Сейсенбі, 26 Қазан 2021
Дода 4855 0 пікір 10 Шілде, 2014 сағат 10:07

КОСТА-РИКА ЕРТЕГІСІ НЕМЕСЕ БРАЗИЛИЯ БАҚЫТСЫЗДЫҒЫ

Көз жасы көл болған жанкүйерлер

Кеше футбол жанкүйерлері үшін сенсациялы күн болды. Әлемнің 5 дүркін чемпионы Бразилия ең бақытсыз елге айналды. Сан мыңдаған жанкүйерлерін Минейро стадионында зар еңіретіп жылатты. Оны жанкүйер біткеннің көз жасынан байқадық көгілдір экран алдында. Біріншілік басында фаворит саналған жарыс қожайындары Германиядан ойсырай ұтылды. Бразилияда қаралы күн. Бұндай күн әрбір мемлекет үшін қайғылы апатты жағдайларда немесе ұлы көсемдері өлген күні туатын еді. Бірақ Бразилияда ол қаралы күн футбол ойынында туындады. Бұлай болады деп кім ойлаған. Дәл  бүгінгі жеңілісі арқылы жанкүйерлерін зар еңіретіп жылатып, ұлы футбол королі атанған Пеленің жүз жылдық тарихына сызат түсірді. Олай дейтініміз футбол десе бразилиялықтар алдына жан салмай, ешқашанда осындай сұмдық ірі есеппен ұтылмаған. Тек 1998 жылы Францияда өткен  әлем чемпионатының финалында алаң иелерінен 3-0 есебімен ұтылған. Енді міне екінші ірі жеңілісі. Ең көп салынған голдар қатырана 1938 жылы Бразилия мен Польша арасында тіркелген. Бразилия командасы тұңғыш рет қақпаларына жауапсыз 5 гол жіберіп алған. Бірақ ол жолы Польшаға 6 гол тоғытып жеңімпаз болды. Одан басқа ойындарда бұлай ұтылмаған оңтүстікамерика жұрты әлемді аузына қаратып, футбол тарихында теңдессіз рекордын жасап келе жатқан футбол падишасы әлем жанкүйерлері алдында ұятты жағдайда қалды.

Бразилия – Германия 1-7

Әлемдік мундиальдың жартылай финалдық ойындары нағыз «трагедиямен» басталды. Футбол тарихындағы трагедиялы  ойын,  енді жүз жылдық тарихта айтылатын жаңа бетке айналды. Бразилия өз алаңында Германия құрамасынан 1:7 есебімен ұтылды. Бұл көрсеткіш жалпы жартылай финалдық ойындар тарихында кездеспеген. Бұл жаңашылдық. Немістер қатарынан гол салған Клозе болса, жалпы Әлем чемпионаты тарихындағы ең көп гол салған футболшылардың тізімін бастады. Ол да бір жаңа тарихтың бетін ашты. Осыған дейін бразилиялық Роналдо Германия жерінде болған 2006 жылғы әлем чемпионатында  он бесінші голын салып көшбастап тұрған болатын, ал Клозе Бразилия елінде тізгінді өзі алып отыр. Осының өзі мундиаль тарихына айтарлықтай дүрбелең орнатты.

3 минут ішіндегі трагедия

Алаңға шыққан Бразилия мен Германия ойыншылары ойынды тәуір бастады. Он минут бойы алма кезек шабуылдар ұласып тұрған  ойын болды. Сол сәтте күтпеген жерде 11- минутта неміс шабуылшысы Мюллер қақпа бағанын дәл көдеп есеп ашты. Әрине ойын трагедияға ұласады деп ойламадық. Бразилиялықтар есепті теңестірер деп ойлаған ойымыз он бес минуттан кейін күл талқан болды. Небәрі үш минутта үш гол салып, неміс машинасы стадиондағы бразилия жанкүйерлері мен көгілді экран алдындағы жанкүйерлерді көздеріне жас алдырып, трагедияға алдырды. Гол авторлары жаңа тарихтың бетін ашқан үздік сүрмерген Мирослав Клозе мен дубль авторы  Тони Кроос. Осы соғылған төрт гол  сары түсті жейдедегі ойыншылардың көңілін ойрандап кетті. Немістер әр ойынға әр түрлі жоспар құрып шығады. Бүгінде дәл солай жасады. Әр кездесу сайын өз нәтижесін беріп келеді. «Неймар үшін финалға шығамыз»- деген құр сөз болып қалды. Мақсат қойды, орындай алмады. Германия құрамасының шабуылы тым «өткір» болды. Ашық қалса болғаны « гол» салуға  дайын футболшылар жүгіріп жүрді алаңда. Ал, Бразилия құрамасы ше? Бразилиялықтардың шабуылы айтарлықтай оң нәтиже берген жоқ, өрнек көрсеткен жоқ. Биылғы мундиальдың зор денелі шабуылшсы бразилиялық Фредттің қолынан еш қайран келмеді. Құрама сапында  белсенді ойнағандар  жартылай қорғаушылар Луис, Марсело, Оскар, Бернард төрттігі болды.. Шабуылшылар жарытып ештеңке көрсете алмады. Германия құрамасынан пасы тура, тепкені жойқын шығатын Кроос екі гол, алаңға қосалқы құрамнан қосылған Шюррле екі гол, Хедира, Клозе, Мюллерлер бір-бір голдан салды. Алаң иелерінен салынған жалғыз голдың авторы – Оскар.

Неймарсыз жеңіліс немесе «Бразилия-Германия» қойылымы

Көгілдір экран алдына түн үйқымызды төрт бөліп, сағат 2.00 де Бразилия мен Германия ойынын тамашалауға бел будық. Бразилияға үміт артып, жеңімпаз болады деген ой үстінде отырған арманымның бәрін күл талқанын шығарды неміс машинасы. Менің ғана емес, Бразилия жанкүйерлері, тіпті алыста отырған сан мыңдаған  футбол жанкүйері мұндай жағдайды күтпегенді. Бұл нағыз «трагедияға» толы кеш болды. Театрдан «Бразилия-Германия» қойылымын тамашалағандай күйде қалдық. Театрды ешкімде жылап-сықтап көз жасын көл қылмаушы еді. Тіпті қойлымды тастап кеткен театр көрермендерін көрмедік біздер. Бірақ бүгінгі Минейродағы қойылымды көрермендер көруден де бас тартты. Бразилиялықтардың ащы жеңілісіне жанкүйерлері қайғырды. Бірақ Бразилия президенті Дилма Роусефф өзінің твиттер әлеуметтік желісінде  отандастарын Германия құрамасынан жартылай финалдық ойындарында жеңіліске ұшырауына байланысты, көңіл-күйлерін түсірмеуге шақырды. Сондай-ақ, Роусефф барлық бразилиялықтар сияқты жеңіліске қынжылғанын айтты. Қазіргі күні әлем елдері бұл сенсациялы ойынды таразы басына салып, қорытынды жасауда. Ғаламтор сайттары мен әлеуметтік желілер Бразилия трагедиясын сан-саққа соқтырып, гу-гу әңгімеге ұластырып жатыр. Бірақ бұл ойында Бразилия құрамасының үздік шабуылшысы Неймар мен жартылай қорғаушы, Неймарға пас үлестіріп, тәжірибелі ойын көрсетіп жүрген Тиагу Силваның жетіспейтіндігі анық байқалды. Осыған  дейін бразилиялықтарды жартылай финалға дейін сүйреп әкелген Неймардың еңбегі зая кетті. Бірақ Неймар бүгінгі ащы жеңілістің ашуын алады деген ойдамыз. Лайым солай болғай. Неймар бір өзі жалғыз Неміс машинасының күлін көкке шығарады деп ойлаймын. Оның осы уақыт аралығында бразилиялықтарды жартылай финалға дейін бір өзі сүйреп келсе, неміс машинасын бір өзі тоқта та алады. Оны енді уақыттың еншісіне қалдырайық.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ 

Abai.kz

 

0 пікір