Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Адасқандар 5658 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 14:50

Сирияға соғысқа аттанғандардың алды сотталып жатыр

Сириядағы адам түсініп болмайтын қалаймақан, қарулы қақтығысқа «жихад» жасаймыз деп аттанған қазақ жастары туралы жанымыз ауыра отырып алғашқы ақпаратты берген біз болатынбыз. Сондағы жарияланымның бас жағын қайтадан қаперлеріңізге ұсынып көрейік. Қараңыз:

«Алдыңғы жұмада Жезқазған қаласында ҚР Дін істері агенттігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Тәкфіршілік – діни экстремизмнің қауіпті түрлерінің бірі» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференцияға арнайы шақыртумен бардым. Біздің зерттеуімізге қарағанда Жезқазған өңірінде тәкфиршілдер жоқ тәрізді еді. Ары кетсе, суруришілдер мен мадхалишілдер бар деп білетінбіз. Бірталай адам бас қосқан теориялық тұрғыдағы танымдық жиын, қауіптің алдын-алу шараларының бірі деп ойлағанмын. Сөйтсем мәселенің мәні басқада екен...

Кешқұрым шам намазын оқуға орталық мешітке бас сұғып, жамағатпен жүздескенбіз. Намазхандардың негізгі дені жастар екен. «Көкейде жүрген қандай сауалдарыңыз бар?» деп едік, түрлі сұрақтар қардай борады. Ерекше есімде қалғаны, жап-жас жігіттің: «Өздеріңізге белгілі біздің елден Сириядағы соғысқа 40  бала «жихад» деп аттанды. Ондағы мұсылман бауырлаға көмек қолын созамыз деп төрт қаруын сайлап отырғандар ішімізде әлі де бар. Осыған не айтасыздар?» дегені болды. Қапелімізде не айтарымызды білмей, аздап абдырап қалдық. Жезқазғанға бізбен бірге барған ҚМДБ-ның найб-муфтиі, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы, Қ.Жолдыбайұлы: «Сириядағы жағдайда мұсылман мен мұсылман бір-біріне қару кезеніп, майдандасуда. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігі белгісіз.  Сондықтан, Сирияға жихад деп аттандаудың еш реті жоқ» деп жауап беріп, жамағаттың күпті көңілін орнына түсіргендей болды. Алайда, жамағаттың ішіндегі қысқа балақ, қырма мұрт, қауға сақалдылардың айылын да жимағанын аңғардым. Сөйтіп, аңырайып, абдыраған күймен мешіттен шықтық.

Бізге жолбасшы болып жүрген Сәтбаев мешітінің имамы Бағдаулеттен «Жаңағының айтқаны ақиқат па?» десем, ол: «Иә, айтқаны рас» дейді. Мұны естіп, қазақ жастарына айдын күннің аманында жылы төсегінен түңіліп, қан майданға аттанатындай не көрінді деп, аза бойым қаза болды» (Мұқан Исахан. «Сириядағы соғысқа 40 бала «жихад» деп аттаныпты...» http://abai.kz/node/39836)

Кеше Павлодар соты  Сириядағы соғысқа барып қайтқан Екібастұздың қос тұрғынына  үкім кесті деп хабарлайды КТК арнасы.

«Азамат Қазбаев жазасын жалпы режимдегі колонияда өткізетін болса, Әбусалам Мырзабаев жасаған қылмысының ауырлығына байланысты қатаң   тәртіптегі түрменің біріне қамалмақ. Ал, өткенде ғана айыптылар орындығынан төбе көрсеткен Берік Жақыпов пен Борис Мырзабаев экстремистік топтарды қаржыландырғаны үшін 3 жыл шартты мерзімге кесіліп отыр. Сот залынан бостандыққа жіберілген Мырзабаевтардың үлкені 30 жаста, бұрын сотталмаған. Ал оның 27 жастағы інісі Әбусалам 2008 жылы алаяқтық жасап, екі жыл жазасын өтеп шығыпты. Айта кету керек, бұл іс бір жылға жуық тергелді. Адасқан төртеудің туыстары үкім шығарылған сәтте көз жасына ерік берді. Содырлардың арасына түскенінен бөлек, әскери жаттығудан өткен қос екібастұздық Таяу Шығысқа түп-тұқиянын түгелдей көшіріп алмақ болған екен.

http://www.ktk.kz/kz/news/video/2014/03/20/19341.

Abai.kz

0 пікір