Жексенбі, 5 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Билік 3925 0 пікір 8 Шілде, 2014 сағат 11:57

Рақымшылық - отансүйгіштігімізді дәлелдейтін шара

Қазіргі кезде дүние-мүлікті, ақшаны заңдастыру туралы көп әңгіме айтылуда. Шындап келгенде, қарапайым халық аталған шараның не үшін өткізілетінін біле бермейді. Ол үшін жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Бірде БАҚ-тардағы ақпараттар ағынын қарап отырып: «Байлардың шетелде тыққан 12 миллиард доллары заңдастырылады» деген хабарды көзім шалды. Шынында да солай ма?

Әрине, бұл біріншіден, біздің Үкіметтің болжамы. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ағамыз елге «оралатын» ақша мен мүліктің құны шамамен 2,2 триллион теңгені немесе 12 миллиард АҚШ долларын құрайтынына болжам жасаған. «Келетін ақша бұдан аз да, көп те болуы мүмкін. Істің нәтижелі болуы біздің жұмысымызға байланысты» деді ол.

«Оралатын» деп айтып отырғанымыз, бұл рақымшылық шарасының оффшорлық аймақтардағы және басқа да жерлердегі ақшаны қамтитыны белгілі. Өйткені, ауқатты қазақстандықтардың барлығы ақшасын елімізден тыс жерлерге шығаратыны ашық айтылып жүр. Мәселен, Бас прокурор Асқат Дауылбаев соңғы жылдары Қазақстаннан 140 миллиард долларға жуық қаражат шетелдерге кеткенін мәлімдеді.

Ендігі мәселе сол қаражаттың елімізге «оралуында». Бұл жерде екі нәрсені еске ұстаған жөн. Біріншіден, отансүйгіштік сезім. Өзінің туған еліне жаны ашитын азаматтар ақшасы мен мүлкін Қазақстанның игілігіне жұмсайды. Яғни, біреуге барып: «Сен патриот бол! Шетелдегі ақшаңды, мүлкіңді Қазақстанға апарып заңдастыр!» деп бұйрық бере алмаймыз. Керісінше, бұл жерде ерікті түрдегі патриоттық сезім рөл ойнауы тиіс. Кезінде өзінің елінің арқасында белгілі бір дәулетке қолы жеткен азаматтар жақсылап ойланғаны жөн. Қыруар қаражатты басқа елдердің мүддесінен гөрі, өз еліңнің игілігіне жұмсау – әрі имандылық, әрі ізгілік екені даусыз.  

Есте ұстайтын екінші жағдай – қауіпсіздік. Қазіргі әлем ала-құла. Саясат та сан құбылып тұр. Осындай алмағайып кезеңде кәсіп істеп, ақшасын тиыннан құраған әрбір кәсіпкер өзінің де, ақшасының да амандығын ойлайды. Ақша да тұрақты қоғамда «өмір сүруі» тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өз азаматтарына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулық салтанат құрған біздің қоғам бизнес ашуға, инвестиция салуға өте қолайлы. Мысалға, кезінде Грузияға, Украинаға және т.б. елдерге ақша салған көптеген отандастарымыз қазір бармағын шайнауда. Олар саяси тұрақсыздық жайлаған елдерге салған миллиондарының қайда кеткенін білмей дал болуда. Әрине, осындай келеңсіздіктерге душар болмау үшін, ақша мен дүние-мүлкін Қазақстанға әкеліп, заңдастырғандар ұтады.

Онымен қоса, рақымшылық шарасы бірқатар жеңілдіктер береді. Солардың бірі – жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында табыс ретінде танылмайды және тиісінше жеке табыс салығы салынбайды. Жария ету субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Және Үкімет «оралған» ақшаға ешкімнің тиіспейтініне кепілдік береді. Мемлекет бұл рақымшылық шарасы еліміздің экономикасына қосымша қаражат пен мүлік тарту мақсатында жүргізілетінін ашық айтуда.

Осы жерде заңдастыруға жатпайтын жағдайлардың да барын ұмытпайық. Заңдық құжатта ап-анық етіп жазылғандай, жекелеген қылмыстық іс-қимылдардың нәтижесінде алынған дүние-мүлік, ақша заңдастырылмайды. Жекелеген қылмыстарға: белгілі бір адамның жеке басына, конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарына қарсы жасалған қылмыстар, мемлекеттің конституциялық құрылымы мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылықтар, мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы келетін іс-қимылдар жатады.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір