Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 6012 0 пікір 14 Қыркүйек, 2014 сағат 14:05

Әскерхан Ақтай. ЖЕЛМАЯ ЖЫР

Терме

Жатты "жаным" дегенмен
Жардан артық болар ма.
Жалбыр шуда жас тайлақ
Нардан артық болар ма.
Жазда жауған ақ бұршақ
Қардан артық болар ма.
Абыроймен атағың
Ардан артық болар ма.

Бұралып бұрымы өрілген
Арудан сұлу жан бар ма.
Керала төсі керілген
Маралдан көркем аң бар ма.
Қарашаның қорғаны
Қасиет болар хандарда.
Бір жығылып, бір тұрып,
Жетпей ме пенде арманға...

Алыс жолға жүрмеген
Атанға ауыр артады.
Арғымаққа мінбеген
Айылын қатты тартады.
Алты ай қыста арый ма
Асқар таудың арқары.
Қайратың толып кете ме
Қайрағанмен балтаны.

Жиналмаса мешітке
Жамағаттан не пайда.
Харамменен мал тапсаң
Қанағаттан не пайда.
Сауапты ісің болмаса
Салауаттан не пайда.
Алаш тату болмаса
Аманаттан не пайда.
Алтын ерді салғанмен
Шабан аттан не пайда.

Жанашырды жамандап

Жақынды қайдан табасың.

Жырлағанды тыңдамай

Ақынды қайдан табасың.

Абызға құлақ салмасаң

Ақылды қайдан табасың.

Орманның іші бұтақ деп

Отынды қайдан табасың

 

Мұрагерсіз дәулеттің

Боқ болуы оп –оңай.

Жарым құрсақ жарлының

Тоқ болуы оп-оңай.

Шала жанған отынның

Шоқ болуы оп-оңай.

Басыңдағы мәнсабың

Жоқ болуы оп-оңай.

 

Жаман атқа жал бітсе

Жүген салып мінгізбес.

Жамандарға мал бітсе

Жанына жақын жүргізбес.

Жасаулы орда қайда бар?

Жасауылы кіргізбес.

Жомарт болса жақының

Жоқ болса да білгізбес

Есіктің алды емен деп
Етектеп әкеп жақпаңыз...
Жағалаумен жүрем деп
Жардың шетін баспаңыз.
Қарабұлт төнсе басына
Қасыңда достан қашпаңыз.
Атама дәулет бітті деп,
Адамдықтан аспаңыз.

Бай баласы екен деп
Байлаусызбен дос болма.
Тобылғы қамшы алдым деп
Тобырға барып бас болма.
Торғынмен торқа киінген
Топты көрсең жасқанба.
Алыстан мейман келер деп
Асың болса аш болма.

Торғын тысты тоныңның
Тозатұғын кез болар.
Сатқындар ор алдыңнан
Қазатұғын кез болар.
Аламаннан атың бір
Озатұғын кез болар.
Асқақтаған пенденің
Азатұғын кезі болар.

Жоқтаушысы болмас деп
Жетімді көрсең басынба.
Ажал келсең қалмассың
Орансаңда асылға.
Алтыннан сарай салдым деп
Алладан безіп тасынба.
Бақыт деген үркек құс
Тұрмас мәңгі басыңда.

Сүрінген неге тұрмасын
Қолтығынан демесе.
Бай болмайтын жігіт жоқ
Дәулетін тәңір теңесе.
Би болмайтын жігіт жоқ
Мінгізіп тұлпар жебесе.
Байдың әділ болғаны
Жарлы ақысын жемесе.

Өмірдің соңы не десең

Қабірді көр де, соны біл.

Ер серігі не десең

Сабырды көр де, соны біл.

Қайда барсаң ағайын

Ашылсын алдың жолың гүл.
Жаратқан өзің жар болып
Нұрыңа бізді шомылдыр.

 

 

 

ЖОРҒА ЖЫР

Толғау

Ай, сенде де бір мұң бар
Жарығың бұлттан өтпейді.
Жұлдыздарда бір мін бар,
Сәулесін жерге төкпейді.
Қарашада кірбің бар,
Ханға сөзі жетпейді.
Аласада бір мұң бар,
Биіктік бойын шектейді....

Төбеде төре болмаса,
Төр болғаны не керек,
Бетегесі болмаса,
Бел болғаны не керек.
Азаттығы болмаса,
Ел болғаны не керек.
Қаз, аққуы қонбаса,
Көл болғаны не керек.

Қара судың бетінде
Қалқып алар қаймақ жоқ.
Хас шебердің қолында
Ою бар да оймақ жоқ.
Қаймана жұртта бір мін бар,
Ашу бар да айбат жоқ,
Азаматқа қарасам
Айла бар да айбат жоқ...

Жаманнан туған жақсы бар,
Топта сөзді бастаған.
Жақсыдан туған жаман бар
Ошақтан ойы аспаған.
Аруда да ару бар,
Етегін жел ашпаған...
Жақсы жігіт белгісі
Қасірет,қайғы көрседе,
Қайыспаған қашпаған.
Сабаздықтың белгісі
Сабырлы көл секілді,
Сабасынан аспаған...

Шыңға жалғыз шықпаңыз,
Құздың шеті жар болар,
Қарашаның белгісі
Қапалай жауған қар болар.
Адамдықтың белгісі,
Ұятпенен ар болар.
Сыңсығаны қурайдың,
Сыбызғы күйі зар болар.

Алты айшылық асулар,
Атанның белін талдырар.
Жаман болса туғаның,
Жақынын жұртта қалдырар.
Іскерліктің белгісі,
Тақыр жерді тау қылар,
Жақсы әйелдің белгісі,
Жоқтың нәрсені бар қылар.

Алтын айдар Алты Алаш
Алла бізге жар болсын.
Жағалай қонсаң жайлауың,
Жағасы қайың, тал болсын.
Жазиралы қонысың,
Жайылған түлік мал болсын.
Жесең асың алдыңда,
Жая менен жал болсын.
Ішсең сусын қандырар,
Қымызбенен бал болсын.
Алдыңнан атқан таң болсын,
Бәрі бізде бар болсын!!!
Әумин!

 Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621