Жұма, 17 Қыркүйек 2021
Тұлға 3964 0 пікір 8 Шілде, 2014 сағат 10:51

САТТАРДЫҢ ОРНЫ ҚАЙ ЖЕР?

...Әлі есімде, 1994 жылдың қыркүйек айы еді. Түркістан қаласында талантты жазушы Саттар Ерубаевтың туғанына 80 жыл толуы салтанатты түрде аталып өтіп жатқан. Содан бірер жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Саттар сүйген сұлу» атты деректі очеркім жарияланған мені ұйымдастырушылар осы мерейтойға арнайы шақырған еді.

Өмірден ерте өтіп кеткен қазақтың тағы бір талантты қаламгері, жазушы Марат Қабанбай ағамызбен той күндері мейманхана бөлмесінде бірге тұрып, мерейтой шараларына бірге барып жүрдім.

Той шаралары аяқталып, қайтар күні кешкісін сыйлы меймандарға арнайы дастарқан жайылып, банкет берілді. Төрдегі стол басында – елге танымал ақын-жазушылар, өнер адамдары, әкім-қаралар. Әуелеген әндер мен күмпілдеген сөздерден құлақ тұнады.

Марат аға өзінің қарапайым қалпымен шеткері тұрған бір столға барып, отыра салды. Мен де қасына жайғастым. Кешті басқарып жүрген жігіт әлден уақытта жазушы Марат Қабанбайға сөз кезегін берді. Сонда Марат аға маңғаз қалпымен орнынан тұрды да, былай деді:

-Анау деп, мынау деп жатырсыздар ғой. Ал менде бір ой бар. Егер дәл қазір Саттар Ерубаев мына есіктен кіріп келсе, оның орны қай жер болар еді? Міне, парадокс!     

Осылай деді де, Марат аға орнына отырды. Жұрт жым-жырт. Мен де ойланып қалдым. Шынында, Саттар осы мейрамханаға кіріп келсе, орны қай жерден болар еді?

Биыл Саттар Ерубаевтың туғанына 100 жыл. Өзі айтпақшы, «өмір дегенде өксігін баса алмай, өнерінің барлық гүлін аша алмай» арманда кеткен тамаша талант иесінің бұл мерейтойы қандай деңгейде аталып өтпекші? Саттардың тойы Түркістан қаласының ғана тойы ма? Неге оны республика көлемінде салтанатпен атап өтпеске?

 

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 Қарағанды қаласы 

Abai.kz

0 пікір