Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Үміт пен күдік 8100 0 пікір 4 Шілде, 2014 сағат 13:34

МИССИОНЕРЛЕРДІ ТОҚТАТУ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ

Белгілі саясаткер, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дос Көшім Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының қызметкері Ш. Аманбайға берген сұхбатында  зайырлы қоғамдағы діни ахуал туралы әңгімелейді.

 

 

Қазіргі таңда отандық сарапшылар тарапынан талқыға түсіп жүрген тақырыптардың бірі зайырлылық ұғымы. Бұл ұғымды сіз қалай түсінесіз?

- Өз басым, мемлекетке арналып қолданатын зайырлылық ұғымын – жеке адамдардың қасиетіне қолданатын парасаттылық, сабырлылық ұғымдарына жақын деп білемін. Бірақ біздер «Светское государство» деген саяси-қоғамдық терминді «Зайырлы мемлекет» деп аударып, қоғамдық өмірге енгіздік. Викепедияда «Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Бұл ұғым Қазақстандағы діни мекемелер мен діннің мемлекеттен ажыратылғандығын білдіреді. Қазақстандағы нанымдық ағымдардың ісіне мемлекет араласпайтындығын білдіреді. Діни негізде партия құруға жол берілмейді. Мемлекет органдары қағидалық заң негізінде емес, Конституция негізінде жұмыс істейді» деген жолдар бар.  

Алайда, біріншіден, бұл тұжырым – мемлекет пен діннің арасындағы сан түрлі қатынастарды толық қамти алмайды, екіншіден, бүгінгі болмыс «діннің мемлекеттен ажыратылғандығын» дәлелдей де алмайтын сияқты. Әрине, дін - жеке адамдардың сенімі, бірақ қоғам да сол жеке адамдардан тұрады емес пе... Меніңше, қарапайым азаматтардың көпшілігі «зайырлы қоғамды» - мемлекеттің заңдары діни қағидаларға негізделмеген мемлекет деп түсінетін секілді. Әрине, мұның барлығы адам құқығы мен еркіндігіне негізделген ашық, демократиялық қоғамның принциптеріне саяды.  Зайырлы қоғамды дінсіздердің (атеистік) қоғамы деп түсінушілік те орын алады. Бұл – сөз жоқ, қате түсінік, себебі зайырлы мемлекеттердің барлығында да сенім бостандығы, қалаған дініңді ұстану еркі сақталған.

Мемлекет азаматтардың дінді ұстану еркін мойындай отырып, кейбір дінге қатысты мәселелерді заң арқылы реттеуге күш салады. Қысқасы, мемлекет пен діннің арасындағы аса күрделі қарым қатынасты «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындармай» ұстап отыру – екі жақтан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да, заңдарда кездесетін «зайырлы қоғам» ұғымына нақты, жан-жақты түсінік беріп, мемлекеттегі діннің орны мен мемлекеттің құқығын анықтап көрсеткен дұрыс деп ойлаймын.

- Осы ретте, Қазақстанда қалыптасқан зайырлылықтың өзіндік ерекшеліктері жайына тоқталсаңыз...

- Көптеген елдер зайырлы мемлекет болып аталса да, сол жердегі тарихи қалыптасқан жағдайларына қарай сол елдің «негізгі діні» немесе «мемлекеттік діні» деген ұстаным да орын алады. Мысалы, Грузияның Конституциясында «православие шіркеуінің ерекше рөлі мойындалады» деген тұжырым кездессе, Болгарияның Ата заңында «шығыс православия – дәстүрлі дін болып саналады» деген сөздер бар. Германияның жұмысшыларының жалақысынан белгілі бір пайыз шіркеуге салық есебінде мемлекеттік деңгейде алынады. 60 пайыз мұсылман тұратын Малайзияда дін бостандығы болса да, мемлекеттік дін – ислам діні болып саналады. Зайырлы елдің қатарындағы Италияда да католик діні – мемлекеттік дін есебінде мойындалады.

Ал ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабында (3-тармақ) «Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді» делінген. Яғни, Қазақстанда қалыптасқан зайырлылықтың мен үшін өзіндік ерекшелігі – жетпіс пайыздан артық мұсылман қауымы бар, мемлекет құрушы қазақ ұлтының тарихи діні болып саналатын мұсылман дінінің басқа діндермен тең дәрежеде болуы. Әрине, ислам дінінің өміріміздегі алатын орны мен рухани рөлінің өлшеусіз екендігі анық. Десек те, өзгеге сыйластық танытып, ынтымақтастықты арттыру да асыл дінініміздің ұстанымынан алшақ кетпейді.

- Қазақстан келісім мен түсіністік сақталған көпконфессиялы мемлекет. Алайда, түйткілді мәселелер де жоқ емес, жалпы еліміздегі бүгінгі діни ахуалға көзқарасыңыз қалай?

- Бүгінгі Қазақ еліндегі діни ахуалға қанағаттанарлық деген баға берер едім. Құдайға шүкір, діни конфессиялардың арасында қайшылық, дүрдараздық жоқ, ішкі саясатқа белсенді түрде араласып жатқан діни топтар, партиялар да көрінбейді.

Алайда, қоғамдық жағдайға кері әсер беретін екі мәселенің бар екендігін мойындауымыз керек. Бұның біріншісі – елімізге қаптап келіп, өздерінің бізге жат қағидаларын таратып, дәстүрлі дінімізді аздыруға жұмыс істеп жатқан сан түрлі секталар болса, екіншісі – мұсылман дінінің ішіндегі бұрын бізде болмаған, ұлттың бірлігіне қауіп төндіретін жаңа ағымдар. Бұлардың біреулері саяси мәселені, (мысалы, халифат құру мәселесін) мансұқ етсе, енді біреулері ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған діни сенімін, соған қатысты рәсімдерін «қайта қарауға» бағыт алған жаңа ағымдар.  Әрине, біріншісінен көрі екіншісі қауіптірек.

Қазақ елі зайырлы мемлекет болып саналғанмен, дін саласында заңдық шеңберде жүзеге асатын мемлекеттік саясат жүргізіледі.

Осы орайда, жоғарыда айтылған екі қауіптің алдын алу бағытындағы жұмыстармен құзырлы органдар айналысып отырғандығын көріп отырмыз.

Осыдан екі жыл бұрын қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң бұл мәселені шешуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Мұнда дәстүрлі емес діни ағымдардың заңсыз насихаттарын болдырмау мақсатында, діни әдебиеттерді тек қана белгіленген орындарда тарату, діни бірлестіктерді тіркеуде құрылтайшы адамдардың санын көбейту, мемлекеттік мекемелерде және білім беру орындарында діни рәсімдерге тыйым салу секілді баптар қарастырылған.

Заңдағы діни рәсімдерді қызмет орындарында, т.б. өткізуге тыйым салу қоғамда намаз оқитын жандардың құқығын шектеу ретінде қабылданды. Кейбіреулер ислам дінін ұстанушылары саусақпен саналатын батыс елдеріндегі кейбір ережелерді (қоғамдық орындардағы намазханалар, ұшақта мұсылмандарға халал тағамдар берудің кепілдігі, т.т.) мысал ретінде алға тартты. Алайда, қазіргі кезде, қоғам аталмыш ереженің халықтың рухани қауіпсіздігін ойластырудан туындағанын ұғынуда.

- Өзіңіз жоғарыда атап өткен қауіпті діни ағымдарға тосқауыл қойып, олардың теріс ықпалының алдын алу үшін нендей жайттарды назарда ұстағанымыз жөн?

- Біріншіден, қазақ жеріндегі «миссионерлік» бағытта жұмыс істеп жүрген секталарға, діни топтарға қатаң, заңдық негізде тыйым салыну шарт (Өкінішке орай, «миссионер» термині біздің заңымызда да бар. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда «Миссионерлік қызмет» деген арнайы тарау бар! Ол жерде: «миссионерлік қызмет - Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі» деген тұжырым да орын алған).

Миссионерлік жұмыстар пұтқа табынатын не болмаса ешқандай дінді білмейтін елдерге барып, дін тарату, дінді орнату болып табылады. Ал Қазақ елі орта ғасырда қалған Африка халықтары мен Амазонканың бойын мекендеген жабайы тайпалар емес, ғасырлар бойы мұсылмандықты ұстанған, алланы таныған ұлттың отаны емес пе. Сондай елде «миссионерлік» жұмыс жасау – ата-бабаның дінінен бездіріп, басқа дінге, не сектаға тарту деген сөз. Оны тоқтату – мемлекеттің міндеті. Бауырымызды ашып, келгендердің барлығына (олардың қандай оймен келгендерін көріп, біле отырып) жайылып жастық боламыз деп жүргенде, өзіміздің де, ұрпағымыздың да имандалығынан айрылып қалуымыз ғажап емес.

Екіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қажылар қауымдастығы, т.б. осы бағыттағы ұйымдар белсенді жұмысқа көшулері керек. Шынын айту керек, біздерде ашық пікірталас жүргізіп, бұлтартпас дәлелдер келтіре отырып, сол арқылы қарсыласыңның емес (діни фанатизмді жеңу аса қыйын мәселе), халықтың көзін ашу, діни ағарту жұмыстары жетіспейді. Басқа ағымдарды, оның ішінде радикалды ағымдар да бар, сынау бар да, қайшы көзқарастарды қатар қойып, пікірталастыру, бұлтартпас дәлелдерге сүйене отырып, ағарту жұмыстарын жүргізу жағы жетімсіз.

Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарында дінтанушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері өздерінің пікірлерін, сирек те болса, жариялап тұрады, алайда бұл жұмыстардың жалпы жұртшылыққа, қалың қауымға жететін түрлерін көре алмай отырмыз. БАҚ-тарда қарсы жаққа сөз беру тәсілі мүлдем кездеспейді, соған қарағанда, не жаңа ағымдардың айтқаны халықтың көңілінен орын алып қалады деген қорқыныш бар сияқты, немесе біздің арамызда сол ағымдардың өкілдеріне байыпты түрде, дәлелді уәж айтатын мамандар жоқ сияқты.  Бұл – «біздің бағытымызды қолдамайтындардың аузын жабу» деген бұрынғы кеңестік саясатқа ұқсайды. Молдалардың жаназа, ас беру үстінде айтқан қысқаша уағыздарының өзі талай адамға ой салып, имандылыққа тәрбиелейтінін жақсы білеміз, бірақ олардың да мешіттен шығып, халықтың арасына келетін кезі келді деп білемін.

Үшіншіден, қазақ жеріндегі мұсылман қауымды біріктіру, жарастыру мәселесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек. «Ойбай, мұсылмандық сан түрлі жолға түсіп, сан саққа бөлініп кетті, бәрі бітті!» деп, екі қолымызды басымызға қойып, қашып кету – халықты діннен бездірудің ғана жолы болып табылады. Біреулеріміз «Анау азаматтың әкесі қайтыс болғанда үйінен ас бермепті, қазақтықтан кеткен, дінімізден безген екен» десек, енді біріміз «Пәленше деген кісі әулиенің басына қонып, дертіне шипа сұрапты, бұл - аллаға серік қосу ғой» деп, бір-бірімізді алапес қылуды да қоюымыз керек. (Әрине, қазақ халқының мұсылмандықты ұстану жолының ұлттың салтымен, әдет-ғұрпымен кірігіп кеткенін бәріміз жақсы білеміз).

Тәуелсіздіктен кейін көптеген жастарымыз ислам елдеріне барып, беделді діни оқу орындарында білімдерін жетілдіргені белгілі, олардың кейбіреулері қазақтың діни ұстанымындағы кейбір ерекшеліктерге көңіл аударып, сыни көзбен қарауға кіріскені де шындық.

Сонымен қоса батыс аймақтарға Кавказ жағынан радикалды бағыттағы ислам ағымдары, олардың эммисарлары ене бастады. Діннің әліппесін ғана меңгерген (кейбіреулеріміз оны да шала-шарпы білеміз, соның біреуі – менмін...) қарапайым халық өзіне ұнаған сөзді шындық есебінде қабылдай бастады. Бұл – ғасырлар бойы бір бағытта болған қазақтардың арасында діни топтардың, бағыттардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Меніңше, осы уақытта мұсылмандарға тән шыдамдылық, кешірімділік пен сабырлылық қасиеті бірінші орынға шығуы керек. Халықтың басым көпшілігі мұсылман дінінің негізін түсініп, өздері ой түйіп, баға бере алатын дәрежеге жеткенше (бұған ондаған жылдардың кетуі мүмкін), жауласудан көрі пікірталастыру, сендіру жұмыстарын бірінші орынға қойғанымыз дұрыс.

- Уақыт бөліп пікір бөліскеніңізге үлкен рахмет. Ел игілігі үшін атқарар ісіңізге сәттілік тілейміз.

-   Рахмет. Тағы бір айтатыным, кейде саяси-қоғамдық жұмыста жүрген адамдарға қоғамдық өмірдің сан түрлі саласынан сұрақтар қойып, пікірлерін білгісі келеді. Сол уақытта әрбір саясаткердің мамандығы, өзінің саласы бар екендігін де ұмытпауымыз керек. Менің негізгі бағытым – демократия мәселесі, ұлттық, ұлтаралық мәселелер, сондықтан дін мәселесінде оқырмандарға жол көрсетіп, ақыл айтамын дей алмаймын. Менің бұл пікірлерімді – қарапайым көп қазақтың бірінің пікірі деп қабылдаңыздар.

 

Сұхбаттасқан – Ш. Аманбай,

Abai.kz

0 пікір