Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 41038 0 пікір 15 Қыркүйек, 2014 сағат 14:57

Тұрсын Жұртбай: ӘР ҚАЗАҚ ҚЫСАСҚА ҚЫСАС, ӨКТЕМДІККЕ МІНЕЗ КӨРСЕТУІ КЕРЕК

Ресей Президенті Путиннің «Қазақтарда мемлекет болмаған» деп айтқанын біз, қазақтар ұмыта бастаған едік. Намысы тулаған, жұдырығы түйіліп, тістенген қазақтар биліктен Путинге қарымта үн шықпаған соң іштен тынып қала бергендей болған, көрші елдің «Украинамен басы қатып жүрген» басшысы жаңылып айтқан шығар деп түсіністік танытып, «кешіре» салғандай да көрінеміз... Күздің қарбаласы басталып, «қара қазан, сары баланың қамын» күйттеген қазақтар Жіриновскийға қарсы сөз айтқан бір-екі депутаттың мәмілесін қуаныш көріп, күнделікті тіршілігіне көшкен. Қайдам, Путин алжаспапты, Ресейдің  Владимир Хандрусай   деген этносаясаттанушысы «Путин әсілі былай айтпақшы еді», - деп Президенттерінің сөзіне үлкен түсініктеме жасады бірнеше күн бұрын. 12 Қыркүйекте «Алаш айнасы» газеті Хандурсайдың Қазақстан туралы пікірін басты, оның сөзінше Путин тарихшылардың ойын дұрыс жеткізіпті, біздің тұтас тарихымыз өтірік екен, СССР құрылған соң ғана көзіміз ашылып, мемлекетіміз бола қалыпты.  Керей, Жәнібек, Абылай хандарымыз мүлде ерлік, қайраткерлік жасамаған көрінеді. Қазақстанның тәуелсіздігін, қазақтардың тарихын қорлаған Хандурсай біздің кім екенімізді, кім болғанымызды айта келіп, бізге енді қандай жолмен өмір сүру керегіне де ақыл беріпті: "Қазақтардың алдында екі таңдау бар. Біріншісі – қатаң унитарлы басқару. Мұндай жағдайда бір рудың басы елдегі барлық мәселені шешеді. Тіпті орыс тілді облыстарға, алшындарға, адайларға, наймандарға және т.б.-ға қатысты ұлттық саясатты құратын болады. Ол түптің-түбінде тығырыққа апарып тірейді. Екіншісі, "Мәңгілік ел" жобасымағын құрғанша, Қазақстан Федеративті Республикасын орнатқан жөн".

Бұндай ашықтан-ашық қорлауға арада бірнеше күн өтсе де ресми Ақорда үн қатқан жоқ. Ал, біз Алаштанушы, тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбайға хабарласып, бұл мәселеге байланысты пікірін сұраған едік, көрші елдің көсемсіп сөйлейтіндерінің соңғы сандырағын әлі ести қоймағанын айтқан Тұрсын Жұртбай ызалы кейіпте, зілді жауап берді:

«Бұл тікелей Қазақстан халықтары ассамблеясының құрылғанынан бергі жүргізіп келе жатқан саясатының басты нәтижелерінің бірі. Өйткені олардың бүкіл жүргізіп отырған іскерлігі, саясаткерлігі, кеңестері, қоғамға араласуы,  бағдарламалары – барлығы осыған бағытталған. Мысалға толеранттық деген ұғымның өзін олар осы мақсатқа жетудің алдындағы құпия пароль ретінде пайдаланып отыр. Олардың Алаш қозғалысына қарсы жазып қойған кітаптары бар, «Алаш және толеранттық» деген  деректі фильм түсіруге 40 миллиардтай теңге қаражат бөлгендерін білемін, орындай алдыма оны білмеймін. Бұл болып жатқан жағдай алдын ала ойластырылған, ресейлік үлкен бағыттың көрінісі, сол саясаттың біздің мемлекеттің тұлғалары мен идеологтарына өткізіліп, жүзеге асырылғанын айғақтайтын шаруа. Ресей бізді екінші Украина етуге дайындап жатыр. Егерде мемлекеттің саясатынан сәл өзгеріс байқалатын болса, онда біз Украинаның кебін сөзсіз құшамыз. Жалпы әлеуметтік-саяси сараптама жасаған әлемдік институттар болжамы бойынша,  осыдан 5 жыл бұрынғы, 2 жыл бұрынғы ақпан айларындағы Ресейде болған тұрақсыздық алдымен Украинаға, содан кейін біздің Қазақстанға көшеді деген сөздері бар, бұл - тұрақсыздық.  Демек,  бұл қандай да болсын алдын ала дайындалған дүние. Ал енді, бұған негізгі әсер еткендер біздің елдің идеологтары мен мемлекет қайраткерлерінің осы уақытқа дейін айтып келе жатқан «Қазақстанда бұрын мемлекет болған жоқ», «қазақ мемлекеттігі болған жоқ және ол 1991 жылдан басталды» деген сөздері. Ертең осыған қарсы мемлекеттік тұлғалар пікір білдіріп, Путин, Жіриновский, Хандурсай сияқтыларға сұрақ салатындай болса, қазақ мемлекеттігін құрған, құруға қатысқан қайраткерлердің аузымен осы уақытқа дейін айтылған пікірлерді алады да, мойындамайды: - «Біз айтқан жоқпыз, бұл өздеріңіздің мемлекеттік көсемдеріңіздің, қайраткерлеріңіздің айтқан сөзі. 1994 жылы МГУ-да былай деген, шекара туралы  былай деген, бізде Алаш мемлекеті жоқ деген ...» деп уәж айтады.

Менің 2000 жылдан бастап 2011 жылға дейін жазған Алаш туралы кітабыма қарсы барлық пікірлер бұл мәселені саясатқа әкеліп қоюға тіреп отыр. Путин, Жіриновскийдің сол айтқан сөздері қазір біздің қоғамның ішінде үлкен толқу туғызды. Ал, бұл пікірлер Қазақстандағы қазақтан басқа халықтың өзін екіге бөліп отыр, біреуі қарсы, біреуі жақтайды. Америкаға, Еуропаға қарсы қолданған ең күшті кілт, ол – Путиннің қолындағы кілт: «Қазақ – ұлт емес, үлкен тобыр». Ал біздегі өзге ұлттардың барлығы осы пікірге қанаттанып отыр. Біздің ішіміздегі Қазақтан басқа ұлттар сол пікірге арқаланып, қазақ мемлекеттігіне күмәнданып, енді сол пікірді қалыптастыруға, жандандыруға көшті. Бұл қазақ емес ұлттардың бұл пікірді талдап, дұрыс деп қабылдауына негіз қалады. Егерде, «Қазақ мемлекеттігі болды, шекарасы болған» деген сөзді қайтадан жандандырып алмасақ, бұл мәселе тура 3-5 жылдың ішінде алдымыздан шығады. Оған біздің елдегі Халықтар ассамблеясына иек сүйеп отырған ұлттар қаржылық жағынан да, саясаттану жағынан да, сыртқы күштің көмегі жағынан да, тіпті қару-жарақ жағынан да дайындалып отыр. Біз өзіміздің ішіміздегі казак атамандары мен олардың қолдаушыларына осы бастан тыйым салмасақ, ертең дымымыз шықпай қалады. Қазір әр қазақ қысасқа қысас, өктемдікке мінез көрсетуі керек. Әр саудагер бәсекеге сай, өктем экономикаға қарсы өзінің іскерлігін көрсетіп, іштесіп, бәсекелесіп, жанталасып қайрат қылмаса болмайды. Нағыз бәсекеге түсетін кез енді келді. Осыдан бастап «Ойбай, қазағым-ай, елім-ай, жерім-ай, анау әйтті, мынау бүйітті» дегеннен аспасақ, онда біздің мемлекеттігімізге қауіп төнді, басына бұлт үйірілді деп есептеу керек. Біздің қауіпсіздік комитетіміздің, қорғаныс мекемелерінің, сыртқы саясат мекемелерінің бірігіп осыған қарыс әрекет ететін кезеңі осы кезең. Мемлекеттік тұлғалар да осы кезеңнің орындалуын қамтамасыз етпесе, онда олардың Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз ететініне күмәндануға болады».

Соңғы кездері ақпараттық қауіпсіздік туралы көп айтылып кетті. Тарихымызды қорлап, өткен ғасырлардағы мемлекетімізге оп-оңай соқтығып отырған Ресейлік үлкен саясаткерлердің бір емес, бірнеше рет қайталанып жатқан сөздері мәселенің салмағы жеңіл емес екенін көрсетсе керек. Қан төгіп ұланғайыр атырапты қорғаған бабалардың тарихынан айырылуымыз ұрпаққа сын, тәуелсіздігімізді қорғайтын жалғыз қаруымыз – намыс қана емес пе?! Көп үрген ит қаппай қоймайды...

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір