Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 12862 0 пікір 17 Тамыз, 2014 сағат 17:51

Қытай – темір ноқта, орыс – қайыс ноқта

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділ ағамыздың  жиын тойларда «Қытай - темір ноқта, орыс - қайыс ноқта» дегенін көп естіп едім. Сонда түсінбей  «Орыс темір ноқта, Қытай қайыс ноқта» деп неге айтпайды екен деп ойлаушы едім. Кейін Қытай көсемдерінің ұлт мәселесі туралы айтқан уәждерін оқып, Қабдеш ағаның екі империяға берген бағасының дәл берілгенін түсіндім. Әрі қытайлардан шындап қорқу керек екенін, өте сақ болу керегін тіптен тереңдей түсіндім. Пролетариат  көсемі Ленин «Ұлттардың өзін-өзі билеу құқын тану» жөніндегі ұлттық саясаттың негізін қалап, белгілі дәрежеде оны іске асырып та кетті. Ленин негізін қалаған Кеңестік Ата заң тармақтарына ілігіп қалған құқықтарға сүйене отырып 1991 жылы Кеңестік орталық империя да тарап, ұлт республикалары өз тәуелсіздігіне заңды түрде қауыша алғанын бағалай білуіміз керек. Ал, елінде алпыс қанша ұлттар мен ұлыстар тұратынын сөз жүзінде мойындайтын Қытайдың өткені және бүгінгі басшылары мен саясатшылары ешқашанда ұлт мәселесі дегенді мойындап көрмеген екен. Қытай көсемі Мау Зыдұң өмірінде бір-ақ рет, бір-ақ ауыз сөз айтыпты. 1963 жылы 8 тамызда бір шетелдікті қабылдау сөзінде: «Ұлттық мәселе, сайып келгенде таптық мәселе» дегенін білеміз. Демек, Қытайда ұлттық мәселе деген жоқ, тек таптық күрес мәселесі ғана бар, соны шешсең бәрі шешіледі мыс. Ал, Қытайдың Гоминдаң өкіметінің президенті Жаң Кайшы Қытайдағы ұлт мәселесі дегенді тіпті түсінгісі келмейтінін ашық білдіріп қояды. 1946 жыл Нанжинде Қытай халық өкілдерінің үлкен құрылтайына қатысқан Шығыс Түркістандық делегаттар Шыңжаң өлкесіне жоғары дәрежелі ұлттық Автономия берілуін сұрайтын арнаулы ұсыныс хат дайындап, Шығыс Түркістандық делегаттар атынан Юсуп Алып Текин құрылтай мінбесінен баяндама жасайды. Сол жиналыстан кейін Маршал Жаң Кайшы Ахметжан Қасыми екеуін жеке қабылдап былай дейді: Екі мықты жазбаларыңды қайтарып алыңдар. Біздің қытай халқы сыртқы көріністі түсінбейді, Автономия дегенді түсінбейді. Орыстар Батыс Түркістандағы жеке республикалардың тәуелсіздігін таныды. Мен оларды білемін. Орыстар оны қабылдай алады. Орыс өкіметі оны орыс халқына түсіндіре алады. Ал біздің өкімет оны түсінбейді, халқымыз да түсінбейді, түсіндіру де қиын. Халқымыз бізді түсініп жатырқамайтындай болғанда, мен сізге сипаты автономияға жақын бір құқық берейін, соған күш салайын. Сіз көрініске қызықпаңыз, мағынасына мән беріңіз дейді. Маршал Жаң Кайшының оң қолы, сенімді өкілі ретінде 1945 жылы Шыңжаңды билеуге, көтерілісшілермен бейбіт келіссөз өткізуге жіберген генерал  Жаң Жы Жұң  қытай әскери шенділерін жинап құпия баяндама жасайды. Сол баяндамасын жеке кітапша қылып «Ерекше құпия » деген бұрыштамамен бастырып шығады. Қытай түлкісі аталған генерал «Ерекше құпия» баяндамасынан көп нәрсені аңғаруға болады. Ол былай дейді: «Шығыс Түркістан мәселесі, бір ұлттың мәселесі болып табылады. Бұның ұлттық мәселе екенін бүгінге дейін мойындамай келдік, әрине, қытай болғанымыз үшін. Тек қытайша істедік, дипломатиялық мәселе дедік, ұлттық мәселе деп көрмедік. Егер, бұл ұлттық мәселе болмаса, ұлт неге қытайларға қарсы көтеріліске шығады дегендерге, орыстардың арандатуымен, ағылшындардың арандатуымен, түркілердің арандатуымен шыққан мәселелер, солардың арандатуымен осындай мәселе туындап отыр деп келдік. Немесе халық бізді сүйеді, бізден айырылғысы келмейді деп соқтық. Алайда, бұл бір ұлттық мәселе болатын. Бұл мемлекеттің халқы қытайлықтар емес еді. Бұл жер, асылы, қытай жері емес еді. Сондықтан да бұл мәселе ұлттық мәселе болып табылады». Генерал одан ары былай ақтарылады: «бұл шынында да ұлттық мәселе! Бұл сияқты мәселелерді империалист мемлекеттер қалай шешті? Тәуелсіздіктерін мойындау, ол отарлардың өз иелеріне табыстау, ол жерлерден кету арқылы шешті. Ал, біз неге ондай саясат ұстанбадық? Олардың отарларына берген еркіндікті неге бермедік? Неге шығып кетпейміз? Өйткені, біз қытайлықпыз».

..... тастап кетпедік. Біз осы жолды, осы амалды ұстанамыз. Яғни, тәуелсіздік дегенді мойындай алмаймыз, автономияны да мойындай алмаймыз. Пәлендей бір тұрлаулы құқық дегенді мойындай алмаймыз. Біз «Хуай ру Жиңсы» (немесе алдарқату, еліктіру, көзбояушылық) саясатын жүргіземіз... бұларға беріп отырғандай көрінген хақтарымы, шынайы хақ-құқтар емес, ол бір жай көрініс беру, алдарқату,  жұбата тұрудың амалы ғана.

Мінекей, Қытай империясын басқарып тұрған арғы-бергі, үлкен-кіші мемлекет басшылары мен әскерилерінің өз елінде бодандықта өмір сүруге мәжбүр болған алпыс қанша ұлттарға,  олардың ұлттық құқықтары мен өзін-өзі билеуге ұмтылыстарына, ұстанып келген саясатының шын сиқы осындай.

Азат Азамат

Abai.kz

0 пікір