Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Билік 17196 0 пікір 24 Тамыз, 2014 сағат 14:55

Еуразиялық идея: мәні мен құндылығы

 

Ерекше географиялық дүние іспетті Еуразия тұрғындары не батыс еуропалықтарға, не қиыр немесе оңтүстік-шығыс азиаттарына ұқсамайды. Еуразиялық халықтарда славяндардың және тұрандықтардың ерекшеліктері аралас болады. Осыдан барып «Шығыс-Батыс» жүйесінде Қазақстан мен Ресейдің орны жөніндегі мәселе шешілуі керек. Қазақстан мен Ресей – Батыс та және Шығыс та емес. Олар Еуразияға жатады және біртұтас славяндық-тұрандық айырмашылықты білдіреді. Батыс (орыс) мәдениетінде Шығыс әуендері, керісінше, Шығыс мәдениетінде Батыс әуендері мен элементтері кездеседі. Бұл орыс және басқа еуразиялық мәдениеттің ұқсастығымен, олардың тарихи астасуымен, тіпті орыстардың түріктермен, угро-финдермен, моңғолдармен тарихи достастық байланыстарымен дәлелденеді.

Еуразияшылдық «көп халықты ұлт» (немесе Л.Н.Гумилевтің кейінгі «еуразиялық суперэтнос» атауын пайдалансақ) біртұтас үйлесімділік құрамындағы әрбір халықтың құқығы мен ерекшелігін мойындайды. Бұл мұраттың негізін салушылар көп ұлтты еуразиялық мәдениеттің негізі «материалдық база» немесе «мемлекет алдында бас июшілік» емес, ең алдымен руханият және рухтың биіктігі болуы керек деп түсінді. Осыған орай «еуразия философиясы», «еуразия көп халықты ұлтының философиясы» сияқты жаңа термин енгізу қажет сияқты. Өмірді орнықтырудың сыртқы формасына қарайлаушылық пен мемлекет алдында бас июшілік – бұл Батыстың таңдап алған жолы, ол руханиятты, өзіне тән мә­­дениет төлтумалылығын жоқ­­қа шығарады. Батысқа деген кірпияздық және батыс­тық центризмді сынау Еуразия қоз­ғалысы өкілдерінің коммунистік Ресейді, марксизм мен больше­визмді сынауымен байланыс­ты болды. Олардың пікірінше, Қазан төңкерісі елді толығымен әлемдік өркениеттік даму жолынан шығарып тастап, Батыстың тұйыққа тірелген, рухтан ада жолына апарып тығырыққа тіреді.

Алғашқы еуразиялықтар еңбегінде Еуразия доктринасы мәселелерінің барлық – географиялық, тарихи, саяси және т.б. қырлары  сөз етілгенімен, басты бағыты түпкілікті түрде айқындалған жоқ. «Еуразия» деген ұғымның өзі дүдәмал жағдайда қалды. Ол еуропалықтар үшін Еуропа мен Азияға қатысты дүниенің тұрғысынан біресе «үшінші», біресе азиаттық бастаманың басымдығына байланысты олардың синтезі болды.

Көп халықтық еуразиялық суперэтнос өкілдерінің өзіндік этномәдени бірегейлігіне және идеологияға кереғар руханиятқа ерекше мән беретінін ұмыта отырып, еуразияшылдық көбіне-көп тоталитарлық идеологиямен теңестірілді. Еуразияшылдық мәселесі өз ішіне географиялық, тарихи, әлеуметтік, геосаяси, этнологиялық, этнопсихо­логия­лық жақтарды, яғни табиғи ортамен, адамның қоғамдық дамуымен және оның ішкі рухани әлемімен байланысты нәрсенің бәрін сіңіреді. «Еуразияшылдық» деген сөз «Еуропа» мен «Азия­ны» біріктіреді, бірақ олар фило­софиялық мәні жағынан «Батыс» пен «Шығыс» деген кең және мазмұнды ұғымды білдіреді.

Бұлардың мәнін аша отырып, Батыс пен Шығыс өзінің дүниеге қатыстылық қағидасы, яғни дүниедегі көзқарас пен өмірлік-практикалық бағдарламасы тұрғысынан бір-біріне тікелей қарама-қарсы болып көрінеді.

Дүниеге батыстық қатынас және одан туындайтын негізгі идея адамды қоршаған дүниенің жетілмегендігін және адамның әлеуметтік қажеттіліктеріне толық жауап бермейтінін айқын­дайды. Демек, дүние одан әрі жақсаруды, қайта құруды, одан әрі толығырақ қалыптастыруды қажет етеді. Басқаша айтқанда, батыстық дүниеге қатынастың басты қағидасы – заттық-прак­ти­калық, материалдық іс-қимыл.

Оның мақсаты – сыртқы дүниені өзіне барынша бағындыру және оны адамның әлеуметтік иемденуіне және үстемдік етуіне қарай бағындыру.

Дүниеге шығыстық қатынас­ты алсақ, ол қарама-қарсы негізге аяқ тірейді және түбірінен басқа мақсатқа бағытталған. Шығыс адамы үшін әлем шексіз, сондықтан да ол өзінің бойына барлығын жинақтайды. Ендеше ол дүниені қайта құруды қажет етпейді. Дүниені емес, адамды, оның санасын өзгертуді талап етеді. Материалдық-тәндік қана емес, сондай-ақ бір мезгілде рух­ани жанды нәрсе бола тұ­рып, адам өзінің физикалық шек­телуін және нәпсісін жеңіп шығуы және таза рух деңгейіне дейін көтерілуі тиіс. Сондықтан Шығыстың басты қағидасы – адамның өзін-өзі тануы, өзінің санасын жетілдіруі болып табылатын ішкі психологиялық рухани іс-әрекет.

Егер Батыстың ұраны: «Сыртқы дүниені танып, соның негізінде оны қайта өзгерт» десе, Шығыстың ұраны: «Өзіңді өзің танып, соның негізінде санаңды қайта өзгерт». Ал Еуразияның ұраны: «Ізгілік жасау немесе жақсылыққа, жарастыққа, парасаттылыққа ұмтылу». Ұлы Абайдың сөзімен айтсақ: «Адам бол!», рухани-адамгершілік жағынан жетілген, Шығыстың руханияты мен Батыстың озық технологиясын, ақыл-ойын бойына сіңіріп, екеуін ұштастырған толыққанды адам бол!

Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі Еуразия құрлығында ең шешуші суперэтностар – славян және тұран (түркі тілдес) халықтарының кейінгі ұрпаққа қалдырған бай философиялық мұралары бар, олардың жиын­тығын Еуразия философия­сы деуге әбден болады. Сон­дық­тан Еуразия философиясында тұран­дықтар мен славяндардың философиялық дәстүр­лері арасын­дағы сұх­бат үдерісі өте қажет. Осының нәтижесінде Еура­зия континентінде мемле­кет­аралық, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік, ендеше еура­зия­лық рухани келісім қалыптасуда.

Қазір ХХ ғасырдағы тәжіри­бе­мен байыған Еуразия идеясы оның алғашқы даму кезеңіне қарағанда да көкейкесті болып отыр. Бүгінгі күнгі жаһандану зама­нында тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету тұр­ғысынан Шығыс пен Батыс­тың жақындасуы Еуразия континенті мемлекеттерінің дүниеге деген қатынасы мен интеграциясы іспетті аса тарихи қажеттілікке айналуда. Егер алғашқы еуразияшылдық Ресей империясының күйреуіне жауап ретінде болса, қазіргі еуразияшылдық КСРО-ның ыдырауы, сондай-ақ болашақта орын алуы мүмкін әлеуметтік-саяси күйреуге деген әсер болуы мүмкін. Еуразияшылдықты дүниеге айрықша қатынас түріндегі мәдени-философиялық доктрина, адам тіршілігінің әртүрлі тараптарын үйлестірудің бірден-бір тәсілі болар еді. ХХІ ғасырда Еуразиялық идеяның кең де терең мәнге ие болуы да сондықтан. Осыған орай Еуразиялық философия туралы жаңа зерттеулер, оны Батыс пен Шығыс мәдениеттері сұхбаты ауқымында теориялық негіздеу бүгінгі жаһандану заманының өскелең талабы. Батыс философиясы, Шығыс философиясы сияқты Еуразия философиясының өмір сүруі заңды. Сондықтан Еуразиялық идея Еуразия құрлығындағы мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды шешудің бірден-бір үйлесімді формасы, сонымен қатар, көп деңгейлі интеграциялық процестердің қайнар көзі, ендеше, континенттік қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірден-бір құралы.

Қазақстан Республикасы – еура­зиялық ел, ендеше, оған еура­зиялық идеясы басқа­ларға қарағанда өте жақын. Еуразиялық идея Еуропа мен Азияны біріктіреді,бірақ олар өзінің философиялық мәні тұрғысында Батыс пен Шығыс деген терең ұғымды біріктіреді. Біздің тәуелсіз мемлекетіміз географиялық тұрғыдан ғана емес, демографиялық және мәдени тұрғыдан да Еуропа мен Азия, христиандық пен исламның тарихи әлемі аралығында жатыр.Еуразия кеңістігі бойынша біздің елімізде ғана славяндар мен түркілердің іс жүзіндегі сұхбаты арқылы үйлесімді қатынасы, достығы, ислам мен христиандық арасындағы рухани келісім іске асып отыр. Осының арқасында Еуразиялық экономикалық одақ, Қазақстан, Беларусь, Ресей сияқты үш мемлекеттің Кеден одағы сияқты аймақтық ұйымдар құрылып, жаһандану процесінің зиянды салдарларына тосқауыл қойылуда. Еуразиялық идея дегеніміз, мәдени әртүрліліктің бірлігі. Бірлік дегенді көптүрліліктің ішкі үйлесімді байланысы, бірліктегі көптүрлілік деп түсінеміз. Сон­дықтан оны көптүрліліктің дамуы ретінде түсінуге болады.

Еуразиялық экономикалық одақ жаңа жұмыс орындарын ашуға, Ресеймен бірлескен кәсіп­орындар ашуға, өндірілген өнім­нің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, ТМД елдері арасындағы өзара әсерге қосымша серпіліс береді.

Қазақстан өзінің ұлттық заң­дарын еуропалық стандарттар­ға жақындастырады. Ресейге қажетті еліміздің этносаралық және конфессиялық келісімді қамтамасыз етудегі тәжірибесін ескере отырып, Еуразия кеңіс­ті­гінде толеранттылық және мәдениетаралық сұхбат мәсе­лелері Қазақстанның да басым бағыттарының бірі. Қазақстан мен Ресей арасында өзара бір-бірімізге пайдалы істер бар. Мысалы, бізге Ресейдің мем­лекеттік-конфессионалдық серік­тестік тәжірибесі қызғы­лық­ты. Сонымен қатар, екі елге этнос­аралық қатынастар саласында қызмет атқаратын азаматтық қоғамның институттарының өзара әсері және үйлесімділігі  құнды. Сол сияқты Еуразиялық ынтымақтастықта, соның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықта аймақтық деңгейде ғана шеші­мін табатын миграция мәсе­лесі басым бағыттың бірі. Қа­зақ­стан өркениетті миграция­ны қолдайды. Беларусь, Қазақ­стан, Ресей арасындағы біртұтас экономикалық кеңістікті қалып­тастыру шеңберінде көп­те­ген мәселелер шешілу үстін­де. Әсіресе, этносаралық және конфессияаралық келісімнің Қазақстандық моделінің халық­аралық маңызы зор.

Еуразияшылдық дегеніміз – ол ең алдымен бірлік дедік қой. Өз мағынасы, өзінің табиғаты мен мәні жөнінде де ол солай болуы тиіс. Еуразиялықтар акылы мен құлқын «жинақтаушы» деген бір ғана сөзбен білдіретіні жайдан-жай емес. Жинақтаушылық – кез келген адамға, мейлі ол алыс немесе жақын болсын, әрине егер ол адам табиғатына жат болмаса, халыққа немесе мәдениетке ашықтық дегенді білдіреді. Жинақ­таушылық гуманизм мұра­тымен, ал өзінің ең жоғары деңгейінде жалпыадамзаттық туысқандықпен және жалпы пла­нетарлық мәдениетпен түйіседі.

Еуразиялық мұрат Шығыс пен Батыс мұраттарымен са­лыстырғанда өзіндік ерекшелігі бола тұра, оған кереғарлық жасамайды, онымен бірге қатар тұр. Керісінше, екі мұратты да жандандырып, мәдени-рухани жағынан біріктіреді. Ол дүниені жаңғырту болып табылады және адамды бір-бірінен алшақтатпайды, керісінше, жақындатады, толықтырады. Басқаша айтқанда, адамның материалдық-практикалық іс-әрекеті рухани-адамгершілік бастамасымен молығады; өз кезегінде адамның рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуы дүниеден сырт болуды емес, қайта ол нақты іс-әрекетті, болмысты жаңғыртарлық әрекетті талап етеді. Осылайша еуразияшылдық өзінің мәні бойынша адамның дүниеге қатынасының ерекше түрі болып табылады. Ол іскерлік-гуманистік қуатына орай шектен шығуды жеңуге жетелейді. Яғни, Батыс пен Шығыстың шек­тен шығушылығын жеңу­ге, сөйтіп, бір жағынан, мате­риал­дық-практикалық қыз­мет­­ті, екінші жақтан, құлық­тық-рухани мәдениетті бірік­тіруге бағыттайды. Еуразия­шыл­ды қадамның дүниеге, жаңа өмір формасына қатынасының үшінші мыңжылдық талаптарына толық жауап берерлік жаңа тәсілі.

Еуразиялық кеңістіктегі мемлекетаралық қатынастар мен интеграциялық процестерді алсақ, олар еуразияшылдықтың табиғи терең мәнін көрсетеді. Егер Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Еуразиялық мемлекеттер одағы жөніндегі нақты мұраты туралы айтар болсақ, ол саяси немесе жа­лаң сыртқары ойларға емес, Еуразия халықтарының ішкі тектік мәдениеті мен құлықтық болмысының жақындығына, славяндар мен турандықтардың іс жүзіндегі туыстығына негізделген.

Еуразияшылдық мұраты біздің аумақта геосаяси және әлеу­меттік-мәдени кеңістік щең­берінде терең интеграциялық процестер басталатын болашағы мол тарихтың жаңа философиясы рөліне ұмтылуы мүмкін.

Адам мен табиғат, техника мен адамгершілік, ислам мен христиандық, ұлттық пен жалпыадамзаттық, атлантизм мен континентализм арасындағы теңсіздік аса зор күйреуге, бар­лық планетаның жойылуына апарып соқтыруы мүмкін. Еуразияшылдықты адамның дүниеге қатынасы түріндегі мәдени-философиялық доктрина ретінде жүзеге асыру осы теңсіздікті жоюдың басты жолы, адам тіршілігінің әртүрлі тараптарын үйлестірудің тәсілі болар еді. Қазіргі кезде Қазақстанда еуразиялық мұраттың кең де те­рең мәнге ие болуы да сондықтан.

Қазіргі жаһандану заманында ешқандай мемлекет өз бетінше жалғыз өмір сүре алмайды. Қазақстан да өзінің ұлттық тәуелсіздігін еуразиялық аймақтағы Ресеймен және басқа елдермен көпдеңгейлі интеграцияға түсу және өзінің ұлттық мүддесін сақтау арқылы ғана орнықты дами алады. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру – бұл тәуелсіздікті нығайту мен инновациялық дамудың даңғыл жолы. Сонымен, мемлекеттік тәуелсіздікті тек қана еуразиялық интеграцияны одан әрі өрістету арқылы ғана сақтауға, нығайтуға және дамытуға болады.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,

ҰҒА академигі.

0 пікір