Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әлеумет 13262 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 12:39

Қажымұқан Ғабдолла. Дауыл алдындағы дамыл ма?..

Ұлт пен қоғам ісінде рухани табысқан  әріптесіміз саясаттан  кетті... Ұрыс алаңын қайсар қаһарман, баталы батыр тастап кеткендей, жалғызсыраған сезімде қалдым...
Саясаткер, қоғам қайраткері, Варшава университетінің Халықаралық экономикалық және саяси қатынастар магистрі, экономист, Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжанның уәжіне құлақ түрдім: «...Қазір менің арым таза. Мен халықты ояту үшін, билікке әсер ету үшін барымды салдым. Қоғамдық өмірге араласқан сәттен бастап айтқан әр сөзім мен әр ісіме өзім жауап беремін. Тіпті, бүгінгі мәлімдемеме де ешкімнің, биліктің де, оппозицияның да, олигархтың да, қашқын саясаткерлердің де қатысы жоқ.

...Саясатқа келетін заман болады, саясаттан кететін уақыт болады. Өйткені, осы жұмыспен үнемі айналысу мәңгі емес. Менің саясаттан кетуіммен біздің ұлттық демократиялық, патриоттық идеяларымыз өшіп, жұмысымыз тоқтайды деп ойламаймын.

Бір адамның күші шектеулі. Қоғамдық-саяси жұмыстарда төрт жарым жыл жүрдім. Сондықтан, кететін уақыт келді деп санаймын. «Халықтық альянс» ұйымымыз бар. Олар полигондар мен гептилге қарсы жұмыстар жасап жатыр. Жігіттер, әріптестеріміз еуразиялық одаққа қарсы шығып жатыр. Мұның бәрі жұмыстың жалғаса беретінінің көрінісі. Мен жеке себептерге байланысты саясаттан кеттім. Ал, ойыммен осы бағыттамын. Әрі қарай қалай болатынын уақыт көрсетеді.

...Бала кезден бойыма сіңген өмірлік тәрбием мен білімімді және еліме деген махаббатымды ешкім өзгерте алмас. Кез-келген нәрсеге бір сұрақпен: «Мұның елге пайдасы бар ма, жоқ па? - деп қарау керек. Сонда бәрі өз орнына келеді.

...Ара салмаққа тура көзбен қараған жөн. Мен отбасыма жауап беруге міндеттімін.

...Халық бәрін жақсы біліп отыр. Бірақ үндемейді. Күтеді. Әрі қорқады. Олар үшін басқа біреу істеп берсе екен дейді. Олай болмайды, болған да емес. Білек сыбанып, жеңді түріп, қара жұмысты бәрі бірдей істеуі керек. Басқа жол жоқ. Біз осыны жақсылап түсінуге тиіспіз. Сонда ғана ілгері жүре аламыз...»

...Түсіндім. Түйсік түйдім...

Қазіргі қазақ қоғамында жарық жұлдыздай жаңғырып, әртүрлі ұлттық мүдделерге қатысты айрықша көзқарас, орасан ойларын ашық айтып, Жәнібек пен Керей ескерткішін қызғыштай қорғаған, қазақ мүддесін қағыс қалдырған Ұлттық бірлік доктринасы мен Қытайға қазақ жерін жалға беруге жан-жүрегімен қасқая қарсы шыққан, Кеден Одағының қазаққа қай жағынан да тиімсіздігін аюға таяқ ұстатқандай дәлелдеп берген, Қытайдың экономикалық қаупі мен Жаңаөзен қасіретіне, ядролық полигондар мен гептилдің зардабтарына жаны ауырған Мұхтар Тайжан бауырым еді, бұл!..

Биліктің ұлт тағдыры безбенге түсетін кездердегі әрекетсіздігіне қарсылық білдіргені үшін талай айыппұлдар салынып, жауапқа тартылған Мұхтар Тайжан бауырым еді, бұл!..

«Ордабасы» корпорациясында, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында, Стратегия­лық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Президент Әкімшілігінде лауызымды қызметтер атқарса да, жылы бөлме, жұмсақ тағын тастап, қазағының қамына қабырғасы қайысып-қауышқан Мұхтар Тайжан бауырым еді, бұл!..

...Ақтай да алмаймын, даттай да алмаймын, Мұқа, атамыз қазақ: «Үмітсіз – шайтан» деген, үмітті үзбесек қана өзің айтпақшы: «...Ілгері жүре аламыз...»

...Кім білсін, шалымды шабуыл үшін шегіну де қажет шығар...

(Әлде, бұл – дауыл алдындағы дамыл ма?!. )

 Abai.kz

0 пікір