде, мөп-мөлдір көгілдір аспанда, жасыл шабындық пен егістікте – бәрінде, бәрінде қорқыныш пен үлкен күш жасырынып жатқандай сезінді.

 

31 март, 1977 жыл

 

 

ХАТТАРЫ 

 

 

Әмірхан аға!

 

Халіңіз қалай! Деніңіз сау болып, құрбы-құрдастарыңмен аман-сау, ойнап-күліп жүрген боларсың? Лайым солай бола берсін деп тілейміз. Жауап хатыңды алып, қуанып қалдық. Әрине, адам жанының арашасы болған абзал жандар үшін көп оқып, көп ізденгені жөн ғой. Сабақтың қиындығының да мәнісі бар шығар. Қалай, ақын Жұбан Молдағалиевпен кездесудің сәті түсті ме? Автограф ала алдың ба? Ол кісінің өлеңдерін оқығаным болмаса, өзін көрген емеспін. Бүкіл пішінін суреттеп, ендігі хатқа жазарсың (әрине, кездесе алсаң ғана). Киімің бүтін, тамағың тоқ па, бәрін айтып жаз. Біз де қарасып тұрамыз ғой. Қаланың аты қала екені белгілі, үйдегідей халің, жағдайың бола бермейді. Айтпақшы, стипендияң қанша? Қандай журналдарды алдырып оқисың? Мауытай әжемдер мен көкемдерден хат алып тұрасың ба? ... (өшіп қалған) дейді. Кешегі каникулда бара алмадым. Жол қатынасы болмады. Екі-үш күн бойы себелеп жауған ақ жаңбырдан кейін көпке дейін жер кебе қоймаған. Қысқы ақ каникулда барамын деп жүрмін. Көреміз ғой.

Бізге келмек болсаң, дін аманшылықтамыз. Сейілхан ауылға аман-есен оралды. Қазір бос, ауылда жүр. Жұмыс іздеп еді, табылар болмады. «Жалаңаш» теңізіне биыл қыс Арал портының бүкіл кемесі қатырылып жатыр. Солардың біреуіне жұмысқа алуын сұрап жүр, білмеймін не боларын,

Әжем, мамам, ағам, Қазына, Бибайшалар тегіс аман. Дендері сау. Мал әлі қораға байланған жоқ. Себебі күн әзір ашық, шуақ болып тұр. Жер қара. Қой өріске шығып жүр ғой, әйтеуір. Мен де саумын.

«Толқынға» «Жақан қарт өткен белестер» (көлемді), «Бұлтты күнгі олжа» (көлемді), «Бақытты ана» (көлемді), «Жас тілшілер бас қосты» (шағын) және бірнеше шағын мақалаларым, «Қазақстан пионері» газетіне «Қабырға газеті немесе мен кеш ұйықтаған түн» (көлемді) мақалаларым шықты. «Қазақстан пионеріне» оншақты мақала жазып жібердім. Әзірше осы. Әңгімеге күте тұрсам қайтеді? Әңгіме жазайын ба? Оңай ма? Әңгіме жазуға айтар ақылың, қосар тілегің бар ма, хатқа жаз.

 

Ал қош, аға! Інің Болат.

27.XI.1976 ж.

 

 

Әмірхан аға!!!

 

Көп жандардың ішінен ерекше жақын тұтатын жансың сен маған. Неге екенін қайдам, сен маған біртүрлі жақынсың. Сенің ақ жүрегің де маған ерекше түсінікті, Әмірхан. Ағалық ақыл айтар ақылшым да өзіңсің, бейне біреуден көңілім қалып, жәбір-жапа шексем де, қашып барып қорғалар, содан соң өз көңіліме демеу алып, тіреу болар асқар таудай бір жанның бар екенін түсінетінмін, соған қуанатынмын. Сен қалада тұрдың, ал мен ауылда жүрдім емес пе! Сонда қалаға барғым келетін де тұратын, сонда мені қаланың қапас тіршілігі қызықтырады ғой деп ойлайсың ба, одан да өзімнің балдай тәтті ауасы бар ауылым жақсы емес пе әлдеқайда?! Сонда сенімен бірге жүруді ұнататынмын (бір сәт болса да), бұған себепті өзім айтып көрейін: бір жағынан ... екеуміздің алға қойған мақсат-мүдделеріміз бір емес пе (әдебиетші болу, әсіресе, жазушылық қызмет). Доктор мырза, сізді өзіңіздің ұнататын мамандығыңыздан өзіңіздің рұқсатыңызсыз сырттан бөліп алып, өз мүддеме пайдаланып кеткенім үшін кешіреді ғой деп ойлаймын. Бұған енді бір дәлел, сіздің өзіңіздің сөзіңіз: жазда мен сіздердікіне бардым ғой, сонда сен: «Менің, Әмірхан Жүсіповтың, әлі романын оқитын боласың», – деп едің, сол сөзің есімде сақталыпты. Сосын кеш болғанша, дәлірек айтқанда, қораның ескі-құсқы сылақтарын түсіріп, бүтіндеп сылап болғанша, сен белгісіз бір шабыт билеп, мұрныңның астымен ыңылдап, шындығында дауыстап та, Пушкиннің, Лермонтовтың, өлеңдерін айтып жүрдің емес пе? Сонда менің де ілесе алмағаныма, өлең білмегеніме артынан өкініп жүрдім. Кейініректе, «Толқынға» бара жатқан жолда, сен маған ойыңда жүрген әңгімелеріңді (ұзақ жол бойында мінездері, тәрбиеленіп шыққан орталары мүлде бөлек, әр түрлі мамандық иелерінің көрсеткен әртүрлі қырлары мен сырлары шофер көзімен айтқанда, сөйтіп, солардың мінездерін ашып беру), мақала жазуға талпындың, оны С.Ермағанбетов жолдастың қабыл алмауы (өкінішке орай) осының бәрі де сенің әдебиетке деген құмарлығыңның бірден-бір дәлелі іспетті емес пе?

Жә, жарайды, мұның бәрі де тек жай сөздер ғой. Мына балаға мұнша сарнап не болды деп қорқып кеткен де шығарсың. Тек бір сыр ғой, айтып жатқан. Енді қал-жай сұрасайық, қалай, денсаулығың жақсы ма? Доктор жолдас, бақа мен балықтың қылтанағына дейін жаттап алам деп ауырып қалып жүрмеңіз. Әмсе, денсаулық сақтаған жөн-ақ. Қасыңдағы ақын жолдастардың жағдайлары қалай. «Сарай ақындарының» (сарай деп жатқан бөлмелеріңді айтам) жырлайтын тақырыбы не? «Сырдария айналса, ағып жатқан араққа» дейтін «шын ақындардың» өзі ме, әлде, қалай?.. Кешегі хатыңа қарағанда дәрігерлікті шын жүрегіңмен қабыл алғанға ұқсайсың. Дұрыс-ақ. Әйтсе де әдебиетті естен шығармағайсың. Ал бізге келмек болсаң, біз де тегіс аманбыз. Семья басы әжем әлі қуатты. Ара-тұра жатып қалғанын ескермегенде, «қуатты» деген сөзді толық айтуға болады ғой деймін. «Қаладағы мен даладағыны аман қыла гөр» деп тілейді күні-түні. Ағам ауылда. Аушы. Баяғысынан әлі құтыла алмай жүр, кейде екі-үш күн бойына ішіп кетеді. 1929-шы жылғы ғой, міне 48-де, дәл есептегенде 53-темін дейді, «ата сақалы аузына біткен» деген осы. Енді арақты қою керек-ақ шығар деймін. Ішпегенде одан момын жан жоқ, ал ішкенде... Қайтерсің, айтып жүрміз ғой, ұмытып кетеді ертеңіне, дені сауында басы салбырап тыңдай береді, үндемейді... Сейілхан ауылда тұрмайды. Әбжәмидің (өзіңе таныс кісі, сенің есіңде ме, ол кісінің әңгіме айту шеберлігіне шынымен таң қалатынсың) қарамағында, қайықта істейді, теңіз шарлап жүреді ылғи, ауылға соқпайды. Жақында келіп кеткен, жұмысшы адамына тән өңге келіп қарайып кетіпті. Әбжәмимен бір күн жатып кетті (кешкісін келіп, ертеңгі сағат 6-да кетті екеуі). Денім сау дейді өзі, шаршап жүр ғой, тұйық, үндемейді. Оқуға барсам дейді. Сірә, техникумға. Институттан жүрегі шайлығып қалған ғой, тегі. Мамамның дені сау, жұмысында жүр. Көктем кезінде ауырып, Аралға барып қайтқан. Содан бері дені сау. Айтпақшы, жақында ВЛКСМ мүшелігіне қабылдандық. Аралда өттік. Арал аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары Жылқайдар Бекжанов деген кісі. Жақсы өттік. Бір кластан 10 бала бардық, 13-і кейін өтеді ғой. Толыбай екеуміз сіздің үйге бардық. Мауытай әжем мен көкемнің денсаулықтары жақсы, көкемнің аяқтары ауы­ратын болса керек, шай үстінде ауырсынып отыра алмады. Менен: «Әмірханмен хат алысып тұрасың ба?» – деді. Ұялып қалдым. Өйткені саған көптен бері хат жаза алмап едім. Әйтсе де: «Иә», – дедім. Өтірік айттым. Кейіткім келмеді. Өзімнің де денім сау. Тургенев И.С., Л.Н.Толстой, А.Н.Толстой, А.М.Горький, Ф.М.Достоевский, М.О.Әуезов жолдастарды оқып жүрмін. Айтпақшы, «Құрыштың қалай шыныққанын» А.Н.Островский жолдастан білдім. Джек Лондон жолдас ұлты, тілі мүлде қашық болса да мені жатсынбайтын сияқты. Көкейіме қона кетеді. Тіпті «Мартин Иденін» көшіріп те алдым. Газет бетін көрмегелі көп ұзап кетті-ау. Оқымаған шығарсың, «Қазақстан пионеріне» ақырғы жарияланған мақалаларым «Түн қатып жүрді партизан» (1 январь; №1 санында), «Менің серігім» (3 январь №7), «Қамқоршылар» (№18 санында). Үзіп алғаным рас. Дегенмен тек мақаланы үзбей жазып тұру ғана әдебиетті сүйетіндігін (сол адамның) көрсетпесе керек. Әрі қолым да тимей жүр. Алда емтихан тұр аранын ашып. Азуы алты қарыс көрінеді. Ілініп қалсам, біттім дей бер, шығамын деп жүргенде уақыт керек болар батырыңа. Әрине, онша қорқып отырғаным жоқ, ілініп кереміз әйтеуір дейтін болсаң, қорқуға да болмайды ғой, алайда ар, ұят, намыс бұны көтере ме екен?! Ылғи «5»-ке тапсырып шығуға бел буып отырмын, көреміз ғой.

Қазақ тілі

шығарма

Әдебиет

Алгебра жазбаша

Геометрия ауызша

Орыс тілі диктант

Міне, осылар, емтихан болатын сабақтар.

Әмірхан! Мен сенің әдебиет жайында айтатын әңгімелеріңді сағындым. Әрине, ауылда әдебиетті сүйетіндер, сүйсе де ол туралы көп білетіндер онша табыла бермейді. Кейде Елтай ағай (Елмағанбет Әлиядинов, танисың ғой, бүкір мұғалім) осы жайында айтып береді, қызыға тыңдаймын сондайда. Амал қанша, дұрыстап сұрай алмайсың, әрі анда-санда кездеседі ғой (әңгіме айтуын айтам Елтай ағайдың).

Айтпақшы, Әмірхан, менің бір-екі хатымды (аз болғанына өкінбе) алсаң, айтып тұр жауап хаттарыңда. Саған балық салып жібермек болып, Мауытай әжем жанталасып-ақ жүр. Қайтарда маған 10 сомдай ақша берген, саған балық алып беріңдер деп, бірақ балық әлі тұздан шыққан жоқ, шықса беріп жібереміз ғой, бізде не тұр.

Әмірхан, өзіңде қандай жаңалықтар болып жатыр, жазып тұр. Менің де қолым тимей жүр ғой, әйтпесе, менде алып бара жатқан көкірек бар ғой деп ойлап жүрме. Қолымнан келсе, хат жазып тұрамын ғой. Соза берсем, әңгіме көп қой, бірақ мылжың дерсің. Кінәмшіл екенің рас, оны жасырғың келмейтін шығар. Әмірхан, ал, қош бол, бауырым! Көріскенше күн нұрын төге берсін, дәйім. Лайым солай болғай да!

Қолыңнан алып, қоштасамын. Жүдеп кетсең, шашыңды жұқартып отыр, басың қауқиып кетіп жүрмесін.

 

Сәлеммен жаман інің Болат.

Бұл хат апрельдің 27 жазылды. 1977 ж.

