Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қорған 5007 0 пікір 18 Шілде, 2014 сағат 14:56

ОРАЗАДАҒЫ ОЙ: «ЖОЛДАСЫМА ЖАНЫМ АШИДЫ...»

Рамазан, расында да, бірлік пен берекенің айы ғой. Жалпы асыл дініміз – Исламдағы құлшылықтар үмбетті ұйымшылдыққа ұйытады. Иә, Ислам – ұжымдық құлшылықтар діні. Қажылық, айт, жұма, мешіттегі күнделікті бес уақыт намаз, зекет, пітір садақасы, т.б. игі амалдар мұсылманның қарым-қатынасын мейлінше нығайта түседі. Ал ауызашар – ағайынның арасын жақындата түсетін шара, берекелі басқосу.

 

Әлиханның 100 жыл бұрынғы әңгімесі

Алаштың ардақты ұлы, қазыналы қайраткер Әлихан Бөкейханның Ахмет Байтұрсынұлының бас редакторлығымен шыққан «Қазақ» газетінің 1916 жылғы санында қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы мақаласын мұрағаттан тауып алдық. Түпнұсқадағы тақырыбы – «Рамазан айы жақындау тақырыпты». «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Арадан 100 жыл өтсе де мәні мен маңызын, өзектілігін жоймаған мақаладан үзінді келтіруді жөн көрдік:   

«Ораза деген атынан-ақ басқа жақтары халықтың өзіне де белгілі болар. Біз бұл орында ол ретінде жазбай-ақ өтуді лайық көрдік. Жалғыз-ақ, рамазан айы әр жердегі халықтардың бастарын қосып, бір-бірінің халдерімен танысуға, пақырлардың халдерін ескеріп, оларға жәрдем беруге, жұртқа теңдік-құрдастық, ынтымақ-бірлік, саулық-тазалық һәм құлшылық-құдайшылық сияқты істерді үйретуде басқа айлардан көрі көп артық. Сондықтан халық қасында басқа айларға қарағанда мұның қадір, құрметі де зор. Тек біз бұл орында, біздің халық осындай қадірлі, қымбат айды немен өткізбек? Құдайшылық, құрдастық, істерінде нендей іс көрсетпек болғанда ондай көңілдің жіңішке жерінен шыққан қадірлі қызметтерін кімге көрсетпек һәм кімге бермек деген сауалды шешеумен ғана тоқтаймыз. Мұны бізге баяндаудан мақсұт: рамазан айы кіргенде бүтін ислам дініндегі халық, оның ішінде әсіресе біздің қазақ, бұл айды артықша шат көңілмен өткізуге тырысады...» («Қазақ» газеті, 1916 жыл)
         Мұны түсіндіріп, қосымша ой айтудың өзі артық деп шештік.

 

Кімнің кімге жаны ашуы керек?

Рамазанның берекесі ғой, өткен жолы тума-туыс, құда-жекжаттармен ауызашарда бірге болдық. Биыл алғаш ауыз бекіткен туысқан апамыздың әңгімесі мен ағамыздың ойсалар сөзі, ұтымды ойы бізге де әсер етті.

– 2013 жылдың жазын оразасыз өткіздім, – деп бастады сөзін апамыз.

Пайдасын білмегендіктен ғой. Жолдасым ауыз бекітті. Былтыр да күн ыстық болды. Шіліңгір шілдеге келді. Оразаның кезінде Астанадан құдамыз бен құдағиымыз келді. Олар әскери адамдар. Рамазанмен «шаруасы» жоқ. Қыдыруға келген адам ауыз бекіткендермен санассын ба? «Шарын шатқалына барып қайтайық» деген ұсыныс айтты. Күйеуім көңілдерін қимады. Аузы берік болса да жолға шықты. Оразасын бұзбауға ниет етті. Күні бойы күн астында жүрдік. Шаршадық. Бәріміз Ержанның көзінше су ішеміз. Қазір соны ойласам, қатты ұяламын. Оның тамағы кеуіп, аузы құрғап кеткен. Сусыз еріндері кезерген. Қатты жаным ашыды. «Аузыңды аша салсай» десек, ашпады. Оның жағдайын қазір түсініп отырмыз ғой.

Апамыздың сөзінен кейін іле-шала Ержан ағамыз ғибратты ой айтты.

«Сол кезде маған жандарың ашыса, ал мен Рамазанның сансыз сауабынан құр қалып, Шарын шатқалында шалқып жүрген сендерді аяп кеттім. Қасиетті Рамазан айын оразасыз өткізгендеріңе жаным ашыды. Оразаны себепсіз бұзудың өтеуі – 60 күн ауыз бекіту. Сонда бір күн үшін Рамазаннан кейін 60 күн ораза ұстап беруің керек. Рамазанда орындалмаған бір күннің оразасы жай кезде өтелген алпыс күннің оразасына татиды. Қысқасы, бүкіл жақсылықты жіберіп алып, оразаның нығметін сезінбей кеткен сендерге жаным ашыды», – деді ағамыз.

Бәріміз қарқылдап күліп алдық. Кейіннен ойланып қарасақ, күлетін емес, шынында да «жылайтын» жағдай екен.

 

«Неге ішпейсіз?»

Ойын баласы болған кезімізде ауыл шетіндегі жайлауда сиыр бағатынбыз. Күздің ыстық күндері. Ауылда Басымбек дейтін құрылысшы болатын. Үлкен арықты жағалап, қыстық отын шауып жүр. Бізде (Оңтүстік Қазақстан) оны жыңғыл деп атайды. Бірде ағамыз суын алып ауыз шаяды. Бірақ ішпейді. Осы әдісін бірнеше рет қайталады. «Неге ішпейсіз, қайта-қайта түкіріп тастай бересіз?» – дейміз таңданып. Сөйтсек, аузы берік екен. Тер шығып, таңдайы құрғағанда жібітіп алғаны екен. Қазір соны ойласақ: «Не деген мықты иман, қандай төзімділік?» – деген сауал санаға келеді. Байыптап қарасақ, жарапазан айту, ауызашар беру, ораза ұстау, пітір беру, бәрі-бәрі қазақы дәстүр ретінде қалыптасып кеткен екен. 30 күн ораза ауыл үшін 30 күн той болатын. Әсіресе, біз секілді балалар үшін. Шал-шауқандар іптәрдің (ифтар, ауызашар ғой), берекесі, тәрәп (тарауық) намазын жамағат болып оқылуының бастамашысы еді. Қазір қариялар да азайыпты. Бірақ жалындаған иманды жастар өсіп келеді. Аллаға шүкір дейміз.

Қасиетті айдағы қайырлы амал қабыл, мұратымыз асыл болғай!

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі  

Abai.kz

0 пікір