Сенбі, 4 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Біздің шенеунік 4051 0 пікір 25 Тамыз, 2014 сағат 10:56

БАТТАЛОВ УАҚЫТША ӘКІМ БЕ?

Алматы облысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Аңсар Мұсаханов дейтін азамат аттан түсті. Әуел баста оны осы қызметке тағайындағанда кім не ойлады екен, әйтеуір Президент  экс-әкімнің облыста омалып отырғаны болмаса, түк бітірмегенін бетіне басты. Түк бітірмейтін адамды түрінен тану осы заманда қиындап бара ма қалай, басында жер-көкке сиғызбай мақтап әкеліп орынтаққа отырғызады да соңынан жер-жебіріне, жекен суына жеткізіп желкелеп қызметінен алып тастайды. Билікті айтамыз. Мұсахановты да сөйтті. Алайда,  Аңсар Тұрсынханұлын Алматы облысында қарекетсіз қарап отырды деп біржақты айыптауға болмайды. Ол Алматы облысының  жайлауы мен қыстауын малға толтырды. Өзінің малына. Алматы облысындағы лауазымды қызмет орындарын жаңа кадрлармен толықтырды. Өзінің кадрларына. Бәрі де Ұзынағаштан шыққан қасқалар мен жайсаңдар, әншейін.  Елбасының тапсырмасы дегенді осы деңгейде түсініп, қарқынды қимылдаған жігітіміз, бірақ, жарты жолдан қайтты. Сөйтіп оның орнына ұзақ жылдардан бері облыстағы орынбасарлықты меншіктеп қалған Амандық Батталов отырды.  Әйтсе де, Батталовты жетісулықтар «уақытша әкім» десіп жүр. Өйткені Батталовтың биографиясы келгенімен географиясы Алматы облысын басқаруға «жарамайтын» көрінеді. Қарақалпақтың тумасы. Оның үстіне бірінші басшылықта көп болмаған. Қараңыз: Батталов Алматы қаласы Калинин ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары, басшысы (1992-1994); Ленин аудандық әкімшілігінің басшысы (1994-1995); Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі (1995-2001); Алматы облысы әкімінің орынбасары (06.2001-04.2008); 2008 жылдан бері Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Тегінде, орынбасарлық қызметте жүріп қалған адамда орындаушылық  мінез қалыптасып кетеді. Сондықтан тұлға деп танырлықтай бір азамат маңдайына бұйырмай тұрған Алматы облысының тұтқасын Батталовтың батылы жетіп ұзақ ұстауы беймүмкін деседі ел іші. Батталовтың уақытша әкім қызметін атқаруына болжалды тағы бір себеп: бұл орынға «скоро» Дариға Назарбаева  келіп жайғаспақ-мыс.  Батталов Дариға Назарбаева ханымның сәтті сағаты туғанша, облысты басқарады да содан кейін «денсаулығына байланысты» немесе басқада бір мінәйі сылтаулармен әкімдікті  Дариға Нұрсұлтанқызына  беріп құтылмақ-міс. Бұл Дариғаның қабілетін бағалап өсіру ме, әлде Парламенттен кетіріп, Астанадан көшіру ме, әзірге нақты бірдеңе айту қиын. Бұның тіпті ел аузындағы «ертегі» болуы да ықтимал. Дегенмен, жел соқпаса,  шөптің басы неге қимылдасын?..

Abai.kz    

0 пікір