Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 8235 0 пікір 11 Тамыз, 2014 сағат 00:59

Саяси лагерь: "НҰР ОТАН" ОППОЗИЦИЯНЫ ДА ШАҚЫРЫПТЫ...

9 Тамыз күні бір топ жас журналистер «Нұр отан» партиясы өкілдерінің арнайы шақыруымен Алматы облысы, Қапшағай қаласында өтіп жатқан «Жастар - отанға» шарасының қалай өтіп жатқанына куә болып қайттық. 7 тамыз бен 13 тамыз аралығына жоспарланған арнайы шараға Қазақстанның әр өңірінен 300-ден астам жастар өкілдері жиналған. Қапшағай демалыс аймағы аумағында өтіп жатқан шараның ерекшелігі жастардың еркін пікір алмасуына, қоғамдық-саяси мәселелерді еркін талқылауға жағдай жасалған.

Шараны ұйымдастырушы партия өкілі, «Жас отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов мырзаға жолығып, лагердің мақсаттары мен мазмұны туралы сұраған едік:

«Жастар – отанға» лагері қалай ұйымдастырылды, жиналушы жастар кімдер және қалай келді?

- Бұл шара 2009 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылуда. Осымен 6 рет ұйымдастырып отырған шараның ерекшелігіне тоқталсақ: бұған дейін біз бұл ауқымды шараны Ақмола облысында ұйымдастырып келдік, биыл бірінші рет Алматы облысы Қапшағай қаласында өткізілуде. Барлық аймақтардан жастар шақырылды. Бұнда жиналған барлық жастар «Нұр отанның» немесе «Жас отанның» жастары деген сөз жоқ, 300-ге жуық жастардың жартысына жуығы ғана «Жас отан» мен «Нұр отанға» тиесілі болса, қалған жастар әр түрлі студенттік ұйымдардан, ауыл жастарынан, жұмыс істейтін жастардың қоғамдық ұйымдарынан  келіп отыр. Осыншама жастардың бір араға бастарын қосуымыздың себебі ең өзекті деген қоғамдағы мәселелерді талқылай отырып, жаңа жобаларға қол жеткізу. Біздің жастармен жұмыс істеу тәсіліміз біріншіден мотивациялық тұрғыда, біз біріге отырып осы  жеті күннің ішінде түрлі кездесулер, семинар тренингтер, спорттық шаралардан арнайы сайыстар мен жарыстық бәсекелер, жаңа форматтағы квесттер(арнайы тренинг ойындар) өткізудеміз, мұнда  командалық  біріктіру мәселелері қаралады. Сондай-ақ түрлі қоғам қайраткерлерімен, елдің алдында жүрген іскер азаматтармен, депутаттармен жастардың кездесулерін ұйымдастыруды жоспарладық. Мысалы 8 тамыз күні «Нұр отан» партиясының бірінші хатшысы  Қыдырғалиұлы Бауыржан Байбекпен жастардың кездесуі болып, жақсы, ашық әңгіме болды. Алдағы күндері Мұрат Әуезов, Бекболат Тілеухан сияқты қоғам қайраткерлерімен де жастар пікір алмасатын болады.

- Бұндай форматтағы «Жастар – отанға» шарасының мақсаты не? Жалғасын табатын болама?

- Бұл іс-шараны жабық залдарда өткізуге болады әрине, дегенмен де жастардың бір-бірімен түсінісуі, еркін тәжірибе алмасуы үшін еркін атмосфера, кең уақыт қарастырдық. Біздің басты құндылығымыз тәуелсіздік, тәуелсіздіктің сақталуы үшін бірлік керек. Украинадағы саяси жағдай біз үшін үлкен сабақ. Біз жастарды «Нұр отанға», «Жас отанға» кел деп емес, бірігіңдер деп шақырып отырмыз. Мұнда тек партия төңірегіндегі жастар ғана емес,  оппозициялық көзқарас ұстанып жүрген жастар өкілдері Жанболат Мамай, Елнұр Бейсенбаев сияқты ұлтшыл жастар да шақырылды. Оларға көзқарастарыңды, пікірлеріңді ортаға салыңдар, бірігейік, ұлтқа бірге қызмет жасайық деп сауын айттық.  Бұл лагердің көздеген басты мәселесі төртеу: Бірінші - білім, жастардың білім алуға деген құштарлығын оята білу, өзіне, ортасына, мемлекеттің қажеттілігіне зәру мамандықты игеруге шақыру. Екіншіден жұмыссыздықпен күрес, көптеген жастар бірден жайлы өмірді, көп ақшаны армандайды, олардың өз болашағына немқұрайлы қарауы отанның болашағына немқұрайлы қарауы, яғни олар қандай салада болмасын халыққа қажетті және қолжетімді жұмыс орындарында жұмыс істей білуі керек. Үшінші мәселе - жастардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесі, жастардың көп бөлігі қыдыру мен әлеуметтік желілерде отыруды, көңіл көтеру орындарында жүргенді әдетке айналдырып алған, олар алтын уақыттарында кітаптар оқуы, спортпен шұғылдануы, мемлекеттің қажетіне жарайтын жұмыс істей білуі керек. Төртінші мәселе - отбасы мәселесі, қазір отбасындағы құндылықтар құлдырап кетті. Жас жұбайлар ата-аналарын сыйламайды, ата-анасын түгілі бір-бірін сыйлаудан құр қалып барады, олар рухани құндылықтарды материалдық құндылықтардан төмен бағалап жүр.  Ертеңгі қоғамның иесі болатын саналы ұрпақты өмірге әкелу үшін жас отбасылардың босағасы берік болуы керек. Осы мәселелерді осында келген жастар түсіне білсе, ертең осында келген жастардан 300 үлгілі отбасы шығады деген сөз. Мұнда келген жастардың пікірлері әр түрлі, біз келген жастардың барлығын да тыңдаймыз, және сол пікірлердің ішінен ақиқат іздейміз. Біздің қолымыздан келетіні идеологиялық бағытты көрсету, ал, өз жолын дұрыс таңдап, еңбек ету жастардан.  Біздің мақсатымыз әр жердің белсенді жастарынан құралған осындағы 300 жастың рухын көтеру, санасын серпілту,  егер ертең олар өздерінің осы жерден қабылдаған тәжірибе білімдерін іс жүзінде қолдана білсе біздің еңбегіміздің еш болмағаны, осында келген жастар өздерін өзгеру арқылы ортасын өзгертеді,  айналасында жүрген жастарға әсер етеді. Бұл жерде би кештері, спорттық бәсекелер болады. Біздің көздегеніміз қоғамдағы тұрақтылық, елдің дамуы. Лагердің тақырыбы айтып тұрғандай «Жастар отанға», яғни жастар маған мемлекет не береді деп емес, мен отаныма не берем деп өмір сүруі, еңбек етуі керек, себебі ол сенің шын мәнінде отаныңды сүйе білгенің.

Нұрлан Ерболатұлының айтуынша бұл шара «Нұр отанның» жалғыз бағдарламасы емес, оқу бітірген жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін «Сәтті қадам» бағдарламасы бар, бұл бағдарламаның басты мақсаты оқу бітірген жастардың үлкен компанияларда тәжірибе алуына көмектесу. Сондай-ақ қалаға ағылған, жұмыссыз жүрген, базар жағалап жүрген жастардың мәселелерін зерттеуге, оларға психологиялық жәрдемдер беруге арналған «жастар кеңесі» орталығы бар және өз еріктерімен топтасқан «еріктілер» қосыны бар, олар мүмкіндіктерінше әлеуметтік қиыншылығы бар жандарға көмектеседі.

Бізді қызықтырғаны лагерге келген жастардың айтар ойына, көзқарастарына шектеудің болмағаны, оларға партиялық идея сіңіру үшін емес, партияға жастар идеясын тарта білуі. Бізге берілген бір күндік уақытта лагерге келген жастардың көңілді уақыт өткізіп жатқанын, жағажайда суда жүзіп, жабық залда өткен тренингтерде дәріс тыңдап отырғандарын көріп қайттық. Әрине  межелі күнге дейін концерттік бағдарламалары да, қызықты шоуда жалғасын таппақ екен. Біз «Жастар – отанға» шарасына жиналған 300 жас бірлік дейтін қасиетті ұғымды үш жүздің баласына жеткізіп барады деп сенеміз.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530