Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 8122 0 пікір 12 Шілде, 2014 сағат 14:17

Қамысты Украинадан қашқандарды қарсы алуға дайын

   Қостанай облысы тәуелсіз Қазақстанның бір бөлігі екендігіне мен өте үлкен күмәнмен қарайтын болдым. Сірә, көп ұзамай Ресей азаматтығын алуды да ойластыратын шығармын. Неге дейсіздер ме? Өйткені мұнда тұратындардың басым бөлігі қандай мәселеге болмасын көршіміздің көзімен қарайды, солардың сойылын соғады. Ал билік басындағылардың ұстанған саяаты «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген сөздің мағынасына саяды.

Жә, фактімізді алға тарталық. Осыдан бір ай бұрын осы сайтқа жанымыз шырқырап тұрып «Бұл не қылған жанашырлық?» деген мақала жазғанбыз. Онда бұл өңірде «Донбасс балаларын қорғайық!» деген ұран көтеріліп, бастамашыл топтардың Украинадағы қолына қару алып, егемен елге қатер төндіріп бастаған сепаратистерге көмек көрсетуді ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендер жайлы дабыл қаққанбыз. Тіпті қарулы басбұзарларға қандай көмек көрсету керек,жасақтарды Украинаға қалай жіберу қажеттігін айтқан сайттардың тізімін де әйгілегенбіз. Не болды дейсіз ғой? Ештеңе де болған жоқ. Жергілікті билік құлағы керең адамдай, мелшиіп отыра берді. Мәжілістегі депутат Мәулен Әшімбаев  «мұндайларды тоқтату керек» деп бірдеңе айтқан болып еді. Оның да даусы кейінгі кездері естілмей кетті. Шамасы, жоғары жақтан бөтен хабар тиген болар халық қалаулысына. Сонымен «жабулы қазан жабулы күйінде» қалған сыңайы бар еді.
     Алайда біз қатты қателесіппіз. Бұл бастама аяқсыз қалмапты. Жақында ол жаңаша түрленіп шыға келді. Енді мұндағы «сепаратистердің жанашырлары» тағы бір қулық ойлап шығарыпты. Қазіргі ұранының аты «Украинаға көмек көрсетейік!» болып құбылыпты. Алайда Украина дегені құр алдаусырату. Түпкі мақсаты сол Донецк, Славянск және Луганскідегі «жапа шеккен жандарға» (олардың кімдер екендігін ішіңіз сезіп отырған болар) қол ұшын беріп, бар мейірін төгу. Мұнысын олар жергілікті баспсөзде ашық  жазып та жатыр.Украинадан босқын болып кетсе, тік тұрып қарсы алатындықтарын айтады. «Көңіл сиса, бәрі сияды» дегендей  «босқындарға» бір бөлмесін босатып беретіндігін айтып, көз жасын көлдеткенде, тіпті байғұстарды аяп кетеді екенсің. Телефон нөмірлерін, тұрған мекен-жайларының адресін беріп жатқандар да жетерлік. Олардың арасында бір қаракөз қарындасымыз да бар. Қысқасы, жергілікті баспасөз қуана хабарлағандай, әлгі қарындасымыз нағыз интернационалистка болып шықты. 
      Жалпы, бұл бастамашыл топтардың белсенделігіне таң қалмасқа шара жоқ. Олар қыза-қыза келе «біз Қостанайда қайырымдылық көмек көрсететін орталық ашайық деп едік, қандай қолқабыс бересіңдер?» деп қалалық биліктің жағасынан алды. Ондағы шенеуніктер болса «Ойбай, ол туралы бізге ешкім ұсыныс жасаған жоқ» деп әзіріге әрең құтылды.Бұлар сірә, біздің көлеңкесінен қорқатын биліктің псиохологиясын терең меңгеріп алғандар болса керек.
  Ол ол ма,  жақында  облысымыздың негізінен қазақтар басым тұратын Қамысты ауданының Дружба деген елді мекенініде «Украинадан қашқан 20 босқынның отбасын қарсы алуға дайынбыз» деген «жалынды» ұран көтерілді. Бастаманы осы селоның әкімі Ринат Байбулов қуана хабарлап жүр.
      Міне, біздегі жағдай – осы. Енді келесіде «біз Ресейге қосылайық!» деген бүкілхалықтық бастама көтерілсе, өз басым оған онша таңқала қоймаспын. Жоғарыдағы «Ресей азаматтығын алатын шығармын» дегенім осындай қауіптен туындаған шарасыздық. Ойбай-ау, менің де бала-шағам бар емес пе? Көмекті қайдан күтемін? Биліктен бе?...

 Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай облысы

Abai.kz

0 пікір