Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 6009 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 14:18

ДУШАНБЕДЕ ӨТКЕН ДҮБІРЛІ ЖИЫН

12 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Кеңес отырысына ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының «төрт көзі түгел» жиналды. Атап айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжік­стан Президенті Эмомали Рахмон, сонымен қатар, ұйымға байқаушы елдерден Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Иран Президенті Хасан Рухани, Моңғо­лия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж және Үндістанның Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж, Пәкістан Премьер-министрінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Сартадж Азиз келді. Ал Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов кеңес отырысына құрметті қонақ ретінде қатысты. Сондай-ақ, ШЫҰ-ға үнқатысу бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер Түркия, Беларусь және Шри-Ланка елдерінен де бір топ делегация болды.

Кешегі мақаламызда айтып өткені­міздей, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына бүгінге дейінгі бір жыл аралығында Тәжі­к­стан Республикасы төраға­лық етіп келді. Сол себепті де ұйым тәр­тібі бойынша кеңес отырысын Тәжікстан Президенті Эмо­ма­ли Рахмон жүргізіп отырды. Әдет­тегідей, кеңес алдымен шағын құ­рам­да өтті. Онда ұйымға мүше алты мемлекеттің басшылары ақыл­даса келе, күн тәртібін белгі­леді.

Жылына бір рет ұйым­дас­тырылатын аталмыш кеңес Шан­хай ынтымақтастық ұйымы­ның ең жоғары органы болып табылатындықтан, мұнда қара­латын мәселелер кеңестің алдағы жылғы жұмы­сын нақтылап, ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды. Оның ішкі құрылымы мен жұмыс істеуінің негізгі мәселелерін шешеді, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын реттейді. Сонымен қатар, халықаралық өзекті мәселелерді қарастырады. Шағын құрамдағы отырыс барысында Қазақстан Президенті әлемдегі тұрақсыз геосаяси және геоэко­номикалық ахуал жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін басымдығы бар міндет саналатын бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді.

Қазақстан басшысы негізгі мәсе­ле­лердің бірі ретінде Шан­хай ынты­мақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы шешіл­меген шекара проб­лемаларын атады. Н.Назарбаев сенім шараларын нығайтуды және шекара ауданында қарулы күштерді қысқартуды қарастыратын ШЫҰ-ның Шан­хай және Мәскеу келісімдері секілді базалық құ­жат­­тарының ережелерін сақтаудың ай­рықша маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Әбішұлы азық-түлік қауіп­сіздігін қамта­масыз ету ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­тердің экономикалық ынтымақ­тастығының маңызды бағыт­тарының бірі саналатынын айтты.

«Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай Жер жүзінің халқы 9 миллиардқа же­теді. Сонымен бірге, таяу 10 жылда ауа райының өзгеруі салдарынан азық-түлік өндірісінің көлемі қысқарады. Мұндай беталыс Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін құру және соған сәйкес Ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстанның бас­тамасын талқылауды жаңғырту қа­жеттігін көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті су тапшылығы мәселесі өңірдегі тұрақтылық пен қауіп­сіздікке ықпал ететін салмақты проблема екендігіне тоқталды. Осыған байланысты Н.Назар­баев Қазақстан ұсынып отырған Су комитетін құру осы мәселені шешу бағытындағы ынтымақтастықтың іс жүзіндегі тетігіне айналуы мүмкін екендігін айтты.

Мемлекет басшысы отырысқа қа­ты­сушылардың назарын Шанхай ынты­мақтастық ұйымы аясындағы тағы бірқатар мәселелерге аударды. Соның ішінде ШЫҰ ба­сым­дықтарының жекелеген қаты­сушы-мемлекеттердің ұлттық мүдделерімен сәйкеспеуі салдарынан жүзеге асуы тежеліп отырған жобалар мен бастамаларды, сондай-ақ, бірқатар маңызды эко­номикалық жобалардың ілгері­леуін қиындатып отырған қаржы­лық ресурстардың жоқтығын атады.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше Мемлекеттер басшылары шағын құрамдағы отырыс аяқталысымен кең құрамға ауысты. Онда кеңеске қатысып отырған барлық Мемлекеттер басшылары сөз сөйлеп, бірқатар халықаралық мәселелерді талқылады. ШЫҰ-ның негізгі мақсаттары өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау, эко­но­ми­ка­лық және гуманитарлық ынты­мақ­тастықты дамыту екені белгілі. Қазақ­стан Президенті кеңей­тілген құрамдағы отырыста осы мәселелерді қамтыды.

Елбасы халықаралық қоғам қазіргі күні қиын да беймаза күй кешіп отыр­ғанын алға тарта келіп, соған орай жаһан жұрты алдында жаңа мәселелер, сын-қатерлер туындағанын атап өтті. Ал бұл әлемді әлекке сал­ған тұрақсыздық Шан­хай ынты­мақтастық ұйымының қажет­тілігін одан сайын күшейтіп отыр. Бұл ретте ШЫҰ-ның рөлі мен беделін арттырып, оның басқа да халық­аралық ұйым­дармен байланысын бекіте түскен абзал. Осыны ескерген Елбасы Қазақстан ШЫҰ мен АӨСШК хатшылықтары ара­сындағы меморандумға қол қойы­луын құптайтынын мәлімдеді.

Одан әрі Мемлекет басшысы бүгінде ұйымның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегия­сын әзірлеу мә­селесі тұрғанына тоқталды. «Стра­тегияны қабылдау арқылы біз ұйымның нақты бағдары мен болашақтағы күшеюі перспективасын айқындайтын жаңа белесті еңсереміз», деді Елбасы. Қазақстан Президентінің атап өтуінше, бұл бағыттағы алғашқы қадам ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту мен өтініш беруші мемлекеттердің міндеттемелері туралы меморандум болмақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым.

«ШЫҰ-ның дамуы оның негіз қалаушы ұстанымдары аясында жүргі­зілуі тиіс, оның бірі – ашықтық. Бүгінде екі мемлекет – Үндістан мен Пәкістан ресми түрде мүшелікке өту үшін өтінім берді», деді Мемлекет басшысы.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы қыз­метінің тиімділігін арттыру мақсатында баса назар аудару керек мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

Біріншіден, қауіпсіздік сала­сын­дағы ынтымақтастықты терең­дету басым бағыттардың сана­тында қала бермек. Өңірлік терро­ристік құрылымдарға қарсы күрес­ті күшейте отырып, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту маңызды. Бұл ретте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралық мәселелер жөніндегі ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімге қол қою­ды жеделдету керек. Бұл өз кезе­гінде ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер арасындағы шекаралар аумағында сенім шараларын нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

Мемлекет басшысы Тер­роризмге қарсы өңірлік құрылым қызметін одан әрі жетілдіру үшін Астананың күш-жігер жұ­мыл­дыруға әзір екенін де атап өтті. Бұл үдеріс жан-жақты ойластырылуға және онда барлық тараптың мүддесі ескерілуге тиіс.

Екіншіден, ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ Банкаралық бірлестігі жұмысын жандандыру қажеттігіне тоқталды. Ал бұл жұмыстардың тиімділігін бірлескен жобалардың пайда болуы, жүзеге асырылуы көрсетуі тиіс.

Үшіншіден, ШЫҰ Энерге­ти­калық клубының қалыптасуын ай­рықша атады. Бұл ретте, «Қазақстан Клубтың алғашқы төрағасы ретінде Жоғары деңгейдегі топ отырысын ұйым­дас­тырды. Біз тараптарды биыл­ғы қара­шада Астанада өтетін «Жаң­ғыр­тылатын энергияны пайдалану және дамыту келешегі» атты конференцияға белсене қа­тысады деп үміттенеміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Төртіншіден, Мемлекет басшысы ұлттық үйлестірушілердің байқаушы-мемлекеттердің өкіл­дерімен кездесу тетігін ШЫҰ Үй­лес­тіруші кеңесіне айналдыруды ұсына отырып, ШЫҰ бойын­ша үнқатысу серіктестері мен байқаушы-мемлекеттердің өзара ықпалдастығын тереңдетуге назар аударды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев Ауғанстанда тұрақты­лықты қамтамасыз ету және ішкі сындарлы үнқатысуды қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттердің қатарында тұрғанын айтты. Бұл ретте осы елдің экономикасын қалпына келтіруге атсалысу басымдыққа ие болып қала бермек.

Қазақстан Президенті Иран мен «алтылық» елдері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жалпыға бірдей әрі ұзақ мерзімді келісімге 2014 жылдың қарашасына дейін қол жеткізеді деп үміттенетінін жеткізді.

Одан әрі Қазақстан Президенті бүгінгі әлем құлақ түріп отырған маңызды мәселе Украинадағы саяси жағдайға да алаңдаушылығын білдірді.

«Дағдарыстың ауқымы мен әсері әлдеқашан бұл елдің шегінен шығып кетті. Шығыс Украинадағы ахуал кезек күттірмейтін шаралар мен әрекеттерді талап етеді. Түйткілді шешудің ұзақ мерзімді бірден-бір жолы – саяси диалог», деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 26 тамызда өткен Минск кездесуінің маңыз­дылығына тоқтала келіп, тараптардың игі ниеті мен сындарлы ұстанымы Байланыс тобының 2014 жылғы 5 қыркүйектегі «бейбіт» хаттамасы аясындағы нақты қадамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазіргі күні жаһан жұртын елеңдетіп отырған тағы бір елеулі мәселе Таяу Шығыстың тағдыры. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге де тоқталды.

«Таяу Шығыстағы жағдай да қиын болып отыр. Сирия, Ливия, Ирак, Палестина-Израиль жанжалы тұрақ­сыз­дықтың бақылаудан шығып кеткен ошағына айналды. Өңір лаңкестіктің иіріміне шырмалған», деді Қазақстан Президенті. Елбасының атап өтуінше, іріткі салғыш күштер тек өңірлік қана емес, сонымен бірге халықаралық қауіп­сіздікке де тікелей қатер төндіреді.

«Бұл елдердегі дағдарысты ахуалдың гуманитарлық салдары да қиын екендігі белгілі», деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті атап өткендей, Таяу Шығыс­тың барлық өңірінде қалыптасқан жалпы қауіпті ахуал жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер болып табылады және ШЫҰ жауапкершілігі аймағындағы жағдайға теріс ықпалын тигізеді.

Өз сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы Ресей Президенті В.Путинді ШЫҰ-ның алдағы төрағалығымен құттықтап, Ресейге осы міндетті атқаруда табысты жұмыс тіледі.

Отырыс соңында Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Душанбе декларациясына және бірқатар құжаттарға қол қойды. Атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекет мәртебесін алу мақсатында өтініш беруші мем­лекеттің міндеттемелері туралы тип­тік меморандум туралы Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді жеңген Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі шеші­мі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер шешімдерінің күшін жою туралы шешімі; Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынты­мақтастық ұйымының рәмізі туралы ережесін бекіту туралы шешімі; Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше Мем­лекеттер басшылары кеңесінің Шан­хай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы ШЫҰ Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2013 жылғы қызметі туралы ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы шешімі.

Сонымен қатар, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ақпараттық хабар­лама қабылданды. Сондай-ақ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының қатысуы­мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында халықаралық автомобиль тасымалына қолайлы жағдай жасау тура­лы келісімге де қол қойылды. Атал­ған құжатқа 6 елдің көлік саласына жауапты ведомстволарының басшылары қол қойды. Айта кетерлігі, бұл құжат Қазақстанның көліктік-тран­зиттік әлеуетін еселей түсетін болады. Автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі 2 есе, ал халықаралық тасымалдардан Қазақстанға түсетін жыл сайынғы табыс 25 млрд. теңгеге дейін артатындығы болжанып отыр. Мәселен, өткен жылы елімізде 1,6 млн. тонна жүк тасымалданса, 2020 жылға қарай оның көлемі 3,2 млн. тоннаға жетеді.

Кеңес отырысының соңында ШЫҰ төрағалық кезегі Ресей Федерациясына өтті. ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі отырысы 2015 жылы Ресейдің Уфа қаласында өтетін болып шешілді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстандағы жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Кездесу барысында сауда-экономи­калық, инвестициялық, мәдени-гума­ни­тарлық салалар­дағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ ая­сындағы ынтымақтастығына да назар аударды. Сонымен қатар, Мемлекет басшылары 26 тамызда Минскіде өткен Кеден одағы елдерінің, Украинаның басшысы мен Еуропалық одақ өкілдерінің кездесуі кезінде жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

Сондай-ақ, Президент Нұрсұл­тан Назарбаев Қытай Халық Респуб­ли­ка­сы­ның Төрағасы Си Цзиньпинмен кез­десті. Кездесу барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық,  көлік-транзиттік және мәдени-гумани­тар­лық ынтымақтастықтың негізгі бағыт­тарын қарастырды.  Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарына қатысты да бірқатар мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарға қатысты пікір алмасты.

Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалай келе, «біздің елдеріміз отын-энергетика саласында белсене ын­тымақтасуда. Бүгінде Қазақстан мұнайы­ның 20 пайызын Қытай компаниялары өндіруде. Қазақстан-Түрікменстан-Қытай газ құбыры да жақсы жұмыс іс­теп тұр», деді. Өз кезегінде ҚХР Төра­­ғасы Қазақстан-Қытай қарым-қаты­нас­тарының оң қарқынын атап өтті.

«Биылғы мамырда Сіз Қытайға табыс­ты мемлекеттік сапармен барып, АӨСШК саммитіне қатыстыңыз. Біз­дің Сізбен арамыздағы халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы уағдаластықтарымыз белсенді түрде іске асып жатыр. Өзара іс-қимыл жал­ғасын табатын болады деп үмітте­немін. Екі елдің игілігі жолында ынты­мақ­тастығымызды жалғастыру үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз», деді ҚХР Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасын Қытай Халық Республикасының алдағы 65 жылдығымен құттықтап, қытай хал­қына табыс пен бақ-береке тіледі.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір