Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 5848 0 пікір 28 Тамыз, 2014 сағат 12:12

ОТАНСҮЙГІШТІК СЫНҒА ТҮСЕТІН ШАҚ

«Патриотизм – ең арлы, ең сыпайы сезім... Сондықтан, әр сөздің қадірін біл, отансүйгіштік сезім туралы кез-келген уақытта айқайлай берме. Абзалы – өз еліңнің игілігі мен қуаттылығы үшін үнсіз жүріп, еңбек ет!». Орыстың ойшылы Василий Сухомлинскийдің осынау қанатты сөзі барша қазақстандықтардың қаперінде болуы тиіс. Өйткені, біз жайбарақат өмір сүріп жатқан жоқпыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бәріміздің алдымызға адуынды мақсат қойды. «Қазіргі шақта 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдердің қатарында кім болатынын ешкім дөп басып болжай алмайды, бірақ сол «отыздықтың» құрамы қандай болса да, Қазақстан алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің тобынан орын алуға міндетті»,- деді Ұлт көшбасшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында.

Жалпы алғанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясы ең алдымен, Қазақстан азаматтарының іскерлік белсенділігінің жаппай өсуіне арқа сүйейді. Қазірдің өзінде қазақстандықтар – табысты кәсіпкерлердің ұлтына айналды деп нық сеніммен айтуымызға болады. Мысалға, жекешелендірудің екінші толқынын алайық. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті хабарлағандай, 2014 жылдың 13 тамызына дейінгі мәліметке сәйкес, биылғы жылы жекешелендірілуі тиіс 300 нысанның 27-сі жалпы сомасы 1 080 млн. теңгеге (1,1 млрд. теңге) сатылып үлгерген. Тіптен, бір нысан электронды байқау бойынша өзінің бастапқы құнынан 25 есе қымбат бағаға саудаланған. Осы мысалдың өзі қазақстандықтардың табысты кәсіпкерлер ұлтына айналғанын дәлелдейді.

Менің пайымдауымша, біз әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің, ұлттардың қатарына қосылуымыз үшін, әрқайсымыз жаңа көшбасшылыққа ұмтылуымыз қажет. Жекешелендіру үдерісі осыған таптырмайтын мүмкіндік беріп отыр. Қазір саясат, экономика, заң, медицина сияқты салалармен қатар өндіріс саласына да жаңа көшбасшылар қажет екені даусыз. Бұл салаға келетін жаңа басшылардың ісі оңға басуы үшін, олар өзін шенеунік-бастық ретінде танытып, қол астындағыларға жайсыздық әкелмей, керісінше, солардың сеніміне кіруді өзінің негізгі міндеті деп білуі керек. Бұл жерде біз жоғарыда сөз еткен отансүйгіштік сезімнің үлкен рөл ойнайтыны белгілі.

Сондықтан, акция өте ашық, жария жағдайда өтуі керек. Себебі, мемлекет басшысы 6 тамыздағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жекешелендіру кезінде мемлекеттік нысандардың шенеуніктердің туған-туыстарына «бармақ басты, көз қыстымен» үлестіріліп кетпеуін қатаң ескертті. «Бұрынғыдай былық-шылық орын алып жүрмесін. Қолында билігі барлар, қонышынан бастып қалды. Сол кезде заңсыз бөлінген жер мен мүлікті қайта тартып алып жатырмыз. Осындай жағдай қайталанбасын!»,- деді Н. Назарбаев. Яғни, іскерлік серпін, жаңашылдық және прагматизм барша қазақстандықтардың іскерлік мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналуы тиіс. Сол кезде ғана біз нақты нәтижеге қол жеткіземіз.

Айтпақшы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлерді жекешелендіру үдерісінде ашықтық, жариялылық қағидаттарын ұстануға шақыруда. Еліміздегі бизнес құрылымдардың мүддесін қорғайтын мекеме бірыңғай электрондық сауда алаңындағы бірқатар техникалық кемшіліктерге назар аударды. Мәселен, ҰКП-ның төрағасының орынбасары Жаннат Ертілесованың пікірінше, аймақтарда сатылып жатқан нысандар жөніндегі ақпарат қолжетімсіз. – www.gosreestr.kz порталындағы сауда туралы есептік мәліметтер ашық емес. Ол жерде электрондық саудаға қанша адам қатысты, қандай соманы ұсынып, нысандарды кім сатып алды деген қарапайым нәрселер жазылмаған,- деді ол 13 тамызда Астанадағы брифингте.

Әмірлан Әлімжан.   

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525