Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 9207 0 пікір 1 Тамыз, 2014 сағат 20:19

Ресей Байқоңырға қаржы бөлуді тоқтатпақ. Содан кейін?

Tengrinews.kz соңғы екі аптада РФ федералдық бюджетінің позициясы 2016-2018 жылғы зымыран-ғарыш саласына нашарлағанын жазды. Ақпаратқа сай Ресей қаржы министрлігі Байқоңыр ғарыш айлағына қаржы бөлуді тоқтатпақ. Қаржы көлемінің қысқаруы 2015 жылы іске қосылуы тиіс “Восточный” космодромының салынуымен байланысты болуы мүмкін екен.

Роскосмос-қа сілтеме жасаған “Известия”  РФ Ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығының бас директоры Сергей Лазаревтің төмендегідей сөзін басқан: “Бюджет жобасының алдыңғы нұсқасында Байқоңырға 2016 жылы 2,5 миллиард рубль бөлу қарастырылған болатын. Бұл қаржы қызметкерлердің жалақысы мен нысанның жұмыс қабілетін сақтап тұру үшін қажет. Біз одан көп сұрағанбыз. Алайда қаржы министрлігінде біздің өкілімізге көрсеткен бюджет жобасының соңғы нұсқасында, тіпті бір тиын да қарастырылмапты. Яғни бұл біздің космодромдағы мамандар ұжымына қаржы берілмейді деген сөз. Біздің өкіліміз неліктен қаржы қарастырылмай отырғанын сұрағанда, оған “қаржы жаңа құрылған Восточный космодромына бөлінеді”.

Адамзат баласы алғаш ғарышқа ұшқан Байқоңыр Қазақстан территориясы болғанымен қызығын 60 жылдан бері Ресей көріп келеді. Екі ел арасындағы шартқа сай Байқоңыр қаласы мен “Байқоңыр ғарыш” айлағын әлі 35 жыл Ресейдің құзырында. Солай бола тұра Ресей Байқоңырды қаржыландыруды тоқтатпақ. Ресейдің бұл шешімі былайғы жұртқа түсініксіздеу болып тұр. Әлде Ресей Протон-ға қарсы соңғы уақытта жиі өтіп жүрген Қазақстан азаматтарының наразылық шараларынан қаймығып қалды ма екен? Мәселенің себебі мен салдарын саралауға бірнеше қазақ ұлтшылдарынан шағын сауалнама ұйымдастырған едік:

Байқоңырға қаржы бөлу Ресей тарапынан тоқтатылмақ. Бұл қазақ үшін қуанарлық жағдай ма? Байқоңырдан орыс кетсе, алып ғарыш айлағы әлдекімдер айтып жүргендей «үлкен қоқыс алаңына» айналып жүрмей ме? Роскосмос-тің мәлімдемесінде 2016-2018 жылдарға арналған бюджет туралы ғана айтылған, Байқоңырды 2050 жылдарға дейін жалға алған РФ ғарыш мамандары одан арғы жылдары Байқоңырда қала беруі мүмкін бе? Аптаның басында ортақ валюта туралы сөз шықты. Жұрт дүрлігіп жатыр. Байқоңыр туралы әңгіме халық назарын басқа жаққа аудару емес пе? Сіз не дейсіз?

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Ғарыш айлағы турасында айтарым, ақыр соңында осылай болу керек еді, болды да. Ресей өз ғарыш айлағын экономикалық, саяси әлеуметтік мәселелердің азайтылған қысымында әрі іргелі, ықшамды етіп салады. Олардың бұған қажетті уақытында қол жеткізе алатынын және қаншалық сәтті жасай алатынын білмеймін. Аман болсақ куәсі болармыз. Олардың Байқоңырдан бас тартуының бірнеше себебі болуы мүмкін:

а) Бірнеше рет айтылып жүрген дүние, біз қарапайым ғана әрекеттермен Қазақстан үкіметіне әсер ете алған болуымыз мүмкін.
б) Ресей билігі шындығында да өз ақшаларын санай бастады және ерте ме, кеш пе Байқоңырдан кету керек екенін білді. Екі бірдей ғарыш айлағын қаржыландыру олар үшін ұтымсыз және қымбат болмақ.
в) Ресейге салынған экономикалық санкциялар бәрінен бұрын жоғары технологиялық салалардың Байқоңырда пайдаланылуына да қатысты(Мұнда басқа елердің жүгімен бірге ауыр улағыш Протон ұшырылып келді.)

Не істеу керек? - Байқоңыр Қазақстанның құзыретіне өтуі керек. Онда өте жақсы, сапалы аудит қалыптасқан. Ең әуелгі сұрақ жер туралы және ондағы экологияның көп жылдардан қалыптасқан мәселесін шешуде болу керек. Ресейге ғана сенім артуды доғарып ұлттық ғарыш айлағын қалыптастыруды қолға алуымыз басты мәселе.

Мақсат Ілиясұлы, Қазақ Ұлттық Кеңесі төралқа мүшесі:

Біріншіден, Байқоңыр қаласына жұмсалатын, яғни әлеуметтік жобаларға жұмсалатын қаржы қысқаруы тіпті тоқтатылуы мүмкін. Ал космостық жобаларды қаржыландыру тоқтамайды деп ойлаймын. Себебі Восточный әлі салынып біткен жоқ. ол салынып біткен күннің өзінде Байқоңыр секілді пайда әкеле алмайды.

Екінші жағынан Байқоңырдан ресейдің кеткенін қолдаймын. Біріншіден, қазақстанның ғарыш саласының дамуына жол ашылады. Екіншіден, гептилді пайдаланатын протонды тек Ресей ғана ұшырады. Франциямен байланыс жасалса Протон ұшпайтынына сенімдімін.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір