Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 7300 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 13:49

МӘРИЯМ ӘБСАТТАР. СЕРІК АҒА ЖАНБОЛАТҚА ХАТ

Құсни хат!

«ЖАНАРТАУ»
немесе қазақ баспасөзінің ДАТ-ы

«Фариза, Фаризажан, Фариза қыз...» деп Мұқағали қолына қалам алса, Ұлт журналистикасының ұлықпандары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазалардың хат алмасқаны өзіңізге аян. Әрине, мен Фариза да емен, не Шерхан мен Камал да емен, алайда бүгінгі қазақтың айтары бар бір қызымын, ал сіз мүйізі қарағайдай қазақ баспасөзінің қара нары деуге татыр бір ұлысыз! Кейде ауызекі сөзде адам жан-жаққа шашырап, нәтижесінде болмашы ойдың бір шетін ғана айтып, нағыз айтар ойдың қаймағын іште іркіп қала береді. Сонымен, тап бүгін менің қолыма қалам алдырған не?
Атам қазақ айтқандай, «қарнымның ашқаны емес, қадірімнің қашқаны...» Бұл менің өз пікірім, өз сөзім емес, бұл былтырғы жылдан бастап біртіндеп «өле бастаған», бүгінде әйтеуір бойында жаны бар, бірақ көз алдымызда рухы әлсіреп өлім аузында жатқан қазақ баспасөзінің айта алмай, ішке бүккен шері деп білгеніңіз жөн... «Алаш айнасы» ғана емес, қандай басылымдар, қандай арнаны айтып тұрғанымды, мен атын атап, түсін түстемесем де ішіңіз біліп тұр...
Серік аға! Тегінде адамның тәні ауырғаны ештеңе емес, жанның дерті жаман екен... «Алаш айнасы» менің ғана емес, бүкіл қазақтың жанының бір бөлшегін суырып әкеткендей... «Еларнаның» жабылуы да оңай соққан жоқ көрерменге. Бірақ, сол көрермен мен оқырман және аталған басылым мен арнада өзінің айтар ойын жұртқа бағыттап, бойда бұлқынған бұла күшті қалам қару арқылы сыртқа шығарған қаншама қазақ журналистерінің жайын ойлап жатқан кім бар? Жапты, жаппағанның әйтеуір бір бөлшегін қалдырды, қала берді бірін соттап жатыр... (Жарылқаптың «Аңыз адамының» жайы...) Бір сөзбен айтқанда, «Сократқа у ішкізген, Жанна д,Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?» деп Абайдан артық не айта аламыз? Қазіргі қазақ баспасөзінің басындағы жағдай...
...Негізі білгенге бұл хал өткен ғасырдың соңғы онжылдығында жаппай жұмыссыз қалған жұртшылықтың, әсіресе, балаларға білімнің шамшырағын ұстатар ұстаздар мен халық денсаулығын қадағалар дәрігер, бір сөзбен айтқанда зиялы қауымды (онда да кіл мықтыларын) амалсыз ала қап арқалауға мәжбүр еткен «тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан» артық болмаса, кем түсіп тұрған жоқ. Мәселе азық-түлік пен киім-кешектің дүкендерде толып тұрғанында, ақшаң болса, барасың да ала беретіндігіңде емес, рухани құлдырау, рухани аштықта болып тұр ғой... (осының басы «сөз барымтасы - айтысқа» тиісуден басталды...).
Өзіңіз бағамдаңызшы... Қазір теледидарларды айтпай ақ қояйын, себебі оларда «сабынның көбігі» мен «жынойнақтан» өзге дым қалмағанын сіз де білесіз, халық сіз бен бізден де артық біледі... Тіпті бүгінде бұл тақырыптың шетін шығаруға да қорқам... Зар илеген халықты тоқтата алмай қалам ба деп... Сол көрерменге «журналистпін» деуге ұялатын болдым бүгінде. Неге? Олар «неге мынаны айтпайсыңдар?», «неге мынаның шындығын көрсетпейсіңдер?» десе, ұялғаннан кірерге жердің тесігін таппаймын, бұл – бір. Екіншіден, қолымнан келер дәрменнің жоқтығына ызам келеді...
Ал сіз білесіз бе, Әмірхандай әзіз ұлдың неден ажал құшқанын? Отты ақын, қаламы қарымды журналист Әмірхан Балқыбекпен күнде қатар отырып сырласпасам да, мен оның өлімінің сырын сезетін сияқтымын... Арыстай азаматты өлімге жеткізген жылдар бойы іште өлген пікір, айтылмай қалған сөз, булыға-булыға тұла бойды кернеген ызалардың жентегі... Әмірхан ағамыз - «жарылып кетсем жан жағымды өртермін» деп өзін өзі іштей тұншықтырып сөндірген ЖАНАРТАУ! Өз арыны өзіне аян ақын өзгеге залалын келтіруден қашты, бірақ іштегі кеулеген дерт ақыры арыстың өз басын жалмады.... Ал, ендеше, Балқыбектің өлімі жай бір адамның өлімі деп көріңіз?... Жоқ, ол – «тыңдалмаған сөз жетімнің» құрбаны! Және де ол соңғы емес, бірінші құрбаны ғана ма деп қорқамын!
 «Біржан сал» фильмін көрсеңіз, сонда Біржанның бір жерде былай дейтіні бар еді: «Алаштың басынан күні тайған екен, қазақ қартайыпты» деп... Дәл қазіргі қазақ баспасөзі де сол күйді кешіп тұрғандай... Бірақ ол ойы жүйрік, сөзі батпан журналистердің жоқтығынан емес, олардың үнін қолдан өшіріп, тұншықтырып тастағаннан... Өзіңіз бағамдаңызшы, қазір нағыз журналистердің үні шығып жатыр ма? Шықса да, оларды «бар екенсің ау» деп бағалап, немесе «жоғалып кеттің ғой?» деп іздеп жатқан біреу бар ма?
Бәрімізді әкеп қазір ҒАЛАМТОР деп аталатын «түрмеге» қамап қойды... Тор деген сөздің өзі ақ айтып тұр емес пе, оның «түрме» екенін. Қарауыл жоқ, кісен жоқ сияқты, бір қарағанға. Бірақ анығында өзімізді өзіміз кісендеп, бірімізді-бірімізге күзеттіріп қойғанын біріміз ұқсақ, біріміз ұқпаймыз... Ұққанымыз көп нәрсені іште түйіп, ал ұқпағанымыз сол торды шексіз, шекарасыз кеңістікке балап, ойымызға келгенді істеп мәзбіз: серуендетіп «селфилетеміз»... (өзін өзі суретке түсіргендерді солай дейді). Қала берді қазір, Ел басына күн туса жұртты жаудан қорғайды-ау дейтін еркек біткен бір өзі футбол көруден қалды, әр ойын ірке алмай қалғаны емей немене, «гол» десе де, «гол» дей алмай ызаланса да, боқтаса да осы ғаламтарға секунд сайын жылт-жылт жазады да отырады. «Сенген қойым сен болсаң...» деймін... көкезу көп жігітті көргенде... Ал әйел біткен әншейінде ері «қайда жүрсің?» десе, күрдесі жарылады, алайда ғаламторда өзінің не істеп, не қойғанын бүге-шігесіне дейін жазғанда алдына жан салмайды. Таңертең тұрғаннан бастап қазір қай қыз, қай келіншектің не істеп, не қойғанын осы әлемнен бәріміз жабылып көріп отырамыз. Тіпті арасында қайын ата, ене, қайын аға, қайнысіңлісі отырса да да қаймықпайды ау... Үйде отырып қарайып қалмау үшін келіншектерге ермек шығар, бірақ үйдегі жайдың барлығын далаға тасу да бір ғой бұл аңдағанға. Мұндай жерде қайдағы құпия? Қазақтың ақылды деген қыз келіншектерінің өзі Фейсбук пен Инстаграмнан шықпаса, қалғанына не жорық? (ішінде өзім де болсам, бұл өзімді де сөгу деп біліңіз).
Әңгіме, қазақ баспасөзінен шығып еді ғой, қазір баспасөз орнын қазақ ғаламтор жазбасы басты десек (анығында баса алмайды), оның көшбасында кімдер жүр? Топталған қарға іспетті бес-алтау жүр, «үркердей» топ. Мейлі еді-ау сол үркердей тобымыз күні кешегі арыстардай «ұлтым» деп «Маса» боп оятуға тылпынған топ болса... Арасында бұрын басылымның дәмін татқаны да бар, аспаннан түскендей боп ортан жолдан қосылған, қоғам танымайтын кездейсоқтары да бар. «Блогерміз» деп әр облыста әр әкімнің ұйымдастырған турына барғансып, әйтеуір бір қарасақ Батыста, бір қарасақ Шығыста, енді бірде тауда, бірде бауда, енді бірде суда жүреді... Не істеп, не қойып жүр? Не бітіріп жүр? Түсініксіз. Бастарын тоқайластырып суретке түсіргендеріне мәз, ал одан басқа елдің жайын айтып, мәселе қозғап жатқаны кемде кем... Солардың көзі мен сөзінен егер «елім» деп егілген бірін көрсем қуанар едім...
Менікі – біреуді қаралау немесе тасада жатып тас ату емес, қазақ баспасөзінің басындағы дәл қазіргі жағдайға диагноз қою. Дертпен күресу үшін алдымен аурудың тамырын баспайды ма, менікі – сол... Және өзі байқаған дертті өзі ғана біліп, науқастың өзіне немесе жақындарына айтпаған дәрігер опасыз емей немене? Біз де «адам жанының дәрігеріміз ғой»... Алайда егер, менің көзім «рентген», ойым «УЗИ» бола алмаса, міне басым! Бірақ... Тіліме тиме! Аузымды жаппа! Үнімді өшіре көрме! Тілсіз мылқау болып тірі жүргенше, одан да тілім, яғни, сөзім барда өлгенім артық.
Патша екеш, Патша да баяғыда бас кессе де, тіл кеспеген...
Патша екеш Патша да, дарға асқалы жатқан байғұстың «Дат» дейтұғыны болса, Датына құлақ түрген....
Ендеше, менікі – Ұлттың Даты!  
(Қызым саған айтам, келінім сен тыңда дегендей, мұндағы көп жайтты сізге айтқандай болғанмен, негізі жалпы сөзұғар жанның бәріне айтқаным ғой)...

Сізге деген құрметпен Мәриям ӘБСАТТАР

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564