БОЛАТ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

 

Болаттың қайтқанына 1 жыл толғанда ұстазы Ә.Есендіков «Қазақстан пионері» газетіне Болат туралы естелік-повесть жариялады.

 

НӨСЕР ҮНІ

 

(новелла)

 

Оның туған жері биыл ерекше жаңбырлы болды...

«– Болат, қайдасың сен?..»

«– Болат, неге хат жазбайсың?..»

«– Болат, саған не болды?..»

Болаттың адресіне осындай сауал қойған хаттар республикамыздың түкпір-түкпіріндегі пионерлерден де, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан пионерлерінен де ағылып келіп жатты. Олардың бәрі де Болатпен «Қазақстан пионері» газеті арқылы танысып еді. Тіпті міне, бүгін де оған бір хат келді. Хат иесі – Қармақшы ауданындағы (Қызылорда облысындағы) №183 орта мектептің 7-класс оқушысы Ұлбосын Бағдаулетова. Ол да Болаттан жауап күтеді. Бірақ бәрі де жауап ала алмай, қатты аңтарылуда.

Мен талай рет қаламымды қолыма алып, оларға жа­уап қайтаруға тырыстым, бірақ үн-түнсіз сұлқ отырып қала бердім. Мөлдір тамшылар ақ қағаздың бетіне тырс-тырс тамып, айнала мұнартып сала береді. Сол бір мұнардың арасынан аяулы шәкіртімнің жүзін анық көргендей боламын. Ол маған өзінің жаңа ғана жазып бітірген мақаласын қуана әкеле жатқандай болады...

Бәрін де басынан бастайын...

Естеріңде болар, «Қазақстан пионері» газетінің бетінде «Коммунист туралы жазамыз» атты ашық конкурс жарияланғаны. Бұл конкурс көп жас талапкердің жүректеріне үміт сәулесін құйғандай болды. Бір күні Болатты шақырып алып:

– Осы конкурсқа қатыссаң қайтеді? – дедім. Қуана келісті ол.

– Сонда кім туралы жазғың келеді? – Ол ойланып қалды.

– Сенің папаң коммунист қой,– деп едім, Болаттың жүзі нұрланып сала берді.

Көп ұзамай «Қазақстан пионері» газетінің 1976 жылғы 11 марттағы 20-санында Болаттың «Қуаныш әкелетін кім?» деген суреттемесі жарқ ете түсті. Болат сөйтіп, бізді ерекше қуаныш құшағына бөлеп еді.

Мөлдір бұлақтың көзі ашылып, арнасы да қанаттана түскен. Ол бұлақтың көзін ашқан геолог – өзінің сүйікті «Қазақстан пионері» ғой!

Менің столымда Болаттың балғын архиві жатыр. Мамасы Күлдәрінің қолынан өтініп алғанмын.

Оған төл газетіндегі ағаларының берген ақыл-кеңестерінің пайдасы мол болды. «Болат! Сенің жазуға тым жақсы қабілетің бар екен, – делінді бір хатта. – Сондықтан мен саған арнайы тапсырма бергелі отырмын. «Қазақстан пионері» газетінің № 74 санында арнайы революция ардагеріне арналған кітапша жазуға тапсырма берілді. Сол тапсырманы мұқият оқып алып, өзіңнің ауылыңа Совет өкіметі қалай келгенін жазып жібер...»

Хат Болаттың қолына 29 ноябрьде тиді. Сол хаттың ашық жеріне Болат өз қолымен былай деп жазыпты: «Тапсырма декабрьдің 26-да орындалды». Міне, Болат редакцияның тапсырмасына осындай жауапкершілікпен қараған! Болат бұл жолы азамат соғысының ардагері, қарт партизан, республикалық дәрежедегі пенсионер Шәріп Рановты өз кейіпкері етіп алған еді. «Қазақстан пионері» газетінің өткен жылғы 6 январьдағы 2-ші санында «Түн қатып жүрді партизан» атты мақаласы көзімізге ерекше оттай басылды.

Бір жыл ішінде оның сүйікті газетінің бетінде 9 мақаласы жарық көріп еді-ау...

Аудандық «Толқын» газетінде Болаттың «Алтын діңгек», «Жақан қарт өткен белестер» атты көлемді очерктерімен бірге, әңгімелері, суреттемелері, мақалалары жиі жарияланып тұрды. Оның мақаласы ауылға өзінше қуаныш әкелетін.

1976 жылдың май айында «Толқын» газетінің арнайы шақыртуымен Баспасөз күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, алқызыл галстугі желбіреп, ауылға қуанып келіп еді-ау...

Болат мектепте дружинаның «Білім» атты қабырға газетінің редакторы болатын. Мен осы газеттің барлық номерін байыппен қарап шықтым. Болаттың салған суреттері, таныс қолы көзіме оттай басылды. Менімен бірге осы бөлмеде жұмыс жасап отырған химия-биология пәнінің мұғалімі Құрманкүл Орынбаева, мұғалімдер комсомол ұйымының секретары Марал Торғаева, «Білім» қабырға газетінің қазіргі редакторы Орынбай Жұмабаевтар да жарияланған материалдарға көз салған. Әсіресе, Құрманкүл апайы Болаттың үш номерде бірдей жарияланған «Ақ қозы» деген әңгімесін үнсіз оқып отырды.

Өзінің редакторлық қиын да қызықты ісі туралы Болат «Қабырға газеті немесе мен кеш ұйықтаған түн» («Қазақстан пионері» 14 ноябрь, 1976 жыл, № 91) деген мақаласында әңгімелеген болатын.

«Луис Корвалан бостандықта!» деген мақаласын былай түйіпті: «Енді Чили жерінде де азаттықтың арайлы таңының ататын күні жақындай түседі. Чили жеңеді!»

О, айналайын, сенің кішкентай жүрегің «достық, достық» деп соғып еді-ау сонда.

Әні-міні дегенше жаңа оқу жылы да келді. «Алғашқы қоңырау» мерекесі өтіп жатыр. Мен шеткерек тұрып ойға баттым. Шәкірттерімнің нұр ойнаған жүздеріне оймен қараймын. Олардың арасынан Болатымды іздеймін...

Мен тоғызыншы класс бөлмесіне енгенімде, класс сілтідей тыныштықта еді. Класс жетекшісі Күнқияш та (ол менің қызым, әдебиетші) шәкіртін сағына іздейді бүгін.

– Болат, неге жауап бермейсің? – деп аңтарыла сұрау салған «Қазақстан пионерінің» ондаған оқырмандарына, оның бейтаныс достарына ауыр шындықтың бетін ашпаққа бекіндім. Ол өткен жылдың 25 июні күні машина апатынан мезгілсіз арамыздан кетті. Оны іздеп сұрағандарға бүгін айтарым: «Болат менің жүрегімде, аяулы достарының жүрегінде!»

Оның туған жерінде биыл жаңбыр жиі жауды. Ол осы даланы ерекше сүйіп еді-ау...

 

Әбдірайым Есендіков,

халық-ағарту ісінің озық қызметкері.

№ 58 Жалаңаш орта мектебі,

Арал ауданы, Қызылорда облысы

          «Қазақстан пионері», 1978 жыл, 18 июнь, № 49.

 

ОЛ ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЕДІ...

 

Құрметті ағайлар, апайлар!

Біздің бауырымыз Болат туралы ұстазымыз Ә.Есендіков ағайдың осы газеттің 18 июніндегі 49-санында жарияланған «Нөсер үні» новелласын үй-ішімізбен оқып, Болатты еске алып, оның рухы тірілгендей боп, көңілімізді бір демдедік.

Сіздер осы новелланы жариялай отырып, Болатқа да, бізге де үлкен адамгершілік пен жақын жанашырлық, бауырмалдық, туысқандық ізет көрсеттіңіздер. Сол үшін Сіздерге өз тарапымыздан зор рахмет айтамыз. Біздер Болаттай боп өсеміз деп сіздерге берік уәде береміз.

Шын жүректен сәлеммен, Болаттың семьясының атынан:

 

Апасы ҚАЗЫНА,

қарындасы БИБАЙША,

28 июнь, 1978 жыл

Редакциядан:

Abai.kz ақпараттық порталының материалдар қорында өмірден көкөрім кезінде озған балауса ғұмыр иесі Болат Нұрдәулетовтың «Алтын діңгек» (очерк), «Менің сүйікті кейіпкерім» (Джек Лондонның «Мартин Иден» романы туарлы жазған мақаласы), «Жаңа заманның нұрлы таңы үшін күрескендер» (повесть) атты шығармалары жатыр. Мұның бәрі алдағы күндері толықтай жарияланады.

Abai.kz

0 пікір