Жұма, 19 Сәуір 2024
Ұят-ай! 7678 0 пікір 4 Шілде, 2014 сағат 09:46

"ҚҰЛ БОЛДЫҢ, ҚҰЛ БОЛЫП ӨЛЕСІҢ"

 

  Ана жылдары Астана автобустарына кәдімгідей марқайып отыратынбыз. Е, тәубе, аялдамалар қазақша хабарланады екен, бір, кондукторлар кілең қаракөз балаларымыз екен, екі деп.  Соңғы кездерде байқалған жайсыздық – көліктің ішкі радио торабы түгел дерлік орыс тіліне ауысты да кетті.  Жарнама бар,  басқа ақпараттар легі бар дамыл таппай сұңқылдағанда миды шағып, құлақтың етін жеп қояды түге. Жетер жеріне тыныш құлақпен жеткісі келетін жүргіншінің құқығы ескерілсе кәне. Жарайды, жарнама жайы өз алдына әңгіме. Ол екі тілде болса бірсәрі, тек бөгде тілде шүлдірлегені жанға батады. Кеше ғана жұмыстан қайтқан 20-30 минут ішінде (өз басым көбіне №50 бағытты автобусқа отырамын) үйдің табалдырығына өз өзімнен болдырып, жүйкем жұқарып жеттім. «Не болып қалды?» деп ойлансам, жаңағы жарты сағат бойы сала құлаш бір қара «құл болдың, құл болып өлесің» деп алқымнан сығымдап, иықтан басып, езгілгендей сезініппін. Осы да сөзім бе, тәйірі, түймедейді түйедей қылып не көрінді деуге асықпаңыз, қадірлі оқырман.  

        Гәп тереңде, қалалық кеңістікте, соның бір бөлшегі - автобустарда тілдік ахуалдың теріс өзгерісі күшейіп барады. Ұлтымыздың орыстілді бөлігі тіпті еркінси түсті. Әсіресе, «біз кедендік одаққа кірдік» деген сөз шыққалы жүген ұстатпай барады. Осыдан бірер ай бұрын бір ет-жеңді жасамыс әйелдің елпектеген жас жігіт - кондукторға «А, ну-ка, объявляй по-русский!» деп жалын күдірейте зекіп қалғанының куәсі болғаным бар. Болды, бітті. Көлеңкесінен қорқатын билікке (автопарк басшылығын айтам да) баяғы орысшаға қайта көшудің «халық сұрап жатыр» деген мықты сылтауы табыла кеткен бе, қалай. Жүргіншілердің 90-95 пайызы қазақ екені есепке алынбасы екібастан белгілі («Қайран тіл, қайран сөз! Наданға қадірсіз» (Абай) демекші, қазақ тілін қорлау, аяқасты етуден тыйылар күн қайда. Біле білсек, ұлтқа төнген қатердің бұдан зоры, бұдан сорақысы бола ма?!).

        Сонымен, ел ордамыз – Астананың қалалық көлігінде соңғы айларда мемлекеттік тіл өгейшілік көре бастады. Оның күнделікті куәсіміз.  Апыр-ай, қайда беттеп барамыз, себеп қайсы? Тым құрығанда автопарк басшылығы мен қалалық «Қазақ тілі» қоғамы селт етер ме екен осы сұраққа. Қалалық автобустар ғой, күніне жүз мыңдаған адамдарды тасымалдайды. Ендеше оларда қай тілде сөйленетіні - ұсақ-түйек емес, елдігіміз бен мемлекеттігіміздің атойлап күресуге тұрарлық білдей мүддесі. Қолыма қалам алғызған да осы жәйт.  

Асан Омаров,

ардагер журналист

Abai.kz

0 пікір