Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 10055 0 пікір 7 Тамыз, 2014 сағат 13:27

Данияр Саламат. ҮЛКЕН КІСІНІҢ ЕСІМІ

Редакциядан: Жазушы-драматург, кинорежиссер Данияр Саламат «Үлкен кісінің есімі» атты екі бөлімді сатиралық трагикомедиясында біздің қоғамды жайлаған атабизмнің сықпытын ашып, фобияның мәніне үңіліп, адамның адамгершілік тұлғасына емес, атақ-даңқына құлшылық етуді үйренген пенделердің ұсақ мінездерін әжуалайды. Оқиға шағын ауылда өтіп жатқандай көрінгенімен, оның ауқымы біз бен сізге ортақ заманның сырын сөйлейді. Өзі көрінбейтін, кім екені де белгісіз «Үлкен кісінің» құрметіне жүкті әйелдерін қинап босандырғандай әрекетке барған кейіпкерлердің сөзі мен ісі езуіңе ащы мысқыл үйіре отырып ойландырады.

      Данияр Саламат. ҮЛКЕН КІСІНІҢ  ЕСІМІ

 (Екі бөлімді сатиралық трагикомедия)

 

                                                                          Қатысатындар:

Әкім (ауыл әкімі) 
Сағат (жас маман)

Зәуре (Сағаттың әйелі, мектеп мұғалімі)

                                                                                         Қуаныш (ауыл тәртіп сақшысы)

                                                                            Ханша (оның әйелі)   

 Есбол (мектеп директоры) 

Сайра (оның әйелі)  

                                                                     Елдостың қыздары, көпшілік, хор.

 

 

                                               Бірінші сахна

 

     Жабырқау ғана ауылдың ескілеу кеңсесінің алды. Ауылдың әр тұсынан әртүрлі әріптермен жарқырай «Ай-Дала», «Айдүкен», «Ай-әптек» «Ай-Тпүшу»деген жазулар ерекше көз тартады.

     Үш адам әрі бері жүр теңселіп. Әлдекімді күтетін секілді, мазасыздана ерсілі қарсылы адымдасады. Бірі толықша, егделеу аты - Есбол, екіншісі мұртты арық, полиция кызметкері киімін киіп алған, аты - Қуаныш. Үшіншісі жас жігіт, сымбатты, аты оның - Сағат.

     Есбол: Әй, қайда әкімің, менің жиналысым бар еді?

     Сағат: Ау, ағай, мен қайдан білейін?

     Қуаныш: Не болды? Жиналысың болса, ана забушың (завуч) не істейді, өткізер бірдеңе қылып, біз де жүрміз ғой, міне.

     Есбол: Сенде жұмыс бар ма осы?

     Қуаныш: Е, неге жоқ? Ана Әбіләшімнің баласы тауық ұрлапты, барып жауап алуға екі күн болды, уақыт таппай жүрмін.

     Сағат: Келеді ғой енді... әншейінде әкімге кіре алмаймыз, бүгін шақырғанына қуанайық та?

     Есбол: Қуанғанда... не мәселе екен деп уайымдайсың да сол... Е, айтпақшы, табарыш ушаскабой, жүрші, бірдеңе айтайын...

     Есбол Қуаныштың қолтығынан ұстап түкпірге алып кетеді де әлденені қызу түсіндіре бастайды. Анау да біресе басын шұлғып, кейде басын шайқап бірдеңе деп жатыр.

     Осы кезде түкпірден жылтырбас, тапал адам көрінді. Оны байқаған бұлар жапатармағай жүгіріп келіп, қолын алып, бас шұлғысып амандасып жатыр. Әкіміміз - осы.

     Әкім: Естідіңдер ме?

     Бұлар: Нені, басеке? Нені?

     Түрлері абыржыңқы, бір сұмдықты күтетіндей. Әкімнің де қабағы түсіп кеткен.

     Әкім: Енді осы ауылдағы бас көтерері өздеріңсіңдер, сендермен ақылдаспақпын.

     Бұлар: Нені, басеке? Нені?

     Әкім: Үлкен кісінің туған күні келе жатыр ғой?

     Бұлар: Ия, білеміз ғой?

     Әкім: Не істейміз?

     Бұлар: (абыржыңқырап қалады) Не істегенде енді... істейміз ғой... не...

     Қуаныш: Әлі екі ай бар емес пе?

     Әкім: Екі айың өте шығады, былтыр тыпырлап қалмап па едік? Осы жылғы сыйлығымыз оригинальный болу керек...

     Сағат: Басқа ауылдар не дайындап  жатыр екен, басеке?

     Әкім: (оқшияды) Олар маған айта ма, қызық екенсіңдер сендер...

     Әкім мырзаның көпше түрде кінәлап жібергені жандарына батып кеткен екеуі жарыса Сағатқа жабылып кетті.

     Есбол: Қызықсың-ей сен? Олар айта ма не сыйлайтынын?

     Қуаныш: Айтса, не, солардікін қайталай салайын деп пе едің? Басекең «оригинальный» деп тұрған жоқ па? «Оригинальный»!

     Есбол: Соны айтам... Егер сен сол ау...

     Әкім Есболдың сөзін бітірткізбей киіп кетеді. Дауысы қатқыл, істің өте жауапты екенін сездіргісі келгендей.

     Әкім: Бұл енді дауласатын жер емес, дауды шешетін жер айналайындар... Ойлансаңдаршы... Кімде қандай идея бар? Не сыйлаймыз?  (Әкім аңтарылып қалған үшеудің жаңа қауіп ойлап қалғандарын байқап қалды). Сыйлағанда енді... Өз ауылымызда қалатын дүние де ол ... Сол кісінің құрметіне атқарылатын, жасалған, көрсететін дүние болу керек та ол?

     Бәрі: (бастарын изеседі) Ия, түсіндік қой оны... Түсініп тұрмыз ғой...

     Есбол: Былтыр ол кісінің құрметіне дәріхана аштық қой, білесіздер... атын «Ай-Әптек» деп қойғанбыз, білесіздер?

     Бәрі: Білеміз ғой, білеміз...

     Есбол: Шіркін, енді биыл жаңа мектеп ашып жібергенде қатып кетер еді, ә? Аты да қатып кетер еді - «Ай-Мектеп»...

     Есболдың дауысынан орындалмайтын арманның сазы білінеді. Әкімнің қабағы кіржиіп кетті.

     Әкім: Қайдан... Сен де бір... болмайтын нәрсені айтып... Сен сол дәріхананың қалай, қандай машақатпен ашылғанын білесің бе өзі?

     Есбол: Білем ғой... Қапелімде не істерімізді білмей, ауыл болып асар жасамап па едік.

     Қуаныш:Үлкен кісінің туған күніне қарсы алдыңғы жағын ақтап, атауын жазып үлгергеніміз есімде.

     Осы кезде сол оқиға есіне түсіп кетті ме, Сағат шар ете қалады.

     Сағат: Осы біз неге сонша шабанбыз? Оу, ағатайлар, ақыр істелетін шаруа болған соң туған күн өте салысымен, келесі күні келесі жылға дайындала беру керек қой?

