Сәрсенбі, 1 Сәуір 2020
Билік 4647 0 пікір 21 Шілде, 2014 сағат 13:31

Ақшаң болса – заңдастыр!

Патриотизм өмірде әртүрлі жағдайлардан көрініс табады. Патриот болу үшін үлкен ерлік жасау міндет емес. «Өзінің туған еліне бар шындықты айтқан адамды нағыз патриот деуге болады» дейді Ж. Жорес. Ал, танымал ағылшын ақыны Сэмуэль Джонсон: «Патриотизм – бұл сұмырай адамның ең соңғы паналайтын жері» депті. Керемет тауып айтылған қанатты сөздер емес ме? Айтпақшы, өз елінен шындықты ғана емес, қыруар ақшасы мен мүлкін жасырып жүрген отандастарымыздың бары анық. Жоғарыдағы қанатты сөздер тіптен, соларға қарап-ақ айтылған сияқты...

Қай қоғамда болмасын «көлеңкедегі капитал» деген болады. Ол кәдімгі бума-бума ақша немесе бағалы қағаз түрінде, я болмаса жылжымайтын мүлік түрінде айналымда жүреді. «Көлеңкедегі» ақша мен мүліктің өз қожайынына ғана емес, қоғамға және мемлекетке жағымсыз әсер ететіні бесенеден белгілі. Себебі, сол мүліктің иесі: «Осы ісім бір күні әшкере болып қала ма?» деген үреймен өмір сүреді. Ал, мемлекетке ондай мүліктен салық төленбейді. Өркениетті елдердегі «салық рақымшылығы» деген үрдіс осыдан келіп шыққан. Яғни, бұл бұрыннан бері қолданылып келе жатқан үрдіс.

Қазақстан да осымен үшінші рет «салық рақымшылығын» өткізгелі отыр. Оның бірнеше себептері бар. Мәселен, еліміздегі бірқатар ірі инвестициялық жобалар аяқталғандықтан, шетелдік инвестициялардың ағыны қысқарды. Ұзаққа созылған жаһандық экономикалық дағдарыс сауда теңгермесі мен ағымдағы операциялардың есеп сальдосын төмендетті. Соның нәтижесінде, отандық банк секторының экономиканы несиелеу көлемі азая бастады. Осы тұста мемлекет басшысы Н. Назарбаев қалыптасқан жағдайды өзгертіп, ұлттық экономикамыздың әл-ауқатын арттыру үшін батыл қадамдар жасау қажеттігін қадап айтты. Ал, ағымдағы жылы 1 шілдеде Елбасы ақша мен мүлікті заңдастыруға жол ашатын заңға қол қойды.

Осылайша, мемлекет салықтан жалтарып жүрген қазақстандықтарға тағы бір рақымшылық шарасын жариялап отыр. Бәлкім, бұл соңғы рақымшылық та болуы мүмкін. Себебі, 2017 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға ортақ табыс декларациясын жариялау жұмыстары басталады. Содан соң, Үкімет азаматтарға өз шығындарын да ашық жариялауды талап етуі мүмкін. Ондай жағдайда жасырын жолмен табыс тауып, байып жүрген отандастарымызға өз «кірістерін» заңдастыру қиынға соғады. Өйткені, бүкіл әлемде заңсыз табыстармен аяусыз күрес жүріп жатыр. Жыл сайын оффшорлық аймақтардың саны азайып келеді. Тіптен, Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ алдағы уақытта оффшорлық аймақтарды толық жою жөнінде де ұсыныстар білдіруде.

Ал, көлеңкедегі ақша мен мүліктің бүгінгі таңда ұлттық экономикамыздың әл-ауқатын жақсартуға әлеуеті өте зор. Сыртқа кетіп жатқан ақшаны айтпағанның өзінде, еліміздің аумағында да қыруар капитал жасырын «айналып» жүр. Құзырлы құқық қорғау органдары оның белгілі бір көлемін әшкерелеп те жатыр. Алайда, 1 қыркүйекте басталатын рақымшылық акциясы көптеген қазақстандықтардың батылдық, сенімділік, отансүйгіштік сезімдерін оятатыны сөзсіз. Сонымен қатар, мұндай науқанды бірінші рет өткізгелі отырған жоқпыз. Мәселен, 2001 жылғы рақымшылық кезінде бар-жоғы 30 күнде 480 млн доллар жария болды. 2006-2007 жылдардағы салықтық рақымшылықтың нәтижесінде 6,8 млрд доллардың ақшасы мен мүлкі заңдастырылды. Айтпақшы, екінші заңдастыру кезінде мемлекет жария етілетін ақшаның 10 пайызы көлемінде алым жинау тәртібін енгізді. Сол жолы еліміздің бюджетіне 483 млн доллар түсім түсті. Үкіметтегілер үшінші рақымшылық нәтижесінде «көлеңкедегі» 11-12 млрд доллар экономикамызға қайтып «оралады» деп болжап отыр.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір