Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3882 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 20:37

Жерді заңсыз басып алудың салдары мемлекетке де, тұрғындарға да зиянын тигізбей ме?

Заңсыз салынған үйлердің орналасқан аумағы табиғи апаттарға шыдас бере алмайтынын тағы бір мәрте көз көрді. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан су астында қалған тұрғын үйлердің иелері енді кімді айыптайды? Заңсыз жер иеленген өздерін бе, әлде өткен жылы сол жерде инфрақұрылымды жандандыруға уәде еткен жергілікті билікті ме? Бұлай дейтініміз, былтыр Алматы маңында су шайып кету оқиғасына байланысты қалалық әкімшілік тиісті шараларды ұйымдастыратынын айтып уәдесін берген еді. Алайда мегаполисте осы елді мекендерді біріктірген тағы бір аудан құрылса да, «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр. Осы ретте «заңсыз жер иеленушілердің әрекеті өздерімен қоса мемлекетке де зиянын тигізбей ме» деген заңды сұрақ туындайды. Себебі оқиға орын алған шағынаудандарға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетіліп, құбыр салуға шығын шықса, тұрғындардың еңбектеніп салған баспаналары жарамсыз болып қалды. Бұл сұрақты сарапшы мамандардың талқысына салып көрсек.

Заңсыз салынған үйлердің орналасқан аумағы табиғи апаттарға шыдас бере алмайтынын тағы бір мәрте көз көрді. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан су астында қалған тұрғын үйлердің иелері енді кімді айыптайды? Заңсыз жер иеленген өздерін бе, әлде өткен жылы сол жерде инфрақұрылымды жандандыруға уәде еткен жергілікті билікті ме? Бұлай дейтініміз, былтыр Алматы маңында су шайып кету оқиғасына байланысты қалалық әкімшілік тиісті шараларды ұйымдастыратынын айтып уәдесін берген еді. Алайда мегаполисте осы елді мекендерді біріктірген тағы бір аудан құрылса да, «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр. Осы ретте «заңсыз жер иеленушілердің әрекеті өздерімен қоса мемлекетке де зиянын тигізбей ме» деген заңды сұрақ туындайды. Себебі оқиға орын алған шағынаудандарға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетіліп, құбыр салуға шығын шықса, тұрғындардың еңбектеніп салған баспаналары жарамсыз болып қалды. Бұл сұрақты сарапшы мамандардың талқысына салып көрсек.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:
Иә
– Біз – құқықтық мемлекет құруға талпынып отырған мемлекетпіз. Ал кез келген құқықтық мемлекетте заңның салтанат құруы бірінші кезекте болады. Азаматтары заңды белден басып өзімбілемдікке салынған елдің ертеңі бұлыңғыр. Ал енді жерді заңсыз басып алу деген – барып тұрған бассыздық. «Судың да сұрауы бар» демекші, қазіргі заманда иен жатқан жер жоқ. Ол жер біреудің меншігі болуы мүмкін, не болмаса жер мемлекеттікі болады. Үй салмастан бұрын азаматтар «жерді пайдалану үшін рұқсат бар ма, жоқ па» деп құқықтық органдардан сұрап білуі керек еді. Алматы сияқты ірі қаланың маңына заңсыз жолмен халық көптеп қоныстанып алды. Оған билік рақымшылық жасап, заңдастыру жұмыстарын жүргізді. Яғни шоғырланған халықтың жылы орнын суытқан жоқ. Билік үндемеді екен деп басқа жерлерге де қоныстануды қою керек.
Десек те, кейбір жерлерге мүлде тұрғын үй салуға болмайды. Жаз уақытында сай жерлерге баспаналарды салып алды. Ал көктем келіп, жауын жауғанда судың астында қалды. Бұл төтенше оқиғаларға жергілікті әкімдік те, жер комитеті де жауапты емес. Оған сол жерлерді заңсыз басып, бейсауат үй салып алған тұрғындардың өзі жауапты. Осындай келеңсіздіктерге қарамастан, жергілікті билік гуманистік тұрғыда шешім қабылдап отыр. Алматыдағы оқиғаға байланысты әкімдік 70 млн теңге бөлді деп естідім. Дағдарыс кезінде бұл аз ақша емес. Басқаларға осы сабақ болуы керек деп ойлаймын. Қаржы кезектен тыс бөлініп отыр. Әрине, қаланың төтенше жағдайларға арнайы бюджеті болады. Дейтұрғанмен де, ысырапшылдық қой. Сол қаржыға неге шағын болса да білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салып алмасқа?! Ал қауіпті аймақтарға үй салмағанда, ондай шығындар болмас еді ғой. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың шығынданып салған баспаналары да жарамсыз болып қалды. Осындай қателіктердің орын алуы заңға бағынбаудың салдарынан болып отырғанын түсінуіміз керек. Басқаларға да сабақ болса игі. Билікпен текетіресіп, айтқанымызды істетеміз деген шала ойдан аулақ болу қажет. Иә, билік халықтың жағдайын жасауы керек. Бірақ халық та өз кезегінде биліктің қабылдаған заңдарын мүлтіксіз орындауы шарт.

 

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
Жоқ
– Жерді басып алудың заңсыз екенін мойындасақ та, осы оқиғаға алып келген жағдайлардың себебіне назар аударуымыз қажет. Орынсыз шығын шығып, зияны тиіп жатса, кінәні билік өзінен іздеу керек сияқты. Бізде ішкі көші-қонға байланысты бірде-бір заң жоқ, тіпті мемлекеттік бағдарлама да қабылданбаған. Экологиялық зардаптары жойқын елді мекендерден, ауылдардан қалаларға жылына қанша адам көшіп келетіні есептелген, әбден пысықталған бағдарлама қабылдау керек еді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізден 2 млн өзге ұлт өкілдері қоныс аударса, дәл сондай мөлшерде ішкі миграция да жүріп жатты. Ал енді Алматыдағы жағдайға келер болсақ, ресми статистика бойынша, қалаға жылына 40 мыңдай адам көшіп келеді екен.
Менің ойымша, нақты көрсеткіш ресми статистикадан да көп болуы мүмкін. Осындай тасқынның салдары «Шаңырақ», «Бақай», «Әйгерім» т.б. шағындаудандарды қалыптастырды. Жергілікті халықтың қысымымен жер бөлінгендіктен, ол жерлерде газ, ауызсу мәселелері шешімін таппай, инфрақұрылымдық базасы сын көтерген жоқ. Ол жерлерде тіпті табиғи апаттардың алдын алу шаралары да ұйымдастырылмады. Мемлекет тарапынан бұл мәселеге көңіл бөлінбеуі түсінікті. Себебі жергілікті халық белгілі бір қысыммен, қарсыласудың арқасында қоныстанған болатын. Ірі қалалардың маңына халықтың шоғырлануы басқа мемлекеттерде де болған және бола береді. Меніңше, заңсыз басып алу мемлекетке зиян болмауы үшін алдын алу шараларын сауатты ұйымдастыра білу керек. Кез келген елдің үкіметі халқына өзінің баласындай қарауға міндетті. Осыдан екі жыл бұрын 10 сотықтан жер үлестіру туралы бастама көтерілген еді. Алайда ол бастама да сиырқұйымшақтанып кетті. Міне, жергілікті билікте жауапкершіліктің төмендігінен әлеуметтік шиеленістер де орын алды. Мемлекет зиян шекпеуі үшін алдын ала тұрғындарға табиғи апаттарға шыдас беретін қолайлы жерлерді таратып не болмаса көпқабатты үй салып беру арқылы өзекті проблемаларды шешіп беруі керек. Сонымен қатар «Шаңырақтағы» былтырғы су шайып кету оқиғасынан кейін әкімшілік тиісті шараларды қолға аламыз деп уәде берген болатын. Ол уәде де желге ұшып кетті. Заңсыз басып алса да халық сол жерде тұрақтап қалды ғой. Енді әкімшілік сол аудандардағы барлық мәселеге жауап беруі керек.

 

 

Бейтарап пікір
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Бұл мәселенің бәрі ауыл азаматтарының қалаға үдере көшуінен басталды. Ал оны күшпен тоқтату мүмкін емес. Тіпті кеңестік кезеңдегі «прописка» жүйесін де енгізіп көрген едік, одан да нәтиже шықпады. Сондықтан мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасын кеңейтіп, осы бағытта одан әрі жұмыс істей беру керек. Бұл проблемалар шешілмесе, үлкен әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін. Менің ойымша, мемлекет екі шығынданғанды құп көрмесе, әлеуметтік үй салу мәселесін күн тәртібіне қойып жұмыс істеу керек.



Әзірлеген Жарқын Түсіпбекұлы
«Алаш айнасы» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір