Сенбі, 20 Сәуір 2024
Сатира 6173 0 пікір 10 Шілде, 2014 сағат 10:31

МҰХТАР ШЕРІМ. ЖАППАЙ ЖЫЛАЙ БАСТАДЫҚ...

Белгілі сатирик-жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Шерімнің кезекті тағы бір кітабы «Наурыз» баспасынан жарық көрді. «Құдағи құшақтай береді», «Обшым, адам емессіңдер», «Қашқандар мен қуғандар»  және төрт томдық сатиралық кітаптар авторының  кезекті дүниесі  –«Күлкі–өмір кілті» деп аталады.  «Оңтүстік қаламгерлерінің кітапханасы» сериясымен оқырмандарына жол тартқан кітаптың жауапты шығарушысы- белгілі журналист-жазушы Атанбек Наурыз. Сықақшының бұл еңбегі ораза ұстайтын мұсылмандарға рухани көмек ретінде ұсынылып отыр.  Алғашқы беттерінде ораза кестесі, намаз уақыты, ораза ұстаушыға 13 кеңес берілген,  «Отыз күн оразаға–Мұхтар Шерімнен отыз ауыз күлкі» айдары да айшықталып жазылған, әрі қарай сатира ауылына жол тартып кетесіз.


  Бұрын футбол дегенде, делебем қозбайтын, көршім де теледидардағы футболға мойнын созбайтын. Мен бар ғой: «Осы доп қуалап, таласып жүргендер де қызық-ей! Бір допқа таласады да жатады. Спорт дүкенінде  ала доптар көп емес пе?»-деп ойлайтынмын. Төрт-бес жыл болды, көршім екеуміз футбол десе, «лезбімен» бас терімізді сыпырып алып, тері цехына өткізетіндей күй кешіп жүрміз. А-айтпақшы, өткен аптада үлкенім үйленетін болып, беташарға дайындалып жатқанбыз.

     Балам қаладан балшық ботқа жегендей, біреу өзіне бірдеңе дегендей, бұртиып, сүметіліп, сүмірейіп келді...

–Ау, келін қайда? –деп сұрадым мен.

–Бразилия жеңіліп қалды... –деп кемсеңдеді ұлым.

–Бразилияның қатысы қанша?

     Сөйтсем,  балам біреудің қалыңдығына ғашық екен. Ал, анау жігіт те үйленуге асық екен.  Содан екеуі кездесіп: «Гуля екеумізбен де жүреді. Таласып жатсақ, жұрт жыртыла күледі. Одан да бәстесейік, осы әлем чемпионатында Бразилия командасы жеңсе, сен «отставкаға» кетесің. Махаббатыңды үрлеп өшіресің. Жүрек лүпіліңді басқа қызға көшіресің. Ал, Германия жеңіп кетсе, ай қайдам, жеңіліп қалады-ау! Бразилия  мықты-ы! Германия жеңіп кетсе, мен сендерге «Бақытты болыңдар!» деймін... Пистолетпен атысып қайтеміз? Осылай етейік...»- депті. Гуляға барады ғой.

–Негізі... Жалпы алғанда... Қысқасы... Не ғой... мен екеуіңді де сүйемін... Солай келіссеңдер, әйтеуір біреуіңе тимегенде қайтейін!»- депті  экс-келін. Өздеріңіз білесіздер Бразилия Германиядан «1-7» болып  жеңіліп қалды ғой, масқара болғанда! Өзіміз теледидардың ішіне кіріп кете жаздадық қой, масқара болғанда! Мен де Бразилияға бүйрегімді бұрып жүргенде, құдай ұрып қалды ғой! Бразилия жеңілгенде, туайын деп тұрған сиырымның өзі түсік тастап, өлі бұзау туғанын қарашы! Бразилия қақпасына гол кірген сайын мөңіреп, тыпыршып, көздерінен жас парлады... Қайран, Бразилия!  Ертеңіне  көшеге шықсам, көршім, және інілері таяқ сүйеніп жылап тұр. Не болғанын түсінбей қалдым... Әке- шешесі  үйінде жүр... Бір қарасам, бір топ қатын-қалаш, еркекері аралас, ботадай боздап келеді екен. «Бразилия бауыр-ре-е-е-ем, бауыр-рем! Атаңа нәлет жеті гол желкеңді үзіп кетті-ау! Финалға жете алмай, қыршыныңнан қиылдың-ау, Бразилияжан... Германия жеті голға жеті шелпек пісіріп, құдайы беріп жатқан шығар? Футболдағы топырағың торқа болсын, Брази-и-и-лия...»-деп Бетсізбайдың әйелі аңырағанда, мен де кемсеңдеп, ақырында ақыра жыладым-ай! Көршіммен жылап көрістім. Негізі, біздің ауылда жұмыс жоқ... Жұмыс жоқ болған соң, ауыл біткен үйлерінде жатып алып, әлем чемпионатын көретін. Енді міне, көршім Көргенбайдың, бәріміздің Бразилиямыз «қайтыс» болып, қабырғамызды ұстап көрсек, кәдімгідей қайысып, майысып кетіпті-ей... Әкем өлгендей өкіргенім-ай!  Жұртқа қосылып, өтірік жылап жүргендер де бар. Түкке түсінбей, «Кімің өлсе де, топырағы торқа болсын...» деп жүргендер де жетерлік. Молда жетіп келіпті. Бразилияға бағыштап құран оқылды.  Ала допқа «Бразилия» деп жазып, оны қыр етегіне жерлеп қайттық... Міне, біздің ауылдың фанаттары осындай! Кешіріңіз, сіз қай командаға «бәлелшік» едіңіз? Жылап жүрсіз бе? Әлде, асыр салып, секіріп жүрсіз бе? Секіріп жүрсеңіз, сирағыңызды сындырамын!

 

 Abai.kz

0 пікір