Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Арылу 5114 0 пікір 20 Наурыз, 2014 сағат 17:18

Қазақстанға қоқсығынан құтылатын күн алыс емес

Әлемде жаман ұлт жоқ. Ұлтты айналасына сүйкімсіз көрсететін оның патшасы. Мысалы, Гитлер десең, әлі күнге дейін ойыңа бірден немістер келеді. Наполеон десең, франсуздар. Қазір украиндер мен татарлар жылаған баласын Путин келе жатыр деп уататын болды.

Орыстарға деген әлемнің көзқарасының тіпті нашарлап кеткенін білген секілді, ендігі жерде елге бұдан ары көзтүрткі қылмайын деген де болу керек, кезінде империя құрам деп жат жерге шашып алған қандастарын Ресей тездетіп жиып алудың қамына кірісіп кетті. Шамасы келгенін аймағымен қосып тартып алып жатыр. Әлі келіңкіремегенін заңды түрде шақырып алмақ.

Ресей Үкіметі наурыздың 6-сы күні Думаға жаңа заң жобасын ұсынды.  Жобада, бұдан былайғы жерде, Ресей империясы немесе Совет Одағы аймағында өмір сүрген орыс тілді азаматтар тұрақты тұруға рұқсат алмай-ақ, Ресей азаматтығына бірден өтуге қақылы делінген.

Азаматтық туралы осы заң жобасына енгізілген түзетулерге сай, орыс тілді шетелдік азаматтар Ресей төлқұжатын үш айдың ішінде ала бермек.

Украина азаматтарына тіпті рахат, Ресей аумағында тұрмай-ақ, бірінші азаматтығынан бас тартпаса да, небәрі екі айдың көлемінде олар Ресей азаматы болып шыға келмек.

Қысқасы, туысқандары мен өздері Ресейде тұрған және төңкеріске (1917 жылғы Октябрь революциясын айтады) дейін Ресейге тиесілі аумақты мекендеген, Совет Одағы құрамында болған елдердің азаматтарына Ресей азаматтығын алуға жол ашылмақ...

Осылайша Ресей азаматтығын алғыштар ұзақ әрі күрделі рәсімнен құтылады.

Аталған Заңды Көші - қон саласына жауапты министр емес, Думаға Ресей Үкіметінің басшысы Медведевтің өзі арнайы келіп таныстырғанын ескерсек, бұл Жоба жақын арада сөзсіз бір ауыздан қабылданады деген сөз. Оның үстіне, Ресей Думасы да біздің Парламент секілді шайнамай жұтатынның өзі.

Жасырып қайтейік, орыс халқы үшін бұл бір айта қалсын Заң болмақ. Бұлай етпесе, Ресей – Ресей бола ма?!

Тарихтың берген сабағы – сол, өзгелерге еркінен тыс үстемдік жүргізетін империя құрудың, әлемді озбырлықпен жаулап алудың о бастан ақымақтық, оңбағандық екені – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат! Сондай империяның азабын тартқан бір ел болса, ол – осы орыс халқы. Керемет деген Совет Одағы бар - жоғы жетпіс-ақ жыл дәурендеді де, жалп ете түсті. Орыстың тең жарымына жуығы шашылып, әне, далада қалды. Бұл күнде солардың даңғарадай үйде мысық пен күшікті құшақтап қалған жалғызбасты шалдарын көріп, қарадай жаның ашиды. Кішкене арбашаға азық - түлігін таңып алып, қоғамдық көліктерге шыға алмай, сүйретіліп жүрген кейуаналарына қарап, жағаңды ұстайсың. Көшеде мас болып бұтына жіберіп жатқандарынан мұрныңды басып, теріс айналасың...         

Басынан бағы тайған ұлтқа қай ел оң көзімен қарайды дейсің?! Тіпті, ұлтаралық қатынасты сақтап, жырғатып жатырмыз деген күннің өзінде, тарихи отанынан шетте қалған сол халық кешегі өз ата - бабасының қасиетті мекенін сағынбайды, бір түрлі жетім баланың күйін кешпейді дейсің бе?! Ішімдік пен шегімдікке шамадан тыс салынудың ең үлкен бір себебі тап осы болса керек.

Бір Ресей ғана емес, басында тәуелсіздігі бар барлық мемлекет өз қандасын шетте қалдырмауы керек! Бір ғасырдан бері Израйль мен Германия мұның жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Бұл – бір қарағанда, әліппелік сауатпен осылай іске асыруға тиісті шаруа, қалыпты құбылыс. Бірақ, менің сөз еткелі отырғаным басқа мәселе.

Сіздер байқадыңыздар ма, жоғарыда аталған Ресей Заң жобасында «орыс тілді азаматтар тұрақты тұруға рұқсат алмай-ақ, Ресей азаматтығына бірден өтуге қақылы» деп тайға таңба басқандай ашық көрсетіліпті. Алла қаласа, Ресейдің осы Заңының шарапаты енді ең алдымен біздің Қазақстанға тигелі тұр!

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген сөздерін құлақтарына іліп те қоймайтын, биліктің биік мінберінде, жіліктің майлы басында жүретін біздің елдегі бір топты өздеріңіз жақсы білесіздер ғой. Мына Ресейдің «орыс тілді азаматтар» деп отырғаны, менше, солар немесе сол тектілер - ау, шамасы!

Міне, табаны күректей 23 жыл өтті, қазақ тілінің еңсесін көтертпей тұқыртып; адымын аштырмай, тұсап келе жатқан дәл осы «орыс тілділер» емес пе деп кім айта алады?!! Олар Қазақстанды әлемдегі қазақтың жалғыз тәуелсіз мемлекеті деп білсе, өздерін соның азамат сезінсе, әлдеқашан, қазақ тілін меңгеріп алатын еді ғой. Жоқ, ондай ниеттің сұлбасы әлі көрінер емес! Есесіне, ұлтқа жаны ашитындарға үрке қарайды.  Ұлттық құндылықтардан ат тонын ала қашады. Айта берсең, елдің еңбекақысын бермей, Жаңаөзен оқиғасының туылуына себеп болғандар да, оны әкеліп оралмандарға жапқандар да солар. Шеттен келетін қандастарымыздың көшін де осылар тоқтатып отыр. Қымс етсе, ақшасын арқалап, шетелге зытады. Тағы қымбат виллалар мен қонақ үйлерді алдымен өз елінен емес, осы Ресейден сатып алады...

Санда бір аса текті атадан туғандары болмаса, көбінде сол тілі орысша шыққандардың жаны да, қаны да орыс болып кететініне Ресейдің көзі бұл күнде әбден жеткен. Оларда өз ұлтының намысын қорғау, Отанының тұтастығын сақтау, қандасына қарайласу деген ұғымның болмайтынын толық білген. Совет Одағы құлағаннан бергі ширек ғасырға жуық уақыт жүз пайыз дәлелдеген. Сондықтан, олардан Қазақстанға келер пайда, Ресейге төнер қауіп жоқ!

Көрдіңіз бе, Медведевтің де жоғарыдағы Заңда «Ресейде үш жылдан артық уақыт кәсіппен айналысып, жылына 80 мың АҚШ доллары мөлшерінде пайда тапқан кәсіпкерлерге де азаматтық жылдам берілмек» деп отырғаны тегін емес!

Заңды сол үшін қабылдағалы отыр. Мамандар шетке кететін болды деп бізге алаңдаудың керегі жоқ! Ондай опасыз он «маманнан» елім деп келген бір оралман малшы әлде қайда артық!

Осы жерде айта кетейін, Ресей жаңа Заң жобасының бір кемшіл тұсы менің көзіме ұрып тұр. Ақыры болды, Медведев орыстан қатын алғандар мен орысқа тигендерге одан да жеңілдетілген тәртіппен азаматтық береміз десе, тіпті қатып кетер еді...

Сондықтан, бұл Заңның Думада тезірек қаралуын, кедергісіз қабылдануын бүкіл Алаш жұрты болып күндіз - түні Жаратқаннан тілегені дұрыс. Заң жобасы бір ауыздан мақұлданса, Қазақстан жетпіс жылдық қоқсығынан (мусорынан) құтылып, бір тазарар еді-ау, шіркін. Мұндайды ғылым тілінде «Тәбиғи сұрыптау» деп атайды. Сөйтіп, Ұлттық мемлекеттің салтанат құруына кең жол ашылады! Сосын барып, нағыз  Мәңгілік Ел бола аламыз. Алла соған жеткізсін!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір