Жексенбі, 23 Қаңтар 2022
46 - сөз 9312 0 пікір 25 Шілде, 2014 сағат 12:56

ҚҰДАЙ БАР! ТАЛАС ЖОҚ... ӘДІЛЕТ ШЕ?

Кеше, аңдар туралы деректі фильмді көрген едім.
Әшейінде, онша мән бермейді екенмін. Бірін-бірі жеп жатқан жыртқыштық тірлік, әйтеуір.... Аң дейміз ау, солардан асып бара жатқан неміз бар? Бірін-біріміздің етімізді жемесек те, арадағы айырмашылық шамалы...Айбатты дәрменсізге күн бермейді.
Дәмдінің бәрі мықтының еншісінде... Ең бастысы, күшті әлсізді жеп қояды. Адамның өмірі мұндай емес деп айта аласыз ба?
Аңдардың жыртқыш әрекетіне қарап, бұл табиғат заңдылығы дейміз.
Ал, адамның жыртқыштығын немен ақтаймыз?
Құдай бар! Талас жоқ... Ал, әділет ше?
Меніңше, Құдайдың ойында не барын оның өзінен басқа ешкім білмейтін сияқты. Алла туралы түсініктердің бәрін адамдардың өздері ойлап тапқан...Құдай жазасын берсін дейміз... Кімді жазалап жатыр?
Құдай сақтасын дейміз... Қолдан жасалған ашаршылықта бейкүне қазақтың жартысы неге опат болды? Он екіде бір гүлі ашылмаған палестиналық сәбилер неге малша қырылып жатыр? Бес уақыт намазын қаза жібермейтін мұсылмандар топ-топқа бөлініп алып, бір-бірін неге бауыздап жатыр? Өмір бойы ұяттың жетегімен ғұмыр кешкен жақсы адам неге ерте қайтыс болады? Күн сайын болып жатқан жол апаттарында неге бейкүнә сәбилер көп мерт болады? Зұлымдық жасаған адамдар неге бақытты өмір сүреді? Осындай сұрақтарды тізе берсең шыға береді, шыға береді. Жауап жоқ.

Р.S. Сектанттар мен уахабшылардың жаттанды сандырақтарын қажетсінбеймін."Жазықсыз қан төккендердің жазасын тозақта береді немесе Жаратқан олардың үрім-бұтағын жазалайды" деген сәуегөйлік те қабылданбайды. Атышулы неміс фашистерінің немере-шөберелері ең бақуатты елде ертегідей ғұмыр кешіп жатыр. Ертадегі Европаның қанды қол қолбасшыларының ұрпақтары - қазір өркениетті елдердің лайықты ақсүйектері болып отыр. Миллиондаған халықтың (оның ішінде аяулы ана да, бейкүнә сәби де көп болды) қанын судай ағызған Шыңғыс ханның ұрпақтары да бабасының жаугерлігін мақтан тұтпаса, айып көріп отырғаны шамалы. Қысқасы, арғы тегінің теріс қылығына қорланып жатқан ешкімді көрмедім. Бұл дұрыс құбылыс. Ата-анасының әрекетіне оның бала-шағасы жауапты емес.
Ал, онда жауыздың өзі неге жазаланбайды? Сіз оның тозақта майша шыжғырылатын айтарсыз? Мүмкін...
Бірақ, жемтігін күйсеп жатқан арыстан да, жолаушылар ұшағын атып түсірген сепаратист те, біреудің несібесін тартып алып жатқан біздің шенеунік те бұл туралы ойланбайтын сияқты.
Қысқасы, әділеттік жоқ. Оны көктегі күш орнатып бермейді. Оны өзіміз орнатуым керек. Оны өзіміз қорғауымыз керек. Әйтпесе, жыртқыш аңның аузына түскен жемтіктей жұтыла береміз, жұтыла береміз...
Айтпақшы, "құрбандардың" қарғысы да ештеңе шешпейді ау, деймін...
Өйткені, "жеңгендер" қашан да биікте. Сондықтан шығар, олар өздерін КӨККЕ жақын сезінеді.

Ораза кезінде айтылған оспадар ойыма ғафу өтінемін!

(Серік Абас-Шахтың фейсбуктегі парақшасынан)

0 пікір