Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 9091 0 пікір 1 Қыркүйек, 2014 сағат 01:23

ЗАЙСАНДАҒЫ МҰНАЙ МЕН ГАЗДЫ ҚЫТАЙЛАР ӘКЕТІП ЖАТЫР

Кезінде су төгілмес бозжорғалары қазақтағы бәйгенің басын бермеген, салмағы 1 тонна 200 кг болған асыл тұқымды қасқа бұқасы кеңестік кездің рекордын жасаған, 380 мыңнан астам халқы бар бұрынғы Семей өңірі тозып барады. Нарық заманынан бастап жүдеп-жадап, тозып-тентіреген елдің дені жұмыссыз. Сайдың тасындай аптал азаматтары өкпе ауруына шалдығып, қан түкірген, қаланың қаңғыбас иттерімен таласып, күресін жағалап, 40 жылғы атом, сутегі бомбаларының зардабын көріп, құр терісіне ғана ілініп жүрген 40 мыңнан астам адамның тәлкекке түскен тағдырын біз сияқты ақсақалдар айтпасақ, біз ойламасақ, кім ойлайды?!

Айтып-айтпай не керек, Семей елінің бүгінгі әлеуметтік хал-ахуалы ешқандай сын көтермейтін мүшкіл халде. Қырық жылғы қопарылыс астында қалған, жақпар тасы отқа күйіп күл болған Семей тауларының қиналған, күңіренген үні шығады!..

Енді сол Семейдің 40 жылғы жарылыстан уланған топырағын тіршілікке жарамды, полигон аймағының жерін пайдалануға, егін егуге болады деп, үгіт-уәж айтқан данышпандар пайда бола бастады. Жұмыссыз халықтың көз жасын сүртуге көмектеседі деп жүрген профессорымыз Насуролла Бөртебаевтың (суретте) «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан сөзіне қарасақ (13 қараша, 2013 ж.), «полигон аймағында айтарлықтай қатер жоқ» екен.

 «40 жылғы полигон аймағы түгелдей зерттеліп, оның ешқандай зияны жоқ, еш алаңдауға болмайды, радиация деңгейін сараптамадан өткіздік, қалыпты» депті дардай докторымыз. Онымен қоймай: «Цезий-137 мен стронций-90 қатар жарылған кезде, қоршаған ортаға тритий ядролары да бөлінеді. Ауадағы жарылыстар кезінде бұл радиоактивті ядролар тез жоғары көтеріліп, жалпы концентрациясы тез арада төмендейді. Ал жерасты жарылыстарында ол судың құрамындағы сутегімен алмасып, жерасты суына араласып кетеді де, жоғары радиациялық деңгейі сақталады... белгілі уақыт өткен соң ол жерасты сулары таза болады» – дейді ғалым ағамыз.

Осы даналыққа табынасыз ба, таңданасыз ба? Ең бастысы – сол Семей жерінің адамдарын көпе-көрінеу алдауы жанға батады. Себебі «зиянды, қауіпті жерлер әлдеқашан қоршалып қойылған» дейді. Ал жергілікті адамдар сол қоршалған жерді күні бүгінге дейін көре алмай отыр. Қай жер қоршалғаны белгісіз. Шылғи өтірік...

Ғалым ағамыз сол Дегелең тауының қай жерде екенін біле ме екен? Бүгінде Дегелең тауының жеріне еккен жемісің, жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай, «қауынына адам сыйып, қиярына ешкі сыйып жатса, сіз не айтар едіңіз?».

Бір ғана Абай мен Абыралы аудандарында 30 мыңнан астам адам сутегі мен атом бомбасының салдарынан болған түрлі аурулармен ауырып, Семей қаласының көшелерінде қайыр тілеп отырған атом сынағы мүгедектерінің жанын осылайша түсінуге бола ма екен?!

Жеген тамақтарының нәрі жоқ (базар бағасы қымбат), алып жатқан білімі шамалы (қалада 200-ден астам бала түрлі себептермен жыл сайын оқудан бас тартып, қайыр сұрап көшеде жүр), киейін десе киімі жоқ. Күні кеше мәжілістің экс-депутаты Аманкелді Айталы ағамыз: «Республика бойынша 4 мың баланы шетелге сатыппыз, ол аздай республикада 6 мыңнан астам жетім бала бар екен», – деді.

Былтырғы жылдың көктемінде ШҚО-дағы төрт түлік малды қырып кеткен аусыл дертінің Қытайдан келгенін ұмытқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл облыстың Үржар ауданында бұршақ егуге бірнеше мың гектар жерді бөлу арқылы қытай инвестициясын тартып, мұнда қытайлық мамандармен арнайы техникалар жеткізілген көрінеді. Сөйтіп, «шетел қаржыларын тарттық», «әлемдегі алдыңғы қатарлы технологияны ендірдік», «елдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестігін қамтамасыз еттік» дейтін сылтаулар бүгінгі биліктің «брендіне» айналды. Жер жәннаты Зайсандағы мұнай мен газ өнімдерін қытайлар әкетіп жатыр. Ал сол мұнай, газ өнімдері кәсіпорны алғашқы кезде жергілікті адамдарды жұмысқа тартса, бүгінгі күні «қазақтар жұмыс істей алмайды» деген сылтау айтып, оның басшысы – қытай азаматы 90%, яғни түгелдей қытайлықтар келіп-кетіп (вахталық тәртіпте) еңбек етеді екен. Оны қадағалап, қалыпқа келтіріп отырған облыста не республикада бір құдайдың құлы жоқ. Ертең дәл іргеміздегі мақтанышымыз Зайсан көлін мұнай қалдығымен ластайтынын ешкім ойламайды. Жер киесін ғалым ойламаса, әкім оны әдірам қалдырса, үкімет үптеп кеткендерге араша түсер тірлік танытпаса, бұл елде береке бар деп кім айта алады?

Кеңесқазы БАШЕЕВ,

Семей қаласы

«Общественная позиция»

«DAT» жобасы № 28-29 (25327 тамыз 2014 ж.

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: ЖЕР КИЕСІН кім ойлайды?

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563