     Қуаныш: Пысықсыма...

     Әкім: Оған кімнің мұршасы келіп жатыр? Артық сөзді қайтесің, амал қарастыр одан да?

     Екеуі: Соны айтам... Соны айтсайшы...

     Әкім: Ал, не істейміз?

     Бұлар енді шын ойланады. Тыныштық орнайды бір сәт. Үнсіздікті Қуаныш бұзады.

     Қуаныш: Қалай десем екен енді... Біз сыйлығымыздың, яғни тартулайтын, болмаса ашылатын деп айтқан жөн ба...

     Өз ойына өзі сенбей, әкімге жалтақтап, күмілжи бастап кідіріп қалған Қуанышты әкім бас изеп қанаттандырып жіберді. Басқалары да одан бір тың дүние күтіп аузына телмірісіп қалған.

     Қуаныш: (сөзін жалғап) Былтыр бір дәріхана аштық... енді биыл вытрезвитель-айықтырғыш  ашсақ қайтеді, үлкен кісінің құрметіне? Бәрінен де оның аты тамаша. Басекең айтпақшы, оригинальный болар еді - «Ай-МасStar»! Басеке деймін да, ана «Айдан», «мастан» кейінгі «стар» дегенді латын әріпімен жазып жіберсе қатып кетер еді? Керремет болар еді!

     Әркімге қоштау күтіп жалтақтап, соңында әкімге қарап телмірді. Әкімнің қабағы бір жазылып, бір түйілді.

       Әкім: Ол енді... Қалай болар екен... дұрыс қой енді... (сосын бойын түзеп алады) Сендер бір нәрсені түсініңдерші... Шындығын айту керек, мынау қымбатшылық тамақтан алып буып тұр. Ақша жоқ биыл, білдіңдер ме?! Көктиын беріп жатқан жоқ қазір өкімет... Бірақ... сұрайды... (әкім артық кетіп  бара жатқанын сезіп, кенет, дауысын жұмсарта қойды) Жоқ, мәселе онда емес... Сендер бір оригинальный нәрсе табыңдаршы, көп күш кетпейтін... Мысалға деймін да... Сен Қуаныш, білесің ғой, оны салуға қанша ақша кетеді...уақыт дегендей....

     Қуаныш: Ол жағын ойлап отырмын ғой, басеке... Мен сізге дайын обьекті ұсынбақпын.

     Әкім: Қандай?

     Қуаныш: Ана мәдениет үйінің қасына дейін Қапыш қорасын созып жіберген жоқ па еді? Сіз ренжіп жүретін едіңіз ғой, бұз деп?

     Әкім: Ия?

     Қуаныш: Соны бұздырмай-ақ алып қояйық, бергі жағынан есік шығара саламыз... Маңдайшасына әдемілеп атын жазсақ болды емес пе? Одан кейінгі жұмыстарын көре жатамыз ғой... Былтыр әптекті де солай қылмап па едік?

     Есбол: Басеке, жөн сияқты мынаның айқаны...

     Сағат үндемейді.

     Әкім: (дүр сілкінеді) Дабай, бос әңгімені қояйық... Жылда-жылда бүйтіп рискабайт ете беруге болмайды. Менде бір ой бар...

     Әкім бастап келе жатқан әңгімесінің осы тұсына келгенде кідіріп, бата алмағандай ма... бір ұлы істі бастардай ойлы көзбен көкжиекке көз жіберді. Айналасындағылар мұның аузына қарады.

     Әкім: (әндетіп) Мендееее біррр оййй барррр.... Менде бір ой бар... ол  кісінің...

     Бәрі әкімнің аузына кіріп кетердей ентелейді.

     Әкім: ...үлкен кісінің туған күніне қарсы бір келіншегіміз босануы керек!

       Бұлар: (таңданысып) Босануы керек? Бір келіншегіміз босануы керек?

      Әкім: Мен сендерді неге шақырдым? А? Менің аудандық амбулаториядан алған дерегім бойынша осы үшеуіңнің әйелдерің босануға жақын дейді ғой, таяуда?

     Бұлар: (күмілжиді) Енді.. Ия... Сондай деректер бар.... Ия, басеке?

     Әкім: Дұрыс қой?

     Бәрі: Дұрыс, басеке!

     Әкім: Ендеше, дәл үлкен кісінің туған күнінің қарсаңында біреуіңнің келіншектерің босануы керек, кімдікі сол күнге тап келсе, соның шілдеханасын ұлан асыр той етіп жасап,  арнайы   «Ошар» телеарнасының журналистерін шақырып, үлкен кісінің құрметіне сәбиді үлкен кісінің есімімен атаймыз! Оригинальный сый - осы.

     Бәрі кідірісіп, ойланыңқырасып қалады. Әкім де екпінін азайтады.

     Әкім: Не, қарсысыңдар ма?

     Бәрі: Жоға, басеке? О, не дегеніңіз...

     Сағат: Сұрақ бар, басеке?

     Әкім: Не сұрақ? Сұра ал?

     Сағат: Әйелдеріміздің мерзімі сол күнге келмей қалса ше?

     Әкім: Айналайындар-оу, енді тошна келеді деп осы үшеуіңнің списіктеріңді берді ғой маған, ауданнан? «Келмей қалса ше» деген не әңгіме ол?

     Үшеуі бастары салбырап үндемей қалады. Әкім одан әрі күш алады.

     Әкім: Не әңгіме ол күні келмей қалса деген? Келтіріңдер! Неге еркек болып жүрсіңдер келтіре алмасаңдар? Не бір әйелдеріңе әлдерің келмей ме?

     Сағат: Аға, енді оған бір Құдайдан басқаның әмірі жүрмейді ғой? Біз бен әйелдің қолында не тұр?

     Әкім: (ожыраяды) Әй, сен өзің... (мұндай қарсылықты күтпеген әкім тығылып қалады)  сен өзің қалай, қалай сөйлейсің? Сен бірінші әрекет етіп көрмей жатып атойлап қарсылық көрсеткенің қалай?

     Сағат: Аға, мен қарсы емепін, қарсы емеспін ойыңызға, бірақ логика да болуы керек қой?

     Әкім: (қатты кетеді) Логика-могикасының атасына нәлет! Ұрдым логикаңды! Істе дедім бе, істе! Жаса дедім бе, жаса! Осы міне, логика!

     Істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған Есбол мен Қуаныш әңгімеге араласады.

     Есбол: Басеке, сіздікі дұрыс қой, жас қой бұл жас... Жас болған соң, тәжірибесіздіктен қойылып жатқан сұрақ  қой бұл... Ренжімеңіз оған...

     Әкім: Жас дейді... «Жас болса, іске» деген, істесін айтқанды...

     Қуаныш: Басеке, ренжімеңіз... Негізі былай істесе де болады ғой... Әйелдеріміз... кімнің әйелі болса да енді... Әйтеуір үлкен кісінің туған күнінен кейін тумай, дейін туса болды ғой... Бір екі күн...бір апта дейін туса да деймін да... Сол күні үйтіп-бүйтіп туды жасай саламыз да...

     Әкім: (қуанып кетеді) Міне, соны айтам! Әйтеуір сол аралықта босанса болды ғой? Кім біліп жатыр оны? Жоғардағыларды айтам...

     Әкім қоштаушысының сөзінен кейін арқаланып, сенімді кіріседі.

     Әкім: Айналайындар, бірақ тістеріңнен шықпасын, сендерден басқа ешкім білмейтін болсын... Әйелдеріңе де айтпаңдар, тек баптай берсеңдерші әйелдеріңді, болды. Бұл әйелдердің құлағына бір нәрсе жеткен соң білеміз ғой, отыз рулы елге тарайтынын... Артық сөздің не керегі бар, масқара болып жүрмейік...

     Бәрі: Дұрыс қой, дұрыс...

     Әкім: Олай болса, сендер былай жасаңдар енді... Бізге керегі бір-ақ әйел, және ол ұл тууы керек... Әйелдеріңнің жай-күйлерін бақылауда ұстаңдар. УЗИ-ге түсіріңдер... Тошна уақытын анықтаңдар... Деректерін маған жеткізіп тұрыңдар. Нақты келетіндеріңмен ары қарай жұмыс істейміз, ал, жақсы... (әкім жүре береді де қайырылады) Бірақ тістеріңнен шықпасын.... Ешшшкім білмейтін болсын!

     Әкім кетеді. Бұлар аңырайып қала береді.

 

                                              Екінші сахна

 

     Ауылдың қарапайым жабдықталған үйлерінің бірі. Бір кекселеу әйел шай дайындап жүр. Сол кезде бірдей үлбірей киінген аққудай жеті қыз үйге кіріп келеді.

     Қыздардың ересектеуі: Апа, не істеп жүрсіз?

     Әйел: (қуанады) Ей, айналайындар... Келіңдер... Мен сол, шай қамымен жүрген едім ғой, сол...

     Ересек қыз: Апа, о не дегеніңіз? Сізге көп қимылдауға болмайды... Дәрігер айтпады ма?

     Апасы: Ей, сол дәрігерлеріңе таң қалам... Өткен жолғы бірі сізге көп күш түсіруге болмайды деп ед, кеше біріне барсам, көбірек қимылдаңыз дейді, мұндай жағдайда дене қимылдары өте қажет дейді, білмеймін ғой, қарақтарым...

     Қыздар: Жоқ, апа... Дене қимылдары, жаттығулар ол басқа... Ол жүйелі түрде жасалады... Ал, мынандай күйбең тірлікті бізге қалдырыңыз... Бізді не үшін тудыңыз? Рахатын көрмейсіз бе енді?

     Сол кезде үйге Есбол келіп кіреді. Қыздар жапырлап келіп оның бетінен сүйеді.

     Есбол: (еміренеді) Ей, айналайындарым сол... Көлімде жүзген аққуларым сол... ой, жандарым...

     Музыка ойналады. Аппақ қыздар шынымен аппақ аққуларға айналады. Қалықтап жүр. Айнала ән күй, әсем биге оранады. Есбол мен бәйбішесі отыр соларға қарап масайрап, шалқып. Музыка аяқталады. Қыздар да тарап кетеді. Бұлар шайларын орталарына алады.

     Есбол: Ей, жандарым сол... Жетеуі жетпіс ұл дерсің...

     Бәйбішесі: (күліп) Сен де айтасың-ау, мына шарана өмірге келсе не дер екенсің? Жалғыз ұлым жетпіс жігітке татиды дер ме екенсің?

     Есбол: (басын көтеріп алады) Не дейсің? Ұл дейді? Қайдан білдің?

     Бәйбіше: (жайбарақат) Жай айтқан сөзім ғой...

     Есбол: (көңілі пәсейіп, басылып қалады ) Ааа, мен қайдан білейін... не, УЗИ-ге түссеңші...

     Бәйбішесі: Сол бәлеге түсуге жүрегім дауаламай жүр... Кім біледі не дерін... Тағы қыз дей ме...

     Есбол: (қоқиланады өзінше) Не? Қыз болса не болыпты? Қыз бала емес пе? Бала! Бала болғанда қандай бала! Үй, жандарым сол! Ертеңім ғой бұлар, ертегілерім ғой!

     Бәйбішесі: Қайдан білейін... Бәйбішем ұл тумады деп...

     Есбол: Не дейді... Бос сөзді қайтесің, бәйбіше...

     Бәйбішесі: Айтпақшы, әкім неге шақырыпты?

     Есбол: Әй, болмайтын әңгіме... Үлкен кісінің туған күні келе жатқан жоқ па...

     Бәйбіше: Ия, оған екі ай бар емес пе әлі?

     Есбол: Соған дайындалайық, үйтейік-бүйтейік дейді.

     Бәйбішесі: Не істейміз дейді биыл? Мына жаңа мектеп салып берсе дұрыс болар еді сендерге...

     Есбол: Ой, оған уақыт керек емес пе...

     Бәйбішесі: А, айтпақшы, ия... Былтыр мына тауыққораны әрең салып бітіріп еді ғой.

     Есбол: Тауыққорасы несі?

     Бәйбіше: «Ай-Әптекті» айтам... Қаңырап бекерге тұр, салғанын қайтейін.

     Есбол: Аааа... Қайтесің енді...

     Есбол ойға батып бір сәт үнсіз қалды. Не болғанын аңдай алмаған бәйбішесі таңданып, сөзге тартқан болды.

     Бәйбішесі: Ана жер не болды, қағазы дайындалып жатыр ма екен?

     Есбол: (ұйқыдан оянғандай) А?

     Бәйбішесі: Ана сұраған жеріміз не болыпты деймін?

    Есбол: А, о жайында үндемеді...

     Бәйбішесі: Үндемсе... сен өзің айтпайсың ба? Мен соған шақырған шығар деп қуанып қалсам әуелде.

     Есбол: Онда басқа да адамдар болды. Сосын арнайы барып сөйлесем. Сен не...УЗИ-ге түсші, жарай ма?

     Бәйбішесі: Не дейсің?

     Есбол: УЗИ-ге түсші деймін. Ертеңнен қалдырмашы.

     Бәйбіше:(шошыңқырап) Е, неге түсем?

     Есбол: Ау, енді жұрттың бәрі түседі ғой? Көрейік те, ұл ма екен, қыз ба екен дегендей...

     Бәйбіше: Қыз болса ше?

     Есбол: (орынынан тұрады) Қыз болса дейсің бе... Болмайды. Қыз керек емес, ұл болуы керек. Ұл болуы керек. Ал, мен кеттім мектепке, қалдым-ау жұмыстан. Сен ертең УЗИ-ге түс.

     Есбол кете барады. Бәйбіше аңырып қала береді.

 

                                            Үшінші сурет

 

   Қуаныштың ауласы. Ашаң жүзді, арықша әйелмен Қуаныш сөйлесіп отыр. Ол әйелі, аты - Ханша.

     Қуаныш: Сонымен не жаңалық?

     Ханша: Ой, не жаңалық болушы еді, жаңа ғана жұмыстан келдім.

     Қуаныш: Бүгін кеш келдің ғой?

     Ханша: Ия, дәндеген екенсің күнде түсте келгеніме. Енді менде сылтау қалған жоқ жұмыстан сұранатын. Ертеңнен бастап кеңсе күзетем. Не тынып жатқан шаруа жоқ, сонда да ертеңнен кешке дейін сарылып отырғаның сол...

     Қуаныш: Әй, не жаңалық енді, айтсаңшы?

     Ханша: Саған не болған бүгін, Қуаныш? Мен не қазақ радиосында істейтін бе едім? Қоймадың ғой тіпті, не жаңалық, не жаңалық деп? Ана мал бағуға алып келген балаң кетем дейді, міне, сол жаңалық!

     Қуаныш: Қайда кетем дейді?

     Ханша: Үйіне де. Басқа қайда кетуші еді?

     Қуаныш: Атасының басы кетеді... Кетіп көрсін, соттатып жіберейін! Қой ұрлауды біледі, қой бағудан қашады, ә? Мен оның ісін жасырып қойып отырсам қара мұны! Жарайды, оны қойшы... Кетсе, барсын. Ана Әбіләшімнің баласы тауық ұрлап жүр дейді ғой, кетсе соны алып келермін азар болса. Жарайды, басқа не жаңалық?

     Ханша: (соңғы сұрақты елең қылмай)  Сен тауға жібермесең мына малдарды төңіректе жайылым қалмады. Қыстауды қашан аласың?

     Қуаныш: Сол қыстау алу оңай болмай тұр ғой... Әкім де ыңғай бермей.

     Ханша: Оған бірдеңе беру керек шығар.

     Қуаныш: Беріп жатырмыз ғой енді...

     Ханша: Ой, сенің ол жақсылығыңды міндеті деп жүр ол. Оны місе тұта ма ол?

     Қуаныш: Қойшы, бір амалын қыламыз? Не жаңалық деймін-ей?

     Ханша: Сені түлен түрткен бе бүгін? «Не жаңалық, не жаңалық» деп бүрі кеткен күйтабақ секілді қайталадың да қалдың ғой? Не болды саған?

     Қуаныш: (орынынан тұрып, ішін томпайтып көрсетеді) Сені мынандай дейді ғой?

     Ханша: (күледі) Не-ме-не?

     Қуаныш: (әлгі қылығын қайталайды) Мынандай деді ғой сені? Екіқабат. Жүкті. Аяғы ауыр. Беременная!

     Ханша: (сықылықтап күледі) Оны кім айтып жүр саған?

     Қуаныш: Естідім?

     Ханша: (күліп) Сенің естімейтінің жоқ?

     Қуаныш: Рас па?

     Ханша: Өтірік, әрине!

     Қуаныш: (шошып кетеді) Өтірігі несі? Жынды ма-ей?

     Ханша: Сенің кімнен естігеніңді қайдам, мен өткен жолы жұмыстан сұранғанда амбулаторияға кеттім дегем... «не, жүктісің бе» дегенде «ия» дей салғам. Кейін бірнеше рет сұрандым жұмыстан солай... Әзіл ғой бұл, оны саған кім жеткізіп жүр?

     Қуаныш: (сылқ түсіп отырып қалады) Мммм, қалжың де...

     Үйдің ішінде ыңғайсыз бір ахуал орнайды. Күйеуінің әншейінде мұндай нәрсеге ат үсті қарайтынын білетін Ханша жағдайды түсініп болар емес. Қуаныш қабарып, түнеріп барады.

      Ханша: Не болды саған, Қуаныш?

     Қуаныш: (тістенеді) Қалжыныңның атасына нәлет!

     Қуаныш атып тұрып үйдің ішін ерсілі-қарсылы кезіп кетеді. Ашулы.

     Ханша: (шошынып) Не болды саған, әншейінде өзің айтпайтын ба едің... жағдай керек, бала не керек деп... Бүгінгің не қылық?

     Қуаныш: Неге керек жоқ бала? Керек маған бала! Ұл керек! Ұл білдің бе? Екі айдан кейін керек, уже!

     Ханша: Не дейсің? Мынауың не сөз, Қуаныш? Екі айың не?

     Қуаныш: Қашан мен саған мен ұл керек жоқ дедім, а? Қашан керек жоқ дедім? Жұрттың бәрі әне, ұл туайын деп жатыр! Ал, сен неге тумайсың? Сен неге тумайсың деймін? Басқасын айтпағанның өзінде әне, ана Есболдың кемпірі босанғалы жатыр! Қай жерің кем сенің кем олардан, ә? Қалжың дейді ғой, әзіл дейді ғой маған?

     Қуаныш үйдің ішінде әрі-бері аласұрып жүр. Ханша айтуға сөз таппай отырып қалады. Күйеуінің бүгін нілдей бұзылғанын түсіне алмай әлек. Қуаныш тіпті құтырып барады.

     Қуаныш: Қалжың дейді. Көрсетейін саған қалжыңды.

     Қуаныш үй киіммен отырған еді. Апыл-ғұпыл шешінді. Сосын апыл- ғұпыл полицей формасын киінді. Беліне кабурасын тағынды. Басына фуражкасын киді. Айқай салды сосын. Даусы зілді, қаһарлы.

     Қуаныш: Ханша!

     Ханша: (орынынан тұрды, аң-таң) Ия?

     Қуаныш: (жердегі жастықшаны нұсқады) Ана жастықты ал!

     Ханша: Ия?

      Қуаныш: Енді оны ішіңе тық!

     Ханша: Немене? Сен...

     Қуаныш: (ақырып жіберді) Тық дедім ішіңе!

     Ханша жайлап, қорыққанынан жастықты көйлегінің ішіне тығады. Ханша жүкті әйелдердей домаланды да қалды.

     Қуаныш: Енді жүресің солай!

     Қуаныш үйден жедел шығып кетті.

 

                                             Төртінші сахна

 

          Жеті аққу билейді тағы да. Ортасында Сайраш (Есболдың бәйбішесі) Жеті аққу үйіріліп келіп жазылады, үйіріліп беріп тарқайды. Жайлы музыка, алапат күй, бір кезде Сайраш орталарынан сытылып шығады.

     Сайраш: Ішімді бір алапат күш бұрап, сығып барады.

     Қыздар: Қойыңызшы, апа, сізге қазір көп ойланып, жүйкеңізге күш түсіруге болмайды. Қайтесіз енді не болса соны ойлап...

     Сайраш: (ойына әлдене түскендей, көзі жарқ ете қалды) Масқара...

     Қыздар: Не болды, апа, не болды?

     Сайраш: Масқара... Неге мен мұны бұрын ойламағам..

     Қыздар: Қандай масқараны айтасыз, апа?

     Сайраш: Аузым ашылып, үйге келсе кебісін туралап қойып, түзге шықса, етігін түзеп жүре беріппін-ау?

     Қыздар: Не болды, апа, енді айтсаңызшы?

     Сайраш: Мына әкелерің тоқал алғалы жүр...

     Қыздар: (шошиды) Ах, не дейді? Қашан?

     Сайраш: Қашан? Мен қайдан білейін, қашан? Құдалығын менімен ақылдасады деп пе едіңдер?

     Қыздар: Мүмкін емес, апа, біздің әкеміз ондай емес, біздің әкеміз морально устойчивый адам!

     Сайраш: Қазір мына үлкен бастықтардың бәрінің тоқалдары бар емес пе? Бұл соған еліктеп жүр. Ай, аңқаумын-ей... Алдыңкүні ғана тісіңнен шықпасын деп мына әкімнің жас тоқалы жайында әңгіме айтып еді. Үйтеді екен, бүйтеді екен деп. Қазір ойласам, сонда көзі жанып тұрған екен ғой. Мән бермеп едім онда...

     Қыздары: Қойыңызшы, апа, мүмкін емес!

     Сайраш: Мүмкін-ау... Сол мүмкін бе деймін, бүгінгі сөзі   соны меңзейді.

     Қыздары: Не дейді әкеміз?

     Сайраш: Тексеріл дейді... УЗИ!

    Қыздары: УЗИ-і қалай? Онысы не дегені екен?

    Сайраш: Ең қорқыныштысы...

    Қыздары: Ия?

    Сайраш: Ең қорқыныштысы, сенің ішіңдегі қыз емес, ұл болуы керек деді ғой маған.

     Қыздары: Онда тұрған не бар?

     Сайраш: Мәселе сонда, егер ұл болмаса, бір әрекетке дайын секілді?

     Қыздары: Ал, ұл болса ше?

     Сайраш: Қайдам. Болмайды-ау. Ағзам тек қыз өндіретін секілді.

     Қыздары: Ия, мынау бір қызық болып тұр ғой өзі.

     Сайраш: Өзгерді әкелерің... мына дәу бастықтар бұзды әкелеріңді. Бәрі шеттерінен тоқал алып. Бұрын завуш кезінде тек қызметін білетін еді, осы директорлық тақ құртты мұны...

     Қыздары: Сенгің келмейді, былай қарасаң, сол қалпы секілді.

     Сайраш: Қыздарым, қапы қалмайық... Әрекет етейік?

     Қыздары: Қандай?

     Сайраш: Қараңдар жан-жақты! Барлаңдар! Кім екен оны азғырып жүрген? Ана бойдақ мұғалімдерді зерттеп көріңдер! Құрбыларыңнан сыр тартыңдар, қапы қалмайық! Біз әкемізді ешкімге бермейміз!

     Қыздары: Біз әкемізді ешкімге бермейміз!

«Біз берілмейміз!» атты ән  орындалады.

 

                                               Бесінші сахна  

 

     Ауыл кеңсесінің алды. Алыстан ірі әріптермен жазылған «Ай-Дала», «Ай-аптек», «Ай-Тпшу» деген сөздер жарқырап, менмұндалап тұр. Сағат жас келіншегі Зәурені қолынан тартып, сүйреп келеді.

     Зәуре: Сонда баланың аты Ай-Патша бола ма?

     Сағат: Ия, Ай-Патша болады...

     Зәуре: Неее..

     Сағат: Не болды?

     Зәуре: Маған ұнамайды.

     Сағат: Не? Маған ұнамайды? Несі ұнамайды? Ай-Патша тамаша емес пе? Өзі ай, өзі патша! Керемет! Жүр, бастық күтіп қалды.

     Зәуре: Тұра-тұршы, ойланып алайық?

     Сағат: Ойбай-оу, не ойланатыны бар?

     Зәуре: Біздің ауылда бір жамаааан оқитын баланың аты Айпатша болатын...

     Сағат: Жаным-оу, біз сенің ауылыңдағы жамаан оқитын  баланың емес, анаааоу жақтағы үлкен кісінің атымен қоямыз ғой?

     Зәуре: Ал, сол үлкен кісің...

     Сағат: Ия?

     Зәуре: Сол үлкен кісің... үлгі ме...әуелі?

     Сағат күрсінеді. Алысқа қарап ойланады біраз. Сосын келіншегін иығынан орай құшақтайды.

     Сағат: Ия...Біз қазір сол үлкен кісіден... биік қарай алмай қалдық қой... Өкінішті, әрине. «Заман түлкі ме, адам түлкі ме...» оны да айырып болмайсың...Бірақ бізге өмір сүру керек, солай ма, жаным?

     Зәуре: Сссолай...

     Сағат: Өмір сүруіміз керек. Өзіміздің болшағымызды ойлауымыз керек... Армандаушы едік қой, Зәуре... Ана бөктерге тақау биік үй саламыз деп, сосын баламызды алдымызға алып, күнге қарап отырамыз кешқұрым деп... Сол есігі күнге қараған биік үйді салу үшін бізге жас маман ретінде квота берілуі керек. «Кісінің кілті аспанда» деген, ол мына әкімнің құзіретімен шешіледі.

     Зәуре: Егер ол квота бізге берілуі тиіс болса, заңды болса, неге берілмейді?

      Сағат: Солай енді... Қайтеміз. Болашағымызды, армандарымыздың іске асуын ойлайық деп шештім, көндім, жаным. Андағы іштегі ұлымның...

     Зәуре: (сөзін бөлім) Ұлымның дейсің бе, Сағат? Сен оның атын айтшы?

     Сағат: Атын...

     Зәуре: Атын айтып айналып-толғаншы ұлыңды...

     Сағат: Атын... Аййййппп

     Зәуре: Тіліңе оралмай ма...

     Сағат: Ия... Тілім икемге келер емес.

    Зәуре: Менің де тілім келер емес бұл есімді атауға... бұл есімді іштегі күнәсіз періштеге мәңгілік серік қылып беруге тіпті де көне алар емеспін, Сағат.  Есіңде ме, Сағат.. Біз үйленбей тұрып-ақ, екеуіміз алғаш кездесіп, сөз байласып жүргенде ұл болса атын - Жаһаншах қоямыз дейтін едік қой...

     Сағат: Жаһаншах... Ия. Жаһаншах... (Сағат әйелінің әлсіз томпиған құрсағын сипайды) Жаһаншағым менің... Жаһаншах... Кеттік!

     Екеуі кетеді.

 

                                            Алтыншы сахна

 

     Кеңсенің алдына алқын-жұлқын болып әкім мен учаскелік полиция Қуаныш шығады.

     Әкім: Әй, мыналар қайда жүр-ей,а?

     Сол кезде алыстан басы салбырап бұларға Есбол жақындайды.

     Есбол: Ассалаумағалейкум, басеке...

     Әкім: Не болды, ұнжырғаң түсіп кетіпті ғой?

     Елдос: Ой, басеке, сол... істің қиюы қашып...

     Әкім: (оны елең қылмайды) Ал, тапсырма не болып жатыр?

     Қуаныш: (тақ ете қалады) Тапсырмаңыз оқтай, басеке?

     Әкім: Ия, не жаңалық?

     Қуаныш: Жаңалық сол басеке, келініңіз Ханша бір Айпатшаны дүниеге әкелейін деп тұр!

     Әкім: Өйдейт деген! Бәрекелде, УЗИ-ге түсірдіңдер ме?

     Қуаныш: Түсірдік! Қошқардай ұл деді! Міне, дәкумет, суреттері!

     Қуаныш сөмкесінен қобыратып біраз қағаздарды шығарып, әкімнің көз алдында бұлғап жатыр.

     Әкім :(зер салып қараған болды) Мынау не, снимкісі ме?  

     Қуаныш: Ия, сол... (саусағымен нұсқап көрсетіп жатыр) Міне, мынау қап қара болып тұрған сол...Мына тұста міне, шүметайы дейді... Ұл дейді ғой, ұл... Ханша да маладаес, он жылдан кейін міне, ұл босанбақ...

     Әкім: Ааа, солай ма, дұрыс екен онда, маладес... Не ана срогы қашан екен?

     Қуаныш: Не срок, басеке?

     Әкім: Уай, босанатын срогі болмай ма енді?

     Қуаныш: А, ия, ия. Сол ғой сол, үлкен кісінің туған күнінде дейді ғой, Құдай қаласа...

     Әкім: Солай ма... Солай деп жазылып тұр ма, мына қағазда?

     Қуаныш: Солай деп тұр ғой, оқысаңызшы міне, дұрыстап.

     Әкім: Әй, мен бұл бәлелерді түсінбеймін ғой, солай деп жазылып тұрса бопты. Дұрыс, маладес... Енді ана срогінен қате кетпейік...

     Қуаныш: Ой, одан қам жемеңіз, срогы асып бара жатса, ішін жарып алсам да тудырам ғой?

     Әкім: (күледі) Қой-ей, қатты кетпе...

     Қуаныш: Енді қайтем, енді...

     Әкім мен Қуаныш бір бірін қолпаштасып, арқырай күледі. Жандары жайланып, бір үлкен іс біткендей жайдары. Әкім сосын бойын жинады, тамағын кенеді, тағы бір мәселе бүйірден тигендей сөлбірейіп тұрған Елдосқа иегін көтерді.

     Әкім: Сенің жағдайың не болды?

     Есбол: Жақсы.

     Әкім: Ұл ма, қыз ба?

     Есбо: Қиюы кемеді, басеке... Қыз...

     Әкім: Тағы қыз ба?

     Есбол: Тағы қыз...

     Әкім: Шын айтып тұрсың ба?

     Есбол: Өтірік айтып қайтем, басеке?

     Әкім: Сонымен сенде қанша қыз болды өзі?

Есбол: Жеті қыз ғой... Мынаумен сегізінші болады...

     Әкім: Осы сенің қатының... неге қыз туа береді өзі?

     Есбол: Білмеймін ғой, басеке?

     Әкім: Білмесең, үйретейін...

     Есбол әкім шынымен бір нәрсе үйрететіндей жерден көзін көтеріп әкімге тіктеді.

     Әкім: (Қуанышқа иек қақты ) Міне, мына Қуаныш біледі, үйретсін... Әй, бірақ саған емес, әйеліңе үйреткен жөн шығар оны.

     Әкім мен Қуаныш дарылдай күліседі. Есбол жерге қарады.

     Әкім: Әлсізсің ғой, Есбол, әлсізсің...

     Осылай деді де әкім Қуаныштың келіп қолын алды. Қуаныш түрін сабырлы қыла қойды.

     Әкім: Ал, Қуаныш, сен жүре бер... Керек болсаң, тағы шақырам ғой...

     Қуаныш: Басеке...

     Әкім: Ау?

     Қуаныш: Оңаша шаруа бар еді...

     Әкім: Оны... сосын.

     Қуаныш: Жақсы, басеке!

     Әкім: Сау бол!

     Қуаныш сергек басып кетеді. Әкім сөлбірейіп тұрған Есболдың дәл қасына келіп тұрды.

     Әкім: Сонымен... қиюы келмеді де...

     Есбол: Қиюы келмеді...

     Әкім: Сенің бар жұмысыңның қиюы қашып тұр ғой өзі...

    Есбол: Құдайдың ісі ғой, басеке..

     Әкім: (шамданады) Сендер өзі... неге құдайшыл болып қалғансыңдар, ә?

Осы сендер қай Құдайды айтып тұсыңдар?

     Есбол: Құдай жалғыз ғой, басеке..

     Әкім: А, солай ма? Құдай жалғыз де... Сонымен мені мұқаттым деп тұрсың ба?

     Есбол: Жоға, о не дегеніңіз, басеке?

     Әкім: Солай де...Құдай жалғыз де... Мен соны білмейді екем, ә? Ендеше, сендер істеріңнен береке қашса болды сол Құдайдың иығына бар жауапкершілікті артып қойғанды қойыңдар... Бәріне Құдай кінәлі, я? Қатының қыз туса да Құдай кінәлі... Мектебіңнің терезесі сынса да, үйдегі құрсаулы кесең сынса да - Құдай кінәлі... Қойыңдар, Құдайды кінәлауды! Ол - Құдай, ол – үлкен кісі, болды! Давай, біз былай істейік... Сол Құдайдың (аспанға сұқ саусағын шошайтады) көңілін таба алмаған өзімізді кінәлайық, алдымен, ия? Өзімізден іздейік бар мінді (әкім екіленіп кетеді)! Айтшы? Айтшы? Ол кісі сендерге жаман болсын деп жатыр ма? Айтшы, ол сендерге болмасын деп жатыр ма? Айтшы, ол кісі сендердің ауыздарыңды буып, қолдарыңды байлап тастады ма? Тауып берші ол кісінің қия тартқан қисық сөзін? Жоқ қой, жоқ! Бар бәле өзімізден ғой, өзімізден!

     Есбол: (жөткірінеді) Басеке.. Сіз... Қай Құдайды айтып жатырсыз?

     Әкім кідіріп қалады. Басын төмен сап ойланады. Сосын жауап қатпай кете береді де түкпірден барып қайырылады. Аспанға сұқ саусағын шошайтады, түрі әлемтапырақ болып кеткен.

     Әкім: Есіңде болсын, Құдай... - жалғыз!!!

     Кетеді. Есбол   қала береді.

 

                                       Жетінші сахна

 

     Қуаныш үйінің ішінде ұзын бишікпен әйелі Ханшаны бұрыштан-бұрышқа қуып сабап жүр.

     Қуаныш: Атаңа нәлет! Көрсетейін мен саған, ә? Көрсетейін мен саған... Мен неге көштен қалуым керек, а? Мен неге еңсем еңселі есік кермей тесіктен сығалауым керек, а? Көрсетейін мен саған! Мә, мә! Атаң анәлет! Сен менің бағым болмай, сорым болдың ғой, ә? Сорға тап келтірдің ғой... Енді қайттім, а?

     Ханша жан ұшыра қорғанады, сүрініп қап, домалап барып жан дәрмен көтерілем дегенше Қуаныш барып білегінен шап беріп ұстап алады да, ішіндегі жастықшасын суырып алады. Сосын қолын көтере береді де,  жанарына көзі түсіп, кідіріп қап, бүкшиіп тұрған әйелін айналып адымдап кетеді.

     Қуаныш: Енді қайттім, а.. Енді қайттім?

    Сол кезде үйге Сағат пен келіншегі Зәуре кіреді. Кіреді де ыңғайсыз жағдайды көріп абдыраңқырап қалысады.

     Сағат: Ассалаумағалейкум,аға! Жеңеше, не болған сіздерге?

     Осы кезде Ханша жерге дүрс етіп құлап бүктетіліп қалады.

     Сағат пен Зәуре: (қасына жүгіріп келіп басын сүйейді) Жеңеше, жеңеше, не болды сізге? Қазір, қазір... «Жедел жәрдем»...

     Қуаныш: (зекіп қалады) Керегі жоқ, сол «жедел жәрдемнен» келіп отырмыз?

     Сағат: Не болды, аға, не жағдай?

     Қуаныш: Не болушы еді, жеңешелерің бала тастады.

     Зәуре: (шошып) Не? Не дейсіз, аға?

     Қуаныш: Түсікке ұрынды жеңешелерің...

     Сағат: Қойшы, аға?

     Зәуре: Ах!

     Қуаныш: Солай болды...

     Зәуре: (Ханшаның қолын уқалап бәйек болып жүр) Қазір, жеңеше, қазір... Қасірет-ай...

     Қуаныш: Қасірет, әрине... Менің басымнан қасірет кеткен бе? Мен қасіреттің үйреншікті нысанымын ғой.

      Сағат: Босамаңыз, аға... Тағдырға амал қайсы енді... Болашақтан үмітіңіз бар ғой, әйтеуір.Соңынан жақсылығын бергей...

     Қуаныш: Ай, сол болашақ бұлдыр тартып тұр ғой. Болашақ дейді.

      Сағат: Бәрі жақсы болады. Жеңешеме «жедел жәрдем» шақыртайық та, аға...

      Қуаныш: Керегі жоқ дедім ғой саған! Керегі жоқ! Берер жедел жәрдемің болса, маған көрсет!

     Сағат: О, не дегеніңіз, аға...

     Қуаныш: Жүрші...

     Қуаныш Сағатты қолынан тартып авансценаға тақау әкеледі. Сағат аң-таң, абыржулы.

     Қуаныш: (сыбырлай, ысылдай сөйлеп) Құрыдым, Сағат!

     Сағат: Неге?

     Қуаныш: Құрыдым. Үлкен кісінің туған күнін қайтем енді?

     Сағат: Қайтесіз? Өтер?

     Қуаныш: Қалай өтеді? Жоспар ше? Шілдехана ше? Марапат? Газет, жорнал, телевидение ше? Ойбай-оу, «Ошар» келейін деп жатыр ғой? «Ошар!», «Ошар!»

     Сағат: (ашуланып) Келмесе, кемерінен ассын! Мына жақта адамдардың бірі өліп, бірі ауырып, бірі қасірет шегіп жатқанда Қайдағы «Ошар?»

     Қуаныш: Құрыдым ғой, Сағат-ау? Құтқарсаңшы?

     Сағат: Мен қалай құтқарам, қолымда не тұр менің?

     Қуаныш: Балаңды бер маған?

     Сағат: (шошынып) Не? Немене дейсіз?

     Қуаныш: Балаңды бер маған? Сенің басың жас...

     Сағат: Не деп кеттіңіз? Қайдағы бала? Балам дүниеге келген жоқ та ғой?  Не деп тұрсыз өзіңіз?

     Қуаныш: Келеді ғой өмірге... Құдайға шүкір, келіннің денсаулығы жақсы ғой?

     Сағат: Қойыңыз, аға...

     Сағат сескеніп, шегіншектейді. Қуаныш қалар емес, екі қолын жайып алған.

     Қуаныш: Сағат, бала дүниеге келеді ғой? Бер маған... Келіннің денсаулығы жақсы, өмірге келеді ғой бала... маған бер... Маған бер... Сенің басың жас... Өмірің алда ғой, әлі талай торсықшекені өмірге келтіресің ғой сен... Басың жас. Өзің әдемісің.... Келіншегің де әдемі...

     Сағат: (шегініп келеді) Қойыңыз аға, қай-қайдағыны айтпаңыз? Не деп келесіз өзі? Қалай мен... туған баламды беремін, қиямын, аға? Сіз не айтып тұрсыз?

     Қуаныш: Айналайын, Сағат, менің халім мүшкіл. Мен өлемін...Мен жалынамын саған, Сағат! Құлың болайын, бер балаңды! Алыс емеспіз ғой. Ағайынбыз ғой. Бұл керек десең ата жолы, Сағат...

     Сағат: Жоқ, аға! Буынсыз жерге пышақ ұрмаңыз! Бұл қылығыңыз тіпті де ақылға сыймайды! Қайдағы ағайыншылық? Қайдағы ата жолы? Мынауыңыз қиянат  қой! Озбырлық, қатігездік қой мұныңыз! Не деп тұрсыз?

     Сағат кетуге айналады. Қуаныштың жан дауысы шығады:

     Қуаныш: Сағат, қайда барасың? Кетпе! Кетпе! Жібермеймін сені! Сағат!

     Бұлардың дауысын естіп ар жақтан Ханшаны сүйеп шыққан Зәуре жүгіріп жетеді қастарына.

     Зәуре: Не болды? Не болды, Сағат?

     Сағат: (Зәуреге қарсы жүріп қолынан алады) Кеттік, Зәуре!

     Сағат пен Зәуре кетеді. Түкпірде шошайып тұрған Ханша мұның кабурасын шығарып, ішінен тапаншасын суырып Қуанышқа кезейді де, кабурасын жерге тастай салады.

     Ханша: Мен сені атамын!

     Бүк түсіп солқылдап жатқан Қуаныш басын көтеріп, жүрелейді. Көзі жарқылдап, аузынан жалын атқандай ысылдайды.

     Қуаныш: Атасың ба? Өлтіресің бе мені? Жақсы болды ғой.  Ат! Ат, қане! Ат!

     Ханша тапаншаны дір-дір етіп әлі кезеп тұр. Қуаныш орынынан атып тұрады да, Ханшаның қасына барып, қолынан тапаншаны жұлып алады да ары кетеді. Кабураны да іле кетеді. Ханша тұр құр қолын кезеген күйі сөлбірейіп. 

 

                                         Сегізінші сахна

 

     Есбол жүр теңселіп. 

     Есбол: Мен бүгіннен бастап директор емеспін. Мен бүгіннен бастап жай завуш та емеспін. Мен бүгіннен бастап қарапайым мұғаліммін. Не істеймін енді? Қалай төзем бұл қорлыққа? Жоқ, мен қалайда директор болуым керек. Мен қалайда өмір сүруім керек. Мен қалайда өмір сүруім керек.

     Сол кезде Есболдың желкесінен Зәуренің басы көрінеді.

     Зәуре: Неге шақырдыңыз?

     Есбол: Зәуре, амансың ба?

     Зәуре: Шүкір. Неге шақырдыңыз?

     Есбол: Зәуре, мен әлі де директор боламын.

     Зәуре: Боласыз, ағай.Өмірдің соңы бұл емес шығар...

     Есбол: Зәуре, менің өтінішім не болды?

     Зәуре: (жылап жібереді) Бұныңыз не, ағай? Мені сонша неге қорлайсыз? Неге азаптайсыз мені? Бәрі бітпеп пе еді әлдеқашан? Көрген түстей. Қорқынышты, жаман түстей. Сіз неге енді бекініп отырсыз? Менің соңыма біржола жетуге ме? Қоймайсыз ба енді?

     Есбол: Мен үшін ол шақ ғажайып көгілдір әлем. Айшықты сәт, арайлы көкжиек.Маған бала керек?

     Зәуре: Бермеймін...

     Есбол: Ол менің балам.

     Зәуре: Жоқ, ол Сағаттың ұлы!

     Есбол: Жоқ, ол менің ұлым! Менің айбарым, менің Айпатшам!  

     Зәуре: (егіледі) Жоқ, ағай, қойыңызшы. Жалынамын, ағай. Қоя беріңізші мені. Тыныштық беріңізші маған. Сіз асарыңызды асап, жасарыңызды жасадыңыз ғой. Болды ғой енді. Уәдеңіз қайда? Мазаламауға серт беріп едіңіз ғой? Не керек енді сізге?

     Есбол: Маған бала керек!

     Зәуре: Бермеймін! Баланы алғанша жанымды алыңыз?

     Есбол: Маған сенің жаның керек емес! Жаның өзіңе, маған бала керек!

     Зәуре: Жоқ!

     Зәуре қашады Есбол оны қуып кетеді.

 

                                        Тоғызыншы сахна

 

     Есболдың үйі. Есболдың бәйбішесі Сайрашты қыздары қоршап алған. Ұнжырғылары түсіп кеткен бәрінің.

     Сайраш: Солай ма?

     Қыздары: Солай дейді енді, апа?

     Сайраш: Салдақы. Оның ана күйеуі... Кім еді аты?

     Қыздары: Сағат.

     Сайраш: Сағат дейді... сағат болмай кеткір... Еркек емес, телпек болып тұр ғой ол? Ай, Аллам-ай...

     Қыздары: Бірақ ол әкемнің алғаш директор болған жылдары өтіп кетсе керек... Кейін байланыс жоқ дейді ғой.

     Сайраш: Әкеңнің директор болғаны кеше ғана емес пе?

     Қыздары: Үш жыл болды ғой, апа?

     Сайраш: Үш жыл көп уақыт па... (күрсінеді) ух... Құдайым-ай?

     Қыздары: Апа, жүрегіңізге күш түсірмеңіз? Сізге болмайды!

     Сайраш: Жүрегі құрысын... Енді жүрек керек пе маған?  Жүрегі түссін, жүрегі түскір.

     Бәрі түнеріп отырып қалады. Жандары алай-түлей.

 

                                         Оныншы сахна

 

     Кеңсенің алды. Түкпірде ерсілі қарсылы сабылысқан жұрт. Тойдың дайындығына кірісіп кеткен сыңайлы. Авансценада байыз таппай адымдап жүрген екеу - әкім мен Қуаныш.

     Әкім: Әне, дайындықты да қызу бастап кеттік. Үлкен кісіге ақпар жетті. Білетін адамдардың айтуы бойынша қуанып жатқан көрінеді. «Ошар» ертең таң атпастан жететінін айтып хабарласты мана. Басқа тілшілер де сол уақыттарда жетеді... Шегінер жер жоқ енді. Түсінесің бе, ақымақ? Шегінер жер жоқ?

     Әкім шарасыздықтан Қуаныштың жағасынан алып сілкіп-сілкіп қалады. Қуанышта үн жоқ, қарсылық та жоқ. Желі шыққан доптай бос, қаңбақтай қауқарсыз бүгін.

     Әкім: Өл, тіріл, бірдеңе қыл... Білмеймін...

     Қуаныш: Қыламыз бірдеңе...

     Әкім: Қыл, бірдеңе...(әкім әлдене шағып алғандай тыздалақтап кетеді) Не істеймін, а? Не істеймін?  Осыдан болмады ма, Қуаныш, маған да саған да өмір жоқ...

     Қуаныш: Түсінем ғой.

     Әкім: (ақырып жібереді) Маған сенің түсінігің керек жоқ, хайуан? Маған сенің әрекетің керек! Нәтиже керек, нәтиже!

     Осы кезде сахнаға Сағатты жетелеген Сайраш және оның жеті қызы шыға келеді.

     Сайраш: Әкім мырза?

     Әкім: Не боп қалды тағы да?

     Сайраш: О, ушаскавой қайным да осында екен... Сіздерге арыздана келдік... Шағымымыз бар... Ой, ішім... Бұрап барады.

     Осы кезде сахнаның артқы бөлігінде безендіру жұмыстарымен айналысып жүрген адамдар авансценаға өтеді де бұлар сөйлесіп, бүктетілген Сайрашты ортаға алып түкпірге кетеді.

 

                                      Он бірінші сахна

 

     Айы күніне жеткен Зәуре жан ұшыра қашып келеді. Соңынан екілене қуған Есбол пен Қуаныш.

     Зәуре: Құтқарыңдар! Құтқарыңдаршы, балапанымды! Құтқара көріңдерші? Құтқарыңдаршы...

     Айнала қашып түкпірге жете берген Зәурені Қуаныш тапаншасымен басып қалады. Сосын бұлар жетіп барып, сұлап жатқан Зәурені ары сүйреп кетеді.

                                    Он екінші сахна

 

     Сахна күңгірт. Әкім ақырын аяңдап шығып, дәл ортаға келеді. Шыттай болып киінген. Көбелек (бабочка) тағынған.

     Әкім: Аса мәртебелі, аса құрметті, үлкен кісі! Сіздің туған күніңізбен халқыңыз құттықтайды. Бұл да бір сіздің құдіретіңізден болар, ауылымызда  ұл мен қыз дүниеге келді! Сіздің рұқсатыңызбен, Сіздің құрметіңізге қыздың атын - Ай, ұлдың атын - Патша деп қойдық! Бұл тек Сіздің құрметіңізге! Жасай беріңіз, Ақпатшам!

     Осы кезде сахнаға жарық құйылады. Ән, күй. Шат-шадыман, қолдарында «Ақпатша, жаса!», «Ақпатшам барда - халық бар!», «Жаным, Ақпатшам!» деген транспораттары бар жұрт жөңкіліп жүр. Музыка. Түкпірден хор көтеріліп, олардың ортасын жарып, екі езуі екі құлағында бір-бір құндақтаулы сәбиді көтерген Қуаныш пен Есбол шығып келе жатады.  Шартылдаған фотоапарат, камера. Ерсілі-қарсылы шапқан тілшілер.

   Ғажайып бір әлем әйтеуір.

 

                                               СОҢЫ.

 

                                                                        Алматы, 2014 жыл.

Abai.kz

 

 

 

    

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576