Сәрсенбі, 3 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11571. Жазылғандар — 5941. Қайтыс болғандар — 44
Билік 5107 0 пікір 3 Шілде, 2014 сағат 10:24

"Мәңгілік ел" мүшәйрасы мәреге жетті

Астана күнінің құрметіне Сәкен Сейфуллин мұражайы осымен төртінші рет өткізіп отырған дәстүрлі мүшәйра өз мәресіне жетті. Биыл «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» айдарымен жарияланған жыр бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен, Қытай Халық Республикасынан, Монғолиядан алпыстан астам ақынның шығармасы келіп түсті.

Бәйгеде бағын сынаған ақындардың тақырыпты тереңнен қозғап, кеңінен қамтып жырлауға барын салғандығы байқалады. Әсіресе, биылғы мүшәйрада Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына белсене үн қосқан жаңа есімдер– жас ақындар қатарының көп болғаны қуантады.

Академик Сейіт Қасқабасов төрағалық еткен, құрамында жазушы Қойшығара Салғараұлы, ақындар Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Оңайгүл Тұржан бар қазылар алқасы додаға түскен шығармаларды мұқият саралап, мынадай шешім шығарды: бас жүлде – темір тұлпарды Арман Шеризатов иеленді. Бірінші орынды (1 миллион 500 мың теңге) Ақсүйрік Ізмұқанова қанжығалады. Екі екінші орынды (800 мың теңгеден) қарағандылық қос ақын – Абзал Бөкен мен Ілияс Мұқаев алса, үшінші орынға тігілген үш жүлдені (400 мың теңгеден) Рафаэль Ниязбеков, Кенжебай Ахметов және Талғат Ешенұлы өзара бөлісті.

Бес ынталандыру сыйлығын (150 мың теңгеден) моңғо­лиялық қарт ақын Шынай Рахметұлы, алматылық Батық Мәжитұлы, Қытай Халық Республикасының азаматы Серік Түсіпханұлы, ақтөбелік Балтабек Нұрғалиев, аягөздік жас талапкер Біржан Ахмер еншіледі. Сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Астана қалалық Тіл басқармасының бастығы Ербол Тілешов, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков тағайындаған үш арнаулы сыйлық (100 мың теңгеден) Бақытжан Тобаяқовқа, Жарылқасын Боранбаев пен Гүлжайнар Қалдинаға бұйырды.

Жүлде алған және мүшәйра қоржынына келіп түскен шығармалардың таңдаулылары жыл аяғына дейін жеке кітап болып шығады. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Астанадағы «Конгресс-холл» сарайында 1 шілде күні сағат 18.00-де өнер жұлдыздарының қатысуымен өтеді.

Серікхан САБЫРБЕКОВ,
С.Сейфуллин мұражайы директорының орынбасары

"Астана ақшамы"

0 пікір